"ТӘУЕЛСІЗДІК ТАЙҚАЗАНЫ": БАС РЕДАКТОР ӘМІРЕ ӘРІННІҢ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 1465
Бөлім: ТҮПСАНА

Әлмисақтан сол, тайқазан – береке-бірлігіміздің белгісі! Қара қазаны қайнап, дастарқаны жайнап жатса, түтіні түзу шы- ғып, тірлігі кірігіп жатса – ерлерінің ерлігі! Жерінің кеңдігі, Күн астында теңдігі! Ұлы Дала айбарына айналған Махамбеттің «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп жырдан жалын шашуында да елдіктің шексіз арманы тұр! Осынау ақзер аңсардың сонау сақ (түрік) ханзадасы мазарынан табылып, қазақтың әлемдік брендіне айналған Алтын Адам күміс тостағанындағы «Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік мол болғай!» деген жазумен үндесуінің өзі мәңгілік мұратымызды паш етпей ме?! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бір- лікті бәрінен жоғары қою шарт. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық», – деп шегелеп беруі де дәуірлер дәйегі іспетті сол бір асыл арнамыздың жалғасы емес деп кім айта алар?!

Тарих атасы грек Геродоттың: «Бір күні сақтардың (түріктердің) Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әрқайсына садақ жебесінің бір-бір ұшынан алып келуді бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырды» деген құнды дерегі бұл мәністе өлшеусіз маңызды дер едік. Өйткені әрі жауын жусатып, әрі өзінің жанын алып қалар сарбаздар жебесінің ұшынан жасалған қазанның аясында бірлік ұялап, жанкешті ерлік ұшталып отырса керек!

Ұлы бабамыз Алып Ер Тоңа (Тұмар патшайымның әкесі) негіздеген сақ мемлекеті дәуірінен қара қазанымыздың сыр-сипатын саралайды кәсіби зерттеушілер. Басқаны былай қойғанда, біздің еліміз бен көршілес қырғыздар жерінде атқарылған археологиялық қазба жұмыстар барысында табылған қазандар бұл топшылауды тереңдете түсіп отыр. Сол олжалы қазандарымыз «сақтық» және «тұғырсыз» деп екіге бөлінеді. Алып қазан жасау дәстүрі Ұлы далада хандық жүйе жойылғанға дейін іркіліссіз жалғасып отыр- ды. Құрылтай жиындары мен тың бастамалар алдында дүйім жұрт бауырласа ас ішкен бұл қазаннан. Соғыс жорықтарына шыққанда бірге алып жүрген. Осылайша елжұрт бірлігінің, елдік сана биіктігі мен асқақ рухының символына айналған. Халықтық біртұтастықтың айшықты көрінісі еді. Сонымен қатар, еңселі қазандар заманында қағандар мен хандардың, әскер басылары бейіттерінің басына да қабырдағы жанның ауқатты, жоғарғы топтан екендігін әйгілеу үшін қойылып отырған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары аясында 2014 жылы «Бабалар сөзі» жүзтомдығы шығарылғандығы белгілі. Аталмыш еңбектің 85-томына VІ-ХVІ ғасырлар аралығындағы (Бәйдібек би, Домалақ ана, Қорқыт, Алаша хан, Майқы би, Аяз би, Хакім ата, Зеңгі баба, Шопан ата, Өзбек хан, Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір, Байшегір баба, әз Жәнібек, Асанқайғы, Жиренше шешен, Қарашаш сұлу, Еңсегей бойлы ер Есім, Тоқтамыс) хан-сұлтандар, би-шешендер, батырлар, т.б. тарихи тұлғаларға қатысты халық туындылары енгізілген.

Аталмыш томда «Байшегір баба» деген атпен арнайы түрде төмендегі тарихи хикаят берілген. «Әмір Темір бір елді жаулауға шығар алдында Түркістанға келуді, оның қасиетті топырағының бір уысын орамалына түйіп алуды әдетке айналдырған. Сол дағдысы бойынша Түркістанға келіп, қасындағы жансерік ақылмандарын жинап әңгімелескен. Жорық жайын сөз еткенде сарай ақыны Кермани:

– Уа, хан ием, тағы да жорыққа аттанғалы отырсыз. Ананы жесір, баланы жетім етіп, көз жастарын көлдей ағызып, қайғы-қасіретке душар етуді қоятын кезіңіз болды емес пе? Адам қаны су емес қой, қанша жас қыршынынан қиылды. Солардың бәрін айтқанымызға көндіріп, айдауымызға жүргіземіз деп жүргенде біздің елді бөтен жұрттың шауып, ойрандамасына кім кепіл? Мұны да ойлаңыз, – деген.

Оның соңғы сөзі ханды терең ойға шомдырған. «Бәсе, сөйтсе қайтеміз? Осы мен халыққа қандай жақсылық жасадым?» – деген ой оралған. Аз үнсіздіктен кейін:

– Ал, не істе дейсің маған? – деп Керманиге қараған.

– Сәулетті ауылдар, көрнекті қалалар, кесенелер сал. Ол өзіңе орнатқан мәңгілік ескерткіш болып қалады. Ел-жұрт көріп, тамашалап, мұны кім салдырған демей ме? Сонда сенің атың аталады.

– Жөн сөз, орынды пікір екен бұл. Ойланып-толғана келіп, әлемде теңдесі жоқ кесене салуды жөн көрді. Осы ойын айтып, «кімге кесене салған жөн?» деген сауал қойды. Кермани іркілместен «Ахметке» деді. Мұнда үш Ахмет жерленген. Біреуі – ел билеген хан. Екіншісі – әскер басы. Ал үшіншісі – ислам дінінің уағыздаушысы. Ана екеуінің зиратына келіп Құран оқып жатқан ешкім жоқ. Ал Қожа Ахметке келіп, зиратының басына түнеп, тәу етушілер көп. Жазған хикматтарының елге тарап кеткені қашан?

«Қожа Ахметтің басына кесене тұрғызсам, өз беделім де артпай ма, менің жағымсыз істерімді жуып-шайып кетпей ме?».

Мұндай шешімге келуіне және бір себеп өзін жарық дүниеге келтірген анасы Сақыпжамал осы кесене алдына жерленген. Мұнда келгендер шешесіне де Құран бағыштар. Ой-санасын баурап алған осы сезім Әмір Темірді кесене салуға құлшындырды. Өз қарауындағы елдердегі құрылыс салудың қас шеберлерін жинап, құрылыс материалдарын дайындатып, іске кірісті.

Зәулім, алып ғимараттың қабырғасы қаланып, күмбезін орнатамыз деп отырғанда бір ғажайып күштің түнде тас-талқанын шығарғанын ертеңгісін көріп, қайран қалды. Кесене қабырғасы қаланып, күмбезін орнатар кезде осы жайт тағы қайталанды. Халықты жинап, мұның себебін, не істеу керектігін сұрады. Сонда Байшегір деген жігіт:

– Маған түнде аруақтарым аян берді. Ахмет Яссауи – Арыстан баптың шәкірті. Арыстан бап – Алла тағаланың сүйіктісі Мұхаммед пайғамбарымның сенімді серігі, сырлас, сыйлас досы емес пе?! Кесенені алдымен Арыстан бапқа салмай, оның шәкіртіне салып жатқаны қалай? – деп ренжіді.

Байшегір сөзіне Әмір Темір иланды.

– Шынында да солай екенау өзі. Мен қателесіппін, кешір, Алла, күнәмді, – деп Тәңірге жалбарынды. Мұндағы жүріп жатқан құрылысты тоқтаттырып, Арыстан бап кесенесін тұрғызуға кірісіпті. Содан соң Ахмет Яссауи кесенесін салуды қолға алды. Ол бастаған игі істі ұрпақтары жалғастырып, тәмамдады. Байшегірдің ақылына, көріпкелдігіне тәнті болған хан:

– Не тілегіңіз бар? – деп сұрағанда: – Менің сүйегім осы кесене ішіне жерленуін сұраймын, – деген. Әмір Темір жұрт көзінше:

– Бердім тілегіңді. Бұдан былай сенің атың «Байшегір баба» аталсын!». Бұл тарихи әңгіме біздің санамызға бала кезімізден құйма құлақ қариялардың айтуымен әбден ұялап қалған. Әйтсе де, соңғы бөлігі сәл басқаша, төмендегіше аяқталатын.

«– Жас болсаң да бас болуға лайықты, ақылың асқан, данагөй азамат екенсің. Бұдан былай сенің атың «Байшегір баба» деп аталсын! Келешекте бойыңдағы осындай асыл қасиеттеріңді тұғырлы халқымыздың мүддесіне пайдаланайық. Менің қасымда жүруге қалай қарайсың? – дейді Әмір Темір. Мұндай ұсыныс үш ұйықтаса түсіне кірмеген Байшегір іштей толқып кетсе де, бойын тез тізгіндеп алып:

– Бектер кеткенмен ел қалады, бетеге кеткенмен бел қалады. Халықтан артық күш жоқ. Менің табиғатыма дем беріп тұрған да мынау көк аспан мен қара жұрт, сүйегі әлдеқашан қурап қалса да ұзына-кеш еркімнен тыс санама сәуле құяр аруақты ата-бабаларым! Тобыңызға ілесіп кете алмасам да, қажет шақта хабар салсаңыз – қасыңыздан табыларым хақ! – дейді.

Мұндай нақтылы жауапты қанағат тұтқан Әмір Темір Байшегір бабамызға Алланыңризашылығын тілейді. Әмірдің бұл кең пейілі қанаттандырып жіберген Байшегір баба:

– Енді менің де Сізге бір өтінішім бар. Құп десеңіз, айтайын.

– Айт! – Мәңгілік ғұмыр жоқ. Мәнді ғұмыр бар. Жарты әлем дәргейіңізге сыйып кеткен қазіргі заңғар қалпыңызда осындағы мұсылмандар қауымы үшін аса қадірлі Қожа Ахметке кесене тұрғызғалы жатқаныңызды арғы-бергі жұртшылық тегіс құптап жатыр. Оның үстіне анаңыз Сақыпжамал да осы киелі мекенде жерленген. Бұл бәрінен бұрын елімізді береке-бірлік, татулыққа бастайтын бастама! Сол себепті де, осынау сүннәтті шаруаңыздың барынша баянды болуы үшін көнеден бермен ата-бабаларымыздан өрісті жалғасын тауып келе жатқан рәсім – қасиетті үлкен тайқазанды да осынау ғимарат ішіне орнатуыңызды жамағаттың атынан сұраймын!

Жүзінен риза-хош көңілі бірден аңғарылған Әмір Темір тамағын әдеттегіше бір қырнап алып:

– Бәрекелді, бәрекелді! Бұл ұсынысың өзімнің де ойымда жүр еді. Әйтсе де, үстінен дөп түстің. Халқымызбен тағдырлас тайқазанды қамдауға дәл бүгін жарлық түсіремін!» – дейді.

Көріп отырсыздар, бұл нұсқада: «Менің сүйегім осы кесене ішіне жерленуін сұраймын», – деген өтініш айтылмайды. Мұны біз де жөн санаймыз. Біріншіден, Алла бойына өзгелерден ерекше қасиет сіңірген, бар-жоғы жиырма төрт жастағы текті адамның жерленетін жерін дәл сол жолғы мүмкіндікті пайдалана қоя алдын ала белгілеуі ұлттық танымымыз тұрғысынан жөнсіз. Екіншіден, сонау Мұхаммед пайғамбарымыздан тартып мұсылмандық негізін бойына байтақ сіңірген әулие перзенттің адам тағдыры, оның қайда жерленіп, қайда қойылатындығы тек бір Алланың құзырындағы дүние екендігін білмеуі, тіпті мұны біле тұрып аттап кетуі мүмкін емес. Үшіншіден, Әмір Темір Байшегір бабамыз бақилық болардан тура жарты ғасыр бұрын өмірден өтіп кетеді. Бұл шақта әлгіндей әңгімеге куә болды дейтін жандардың өзі жоққа тән. Өзі кеткеннің көзі кететіні, хандардың жарлығын басқаны айтасыз, кіндігінен жаралған туған балалары орындамай жатқан заманда мұндай аманат қалайша жүзге ассын! Осындайда халқымыз: «Орнында бар оңалар» демес пе еді. Бәрін шешетін жалпы қауымның ұйғарымы болса керек!

Міне, осылайша бойына Алланың құдіретімен әулиелік дарып, қарғадайынан қара қылды қақ жарған Байшегір бабаның атақ-даңқы бұрынғыдан да әуелеп, жайнақ ғұмыры жалаулы жалғасын тапқан еді. Ал сол тайқазанымыз күні бүгінге дейін елдігіміз бен тұтастығымыздың белгісіндей еңселі қалпында тұр! Бабамыз айтқан сөзінде тұрып, Көреген Темір шақыртқан мезгілдерде қай жерде жүрмесін жедел жетіп, ақыл-кеңесін үнемі беріп тұрған. Және бір деректер жүлгесіне ден қойсақ, Әмір Темір 1405 жылы өзі есін білгелі ұстаз тұтып, даңқты ғұмырын жалғастыруға ұмтылған аталасы – Шыңғыс қағанның жолын қайталап, Қытайды жаулап алуға аттанар алдында Отырар шаһарында оқыстан көз жұмғанға дейін сенімді уәзірлерінің бірі болған көрінеді. Бұл енді Қадырғали Жалайыри бабамыз айтпақшы, бір Аллаға ғана аян дүние! Бәріміздің мақтан тұтарымыз сол, Байшегір бабамыз төрелеп өмірден өткенінше Ұлы Даладағы ұлық істердің ұйытқысына айналып, қабырғалы жұрттың абыройын арттыру жолында бел босатпастан беделді қызмет еткен. Кейін, яки 1455 жылы кемелдікке жетіп, мәңгілік ұйқыға кеткенінде ел-жұрты арулап, айтулы хан-сұлтан, батырлар мен билердіңкиелі топырағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеген еді!

Осы арада тарихтың терең қойнауына жете үңіле қоймаған қайбір пенденің Байшегір Тоқтыбекұлының бүгінгі көзқараспен пайымдағанда «өзбек» болып танылар Әмір Темірге жақын жүруінің себебін түйсіне алмауы да түсінікті. Бұл енді кешегі кеңестік теріс идеология зардабы. Тіпті, ол шақта өзбектердің өзі де Әмір Темірден амалсыз ат-тондарын ала қашқан. Енді қазір ғой, ұлы бабалары санап отыр! Бір жағынан орынды да. Себебі, Шыңғыс қағанның тұңғышы – Жошының ұлы Бату ханның әулетінен тарайтын Мұхаммед сұлтан Өзбек ханның қол астында болған түркілік тайпалардың бәрі кезінде «өзбектер» деп аталып кеткен. Пір тұтатындықтары сондықтан. Үстіне шаң жұқтырмайды. Былтыр Өзбекстанға қызметтік жолым түскенде өз басым бұған әбден көз жеткіздім. Үлкен музей орнатқан. Алып ескерткіштері, есіміндегі көшелері мен алаңдары тамсантпай қоймайды! Самарқандағы атақты Гөри-Әмір (Әмір қабыры) мазарындағы тасқа ойып қашалған мәңгілік жазуда оның ата-бабалары былайша ретімен бедерленген: «Әмір Темір көреген ибн әмір Тарағай ибн әмір Буркул ибн Иланғыз ибн Ийжыл ибн әмір Қарашор-ноян ибн әмір Сұғу-шешен ибн әмір Эрдамшы-барлас ибн әмір Қажы ибн әмір Тұманай». Асылы, бұл ақиқат «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын топшы», Рашид ад-Дин, Әбілғазы, Қадырғали Жалайыри, Шәкәрім және басқа да авторлар еңбектерінде де егжей-тегжейлі дәйектелген тура осылай! Демек, Әмір Темір де Боданшар бабамыздың ұрпағы! Шыңғыс қағанның төртінші атасы Тұманайдан екеуі өзектесе қосылады. Қабылдан – Шыңғыс қаған тараса, Қажулыдан – барластар, яғни Ақсақ Темір өрбиді!

Тарихшы Хафизи Абрудың шежіресінде де Әмір Сайыпқыран тармағы Шыңғысхан әулеттерінен Тұманай хан (Тұрымтай хан) перзенттерінен бастап бөлінеді. Ондай жағдайда Қабыл хан Шыңғысханның үшінші атасы, ал оның бауыры (егіздің сыңары) Қажылай-ноян Әмір Темірдің сегізінші атасы болып шығады.

Шыңғысхан өзінің екінші ұлы Шағатайды Түркістан мен Мауераннахр мемлекетіне билеуші етіп тағайындағанда, Темірдің бесінші атасы Қарашор-ноян оның әскербасшысы болған және «әмірлер әмірі» деген атаққа ие болған. Қарашор ноянның алтыншы ұлы Ийжыл-ноян болғанда, одан тараған перзенттердің бірі Ийланғыз (Илан ғыз) еді. Одан да бірнеше ұл-қыз өсіп-өнген. Солардың бірі – Темірдің бабасы – Бұркұл-ноян. Ал оның екі ұлы болған. Біріншісі – Балта, екіншісі – Тарағай-ноян. Тарағай-ноянның төрт ұлы, екі қызы болған. Ұлдары – Әмір Темір, Сүйірғатмыш, Әлем шайх, Жегі-ноян; қыздары – Құтлұғ Тұрқан-аға, Шербиік-аға.

Ұлы тарихшы Рашид аддиннің 2018 жылы ана тілімізге тәржімаланған теңдессіз кітабы арқылы мұғұлдардың түркілер, яки өзіміздің тікелей бабаларымыз екендігіне әбден көз жеткіздік. Боданшар бабамыздан тарағандардың өзі барша адамзатты тамсантып отыр! Шәкәрім Құдайбердіұлы «Хандар шежіресі» еңбегінде былай дейді: «Боданжардан соң баласы Бұқа хан болды. Оның баласы Датумен хан, мұның сегіз баласы бар еді, жетеуін жалайырмен соғысқанда өлтірді. Қалған үлкен баласы Қайду хан болды. Жоғарғы Қайду хан өлгенде орнына баласы Байсұңқар хан болды, оның орнына баласы Түмен хан (Тұрымтай) болды. Оның тоғыз баласы бар еді – Нотақын, Шақсы, Қажул, Қабул, Сымақожан, Баткелекей, Одірбаян, Болжардоғлан, Шынтай. Нотақынның екі баласы – Орут, Маңғыт. Тоқтамыс ханға нөкер болған Едіге осы Маңғыт руынан, Құтты Қабаби дегеннің баласы еді. Түмен ханның бұл тоғыз баласының ішінде Қажул менен Қабул егіз туып еді. Қабул – Шыңғыс ханның арғы атасы, Қажул – Әмір Темірдің арғы атасы. Әмір Темір осы Қажулдың баласы Ерімші Барлас дегеннің нәсілінен, Самарқан маңындағы Көреген суының бойында Кеш деген жұрттың бастығы Тарағай Барлас дегеннің баласы еді».

Және бір жайдарманға ден қоялық! Шыңғысханның барлық идеологиясын жүргізген, оң қолы, яки бас уәзірі болған атақты Майқы би де арғы Боданшар бабамыздың ұрпағы! Кеңестік тарих оқулығымен уланған кәсіби тарихшыларымыз мұны біле тұра ауыздарын аша алмай келді! Екеуінің бірлігін білдіретін ағайындық дәйектемелерін терең бедерлеген тарихшы Құрбанғали Халид былайша пайымдайды: «Байқотан би Шыңғысханға уәзір-ағзам болған Майқы бидің бесінші немересі. Майқы би – Шыңғысханның бесінші атасы Байсұңқардан туған». Құрбанғали Халид. («Тауарих хамса» еңбегі, 25-б.) Мұнымен айтпағымыз ғасырлар жүзінде халқымыздың жадынан өшпей келе жатқан ұлы перзенттер – Шыңғыс қаған, Әмір Темір, Майқы би, Едіге бидің бәрі де түркілік бір атаның ұрпақтары! Қалың қазақтың қандастары! Енді өзіміз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстаған сол қасиетті тайқазанның тарихына сәл тоқтала кетелік. Еңселі кеңсенің табалдырығын аттаған бетіңізде «Қазандық» құжырасының бел ортасынан орын тепкен салмағы екі тонна, сыйымдылығы үш мың литр тартар, биіктігі екі жарым метрге жуық тайқазандыкөрер едіңіз. Бөлменің «Қазандық» аталуы да, әрине, осы себепті. Аса бір ғажабы, аталмыш «Қазандықтың» күмбезіне Орта Азия мен Қазақстандағы өзге тектес ғимараттардың күмбездері жете алмайды, бәрінен де үлкен. Дәлірек айтқанда, диаметрі 18,2 метр. Жалпы көлемі 330 шаршы метр де, биіктігі 37,5 метр келетін осы үлкен залға кесененің өзге құжыраларының ішінен 14 есік келіп тоғысады. Күмбездің ауа алмастырып тұратын төрт желдеткіші және бар. «Қазандықпен» дәліз арқылы жалғасып жатқан бөлмелердің бірі – «Асхана». Мұның құрылысы да Орта Азия ескерткіштерінің ешқайсысын қайталамайды. Асханада бықтырылған бидай мен жас еттен арнайы ботқа пісіріліп, «Қазандықта» күтіп отырғандарға үлестірілген әдетте.

«Үлкен Ақсарай» және «Кіші Ақсарай» атты ғимараттың солтүстік шығысына орналасқан бөлмелер де «Қазандықпен» дәліз арқылы жалғасып жатыр. Басында бұл бөлмелерде дәруіштер өздерінің діни жиындарын өткізсе де, XV-XIX ғасырларда аталмыш құжыралар қазақ хандарының резиденциясы қызметін атқарған. Олар мұнда түрлі елдердің елшілік өкілдерін қабылдап, әскери, сауда келіссөздерін жүргізген көрінеді. «Құдықхана» да «Қазандықпен» дәліз арқылы бойласады. Дәл осы арада қазақ халқы XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларымен күресіп жатқан жылдары қамдалған құдық бар.

Халқымыз Қожа Ахмет Яссауи кесенесін «екінші Мекке» деп есептейді. Бұл ұғым да Ақсақ Темір есімімен тікелей байланысты. Тұран билеушісі халық енді алысқа артынып, тартынбай-ақ қасиетті Түркістанға келсе, ниеті қабыл болады, деп жан-жақтан ағылып келушілердің жатып-тұруына қалыпты жағдай туғызған. «Қабырхананың» қақ маңдайшасына, яғни жақтауының үстіне жиырма, отыз метр жерден анық оқылатындай етіп ірі араб қарпімен: «Бұл қасиетті қабырхананы салдырған ұлы әмірші, барлық халықтардын қожасы. Мейірімді Алла (ісіне) жар болған Әмир (Әмір) Таймур (Темір) Гураган бин Тарағай (Тарағай ұлы) бин Әмир Барқал бин Әмир Әйланкар бин Әмир ал-Джалил бин Әмир Қараджар. Алла тағала оның әкімдігі мен патшалығын мәңгілік етсін», – деп жаздырған да ұлы қолбасшының өзі еді!

Байқасаңыздар, осы жазбада «Гураган» деген сөз бар. Бұл ана тілімізде «көреген» деген түсінік білдіреді. Ұлы Далада Шыңғыс қаған кіндігінен, онда да, бәйбішесінен туған ұрпақтан тарағандар ғана хан көтерілуі себепті көптеген даңқты баһадүрлер Шыңғыс әулетінің қыздарын алуға ұмтылған. Темір де шыңғыстектілердің күйеубаласы. Әрі Ұлы қағанмен қалай туысатындығын жоғарыда әдіптедік. Оның үстіне Шыңғыс қағанды пір тұтқан, оның жеңісті жолын жалғастырған, шашақты туын көтерген! Қазанның төңірегінде жылқы құйрығы тағылған он тудың тұруы соның дәлелі!

Қазан сыртындағы гүл өрнекті сулус және куфи үлгілерімен жазылған үш белдеудегі жазудың бірінші қатарының соңында оның шайхылардың сұлтаны Ахмет Яссауи кесенесіне арналып жасалғаны айтылады. Екінші қатар жиырма картушқа бөлініп, оның екеуінде шебер: «Құдайдың қамқорлығына үміт артқан Әбділ Әзиз Шарафутдин Тебризи» деп өз есімін жазып қалдырған. Қалған жерлерінде: «Мүбарак бад» – «Құтты болсын!» деген тілек сөз жазылған. Үшінші қатарда «куфи» жазу үлгісімен жиырма екі рет қайталанып: «Байқаңдар, бүкіл жаратылыстың иесі Алла!» деген сөз берілген.

Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз құтты болсын, берекелі болсын, ырыс еселенген орын деген мағынаны білдіреді.

Аталмыш жәдігер 1399 жылы 25-маусымда, (хижр. 801 жыл, 20-шәуәл) Түркістан қаласының батысында 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін темір, мырыш, қорғасын, қола, мыс, күміс, алтын секілді жеті түрлі металдың қоспасынан құйылыпты. Шежіреге тіл бітірсек, бұл кірпіштер Ақсақ Темірдің әмірімен Түркістанға дейін қаз-қатар тізіле тұрған құлдардың қолдан-қолға өткізуімен жеткізіліпті. Кірпіштің құрамына сол тұстағы озық технология – биенің сүті мен аттың кылшығы араластырылған.

Ұлттық университетте өзімізге дәріс берген профессор Xанғали Сүйіншәлиевтің: «Құрылысты салушы архитектор жергілікті халық тұрмысын, олардың ескі сенімдері – шамандық түсініктерін, ою-өнерін жақсы біліп, сабақтастырған. Кейбір қабырғалардың оюы қазақтың киіз үйінің керегелерін, басқұрлардың әшекейлерін, кілем, текемет, түр-оймыштарына еліктегендікті білдіреді. Құран аяттарын қабырғаларға әсем оймыштар арқылы сиыстырып, оны жазудан гөрі оюға ұқсатып жіберген. Яғни шебер шығыс құрылыс өнерін жергілікті халық өнерімен тамаша ұштастырған. Даланың табиғаты, өсімдік, гүл, шешек көріністері де құрылыс бойынан жарасымды орын тепкен. Мешіттің сыр бояуы сары даланың қуаң түрін бейнелесе, күмбезі көк жасыл көктемін, аспан әлемін елестеткендей» деген тұжырымы теңдессіз жәдігеріміздің табиғатын алақай аша түскен. Расында да, кесенедегі ондаған бөлмелердің түрлі ауанда өрнектелуі өнердің төресі дер едік! Қысқасы, айтулы архитектуралық пішіндегі көгілдір күмбезді қазынамыз кешегі мәдени-тұрмыстық, саяси-қоғамдық һәм елдік деңгейіміздің өшпес көрінісі!

Сонымен, Орта Азия мен Таяу және Орта Шығыс жұртын билеген Ақсақ Темірдің (1336-1405) халқымыздың ұлт болып қалыптасып тарих сахнасына көтерілуіне дәстүрлі қатысы бар. Жер қайыстырар қалың қолын түгелдей бүгінгі қазақ құрамындағы тайпалар құрады. Шыңғыс қаған секілді барша түркі әлемінің қазаны оттан түспей, шырағданының жарқырай беруі жолында өзі де, ұрпақтары да ешнәрседен қаймықпады, жандарын да қиды!

Бойтұмар жәдігеріміздің Эрмитаждан әкелінуіне барын сала мұрындық болған мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың уәлі сөзді біртуар перзенті, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің есімі де ұрпақ жадынан ұмытылмақ емес.

Ұлы Жібек жолының күретамыры іспетті бұл шаһардың адамзат дамуындағы мән-маңызы айтып жеткізгісіз. Әу баста Шауғар деген мекеннің кейін Йасы шаһары атанғаны аян. XV ғасырда санаға сәуле себезгілете Түркістан атауын алса, енді, мінеки, облыс орталығы ретінде дербес ірге көтеріп, төрт құбыласы бірдей түрлене түсті. Атажұртының алып шаңырағы деп қастерлер мұқым түркі әлемінің көзқуанышына айналды. Бұдан асқан мәртебе жоқ! Қазақстан –Түркістан – Яссауи кесенесі – Тайқазан – алтын діңіміз, Алаш рухты асқақ келбетіміз! Тәуелсіздігіміздің бүлкілдей соғар жүрегі, сарқылмас шаттығымыз! Иә, ағайын, бұлжымас рухани бірлікпен бекіген ұлттық құндылықтарымыз – өміршеңдігіміздің белгісі, ертеңгі ұрпақ еншісі! Жады өшпеген халықтың шамы да өшпейді!

Әміре ӘРІН,

"Жетісу" газетінің бас редакторы,

Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері