ӘМІРЕ ӘРІН: "КӨК ТҮРІКТЕРДІҢ РУХЫН ОРАЛТПАЙ, ЕРЛЕРДІҢ ІСІ БІТЕР МЕ?!"

Уақыты: 07.01.2021
Оқылды: 2219
Бөлім: ТҮПСАНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ жыл бастауында, қоғам өмірінің толғақты кезеңдерінде ел газеті – «Egemen Qazaqstanǵa» арнайы мақала жазып, сұхбат беруі игі дәстүрге айнала түсті. Алдын ала күтіп отыратын оңды күйге ендік. Жыл тоғысындағы ұзақ демалыстан шыққан бетте «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тоғыз өрім мақаласын (Президент мақаласын толық оқу үшін үстінен басыңыз) оқыған жанның терең тебіреніске түсері хақ!

Бір қарағанда, мұндағы бөліскен сыр, көтерген кезек күттірмес мәселелердің көпшілігі ел ішінде ертелі-кеш айтылып жүрген дүниелер. Десек те, қарашаның көңіліндегісін Президентіміз дөп басып, алға тартып отырса, ұлтымыздың ұтқаны дер едік. Мақаланың оқырмандарға жедел жол тартуының түп-төркіні автордың мына бір тұжырымының астарында жатыр деп бағалаймыз: «Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді».

Жігерімізді жанып, намысымызды ұштар сөз осындай-ақ болса керек. Бұл арадағы бірден атойлап көзге ұрып тұрған «аспен де, таспен де» деген қағидат Президентіміздің Жаңа жылдық құттықтауында да жүрек тебіренткен.

Мұны бүкіл халықтың жан дауысы дер едік. Шамымызға тиіп, түн ұйқымызды төрт бөлдірген – сырттағы арамза-ашкөздердің өздері. Демек, бұдан былай кез келген жат пиғылдылармен әңгіме бөлек, жалпақшешейлік келмеске кетпек, қарым-қатынас жеті өлшеп, бір кесілмек! Күлтегіннің: «Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды» деп құмыққан үні құлағымыздың түбінен қайталай жаңғырып тұр!

Иә, ағайын, шетсіз де шексіз Еуразия кеңістігінде елдігін ерен паш еткен көк түріктердің күндей күркіреп, найзаның ұшында үкілей ұлықтаған өршіл Рухын қалың қазақ ішіне қайта оралтпайынша ерлердің ісі бітер ме?!

«Үстімізде – көк аспан, төменде – қара жер, екеуінің арасында адам баласы жаратылыпты, адам баласының үстіне Тәңірі Түрік қағандарын (Бумын және Естеміс) отырғызыпты!» – деп қара тасқа қашап жазған қайран бабаларымыз соншама өршіл, соншама заңғар жаратылар ма еді?!

Дәл осылайша сөз бен істі кіріктіре, бүкіл әлем біздің ашсақ алақан, жұмсақ жұдырығымызда, түрік қағандары бар адамзаттың билеушісі деп жаһанға жар сала алудың өзі сол дәуірдегі өркениетіңіздің шыңы емес пе?!

Дәл осы арада Белоруссияның Президенті Александр Лукашенконың: «Қазіргі таңда Қырым орыстардың байырғы жері еді деген әңгіме көтерілуде, олай болса Бату ханның кезіне қайта оралып, тұтасымен Ресейдің, Шығыс және Батыс Еуропаның территориясын Қазақстанға қайтарайық!» (2015 жылғы телесұхбатынан) деген темірдей ұстанымының сұранып-ақ тұрғаны. Александр тілге тиек еткен жерлердің, бергі Батуды айтасыз, кемінде ғұндардан бермен бабаларымыздың түрік тілін таратып, бөрілі байрақты желбіреткен аймағы екендігін де ақ әлем анық сезіп отыр.

Міне, осы мәністе Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталмыш мақалада: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр», - деп түйіп тастауы өте дәйекті де орынды. Қияндарға қанат қақтырар асқақ Рух тұрған жерде көкезу «барымташылар» тірлігінің барқадар таппасына көзіңіз жете түседі бұдан соң!

Біздің заманымызға дейінгі VІІ ғасырда Алып Ер Тоңа (Афрасиаб) бабамыз қаһармандықпен билеген Тұран патшалығынан бастау алды дегеннің өзінде біздің мемлекеттігіміздің ғұмырбаяны 2600 жылдан асып отыр. Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралықта Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі кеңістікте ғұн, сақ, үйсін, қаңлы, түрік, Шыңғысхан және оның ұрпақтары құрған қаншама белді мемлекеттеріміз бен қабырғалы қағанаттарымыз дәуірлегенін қазір жетесі бар әр қазақ жете білсе керек!

Ұлы Даланың автохтонды халқы екендігімізді зерделі жер-жаһан ертеден-ақ мойындап қойған. Десе де, елдің жады, түпкі шежіреге ештеңе жетпесе керек! Әйтпесе, Қазтуған жырау: «Алаң да алаң, алаң жұрт, ағала ордам қонған жұрт. Атамыз біздің бұ Сүйініш, күйеу болып барған жұрт. Анамыз біздің Бозтуған, келіншек болып түскен жұрт. Қарғадай мынау Қазтуған, батыр болып туған жұрт. Кіндігімді кескен жұрт. Кір-қоңымды жуған жұрт, Қарағайдан садақ будырып, қылшанымды сары жүн оққа толтырып, жанға сақтау болған жұрт!» деп жүрек шымырлата жырлар ма еді?!

Киелі Отан тыныштығын ойлаған сәттерде қай-қайсымыздың да түн ұйқымыздың қашатындығы хақ. Мұндайда өткенімізден тағылым алсақ керек. Арғы бабаларымыздың қытайлар билігіне жарты ғасыр бойына қарап қалған шағы Күлтегін ескерткішінде: «Менің өзімнің ханым бар, мемлекетім бар халық едім, енді менің мемлекетім қайда, ханым қайда?» деген күңіренісі халықтың трагедиялық жанайқайы түрінде қара тасқа қашалып жазылмап па еді. Ұрпақтан-ұрпаққа ұласар ащы сабақ, тағдырлы тәлейіміздің ескертуі бұл. Ал бүгін бәрінен де сескендірерлігі, осынау трагедиялы төл тарихымызды саралай санаға сіңіруді айтасыз, еске алуды, ойға тоқуды ескінің қалдығы деп санайтын дүбәралар көбейді. Тәуелсіздіктің түпкі мәнін түйсіне алмас хәлге жеттік. Ұлттық санасы қалыптаспаған қалың ұрпақ өсіп келеді. Сөз жоқ, ұлт санасыздығы ұлтты құлдыққа жетелейді. Құрдымға кетіреді.

"Адалдан бер, ақтан бер" деп Тәңірге жүгінген бабаларымыз сол бір қулығы көген басынан асып кеткен заманда, әлгінде сөз еткеніміздей, көп дүниеде есесін жіберіп алған. Әйтсе де, қорасанға қой айтып, қоңторғай тұрмыс кешіп жүрсе де қораздануды білмеуші еді. Ал қазіргінің жыры кереғар. Тәуелсіз елде жүріп түзден тоят іздегендер көбейді. Этно-тарихи, этномәдени құндылықтарды былай қойғанда, қазақы ғұрыпты мансұқ етушілер бой көрсетуде. Ұлттың табиғи түйсігі көпе-көрнеу тұмшаланып барады.

Адамшылықтың өлшемін ар деп ұққан селдір топтың өзіне де, сөзіне де ілесіп жатқандар шамалы. Сыртқы экономикалық, мәдениақпараттық экспансия шарықтап, діни, тілдік, моральдық белден басушылық отаған бұтадай күйге күн өткен сайын батыра түсуде! Қулық қумай, қылық түзер салтымыз құба жонда булыға қалып барады. Ел сенді, белсенді дегендеріміз құлағы көріне бітеу пұшайман бейнеге еніп, онсыз да құлазыған көңілді жарға жықты. Той шабақтап әлек, ой сабақтауға жоқ. Оқалана берудің опық жегізерін ұқсайшы бірі! Аяқ астынан өтімен жарылуға, темір таяқ тебендей болғанша тартысуға әзір, терісіне сыймай-ақ жүр. Сиырдың бүйрегіндей бытыраған сықпытынан айырылғысы жоқ. Айтып, айтпай не керек, осының бәрі қысқа тәрте, пайымсыздық пен пәтуасыздықтың, тоғышарлықтың, ең бастысы – елдігімізді елемеудің салдары!

Оның үстіне, қалайша жасырарсыз, дәл қазір қазақтың жаны мен тәні үшін, асты пейіш, үсті кеніш жері үшін жанталасқан күрес жан-жақтан өршіп тұр. Бұған қоса, діни, мәдени, тілдік экспансияны былай қойғанда, моральдық азғындау, гендік инженерия, бактериологиялық кесапат та бой көтерді. Ауруын жасырған өледі. Басымызға шырмау салынып, бұйдаға қайталай сұғылмасын десек, суың бастан лайланып, тілің қайта байланып, сау басың тау-тасқа ұрылмасын десек – тажалдың алдын алу парыз. Әдетте теріс жолға діни сауаты төмен, рухи қауһарсыз жастардың алдымен түсіп жүргенін көріп те, естіп те отырмыз.

Бұдан шығар қорытынды – мәдениет пен білім-білікті, яки интеллектуалдық бейнені биіктету міндет! Сондықтан да мақала авторының: «Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең-байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін», - деген үміт отын маздатар лебізіне құлай қосыламыз. Ал ұлттық сана ұлттық намыстан туады!

Міне, сол себепті де ызғарлы демі ауаны қарып тұрған кешегі кеңестер тұсында жалынды жастарымыз жайнақ ғұмыр үшін алаңға айбаттана шықты! Азаттығымыздың ақжолтайына айналды! Президентіміз осы трагедиямызға жете көңіл бөле: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», - деп жазып отыр. Журналистер қауымының да бұл реттегі міндеті ауқымды деп есептейміз.

Біз әлеуметтік жүйеде осыдан үш-төрт ай бұрын Шығыс Қазақстан облысын Абай облысы, Солтүстік Қазақстанды Қызылжар, Павлодар облысын Кереку деп атауға ұсыныс білдіргенімізде көпшілік бірден қолдаған еді.

Сол жолы Түркістан облысы құрылуына байланысты Оңтүстік Қазақстан деген ұғымның тарих қойнауына еніп бара жатқандығын, сол сықылды бұл жолға Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан атауларының да түсетіндігін көлденең тартқанбыз.

Міне, Қасым-Жомарт Кемелұлының сол пікірімізді құптап кеткендей әсерге бөлеген мына бір тұжырымы көңілімізді демдеді: «Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз».

Тіпті, төскейдегі төрт түлікке жау тиді дегенде демін алдырмай індете қуатын жұрттың ұрпағы емеспіз бе, ендеше ел бүтіндігі, ертеңгі ұрпақ қамы қозғалар тұстардағы қаперсіздігімізді тыяр мезгіл жетті деп ұғамыз.

Былтыр қаламыздағы әскерге алынушылар жиынына қатыстық, шығарып салып тұрған ата-аналармен де тілдестік. Қынжыларлығы, тіпті алаңдатарлығы сол, сапта тұрғандардың арасынан шаһарымыздағы жұртқа белгілі ат үстіндегі азаматтар мен бай-бағландардың балалары көзімізге шалынбады.

Сонда бұл қалай болғаны, қасиетті Отанды қорғау – біреуге міндет, екіншілеріне жай бір дүрмек болғаны ма?! Кезінде қалың түркінің басын біріктірген Түркі қағанаты, Шыңғыс қаған және оның ұрпақтары державаларында Қарулы Күштегі ең жауапты буындарға атақты ақсүйектердің, мыңдықтар мен жүздіктер басшыларының ғана балаларын алғандығын неге ұмыттық? Одан кейінгі небір қиын-қыстау жаугершілік замандарда да атан жілікті, белді де белгілі оғландар ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалмап па еді?! Жүрек жұтқан дауылпаз Махамбеттің:

Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
– деген ұранды жырларының жастар жүрегіне берік ұяламай келе жатқандығы жанымызды мұздатса керек!

Қар жастанып, мұз төсеніп жүріп ерліктің ерен шежіресін қалдырған даңқты бабаларымыздың жарқын жолдарын жалынды жалғастырудың тиімді де рухты жолдары мемлекеттік деңгейде қарастырылып-ақ жатыр. Мұны дәстүр сабақтастығы десек жарасқандай! Кәсіби армия негізіндегі қорғаныс қабілетімізді тез арада барынша арттыру қажет. Ел ішіндегі жасы ұлғайып кетпеген азаматтарды әскери тұрғыда қайта даярлауды дереу қолға алу қажет. Бәрінен бұрын өз әскерімізге өзіміз сенетіндей толайым халге жеткеніміз жөн!

«Еңкейгенге еңкей, ол атаңның құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес» ұстынынан ауытқымаған қағандарымыз бен хандарымыз дала демократиясына тән төзімділік пен кеңдікті, әділдікті, әлімжеттілік жасамаушылықты ел басқару ісінде кеңінен басшылыққа алып отырды. Ел ішіндегіні айтасыз, қайсібір реттерде таяу, тіпті, қиырда орын тепкен мемлекеттермен арадағы небір талас-тартыс, дау-дамайлар да бір ауыз кесімді сөз, кесікті пікір құдіретімен шешімін табатын-ды. Қазақтың заңы да, шежіресі де ел бірлігіне, ердің ерек ерлігіне қызмет етті. Мемлекетіміздің бүгінгі бейнесінен де осынау ізгі нышандарды айқын аңғара бастағандығымыз рас.

Жуырда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғылыми атағы бар тарихшыларды, әсіресе, жастарды қомақты жалақылы қызметке шақырып жатыр деген хабармен танысып, қуанып қалдық.

Жалтақтамайтын, барды бардай, жоқты жоқтай ақ қағазға түсірер мамандарға зәруміз. Ақиқат айтылмай, таза тарихқа қолымыз жетпейтіндігі бесенеден белгілі.

Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының: "Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын, бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді", - деп тоқетерін айтуы кәсіби мамандардың да, былайғы зерттеушілердің де өрісін ашып берді.

Ақдидар тарихшылардың заманы туды! Тіпті, осы мақала жарық көрген күнді «Тарихшылар күні» деп белгілесе де жарасып кетейін деп тұр!

Ақ дүниенің жотасында зеңбірек дүрсілдеп, алқымына атом тірелген мынау шытынақ шақта барды бағалай білу – ертеңін саралай білер жұртқа тән қасиет. Сондай елдің мақпал топырағында ғана жақсылық желі тартып, жасампаздық шырағданы жарқыраса керек. Отандық тарихы кернеген, отаншыл жастары ерлеген, дұшпанға намыс бермеген Қазақ елін асқақтатар шақ туды. Тұғырлы жұрт ғұмырлы!

Әміре ӘРІН,

Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері,

Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі,

"Жетісу" газетінің бас редакторы

Сурет ғаламтордан алынды