ҚАЛАҒАНЫ - ҚАЛАМ МЕН ҚАҒАЗ: БҮГІН - ӘРІПТЕСІМІЗ ҰЛБОСЫН ИСАБЕКТІҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 23.03.2021
Оқылды: 1869
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақта Ұлжалғас, Ұлтуған, Ұлбала, Ұлбосын деген есімдер жиі кездеседі. Бұл атты әйелі  қатарынан қыз туған отағалары келесі нәресте ұл болсын деген ниетпен ырымдап қоятыны белгілі. Бір ғажабы, осы аттас қыздардан кейін өмірге маңдайы торсықтай ұлдар келетінін жиі көріп жүрміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, қалам мен қағазды өмірлік мұраты еткен әріптесіміз, "Жетісу" газетінің Алматы өңіріндегі меншікті тілшісі Ұлбосын ИСАБЕКОВА әу баста жарық дүниеге жақсылық әкелу үшін жаралған-ау деп топшылайтынымыз да сондықтан.

Әкесі Бөрібай саналы ғұмырын ата- кәсібіміз – төрт түлікті түлетуге арнаған шопан болған. Шыңдары көкпен тілдескен, қойнауынан мың сан бұлағы буырқана ағып жататын Қарқара жайлауының төрінде дүние есігін ашқан Ұлбосынның кішкене кезінен табиғатқа етене, әсемдікке құштар болып өсуін заңдылық деуге келетін шығар. Алайда тұлымшағы желбіреп өсіп келе жатқан қыз баланың әдебиетке аңсары аууына анасы Тұрсынханның ықпалы зор болғаны анық.

Той-томалақтарда әуелете ән салып жұртшылықтың ықыласына бөленетін, қажет болғанда қайым айтысқа түсіп, қарсыласын талай састырған Тұрсынхан ана балаларының бойына өлең-жырға деген құштарлықты қалыптастырып кетіпті. Дәл осы шаңырақта жырсүйер қауымға жақсы таныс, белгілі ақын Асанқадырдың дүниеге келуі осы сөзімізді растай түседі.

Бесігінде жатып анасының әлдиінен, қоршаған ортасының қара сөзден қаймақ алған ділмарлығынан халқымыздың сөз өнерін бойына сіңірген Ұлбосын бастауыш сыныптарда оқып жүргенде-ақ қолына қалам алып, жазуға талпына бастайды. Әуелі «Қазақ радиосындағы» Жұмбақбай атайдың хабарына үн қатып, жасырылған жұмбақтың жауабын шешуге талпынғаны есінде. Радиодан: «Алматы облысынан Ұлбосын Исабекова дұрыс жауабын жіберіпті», – дегенді естігенде  үлкен әжесі Әзихан: «Менің қызым шалымның атын шығарып жатыр!» – деп шаттанып қалатын. Бұл сөз бала көңілін де көкке өрлетіп, арманына қанат бітіретінін кейуана білді ме екен, сірә?!

Есейе келе «Қазақстан пионері» газетіне, «Балдырған» журналына үзбей жазып тұруды әдетіне айналдырған. Таулы өлкенің сұлу табиғаты, малды ауылдың ешкімге ұқсамайтын тіршілігі, ауылдастарының қимыл-әрекеті, құрбы-достарының қылықтары сезімтал қыздың қаламына ілігіп, тұмса туындылары Алматыдағы аға-әпкелерін де бейжай қалдырмағанын байқаймыз. «Әлі есімде, «Қазақстан пионері» газетінен Жолдасбек Дуанабай деген ағадан хат келіп тұратын, – дейді Ұлбосын сол кездерді жымия еске алып. – Онда қолжазбаларымдағы қателіктер талданып, соңына қарай ақыл-кеңестер айтылушы еді. Соның өзі менің өз-өзіммен жұмыс жасауыма, ізденуіме түрткі болғаны анық. Осылайша журналист болсам деген армным ақиқатқа айналды».

Жоғары сыныптарға барғанда Ұлбосынның жазған дүниелері аудандық «Коммунизм нұры», кейіннен «Қарқара» газетіне жариялана бастайды. Ол биікті бағындырғаннан кейін облыстың бас басылымы «Жетісу» газеті межеге алынған. Қаламгерлікті мұрат тұтқан қыздың бұл бағытта да жолы болды деуге негіз бар. Себебі, жас талаптың жазғандары арагідік мұнда да жарық көріп тұрады. Осылайша, мектепте оқып жүрген кезінде-ақ журналист мамандығына аңсары ауған Ұлбосынды аттестат алған кезде: «Қайда барамын? Кім боламын?» деген сауалдар мазаламады. Ол бірден Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжаттарын өткізеді.

Ол кездері еліміз бойынша журналист мамандарын даярлайтын жалғыз ғана оқу орнына түсу оңай шаруа емес-ті. Алғашқы талпынысы сәтсіз шыққаннан кейін Ұлбосын ауылына қайтып оралып, әкесінің жанына аға шопанның көмекшісі болып орналасқаны бар. Көкмайса табиғаттың аясында мамыражай жатқан отарлы қойға көз салып қойып, алыс-алыс арманға, болашақтағы қаламгерлік кәсібіне қиял жүгірткен кездері оның өзіне ғана аян. Қалай болғанда да Ұлбосын бала кезден алдына қойған мақсатынан бас тартуға, өмір ағымымен кете баруға көнбегені белгілі. Ол қалайда жоғары оқу орнын тамамдап, журналист болуды басты бағдар етіп алған.

Арман адамды алға жетелейтіні ақиқат-ау осы. Журналистика факультетіне түсуге жасаған екінші талпынысы да сәтсіз аяқталғаннан кейін Ұлбосын өзін аудандық газетте сынап көрмекке бекінеді. Осылайша, оқушы кезінде имене кіретін редакция табалдырығын тағы да аттаған еді. Оның жазған дүниелерімен етене таныс бас редактор Жолшы Бікебаев талапты қыздың тілегін қабыл алып, жұмысқа қабылдайды. Бұл күн Ұлбосын үшін журналистика саласына біржола бет бұрудың нақтылы қадамы болатын.

Аудандық газет – журналист болуды мақсат еткен кез-келген адам үшін нағыз шыңдалу мектебі екенін қалам ұстаған қауым жақсы біледі. Жылдың төрт мезгілінде, күндіз-түні тынымсыз еңбек пен ізденісті қажет ететін газет жұмысы мамандыққа деген құштарлықпен қоса шеберлік және төзімділік сияқты қасиеттердің болуын қалайды. Осы сыннан сүрінбей өткендер ғана үлкен шығармашылық жұмысына жолдама алуы мүмкін. Ұлбосын осы асу-өткелдердің бәрін лайықты бағындырды деп сеніммен айтуға болады. Әрине, бұл жолда Жолшы Бікебаев, Нұрданбек Тоққожаев, Төлепберген Баялиев, Кәдірбек Құныпияев, Келеке Құсайынов сынды аға журналистердің берген тәлім-тәрбиесі жас талапкердің қаламгер болып қалыптасуына зор ықпал еткенін айта кету керек.

Журналистика саласындағы алғашқы ұстаздары жайлы айтқан кезде Ұлбосын ақын Мұса Жанәділовтың  тәлімін ерекше еске алады. «Иә, кез келген адам шығармашылыққа өлең арқылы келеді деп ойлаймын, – дейді ол балғын шақтарын еске алып. – Мен де бала кезімнен өлең жазумен әуестенгенім рас. Бір күні сол жазғандарымды Мұса ағайға апарып, бағасын беруін өтіндім. Ол қалың дәптерімді алып қалып, оқып шығуға уәде берген. Ертесіне келсем, дәптерім қып-қызыл шимайға толып кетіпті. «Ұлбосын, өлең жазуға үлкен дайындықпен келу керек. Болмаса оны әурелемей-ақ қойсаң қайтеді?!»  деген дәптерімді өзіме қайтарып тұрып. Сол күннен бастап өлең деген дүниені мүлдем тоқтаттым».

Кім біледі, ақын ағасы жас талапты қамшылайын деді ме екен? Жоқ, әлде поэзия атты киелі өлкеге жауапкершілікпен келу керектігін ескерткені ме? Дегенмен, төрт аяғы тайпалған жорға жырлар бірден туа қалмайтынын ескерер болсақ, шорт кеспей тағы бір мүмкіндік берген дұрыс болар ма еді? Ол жағын  қазір кесіп айту қиындау. Алайда бауыры Асанқадырдың поэзиясына үңілген кездері, Ұлбосынның мақалаларындағы сөз қолданысы мен ішкі үндестігін көргенде бір ақынның жүрегіндегі от тұтанбай қалғандай күй кешетініміз бар.

Ақыры армандаған оқуына түсіп, журналистика саласының корифейлері Намазалы Омашев, Бауыржан Жақып, Сағатбек Медеубеков  сынды ұстаздардан дәріс алған Ұлбосын оқып жүргенде «Жетісу» газетіне мақалаларын үзбей жариялап тұрады. Өндірістік тәжірибесін де осында өткізіп, алғашқы мақалалары мен сұхбаттары аға журналистердің оң бағасын алып үлгерген. Студенттің қалам қарымын байқаған бас редактор Баймолда Мұса Ұлбосынды алдымен жарты жалақыға жұмысқа алып, кейіннен нақтылы қызметке қабылдайды. Тұрмыс құрғаннан кейінгі бірер жыл ауылға барып, «Қарқара» газетінде еңбек еткенін қоспағанда, «Жетісу» газетінің журналисі атанғанына 25 жыл толыпты.

Біз, әріптестері, Ұлбосынды кәсіби біліктілігі жоғары, журналист мамандығының жүгі мен жауапкершілігін айқын сезінетін, арзан танымалдықты іздемейтін, әр жазған сөзінің мазмұн-мағынасына салмақ беретін жазарман ретінде танимыз. Жазған материалдарына қажетті суретті де өзі түсіріп жіберетін қасиеті оның қабілет-білігінің биік екенін аңғартса керек. Қазақ тілінің бай әрі көркем тілімен кестелей отырып, сары майдан қылшық суырғандай етіп тақырыбын әдемі ашуы оқырманды өзіне еріксіз елітетіні және бар.

Кей-кейде мені қаламгердің  ғұмыры немен  өлшенеді екен деген сауал мазалайды. Егер жасаған жылдарымен ғана өлшейтін болсақ, ақиқаттан алшақтаған болар едік. Әлде жазған мақалаларының көлемімен, іссапарда жүрген жолдарының ұзақтығымен безбендеген жөн бе еді?! Жоқ, әлде, сұхбаттасқан адамдарының лебізімен, қаламымен жәрдемдескен жандардың ықылас-алғысымен, әділдік іздеп арпалысқан жүрегінің лүпілімен өлшесек қайтеді?! Ең дұрысы, Лұқпан хакім айтқандай, жақсы адамдармен жүздескен әрбір сәтін бір жасағанға балап, соны жылдарға көбейте салған дұрыс-ау, сірә. Осы тұрғыдан келгенде біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұлбосын Исабек мың жасады деп айтуға толық негіз бар-ау.

Жары Бақыт екеуі Нұрасыл атты ұлдарын тәрбиелеп, соның халқына адал азамат болып қалыптасуына қал-қадірінше үлес қосып келе жатқан Ұлбосын осылайша елу деген белесті еңсеріп қалғанын да аңғармай қалыпты. Біз, жетісулықтар, аяулы әріптесімізді осы бір мерейлі жасымен құттықтап, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт, әрине, шығармашылық табыс тілейміз!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ