Саналы ғұмырын қазақ руханиятына және мемлекеттік қызметке арнаған, ел тәуелсіздігінің тұғырын биіктету жолында абыройлы қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері, академик, ғалым Мырзатай Жолдасбеков – ХХІ ғасырдың аңыз адамы. Иісі қазақтың мақтанышы саналған дара тұлға жуырда І дәрежелі «Барыс» ордені иегері атанды. Мұның өзі ұлт алдындағы беделін тағы бір мәрте асқақтатқан жайдарман жаңалық. Белгілі түркітанушы, «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендері мен «Күлтегін» сыйлығы сынды бірқатар марапаттардың иегері атанған, замана заңғарлары М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ә. Тәжібаев және қазақ ғылымының корифейлері Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, М. Қаратаев, З. Қабдолов сияқты ұлт зиялыларынан тәлім алған асылдың сынығы Мырзатай Жолдасбековтың өнегелі өмір жолы қазақ елінің бүгінгі тарихында сара жолдай сайрап жатыр.
Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Ақтөбе ауылында 1937 жылдың 27 мамырында дүниеге келген ол орта мектепті бітірген соң Қазақ мемлекеттік университетінде білім алып, ұстаздарының қалауымен ғылымдық жолға түседі. Білім алған шаңырақта ұстаздарымен 17 жыл иық тірестіре жұмыс жасап, оқытушылықтан бастап, факультет деканына дейінгі қызметтерді атқарады. Бұл туралы З. Қабдолов: «Мырзатай Жолдасбековтың адам, азамат ретіндегі барша қадір-қасиетінің бастауы-әулие Әуезовтің күллі саналы ғұмырының тең жартысын қабырғасында өткізген, аудиториялары күні кеше ұлы ұстаздың майдақоңыр үніне бөленген, телегей-теңіз ақылы мен ойына кенелген осынау орны өзгеше ғажайып білім-ілім-ғылым ордасында оқып, тәрбиенің тамаша мектебінен өткендігі», – дейді. Осындай мектептен өткен Мырзатай Жолдасбеков 1977 жылы Талдықорған педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалды. Он жыл басшылық еткен уақытта институтқа Ілияс Жансүгіровтің есімі беріліп, ақын мұражайы ұйымдастырылды. 1983 жылы бұл мұражай Республикалық байқауда үздік деп танылып, өз жұмысын республикалық мәртебеге көтерді. Молықбайдың қобызы, Бақтыбайдың домбырасы, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын жазған фортепьяносы табылып, мұражайға қойылды. Іскер басшының беделімен музыка және педагогика, мектепке дейінгі тәрбие, дене тәрбиесі факультеттері ашылды. Студенттерге арналып 410 орынды жатақхана салынып, өрендердің өнерлерін өркендету мақсатында «Қуыршақ» театры, вокалды «Россияночка», «Назигум» ұйғыр және «Жетісу» халықтық ансамблі құрылды.
Ұлт мақтанышы Дінмұхамед Қонаевтың 1982 жылы шілде айында университетке келуі үлкен оқиға болды. Дара тұлға қырықтың қырқасына шыққан жалын жас ректорға өз батасын беріп, ақ жол тіледі. Осы бата Мырза ағамыздың талай биіктерге жетуіне себеп болды десек, артық айтпағанымыз болар.
Ғылым мен мәдениеттің шежірелі беттерінде ізі сайрап жатқан қайраткер көптеген биік қызметті үлкен абыроймен атқарды. Тәуелсіздікті жаңа алған алмағайып заманда Елбасының қиындықты бірге көтеріскен, ауыр жүктің бір жағына иығын төсеген санаулы серіктерінің бірі болды.
Елорданың Алматыдан сайын сахара түкпіріндегі бұрынғы облыс орталығы Ақмолаға көшуі үлкен ұлттық сілкініс болды. Астананың орын тебуіне, қазақилануына, ұлтымыздың мәдени орталығына айналуына да Мырзатай ағамыз көп еңбек сіңірді. Белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің: «Астанамыз бұл күнде Барады Мырзатайланып» деуінде ақиқат жатыр.
М. Жолдасбеков 1993 жылы Елбасының Жарлығымен тарихы терең, мәдениеті ертеден дамыған, әлемдік саясатта ерекше орны бар Ислам Республикасына елші болып тағайындалады. Бұл тарихи қажеттіліктен туған шешім еді. Өмірлік мол тәжірибесі дипломатия саласында жарқырай көрініп, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға елеулі еңбек сіңірді.
Жаңа кезеңдегі жас елдің халықаралық талаптарына жауап беретін жоғары оқу орнын қалыптастыру мақсатында ашылған университетке Елбасы ректор етіп тағайындады. Бұл білім ордасы Астана қаласының ғылымы мен мәдениетінің ұйытқысына айналды. Мырзатай Жолдасбеков жас университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтудан бастап, профессор-оқытушылар мен студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға дейінгі аралықта талай-талай шаруа жасады. Көш басында жүрген ғалымдардың басын қосып, олардың алаңсыз қызмет етуіне жәрдемдесті. Еуразия университетін байтақ ел мақтан тұтатын, әлемдік деңгейдегі іргелі шаңыраққа айналдырғаны да шындық. Елбасының арнайы тапсырмасымен И. Тасмағамбетовтың басшылығымен Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесінің университет төрінде орнығуы да ел мерейін тасытқан тарихи оқиға болды. «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-зерттеу Орталығы жанынан айтыс ақындарының мектебін ұйымдастырды. Айтыс ақындарының жарқырап көрінуіне жағдай жасап, қамқор болуы да ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігінен туындап жатса керек.
ҚР Президентінің Мәдениет орталығы Отан тарихы мен мәдениетіне қатысты іргелі мәселелерді зерттеп, насихаттауға бағыт нұсқап, үлкен іс тындырды. Тоталитарлық идеология тұншықтырған ұлттық тарихи жадымыз бен көркем танымымызды табиғи арнасына түсіруге өлшеусіз еңбек етті. Сол тұста танымал ғалымдар мен мәдениет жанашырлары жиналып, қуатты ойларын ортаға салатын орталыққа айналды. Оқу-ағарту, руханият сынды күрделі де нәзік және терең сезімталдық пен жоғары парасаттылықты талап ететін маңызды істердің басы-қасында болды.
Мол тәжірибе, адал еңбектің нәтижесінде қай салада да білгірлік пен кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетіп, әрдайым сый-құрметке, абырой-беделге бөленіп келді. Қандай жоғары қызметте болса да ол, ең әуелі, халықтың мүддесі мен игілігін жоғары қойды. Өмір баспалдақтарының бар кезеңінде өзінің кәсіби терең білімін, күрделі, күрмеулі мәселелерді шешуде біліктілігін көрсетіп отырды.
Әлем мәдениеті мен тарихының жауһары, Түркі халықтарының «Орхон-Енисей», «Талас» руникалық жазу өнерін алғаш зерттеу – оның толағай әлуетінің жарқын көрінісі. Күлтегін, Тоныкөк, Естеми, Білге қаған сөйлеген тілдің тылсымын ашып, оларды бүгінгі ұрпағымен қауыштырып отыр. Ғалым Орхон ескерткіштерінің тақырыбы мен идеясын, сюжеті мен композициялық құрылымын, поэтикалық, жанрлық ерекшеліктері мен стилін, образдар жүйесін қарастырғанда, әдебиетші ғана емес, тарихшы, этнограф, фольклортанушы болып та ой толғап, терең пікір түйеді. Орхон мен «Алпамыс», «Қобыланды» жырларының өзара рухани үндестігін анықтап берді. Отандық әдебиеттанудағы «Асыл арналар» атты іргелі зерттеуінің түркітанудағы «Тастар сөйлейді», «Орхон ескерткіштері», «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (Қаржаубай Сартқожаұлымен бірге) деген бірегей еңбекке ұласуы ғылымның тылсым тереңіне деген құштарлығын білдірсе керек.
Жүз жылдан астам уақыт ішіндегі түркітанушы ғалымдардың ізденістері нәтижелеріне ден қоя отырып, тарихи-мәдени мұраның ғылыми сипаттамасы, сызба суреттері, фотосы, орналасу жүйесі, түпнұсқа мәтіндері, транскрипциясы, аудармасы және түсініктемесі берілген «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты еңбектің Қазақстанда жарық көруі түркологияның қазақ топырағындағы беделін халықаралық деңгейде орнықтырып берді. Және бұл әлемдік түркологияның жаңа бір белесі болып табылмақ.
Әдебиет әлеміндегі ерен еңбегі өзінше бір төбе. Мыңдаған жыл Қазақ елінің рухани азығы болған халық поэзиясының қыр-сырын терең зерттеуге де бірегей үлес қосты. Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың дариядай мол шығармаларын саралап, ғылыми баға беруде қаламдастарынан көш ілгері тұр. Жамбылдың ақындық мектебінен бастау алған жұмыстарын Жетісу өңіріндегі Сүйінбай, Майкөт, Қуандық, Сарбас, Орақбай, Қабан, Бақтыбай, Кенен сияқты алыптардың зерттеу мектебін қалыптастыруға ұластырды. Жетісудың ақын-жыраулық мектебін кешенді қалпында қотара саралап, оны сыртқы өктем күштің тұяғы іліге қоймаған шақтағы бүкілхалықтық мәдени-рухани дамудың табиғи айғағы тұрғысында ашып көрсетіп берді. Олардың өмірі мен өнерін, суырыпсалма айтыстағы асқан шеберліктерін, қоғамдық-әлеуметтік істері мен кісілік, азаматтық келбеттерін анықтауға септігін тигізетін ел аузынан өзі жазып алған қыруар жаңа материалдарды ғылыми айналымға қосты.
ХХ ғасырдың орта тұсына дейін дәстүрі мызғымай жалғасқан ауыз әдебиеттің белді өкілдерінің жыраулық-жыршылық дербес өнерпаздық желісі болды. «Қырымның қырық батырын» жырлаған Мұрын жырау, ежелгі шығыстық желілерде толқыған Нұртуған, ерлік, батырлық дастандар үрдісін үзбей жалғаған Нүрпейіс, қилы заманға тап келсе де шығармашылығының өзекті желісі азаматтық-азаттық сарындар болып қалған Жамбыл...
Рас, Жамбылдың ақындық дара бітімі ұдайы жаңа бір жарқ еткен тосын өзгешеліктерімен таңқалдырады.
Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтың жыр алыбының ақындығы туралы арнайы жазылған зерттеу еңбегі қазақ әдебиеті тарихында елеулі.
Ғалым атаған жырау-жыршылар өнерпаздығындағы жеке желі Жамбылдың шығармашылық өнегесінде әсіресе Өтеген, Сұраншы туралы жырларында айқын таңбаланған. Ілгеріде Сүйінбай қалыптаған ел шері, азаттық, бостандық күрес сарыны тұнған, елдік пен ерлік дәріптелген Өтеген, Сұраншы батырлар болмысы тұлғаланған озық тарихи жырлар Жамбыл шығармашылығындағы тұрақты, тұғырлы желіге жол ашқан.
«Ұстазының ізімен өмір бойы жырлаған Жамбыл да кейінірек «Сұраншы батыр» поэмасын аяқтайды.
Ескіден есте қалғаннан,
Жасымда айтқан жырлардан
Ескерткіш еді батырға –
деген жолдардан Жамбылдың Сұраншыны жас кезінен бастап ұзақ өмірінде үздіксіз жырлағаны аңғарылады», – деген Жолдасбеков ақынның шайырлық ғұмырбаянын өнеге мектебі, шығармашылық орта, поэтикалық дәстүр тұтастығында кең зерттеді. Жыр алыбының тар шеңберге сыймайтын ақындығын тарихи-поэтикалық кеңістікте шарлап, барлады. Жамбыл шығармашылығы суретті, тынысты пейзаждық лирикадағы озық үлгілерімен оқшау тұрғандығы ұлттық негізден қуат алған шалқар поэтикалық өрістегі таңбалы нышандар мәнінде назарға ілігеді.
Жамбыл өз туған халқының асып-тасыған ақындық өнерімен дүниені қайран қалдырды. Леонид Соболев айтса-айтқандай еді.
Мырзатай Жолдасбеков жамбылтанудың өзекті зерттеу бағыттарын айқындау өнегесімен дараланды. «Жамбыл – халық мүддесін ғасырлар бойы армандаған қажымас қамқордың дәстүріндегі жыршы, елдің мұңын мұңдаған мүддегер. Жамбыл – жыр айтудың көшпелі академиясы, ойшыл, халықтық философ, данышпан ақын, өз халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы; оның поэзиясы жалпақ әлемдей ұлан-ғайыр. Жамбыл жырлары ғасырлар бойында бір тұтанып, бір сөнген, сөйтіп қайта лаулаған қазақ халқының өз жыры, өз сыры. Сондықтан да ол халық пен поэзия секілді мәңгі жасай береді», – деп толғануы да бекер емес.
Жамбылтану тарихында академик, ғалымның шайыр поэзиясы тарихи-поэтикалық құнарын бірегей ұлттық даралық құндылығында қастерлеу өнегесімен тұғырланды. Ол ұлтының сөз өнерін туғызушылар, олардың таңғажайып құпия шығармашылықтағы дара желілері, ортақ олжалары, Жамбылдың ақындық айналасы, алдыңғы өнеге мектебі, соңынан өрбіген шәкірттері туралы өзгеше бір құштарлықпен, талмай, таусылмай жазды. Сол негізде қайталанбас қас өнер – ауызша әдебиет жасаудың құпияларын ашу, тану бағытындағы зерттеулерге бай мағлұматтар, дерек, дәйектер ұсынып отырды.
Жамбылдың даңғыл жолына жастай түскен қарт Кененді талмай бақылайды. Оған, «Жалпақ даланы күйге бөлеп асқақ әнімен тербеткен, сөз маржанынан асыл ойлар тұндырып, телегей-теңіз жыр туғызған таланттар халқымызда өте көп. Солардың бірі – халық ақыны, айтулы әнші, көрнекті композитор, ел еркесі Біржан сал, Ақан сері, Балуан шолақ, Дәурен салт-дәстүрін ілгері дамытқан өнерпаз Кенен Әзірбаев. Сексен жыл бойы ән салған, күй шалған, аты аңызға айналған әннің нөсері, сөздің шешені, сал-серінің соңғысы, «Жеті жарғы» даңқты күміскөмей, Кенекең тоқсан жасқа жетіп отыр», – деген пайымы дәлел.
Қазақтың қадірі асқан су жорға шешендік өнері де Жамбылдың ақындық аумағында өнімді өріс тапқан еді. Мырзатай Жолдасбеков шығармашылықтың мөлдір ағыстарын, нәрлі бұлақтарын аса бір құштар, іңкәр сезімтал алғырлықпен түйсінеді. Байсақ, Кебекбай, Ноғайбай, Бөлтірік шешендердің сәуегей сыншылдығы, сұлу сөзшеңдігіне Кенекең сөз қосқан, соны кейінгіге хатқа түсіріп жеткізуші Мырзекең және жұтындырып, және түлетіп, шуақ шашқан көл-көсір әсер тудырып отырады.
Кенен ақынның мұңлы балалық шағында бұғып жатқан даналық нышандарына тарта түсетін бір сиқырлы баяндау, сазды әңгімешілдік үлгісі ынтықтыра түседі. «Кененнің бала күнгі достары – өзі секілді өнерпаз кедей балалары. Соның бірі – Оразбақ. Оразбақ Құлашбайдың, Кенен Әйменнің қойын жаяды, өріске бірге шығады. Оразбақ қурайдан сырнай жасап неше түрлі әнге салады. Сазды сырнай дауысы сызылып, жапан түзді жылатып, өзінің мұңды үніне қосады. Тыңдаған сайын сол күй Кененнің төбесін шымырлатып, қайдағы бір өнерге жетелей береді...» – дейді ғалым.
«Асыл арналар» атты атауында ғасырлар жүгі жатқан зерттеу еңбегінде Мырзатай Жолдасбеков қазақтың суырыпсалма ақындығының өнертұтастығы мәніндегі айырмашылығын іздеп, сұрап жүріп, соңынан қалмай арнайы ат шалып ел ішіндегі әлі де сақталып жеткен аңыз әңгіме, дәйекті дерек, Кенендей кемел тұлғалардың жаратылыс болмысы арқылы таңғажайып тосын тұстарда айқындап отырды.
Көрнекті ғалымның «Ежелгі әдебиет нұсқалары», «Күлтегін», «Асыл арналар», «Жүз жыл жырлаған жүрек», «Тоқсан толғау», «Жамбыл және оның ақындық ортасы», «Асыл сөздің атасы», «Тастар сөйлейді», «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты сүбелі зерттеулері көп жылғы тынымсыз еңбектің жемісі. Бұл жайлы Зейнолла Қабдолов: «Профессор Жолдасбеков туған әдебиетіміздің тарихын түгендеуге айта қалғандай еңбек сіңірді. Қазақ әдебиетінің VІІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін мың жылдық тарихын толғай келе, оның сырлы сипаттарын Жамбыл, Кенен дәстүрлерімен жіксіз жалғастыруы – ғалымның қазақ әдебиеттануына әкелген жаңалығы, қосқан үлесі. Мұны атап айту артық емес», – деп әділ баға берген болатын.
Энциклопедиялық білім-білігінен: «Ел тағдыры – ер тағдыры», «Шың мен шыңырау», «Бәйтерек», «Елтұтқа», «Сөзді ұғатын кез келді», «Күндерімнің куәсі», «Асылдарым» атты публицистикалық туындылар дүниеге келді.
«Ел тағдыры – ер тағдыры» атты кітабы «Елші күнделігі», «Аңыздар арасында», «Уақыт. Тарих. Тағдыр», «Шындық – менің тірегім», «Жылдар, хаттар», «Жанған оттай, жарға соқпай аман өт» атты өзінің айтары бар, салиқалы ой, парасатқа толы бөлімдерден тұрады.
Еуропалықтар Томирис деп атайтын ұлы анамыз Тұмар ханшадан басталатын ел тұтқалары тарихымен таныстыратын «Елтұтқа» кітабы бізді тарихтың талай қойнауына жетелеп, бүгінгі ғажайып өмірімізге алып келеді. Екі жарым мың жыл аясында өмір сүрген жүз жиырмаға тарта әйгілі тұлғалардың өмір жолы мен тарихтағы орнын көрсеткен бұл еңбек тәуелсіздік алғанымыздың он жылдығына орай халқымыздың тарихын даралар арқылы дәріптеу мақсатында жазылған. Қазақ тарихы Октябрь революциясынан басталады деп үйреткен кеңестік идеологияның тас-талқанын шығарған кітаптың бірі.
Өзбекәлі Жәнібеков, Манаш Қозыбаев, Әбіш Кекілбаев, Жабайхан Әбділдиндермен бас қосып, ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» қалпына келтіру, Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш зиялыларын ақтау, олардың еңбектерін ел кәдесіне жарату, тарихи әділеттілікті орнықтыру мақсатында ірі-ірі істерді атқару барысында да қайраткерлігі айрықша көрінді.
Ұлағатты ұстаз, түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Жоғары мектеп ғылымдар академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков жайлы әр жылдары жазылған мақалалар, ой-толғамдар, пікірлер, лебіздер топтастырылған «Жүрегіне қаламын сүйеген» атты жинақ Астана қаласындағы «Күлтегін» баспасынан 2007 жылы жарық көрді. Жинақта қоғам қайраткерінің саналы ғұмырын ұлт мүддесі мен ел мұраты жолына арнағаны, кісілікті, парасатты, туған халқын жанындай сүйетін ұлтжанды азаматтың сан қырлы тағылымы сөз етіледі.
Қоғам және мемлекет қайраткерінің парасаттылық пен абыздықты қатар ұстап келе жатқан мемлекетшіл тұлғасы, ғұлама ғалымдығы, ұлт мәдениетіне деген қамқорлығы, ұлағатты ұстаздығы ертеңгі жас ұрпақ үшін өнеге.
Тағы бір мәрте білімі мен білігін, зейіні мен зердесін қазақ әдебиеті мен руханияты жолына арнаған Зейнолла Қабдоловтың сөзіне сүйенсек ғалым болмысын анық аңғарамыз. Ол: «Мырзатай – нағыз марғасқа. Өзіне лайық білімі мен өнерін өз алдына қойғанда, адамгершілік пен арға, ақыл мен парасатқа суарылған көп қырлы маман, оқымысты ғалым, үлгілі ұстаз, қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер. Ұлы Абай: «Биік мансап-биік жартас. Ерінбей жылжып жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады», – деген ғой. Меніңше, Мырзатай бұл биіктерге екпіндеп ұшып шықты. Ол жұмсақ креслоларға ат сабылта іздеп барған жоқ, керісінше, олар мұны іздеп тауып жүр. Неге десеңіз, бұл – кісілікті кісі, Азамат. Ақылды, ойлы интеллигент», – деп бағалайды. Ақиқаты сол!
...Мырзатай Жолдасбекұлы! Адам өмірінің парасатты, кемелді кезеңі саналатын мерейлі 80 жасқа келіп отырған, қазақ ұлтының ынтымағын, берекесін арттыруға Алаш арыстарының арманын жалғастырып, шаршамай, талмай, қасиетті жолмен тынбай еңбек еткен ұлт мақтанышы. Абыздық, ғұламалық дәрежеге жеткен қайраткер, аңыз адамға айналған ардақты жан өзі зерттеген Жамбылдың жасына жеткей.
Қанипаш МӘДІБАЙ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы.
Шара ҚЫЯХМЕТОВА,
доцент, филология ғылымдарының кандидаты.