Келіп қалар...

Уақыты: 29.05.2017
Оқылды: 1893
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тағдырдың айдауымен еңістеп, мекенінен үрікпесе, тауда туып, таста өскен арқардың тұяғы құмға түспейді. Заңғардың бауырында жаралған киелі аңның базары да, ажары да зеңгірмен бой таластырған мұсатыр мұзды шыңдар емес пе?! Тіпті, ажалы да зәу басынан қыран ғана бой көрсетер биіктіктен келеді. Бұл – табиғаттың тағы тірлікті әсем аңға берген теңдессіз тартуы. Адамзаттың түйсігіндегі ақын атауына лайықты ғұмыр кешкен жұмырбастыларға да Тәңірі осындай таралғы жасаған сыңайлы. Махаббаттан басталған жолын парасатпен тиянақтайтын талант иелерінің орамды ойы, татымды тіркесі, жауһар жырлары құмға емес, асқарға басылар із екені даусыз. Ал, осы өлкеге өзіндік белгісін сайрата салған Сағи Жиенбаевты танымайтын жан кемде-кем.

Болмыс-бітімі мен жан дүниесі қабысып, жазған жырлары мен сүрген тірлігі үндесіп жататын, пәлсапасы мен пендешілігі қайшылыққа түспейтін саңлақтар сапы санаулы. Мөлдір тұнбаға бас қойғандай туындысына аңсарың ауып оқитын Сағи Жиенбаев санаулы саңлақтар санатында. 
Табиғатынан ақиқатшыл, нені көрсе соны бәз қалпынан мысқал өзгертпей бейнелейтін Сағи өмірінің қырық көктемі поэзиямен өтіпті. Алпысты алқымдаған шағында асқарқа таңбасын басқан арқар тұлғалы ақынның жаны үзілді. Есесіне талайлардың талайына жазылмаған жыр ғұмыры басталды. 
Өмірге келгенде өбектеген тұңғышындай «Қарлығаш» жинағы ақынның дарынын даралап көрсеткен еді. Сол кезде-ақ бұл жұқана кітаптағы жазулар оның маңдайы жарық әрі қазақ поэзия көгінің жаңа туған жұлдызы екенін аңғартқан болатын. Әдеби аламанға дүркірей келіп дүбір қосқан қатарластарынан мойыны озық тұрған Сағи жайлы әлем классигі Мұхтар Әуезов: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін сүйсініп оқыдым, оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін, соншалық шындық пен бетке ыстық дем сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзияға керек нәрсе – осы шыншылдық», – деп баға бергені бар.  Шыншылдық демекші, Сағи Жиенбаев шығармашылығындағы ақиқаттың күретамыры – сұрапыл соғыс кезіндегі сұрықсыз ауыл, суық үй, сүйегі сықырлаған қарт, сары қарын ана мен сары ауыз бала халі. Дегенмен, лирик ақын бозбала мен бойжеткеннің арасындағы сезімді, табиғат пен өмірге деген құштарлықты асқан шеберлікпен,  ерекше бедерлей білген-ді. 
Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, өмірдің ауыртпалығын балғын иығына артқан Сағи шығармашылығындағы мөлдір туындылардың дені қасіретке арналған. Оған бір ғана «Келіп қалар...» атты жыр дәлел.
Құсалықпен өтпесін деп от күнім,
Анам менен 
Жасырды әке жоқтығын.
Періштедей
Сәби-көңіл сенгесін,
Ертегінің шығарды ойлап көп түрін, – деп басталатын осы өлеңнің соңғы нүктесіне дейінгі оқырманның көңіл толқынысын, дәл тылсым сезімді бастан кешкен сәттегідей бедерлей алмасымыз анық. Неткен ғажап шығарма десеңізші! Сырбай Мәуленов сынды осы тақырыпта тер төккен ақындардан артылмағандай көрінетін сөз бен оқиға Сағи туындысында мүлдем басқаша көрініс тапқан. 
«Әкең сенің... Кетті сонау алысқа, жер де шалғай, жетпейді оған дауыс та. Ол тұратын қалың орман ішінде, жүреді екен қабылан да, барыс та...» – деген ананың бала көңілін алдарқату мақсатында айтылған ертегісі: «Кедергі боп кішкене бір төбе тұр, қанат болса, ұшқысы да кеп отыр. Көп ұзамас, дәм бұйырса батырың, жақын күнде келіп қалар деп отыр...» – деген жолдарға жалғасқан. Бұл өлең ғазиз жүректі жанның баласының тауын шақпау, туын жықпау мақсатында айтқан жүрек сөзі әрі өзіндік ойдан, аңсар сезімнен туған, тілмен жеткізгенмен жұдырықтай жұмыр етке шаншу болып қадалған ақиқат-жалғанын өзі ажырата алмас екіұшты дүние екені анық. 
Ақын балалық шағын осы бір жырмен қашап отырып, өткен өмірінің жүрек ауыртар сұрықсыз кездерін қанша мәрте көз алдына келтірді екен?! Бір білеріміз: ана мен бала арасындағы шынайы сезімді әсірелемей анық та қанық бедерлей білген. «Бала бар ма анасына сенбеген?!» – деген сұраулы тармақпен басталатын шумақтың соңғы нүктесі: «Күнде осылай көз ұйқыға кетеді, Келіп қалар... келіп қалар деуменен» – деген сезім сөзбен тиянақталған. Ауыр. Түсініп, түйсінген жанға батпан салмақты санамен көтерген ақынның күйінгенін, ашынғанын және тоңмойын тірліктің дегеніне көндіккенін танытар зілмауыр дүние. Тірі жесірлік қамытын киген ана мен тірі жетім екеніне де көзі жетпеген қамсыз баланың бейнесі көз алдыңа келеді. 
Шындықтан сомдалған, ақиқаттан қашалған бұл жырдың (ертегінің) жалпы мазмұны ананың аянышты халін жанар алдына көлбеңдетеді. Оқып отырып көңіліңе күрсініс пайда болады. Михаил Шолоховтың «Отан үшін от кешкендер» немесе қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» сынды ғажайып шығармаларды оқыған жандар, Сағидың осы бір 9 шумақтан ғана тұратын өлеңін бір шолып шықса, тоқсан тараулы туындының жүгін арқалап тұрғанын пайымдар еді. Сонымен қатар, бұл ақынның бүкіл шығармасына алтын арна бола білген тақырып екенін түйсінер еді.
Иә, жырдың алдыңғы шумақтарында анасынан әкесі жайлы сұраған бала сезімі өрнектелсе, туынды соңында баласынан: «Әкеңнің хабарын білдің бе?» – деп сұрау салған ананың жайы баяндалған. Астары «өмір кезек» дегенді білдіреді деп беріден топшылау ақиқаттан жалтару болар. Мұның мазмұны баласын боркемік қылып өсірмеуді ойлап, жұмбақ дүниені ақиқатқа айналдырып әңгімелеген, ақырында кәрі кеудесіндегі үмітін ақыретке бірге ала кетер ана сезімінің алапат екенін танытар туынды десек шындыққа жақындағанымыз. Әрине, соғыс жайлы, қасіретті де қаралы жылдар туралы романдар мен дастандар, повестер мен жырлар көптеп жазылды. Тіпті, бүгінгі таңда да сол бір жан түршігерлік дүниеге бағышталып жатқан шығармалар жетерлік. Бірақ саналы ғұмырын сөз патшалығында өткерген ақынның ақындық қуатын, болмысы аңғартар туындының бірегейі осы бір «Келіп қалар…» атты жыр екені ақиқат. 
Жайлы хабар күтетіндей ол менен,
Ана бар ма баласына сенбеген?!
Алдарқатып 
Мен де анамның көңілін,
«Көп ұзамас…
Келіп қалар» дей берем.
Бұл – өлеңнің түйіні. Ал осы бір жыр түсінген адамға қаламмен қашалған мәңгілік ескерткіш. Тастан соғылған жауыннан мүжілер, қоладан құйылғанның сыры ұшар бәлкім. Бірақ жырмен өрнектеліп жасалған ескерткіш мәңгілік ХХ ғасырдың орта тұсында әлем ошағын ойрандаған қасіретті кезеңді асыл сөздермен, астарлы ой мен жүрек елжіретер детальмен бере отырып сомдалған рухани белгі. Авторы – тумысынан ақиқатшыл, арда болмысты әрі есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен бедерленген Сағи Жиенбаев.

Асыл Сұлтанғазы