АЛАКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ЖАҢА ӘКІМІ 100 ЖАСАҒАН ӘЖЕЛЕРДІҢ ҮЙІНЕ БАРДЫ

Уақыты: 09.03.2021
Оқылды: 1954
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Аналар мерекесіне орай Алакөл ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Алмас Абдинов ғасыр жасаған әжелердің шаңырағына бас сұғып, мейрамымен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен Көктұма ауылының тұрғыны, құрсағына біткен 10 баласынан 35 немере, 26 шөбере сүйіп отырған 100 жастағы Тұрсынхан Нарымбаевамен жолықты. Бүгінде бүтіндей бір ауыл болып отырған әулеттің үлкені, бала-шағамның қамы деп қандай жұмыс болса да қаймығып көрмеген әжей: «Шырақтарым, елеп-ескеріп, құттықтауға келгендеріңіз үшін рақмет. Қарттық көңілге бұдан асқан ілтипаттың да керегі шамалы. Көрерімізді көрдік, жасарымызды жасадық. Енді перзенттеріміздің қуанышына марқайып отырмыз. Менің жасымды сіздерге де берсін», - деп, дұғалы батасын берді.

Келесі кезекте киесі кимешегінен сезілер ақ жаулықты әже, Үшарал қаласының тұрғыны, тыл ардагері Күләш Шәріпжанқызының үйіне ат басын барды. 7 құрсақтан 28 немере мен 13 шөбере көріп отырған қария көзіне жас ала: «Біздің жас кезіміз жұмыс таңдайтын заман емес еді. Қайда жұмсаса сонда жүрдік. Талай аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткердік, тар жол, тайғақ кешулерде сүріндік те, бүгілдік те. Алайда қайта тұрып, бала-шағаның қамы деп алға адымдай бердік. Перзенттерімізге деген кіршікіз махаббат бойымызға ерекше қуат дарытты. Қазір ел тыныш, жұрт аманда немер-шөберелердің арасында бақытты ғұмыр кешудемін. Не ішемін, не киемін демейсің, еңбегіңе қарай барлық жағдай бар. Біз мұндай заманды көреміз деп ойлаған да жоқпыз», - деді.

95 жастағы Күләш әжеден кейін «Алтын алқа» иегері, Қабанбай ауылының тұрғыны, 9 баладан 10 немере, 12 шөбере сүйген Қайыпжамал Манарованы құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстаған аудан әкімі: «Қазіргі жастарға үлгі болар темірқазық тұлға ретінде өздеріңізді әспеттеуге толықтай негіз бар. Ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағы тікелей өздеріңізге байланысты», - деп, сый-сияпат ұсынды.

Сапар соңында әкім теректілік 93 жастағы Екатерина Фроловамен жолығып, хал-жағдайын сұрады. Мейрамға орай ізгі тілегін жеткізіп, сыйлықтарын табыстап қайтты.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы