БЕЙСЕНІН СОҢҒЫ ДЕМІНЕ ДЕЙІН КҮТКЕН АНА НЕМЕСЕ ЖҮЗ ЖЫЛ СОҚҚАН ЖҮРЕК

Уақыты: 03.03.2021
Оқылды: 2173
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ана құрсағындағы тоғыз айы мен жарық дүниенің жамалындағы тоқсан тоғыз жылын есептегенде ғасыр-ғұмыр кешкен СҮЙЕГІ АСЫЛ АНА мәңгілік мекеніне аттанды. Қазақ ұлтының маңдайына берген БЕЙСЕНДЕЙ алтын айдар ұлды төрт айынан құшағын ашып, бауырына басып тәрбиелеген, ҚҰРАНБЕК қарияның келіні болып, ақ босағасын аттаған сәттен өмірінің соңына дейін Құдай қосқан қосағы Жанысбек ақсақалдың шаңырағын шайқалтпай, отбасының жылуы болған ШӘКӘРМАН апа шынымен де сүйегі асыл, тегі мықты, төзімі берік жан еді.

Бейсағаң ең алғаш Талдықорғанға келіп, «Жетісу» телеарнасында еңбек ете бастаған жылдардан аяулы апамның талай мәрте батасын алып, мазмұнды да ғибратты әңгімесіне қанып, қараңғы кеудемізге иманның шамын жағып қайтатынбыз.

Бейсағаңның арғы атасының аты бекер Құранбек қойылмаса керек. Құранбек ақсақалдың әулетіне келген кезінен бастап, Құран жаттап, имандылықтың бастауынан нәр алған апамның өмірінің жетпіс жылға жуығында бес уақыт намазын қаза қылмағанын әсерлі әңгімесінен сан рет естігенбіз. Алла алдындағы парызына адалдық танытқан аяулы ананың алдынан жарылқасын, мейірімді Алла.

«Тіршілігің алдыңа шықса – құлшылығың қаза болады, Құлшылығың алдыңа шықса – тіршілігің таза болады!» Бұл – Шәкәрман апамның өмірлік қағидасы. Олай дейтінім, тоқсаннан асқан шағында тайып кетіп, бір жамбасын сындырып алады. Төсек тартып жатқан кісінің мазасын алмай, Бейсағаңнан апамның көңілін сұрағанда: «Апаң Құдайына берілген жан ғой. Намазын жатып-ақ оқып жатыр. «Алдымен жазылып алсаңшы, апоу», – десек, «Құдайдан ұят емес пе?», – деп қоймайды», – деген еді.

Осыны естігенде апамның шынымен тақуалығына көз жеткіздім. Қасиетті Құранда: «Солар Алланы түрегеп тұрып, отырған күйі және жамбастап жатып еске алады әрі аспандардың және жердің жаратылуы жайында ойланып: «Раббымыз! Сен бұны босқа жаратпадың! Сен /барлық кемшіліктен/ пәксің!» – деген аят бар (Әл-Имран, 191-аят). Ғалымдар осы аяттың тәпсірінде: «Тұрып оқи алмасаң, отырып оқы. Оған шамаң келмесе жатып оқы. Тіпті, ол қиындық туғызса, көзіңмен ишара жасап оқы», – деп қандай жағдайда да құлшылықты ауырлатпаудың және қаза қылмаудың жолын қарастырған.

Шәкәрман апам осы аятқа амал жасаған иманы қуатты, дидары шуақты жан еді. Әңгімесі әсерлі, әзілі әдемі еді жарықтықтың. Бейсағаң ауызашарға шақырып, біраз адам дастарқанда әртүрлі әңгіме айтып отырғанбыз.

Сөзден сөз шығып, менің жиен қарындасым Жалайырдың Мырзасына келін болғаны айтылды. Әңгімемнің аяғын апама әзілдеген болып: «Апа, сіз маған құдағи боласыз», – деп ауыз жиып болғанша, сәл ғана жымиған апам: «Қателескен жоқсың ба, бәлкім, құдаша болармын», – дегенде апамнан мұндай әзіл күтпеген мен де, отырған ел де қыран-топан күлкіге қарық болдық. Сол күннен бастап ол кісі маған «құдаша-апа» болды.

Осыдан алты жыл бұрын анам өмірден өтті. Қырық күндік асына қамданып жатырмыз. Бір күн қалғанда Бейсағам хабарласып: «Әй, батыр, аға-жеңге, әпке-жезделерің бәрі келді ме? Бүгін кешке үйге келіңдер, жеңешең ас-суын қамдап жатыр, жұбатар шайға келіп, апамның батасын алып қайтыңдар», – деп менің «бәріміз барғанымыз ыңғайсыз ғой» деген сөзімді керек те қылған жоқ, кешке күтетінін айтты да, телефонын қоя салды. Өзім жиі барып, дәм татып жүрген үй болған соң аса білінген жоқ.

Аға, әпкелерім кәдімгідей толқып қалды. «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі, танымал тұлға қарапайым отбасындағы (көбі ауылдан келген), өмірінде көрмеген жандарды шақырып жатқаны қатты әсер етті. «Топырлап барғанымыз ұят емес пе? Үш-төртеуіміз ғана барайық. Әй, бәрімізді түгел шақырған соң, бармасақ ұят болар». Әп-сәтте үйде осындай әңгіме айтылып, абыр-сабыр болдық та қалдық.

Сөйтіп, кеңесе келе жетеуімізден (жұбымызбен есептегендегі он төрт адамнан) ағамды, әпке-жезделерімді ертіп, онымыз бардық. Апамыз төрде отырып, батасын берді. Әдемі әңгімесін айтты. Анамызға деген сағыныш жүрегімізді толқытып, апамыздың әңгімесі шалқытып, Гүлмира жеңешемнің «қуыс үйден құры шықпа» деп дайындаған сый-сияпатымызды алып, құдды жұбату шайдан емес, құдалықтан шыққандай қайттық. Біздің әулетімізбен бас қоса қалғанда осы көріністі жиі еске аламыз.

Бірде апама «СІЗ ЖҮЗ ЖАСАҢЫЗШЫ, АПА!» деген өлең жазып, әдемі жақтауға (рамка) салып, апарып, оқып бердім. Апам мәз. Маңдайымнан иіскеп, батасын берді. Біздің үйдегі келіні Лаура басына жаулығын салып, жылы жүріңіз деп тоқыма жемпірін кигізді. «Неге әуре болдыңдар, шырақтарым?» – дейді. «Батаның жолы ғой, апа», – деймін өзімше сөз тапқан болып.

Сол күннің бәрі естен кетпес естелікке айналып қала берді. Арада бірер жыл өткенде апаммен әңгімелесіп отырмын. Бір уақытта Бейсағам әлгі өлеңді алып, апама оқып берді де: «Әй, батыр, апамның денсаулығына қараймын да, сенің өлеңіңе қарап, уайымдап қаламын. Осы денсаулығымен апам жүзден асса, мына өлеңді қайтеміз?» – дейді қалжыңдап. «Апамның 100 жылдық тойына қам-қарекет жасап жатқанда ұрлап кетемін де, «СІЗ ЖҮЗДЕН АСЫҢЫЗШЫ, АПА!» деп түзетіп әкелемін», – деп бір күліп алғанбыз. Жалған дүние-ай десеңізші. Бейсағам да жоқ! Апам да кетті өмірден! Бір кем дүние!

Әжімінің өзі әдемі, сүйегі асыл ана бір жылда қос перзентінен, аяулы келінінен айырылды. Бейсағаңның сырқаты сыр беріп, Алматыға кеткенде Қызылжардағы қарашаңырағына барған. Жанары тұманданып, бойынан әл кете бастаған соң Бейсенінің қазасын естіртпеді.

«Бейсенім қайда? Неге келмей кетті», – деп ана көңіл алаңдап іздеген екен. Бір ғана жауап: «Іссапарға кетті, астанаға кетті, Алматыға кетті». Жүз жыл соққан жүрекке ауыр болмасын деп Абай аға мен Ямалиға анамыздың да қазасы айтылмады.

Кеше апамыз қайтты дегенді естіп, көңіл айтуға ауылға бардық. Немерелерімен әңгімелесіп тұрмыз. Тақырып апамыз жайлы болғандықтан, балаларының қазасын естіді ме екен деген сұрағымызды қойдық.

Ана жүрегі сезбей қойсын ба?! Бәлкім түсінде көрді ме екен? «Анық түс аян», – деп жатады ғой. Бір күні: «Абай мен Ямалиғаны қайда қойдыңдар?» – деп балаларынан сұрапты. Алла өзінің назары ауған анаға сездірді ме екен, кім білсін?! Көңіл толқыды. Апам нашарлағаннан кейін бала-шағасы бәрі жиналып, қазақтың ғана ұғымына сиятын «Апа, қидым, апа, қидым» дегенді айтыпты.

Қатты қиналғандай болғанда Бейсенін күтіп жатыр ма екен деген үлкендері: «Бейсеніңіз шақырып жатса, барыңыз. Біз қидық», – депті. Сол сәтте Бейсенінен де айырылғанына көзі жеткен ананың жанарынан төмен қарай сырғанаған жаспен бірге демі де үзіліпті.

Аяулы ана! Ес білгеннен Алласын есінен шағырмай, тіпті, намаз оқи алмай қалған сәтте бетін сипай бергенінің өзі жасап жатқан құлшылығы емес пе?! Жүрегі иманға толы асыл жанды мейірімді Жаратушымыз панасына алса екен. Мәңгі өмірге өзінен бұрын кеткен жан жары Жанысбек атамызбен, ардақты ұлы Абаймен, алдынан қия өтпеген келіні Ямалиғамен, ұлтының перзентіне айналған Бейсенімен жұмақтың бір бақшасында жүздесуді нәсіп етсін!

Жұматай ӘМІРЕ,

"Жетісу" газеті бас редакторының орынбасары

Алматы облысы