ҚАПАЛ ЖӘНЕ ЛЕПСІ АТАУЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ ҚҰНДЫ ДЕРЕКТЕР ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 19.12.2020
Оқылды: 1868
Бөлім: ТҮПСАНА

Өткенімізді білмей, болашаққа қадам баса алмаймыз. Мемлекеттік бірегейлігімізді айқындайтын басты факторлардың бірі – еліміздегі ономастикалық атаулар. Осыған байланысты Тіл сарайында өңірдегі ономастикалық атауларды реттеу бойынша облыстық онлайн семинар өтті.

Семинарды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек жүргізді.

Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков, құқықтық-ақпараттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Балжан Сыдығалиева, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев, сондай-ақ, басқарма қызметшілері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры мен оқытушылары, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, тіл жанашырлары қатысты.

– «Өңірдегі ономастикалық атауларды реттеу мәселелері» тақырыбында өткізіліп отырған семинар тақырыбы ауқымды, маңызы зор. Себебі, жер-су, елді мекен атаулары біздің тарихымыз, ұлттық жадымыз. Тарихи атаулар сол елдің тарихынан сыр шертіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығынан, болмыс-бітімінен, салт-дәстүрінен, тілі мен дінінен хабар береді, – деді басқарма басшысы Болат Керімбек.

Семинарда сөз алған Қуаныш Дәурембеков: «Қазақ жер-су атауларына ат қою жағынан өте шебер халық. Мысалы, суы ащы болатын болса Ащыбұлақ, ақ төбешік көрсе Ақтөбе деп атау берген. Әсіресе, Оңтүстік өңірде Қоңыртөбе деген атау көптеп кездеседі. Себебі, өңірде өсімдіктер біркелкі өсуге өте қолайсыз. Көктемде алғашқы шөп шығады да, мамыр айының соңына қарай қурап кетеді. Төңірегінің барлығы жап-жасыл төбе үсті қоңыр болып тұрады. Соған байланысты «Қоңыртөбе» деп ат қойып, айдар таққан деседі», – деп ономастикалық атаулардың шығу этимологиясына тоқталды.

Келесі сөз кезегін алған Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының  директоры Сауран Қалиев:

– Жетісу – тарихи географиялық аймақ. Қойнауы құтқа толы өлкеде қаншама рухани-мәдени мұра жатыр. Жамбыл облысындағы рухани мұраны, тарихи деректерді жинастыру нәтижесінде Санкт-Петербург пен Самарқаннан тарихымызға қатысты құнды деректер табылды. Бұл біздің өңір үшін үлкен жетістік болды. Тарихи орындар мен оқиғаларға, кесенелер мен жер-су атауларына қатысты ауқымды ақпараттарға ие болдық. Соның ішінде, Алматы облысының Лепсі мен Қапал атаулары және осы аралықтағы жер-су, елді мекендердің көне атаулары кездеседі. Осы табылған деректерді өздеріңізге жіберсек деп отырмыз, – деді. Сондай-ақ, ол: "Жамбыл облысы – Алматы облысының шығысында шектесіп жатқан ауылы аралас, қойы қоралас өңір. Қай жағынан болсын біздің бөліп жаратын дүниеміз жоқ. Сонау Ұлы Жібек жолынан бастап тарихымыз бірге. Сондықтан, бар дүниемізді сіздермен бөлісіп, өзара тәжірбие алмасып, керек ақпарат болса алып қайтсақ", - деген тілегін жеткізді.

Жиын барысында Болат Керімбек басқарма аясында ономастикалық нысандардың этимологиясын зерттеу бойынша «Жетісу» жобасы қолға алынып жатқандығын айтты. "Тіл – тарихи құндылық. Біз өзіміздің  тарихи тамырымыздан  ажырап қалмас үшін ел мен  жер атауларын түгендеуіміз керек. Себебі, тіл – әрбір ұлттың өзіндік төл болмысын білдіретін, тарихтағы орнын анықтайтын құрал. Ал ономастика – тіл білімінің бір саласы ғана емес, ұлттық идеологиямыздың бір бөлшегі", - деп, жер-су атауларына байланысты толыққанды деректерді жинастыру үшін болашақта атқарылатын жұмыстар өте ауқымды екендігін айтты.

Семинарға онлайн режимінде қатысушылар сұрақ қойып, өз пікірлерін білдіріп отырды. Ақсу ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айна Елубаева: «Семнар өте қызықты өтіп жатыр. Қажетті мағлұматтар алып, жаңа ой түйіп отырмыз. Ақсу ауданы, Қапал ауылына қатысты мәліметтерді сонау Омбыға дейінгі архивтерден іздеп, таппаған едік. Өзіміздің Жамбыл облысынан табылып жатыр екен. Бұл өте қуанышты жайт. Табылған мәліметтерді бізге де жіберсеңіздер екен», – деп тілегін жеткізді.

Талғар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева: "ЮНЕСКО-ға енген Ұлы Жібек жолындағы қалашықтар бойынша, оның ішінде, ортағасырлық Талғар қалашығы туралы біз білмейтін тың ақпараттарды тауып жатсақ нұр үстіне нұр болар еді", – деп семинарға қатысушыларға алғыс айтты.

Кез келген жұмыстың мақсаты мен міндеті, одан кейін күтілетін нәтижесі болу керек деген семинарға қатысушылар болашақ жоспар мен алдағы міндеттерді талқылады.

Жиын соңында басқарма басшысы қонақтарға, семинарға қатысушыларға алғысын білдірді. Іргелес жатқан екі облыс өзара тәжірбие алмасу мақсатында тіл тарихы мен өңірлердегі ономастика бойынша жылдар бойы жинақтаған құнды еңбектерімен, мәнді мағлұматтарымен бөлісіп, кітап алмасты.

"Теңіз тамшыдан құралады" демекші, ұлы Отанымыздың тарихы ауыл-аймақтан басталады. Жетісу өңірінің елді мекендері мен тарихи жер-су атауларына байланысты зерттеу, насихаттау жұмыстары жалғасатын болады.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Алматы облысы