ҚАЗАҚТЫҢ ТЕҢ ЖАРЫМЫ ҚЫРЫЛҒАН АЛАПАТ ЗҰЛМАТҚА КІМДЕР КІНӘЛІ?

Уақыты: 16.01.2021
Оқылды: 2765
Бөлім: ТҮПСАНА

ХХ ғасырдың алғашқы жартысы халқымыз үшін ең бір қатерлі, қиын-қыстау кезең ретінде тарихта қалды. Қазақстанның бүкіл аумағында басталған ұлт-азаттық көтерілістері мен оның ізін ала орын алған ауқымды жазалау операциялары, қазақ халқына да ауыр зардабы тиген ақ пен қызыл қырғыны, күштеп ұжымдастыру мен оның ізін ала келген ашаршылық алапаты, ұлт зиялыларын баудай түсірген репрессия нақ осы кезеңге тұспа-тұс келді. Соның салдарынан миллиондаған жұртымыз қырылып, миллиондаған қандасымыз жер бетіне тарыдай шашырап кетті.

Кеңестік заманда халқымыздың бір бөлігін жер бетінен жойып жіберген ашаршылықтың өзі  бөлек әңгіме. Бірқатар тарихи деректерге көз салатын болсақ, 1920-1930-жылдары қазақтар 4-4,5 млн.адамынан айырылған. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткендей, осынау ашаршылық мәселесіне әлі күнге дейін мемлекеттік тұрғыдан баға берілген жоқ.

Біз бұл жерде сол жылдары елімізде орын алған ашаршылықтың жай-жапсарына егжей-тегжейлі тоқталуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Оның сол кеңестік кезеңнен бері ресми түрде айтылып келген себебі белгілі – қазақ жерінде Ф.Голощекиннің басшылығымен жүргізілген солақай саясат, жығылғанға жұдырық болған ауа райының қолайсыздығы, тағы басқалар.

Солай-ақ болсын дейік. Бірақ бұл жерде бізді тұтас бір халық қынадай қырылып жатқан кезде Одақ тарапынан сонша уақыт бойы неге көмек ұйымдастырылмады, Сталин жетекшілік еткен КСРО басшылығы сол кезде нені күтті дегендей сұрақтар мазалайды.

Бірқатар замандастарым: «Мұның бәрін Сталин білген жоқ, ашаршылықты да, репрессияны да оның бер жағындағылар жасады», - деп мұртты көсемге шаң жуытқылары келмейді. Бұған орынды уәж айтуға болады. Мемлекет те отбасының үлгісімен құрылған десек, ешкім таласа қоймас. Сол отбасында бірнеше жыл қатарынан не болып жатқанын білмегені үшін отағасын ақтап алуға бола ма?

Отбасындағы бақытсыздықтың отағасының жауапсыздығынан (ақымақтығынан, аңғалдығынан және басқа да себептер) орын алғандығын біреуге дәлелдеп жатудың қажеттігі бар ма? Бір Одақтың ішіндегі Қазақстанда ғана емес, жердің түбінде болып жатқанның бәрін біліп отырған құпия қызметі бар, қалыптасқан мемлекеттік аппараты бар басшылық өздеріне қарасты бүтін бір халықтың қынадай қырылып жатқанын, байтақ даланы алапат аштық жайлағанын қалай білмейді? Бір-екі ай мөлшерінде көмек үлгере алмауы мүмкін, ал үкіметтің бір-екі жыл мөлшерінде әрекетсіз, сырттан ғана бақылап отырғанын қалай түсінеміз?

Осыған орай өзіміз кезінде мектеп бағдарламасында танысқан белгілі картина ойға оралады. Арал балықшыларының Волга бойындағы ашыққан тұрғындарға вагондап балық жіберіп жатқан көрінісін аға ұрпақ өкілдері ұмыта қоймаған болар. Ондай көмек ашыққан қазақтарға неге дер кезінде ұйымдастырылмады?

Осы жақында ғана әлеуметтік желіден жаға ұстатар деректерді құлағым шалып қалды. Алапат аштықтан қазақтар баудай түсіп жатқан 1931 жылдың төртінші тоқсанында Мәскеуге Одақтың әр түкпірінен 80 мың тонна ет жөнелтілген екен. Соның жартысына жуығы, яғни, 35 мың тоннасы қайдан дейсіз ғой? Әрине, Қазақстаннан. Дәл сол мезгілде Ленинградқа жіберілген 24 мың тонна ет те Қазақстанда дайындалған. Елдің өзі ашығып, көзі қарайған кезде осыншама мал етінің орталыққа жөнелтілуі қатыгездіктің, жауыздықтың шегі демеске лаж жоқ.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында атап өткендей, ғалымдардың арасында да ашаршылық құрбандарының саны туралы нақты пайым жоқ. Бір ғалымдар халықтың үштен бірі опат болды десе, енді бірі халықтың жартысынан астамы қырылды деп тұжырымдайды. Бұл орайдағы қайғылы деректерді нақтылау, әрине, ғалымдардың, зерттеушілердің еншісіндегі мәселе. Бірақ қалай дегенмен де бейбіт заманда, айналасындағылар аман-сау, бақуатты тірлік кешіп жатқан кезде осыншама қандасымыздың қырылуы естілмеген сұмдық жайт.

Аштық басталған кезде Алматы облысының Балқаш ауданында сол кездегі санақ бойынша 62 мың адам тұрған екен. Аштық аяқталған шақта соншама адамнан 12 мың ғана тұрғын қалған. Демек, аштан қырылғаны бар, талғажау болар тамақ іздеп босып кеткені бар, бір ғана ауданның халқы 50 мың тұрғынға кеміген. Қырғауылы мен қояны қойдай өрген, басқа да аң-құсы бар, өзен-көлінде балығы тайдай тулаған Балқаш ауданындағы жағдай мұндай болғанда, басқа өңірлердің жайын көзге елестете беруімізге болады.

Сол кездегі сұмдық жайттар жайлы жазылған естеліктерді оқығанда, қариялардың әңгімесін тыңдап отырғанда үлкен бір отбасынан бірнеше баланың ғана тірі қалғаны жөніндегі деректерге жиі кезігеміз. Сондай әңгімелерге қарағанда аштық алапаты кезінде қандастарымыздың жартысынан астамы қырылды деген тұжырым қисынға келетін тәрізді.

Сонау бір жылдары Балқаш ауданында журналистік қызмет атқарған кезімде көзі қарақты қарттардан: «Табиғаты осыншама бай өңірде де адамдар аштан қырылыпты. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деуші еді ғой, адамдар сол кезде балық та ұстай алмай қалған ба? Ең болмаса тұзақ құрып неге қоян ұстамаған, неге қырғауыл атпаған?» - деп сұрағаным бар.

Сол кезде қариялар терең күрсіне отырып өкіметтің мойынсерік, яғни, колхоз құрамыз деп балық, аң аулайтын ау-құралдардың барлығын жиып алғандығын, кейін сол құралдарға ешкімнің қолы жетпей қалғандығын айтып еді. Шолақ белсенділер қыстың сақылдаған сары аязында шұғыл түрде қой жүнін өткізу бойынша салық төлеуді талап етіп дігірлегендіктерін, содан қыстыгүні қырқылған қой біткеннің қырылып қалғанын еске алған. Мұндай қисынсыз «салықтардың» түрі көп болыпты. Нәтижесінде, Алматыға барар жолдың бойы талғажау іздеп қалаға босқан адамдардың мәйітіне толып қалған.

Елді есінен аударған ашаршылық кезінде көршілес қырғыз еліне ауып барғандар аман қалды. Олардың көпшілігі ұлан даладағы қасіретті кезең аяқталған соң туған елге қайтып оралды. Бауырлас басқа елдер да арып-ашып келген ағайынға қамқор болып, таңдайларына су тамызып, қайғы арқалаған қазақпен жарты дәндерін жарып, бүтін дәндерін бөліп жеді. Ашаршылық алапатына мемлекеттік тұрғыдан баға бергенде бұл жайтты да ұмытпауымыз, қиын кезде қолын созған бауырларымызға кеш те болса ресми түрде рахмет айтуымыз қажет деп ойлаймын.

Осылардың барлығын тізбелей келгенде қызыл империя сол жылдарғы аштықты әдейі қолдан ұйымдастырған ба деген күдік көңіліңді кернейді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтатын болсақ, 2018 жылдың күзінде журналистік тәжірибе алмасу мақсатында Украинаның астанасы Киев қаласына барып қайтқан едім. Көздеп барған жұмысым алғашқы күні орындалған соң қалған бірнеше күнді қаланың тарихи орындарымен, мәдени нысандарымен танысуға жұмсадым. Қаланың бір шеті мен екінші шетіне метромен жеткеніммен тұрғындармен, жаңағыдай нысандармен жақынырақ танысу үшін шаһарды негізінен жаяу аралаған жөн деп шештім.

Кезінде сол елде болған  ашаршылық жайынан сыр шертетін музейге, өкінішке қарай, дәл қайтар күні ғана жолым түсті. Таңертеңгі сағат 9-дың кезі, ал музей болса жұмысын сағат 10.00-ден бастайды екен. Күтуге, асықпай танысуға уақыт тығыз болғандықтан музейдің еңселі ғимаратына кіре алмай, соңыма қарай-қарай жолға шығып кеткен едім. Сол сәтте көкейіме біздің елде де дәл осындай арнайы музей ашылса, замандастарым елімізде болған алапат аштық жайынан толық хабардар болса ғой деген арман оралған.

Иә, ашаршылыққа мемлекеттік тұрғыдан баға беріліп жатса, ондай күннің ауылы да алыс емес шығар-ау.

Сөз орайы келгенде украиндық бауырлардың мемлекеттік тілді қалай қадірлейтіндері жөнінде бір-екі ауыз айтып кеткеннің де артықтығы болмайтын тәрізді. Қаланы екі-үш күн бойы аралағанда атақты Крещатиктен де, Киевтің басқа көшелерінен де негізінен украин тіліндегі жазулар көзіме түсті. Жарнамалар мен көше атаулары да сол тілде. Ағылшын тіліндегі жазулар тіптен көзіме шалынбады десем де болады. Орыс тіліндегі жазулар бірен-саран. Содан кейін бе, сол екі-үш күннің ішінде украин тіліндегі жазулардың мағынасын толық болмаса да шамалап түсіне бастадым деуге болады. Сол кезде ойыма өзіміздің қазақша білмейтін қандастарымызды босқа қинап жүр екенбіз ғой, мынадай қажеттілік туындаса, орыс тілді қазақтар аз уақытта-ақ сайрап кетеді екен ғой деген қисын оралды.

Әрине, Киев тұрғындарымен орыс тілінде түсінісуге тура келді. Өзара мемлекеттік тілде сөйлескендерімен менің басқа ұлт өкілі екенімді, содан кейін де өз тілдерін білмейтінімді байқаған олар қай сұрағыма да ықыласпен жауап беріп, жоғары мәдениеттіліктерін танытты. Өз кезегінде менің де бауырлас ұлт өкілдеріне деген құрмет сезімім оянды.

Сөз етіп отырған тақырыбымыздан сәл ауытқып кеттік, білем. Сондықтан ашаршылық тақырыбына оралып, сөзімізді ел Президентінің мақаласындағы: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», - деген жолдармен түйіндесем деймін.

Иә, қолдан жасалған қырғын болмағанда бүгінде санымыз 40-50 миллионнан асып, Ұлы даламызда қара ормандай ұйысып отырар едік-ау. Ондай қырғынға нақты кінәлілер аталып, ашаршылық мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан баға беріліп жатса, сол кезде миллиондап қырылған боздақтар алдындағы парызымыздың өтелгені деп білеміз.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

"Жетісу" газеті бас редакторының орынбасары,

Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Сурет ғаламтордан алынды