"ОЛ ЖАЙ АҚЫН ЕМЕС, ОЛ - ФИЛОСОФ": ТЕМІРҒАЛИ РҮСТЕМБЕКОВКЕ - 115 ЖЫЛ

Уақыты: 06.04.2021
Оқылды: 1306
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өмір – өзен! Күнді түн, түнді күн алмастырып, айды ай, жылды жыл ығыстырып, толассыз сырғыған уақыт. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», – дейді дана халық. Біреу өмірге келеді, біреу кетеді. Бірақ, сол кеткендер арасында еліне елеулі, халқына қалаулы болған қасиет иелері, есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатындай айшықты із қалдырғандар қаншама?! Ел қорғаған батырлығымен, дария даналығымен, ғажайып өнерімен, жан толқытқан күйімен, дастан-жырларымен ел есінде мәңгіге қалып қойған аяулы жандар да жетерлік.

Жетісу жері де көнелердің көзіндей, даналардың сөзіндей қасиетті жандардың есімдеріне бай. Солардың бірі – өмірді жырға бөлеп, әнмен тербеп, өзінің өнегелі жолымен айтарлықтай есте қалған дауылпаз ақын, өз өлкесінің еркесі, мақтанышы, ел-жұртының сүйіктісі болған Темірғали Рүстембекұлы еді. Осыдан жарты ғасыр бұрын өмірден өтсе де кейінгі ұрпақ оны еске алып, әлі күнге дейін оның жыр-дастандарын қайталап айтып жүр. Атақты ақын Мұзафар Әлімбаев «Құндылық көңілге сәулесін бір түсірсе, мәңгілік ұмытылмайды екен» дегендей, бұл күнде ел-жұрты Темірғали Рүстембекұлының 115 жылдық мерейтойын құрметпен атап өтуде.

Темекең тек дарынды ақын ғана емес, оның жүріп өткен өмір жолы ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық, қиындықты жеңе білудің, өмірге деген құштарлықтың, жігерліліктің үлгісі. Ол тағдырдың талқысына төзімділікпен, қайсарлықпен қарсы тұрып жеңіп шығып, өз заманының бұлбұл ақынына айналды. Алты жасында шешек шығып, қос жанары сөніп қалды. Жалғыз ұлының қасіретіне шыдай алмай қайғыдан қан жұтқан әкесі қайтыс болады. Қос қайғыға төзе алмаған анасынан сегіз жасында айырылады. Түн мен күнді ажырата алмаған соқыр баланы ағайыны «арамтамақ» санап, көп зәбір көрсетеді. Бірде қатты соққыға жығылған сормаңдай үйден қашып шығып, қора сыртындағы сабан арасына кіріп, суықтан паналап жатып алғаш рет:

Кірмейсің түсіме де қайран, анам, 
Сабанда жылап жатыр соқыр балаң.
Сипайтын маңдайымнан тірі жан жоқ,
Білмеймін қашан өлем, қайда қалам?
, – деп өксігенде жүрегі қарс айырылады. Ол орнынан тәлтіректей тұрып, ата-анасы жатқан зиратқа шамалап бет алады. Байыптай жүріп, әр зиратты сипалап әкесін жерлегенде, қабірінің қасына қойып кеткен қара тасты тауып алады. Анасы екеуі қатар жатыр дегені есіне түсіп, қос бейіттің ортасына отыра қалып зар жылайды. Сол кезде оның қалжыраған жүрегінен қасіретті жыр төгіледі:

Енді тірлік менің үшін далбаса,
Тезірек келіп, ажал мені жалмаса.
Барар жерім, басар тауым қалмады-ау, 
Ата, апа, қастарыңа алмасаң,
– деп зар еңіреген сәтте мұңлықтың көз жасына шыланған запыран-зардан туындаған жыр оның қалған барлық өмірінің арқауы болып, қиялына қанат бітіріп, аузынан құс ұшырып, көмейінен күй төккен, өз халқының ақсұңқар ақынына айналарының бастауы екенін қасіреттен сыздаған сәби жүрек сезген де жоқ еді.

Темірғали Рүстембекұлы 1906 жылы қазіргі Ескелді би ауданындағы Абай ауылында дүниеге келіп, өмірінің соңғы күніне дейін ақ бесігіне айналған осы ауылда өмір сүрді. Күмбірлеген домбырасын қанжығасына байлай жүріп, бар өмірін мәдениет саласына арнады. Аудан, облыс еңбеккерлерінің мәдени, рухани байлығын дамытуға өзіндік үлесін қоса білді. Жайдары жазда да, қытымыр қыста да автоклуб меңгерушісі ретінде концерт бригадасын бастап, қиын-қыстау жағдайда еңбек етіп жүрген малшылар ауылын ән мен күйге бөлеп, ел жаңалықтарынан хабардар етіп, еңбекші қауымның сүйікті ақынына айналды. Кешкілікте бастаған хикая-дастандарын таңғы әтеш шақырғанда қалғымай тыңдаған халыққа алғысын айтып аяқтайтын. Әсіресе, батыр бабамыз Балпық би туралы жыр-дастанын көпшілік қайталап сұрап айтқызушы еді. Сондай бір жайлау жұртшылығының ортасында жырлаған Балпық бабамыз туралы дастанын ақын Жұматай Жақыпбаев та тыңдаған екен. Ол осы Темекең туралы ойын өзінің «Шұғынық гүл төркіні» атты кітабында:

Төрде отырған Темекең, 
Мыңсайрамы адамның...
Төле бише сөйлетіп
Ішектерді кеткен-ді.
Балпық бабам тұсында,
Болып өткен шыңдағы
Айқастарды жырлады.
Таң атқанша тынбады,
Таң атқанша ел тыңдады.
Ие бар ма сөзінде,
Кие бар ма даусында?
, – деп риза көңілмен жазған екен.

Темірғалидың алғашқы қадамына риза болған жазушы Ғабдол Сланов оны бірде әріптесі Сәбит Мұқановқа ертіп барады, сәлемдесіп болған соң:

– Сәбе, мен сізге өзімнің бір досымды ертіп келдім, ол жас та болса жүрегінде шоғы бар, тұтанайын деп тұр. Алғаш рет астанаға ақындар айтысына қатыспақшы екен. Өзімен сөйлесіп көріңізші, – дейді. Жұпыны киімді зағип жас жігітке таңдана әрі аяй қараған Сәбең  сәл ойланып тұрып:

– Иә, бауырым, ақын болсаң, сол тұрған жеріңде «әу» деп жіберші, – дейді. Сол кезде Темірғали сескенбестен:

Ассалаумағалейкум, ақын аға,
Ән-жырға жүрегімен жақын аға.
Өлеңнен өз есемді алайын деп,
Жол түсіп келіп тұрмын астанаға.
Жас жаным шайқалмаған бір тұнық сыр,
Тулайды толқын атып, толықсып жыр. 
Ақ бата өзіңізден сұрай келдім,
Көк тұйғын алғаш аңға түскелі тұр
, – деген екен.

Сәбең оның қысылмай, қымтырылмай батыл сөйлеп, қолма-қол жауап бергеніне риза болып: «Талпынған қанатың талмасын», – деп бата берген екен. Сол ақ бата қабыл болып, Темірғали ақын жыр құдіретінің тереңіне бойлап, шырқау шыңына қанат қағады.

1942 жылы желтоқсан айында жыр алыбы Жамбыл Жабаев республика ақындарын жинап, келелі айтыс ұйымдастырады. Ондағы мақсаты – Отан соғысы кезінде неміс басқыншыларының елімізге төндіріп келе жатқан қауіпті әрекеті туралы, оған қарсы халықтың күш-жігерін қайрап, жеңіске деген сенімін тудыруға ақындарды жұмылдыру еді. Ақындар көсіле жырлайды. Жауға деген ыза-кек тасқын судай ағылады. Әрбір уытты сөздер жауға атылған оқтай борайды, намыс оты найзағайдай жарқылдайды. Айтыс соңында Жәкең ақындарды үйіне шақырып, дастарқан жаяды. Сол кезде Жәкең әр ақынға өз бағасын беріп, ақыл-кеңесін айтып, бәріне алғысын білдіреді. Сөз соңында Талдықорған жақтан келген ақынға байыппен қарап:

– Темірғали шырағым, сенің көзің көрмегенмен көңіл көзің сергек, ойың терең, зерек екенсің. Сөздерің жүректі шым еткізер шымыр екен. Сендер ренжімеңдер, бәрің де қамшы салдырмай шаптыңдар, бірақ Темірғали жай жырламады, ол мақал-мәтелдермен суғара отырып, жігеріңді қайрап, санаңды ширықтырып, намыс отын тұтата жырлайды екен, – деп әділдігін айтып, «шаба бер тарланым, тартынба» деп батасын берген екен.

1960 жылы 27 қазанда Қазақ ССР Ғылым академиясында ұйымдастырылған республикалық айтысқа, сол кездегі Қазақтың  С.Киров атындағы университетте оқып жүрген бірнеше озат студенттерді шақырып, жыр додасына қатыстырады. Ондағы мақсат – ақындардың өлеңдерін қағазға түсіру еді. Сондықтан біз әр ақынның шумақтарын қалт жібермей жазып отырдық. Ол студенттер кейінгі жылдары атақты ақын-жазушы болған Әбіш Кекілбаев, Марал Ысқақбай, академик ғалым Қойшығара Салғара, Құмарбек Сыдықов, Сәбит Досанов, Тұрсынзада Есімжанов, Еркін Ібітанов, Мұхтар Мағауин және мен Күнсая Оспанова едік. Біз осы аламан айтыстың куәгері болдық. Республиканың тұяқтарынан от шыққан азулы ақындарының бірнеше сағатқа созылған аламан жыр тасқынының кереметін көрдік.

Айтыста сөзді ұлы бабамыз Жамбылдың ауылынан келген тарлан ақын Ә.Сариев алды. Сәлемдесуден бастап өз ауылының келіскен келбетін, еңбек өрендерінің таңдай қақтырған ерен табыстарын термелей жөнелді. Талдықорған облысындағы Жетісу өлкесінің көлеңкелі жақтарын да елемей қалдырған жоқ. Уытты сөздермен кемшіліктерді тізбелеп, қарсыласын сүріндірмей тынбасын толассыз толғауымен байқатып өтті. Ақын желісі көпті көрген көреген, көп нәрседен хабардар, айтысқа тиянақты дайындықпен келгендігін көрсетті. Ұйқас рет-ретімен тізіліп, өлген тоқты, шығын болған торпақтар, шөбі шала шабылған шабындықтар, құлыптаулы клубтарға дейін тілге тиек болып жатты. Көпшілік оның ұтымды сөздеріне қол соғып ризашылықтарын білдіріп отырды. Жыр нөсері толастаған сәтте Темірғали домбырасын қолына алды. Ол асып-саспады. Домбырасының құлақ күйін келтіріп алып, өзінің ежелгі әдетімен төгілтіп-төгілтіп бір күйді шертіп шабытын желпіндіріп алып, еліміздің түкпір-түкпіріне дейін ауыздан-ауызға өтіп жүрген сазды әнімен, құлаққа жағымды майдақоңыр дауысымен баяу жырлап кетті. Әр сөзі салмақты, әр ойы түйінді, ұйқастары бұрымдай өрілген ақын жыры көрерменнің назарын бірден баурап алды. Ақын қарсыласының әр сынына түйінді де орнықты жауап беріп болған соң өз ойын өрістетіп ұсақ-түйек кемшіліктерді тізбектемей, керісінше, сондай қырсыздық туғызып отырған себептерді тілге тиек етіп, өз пікірін ортаға салды. Ол ақындар айтысынсыз да түзелетін ұсақ-түйек кем-кетікке соқпастан, өзі байқай-түйсінген жамбылдықтардың алға басқан қадамын кері кетіріп отырған кемшіліктерге тоқталды. Сын жебесін келелі іске самарқаулық көрсетіп отырған бойкүйездерге қадады. Сөз арасында бір емес, бірнеше рет қарсыласын сүріндіріп өтті. Зал іші сілтідей тынған тыныштық. Ақынның әр сөзін жұрт қалт жібермей тыңдап отыр. Көкірегінде шабыт дауылы буырқанған қарт ақын жырды түйдек-түйдек ағытқанда  плотинаны бұза құлаған асау тасқындай әсер етті тыңдаушы қауымға. Сом-сом ұйқастар, соны пікірлер көпшілікке де ой салды. Жыр нөсері толастаған кезде:

Ақынды шабыт қысса көсіледі,
Мерейін ауылының өсіреді.
Бар болса артық астам айтылған сөз,
Көңіліңе ауыр алмай, кешір енді.
Сөйледік ағым, ақпар, ағыспенен,
Бірталай қағыстық жарыспенен,
Бейбіт күн, жадыраған заманымда, 
Келер жыл кездесейік табыспенен,
– дей келе Әбекеңе қарсы шығып ренжіткеніне кешірім сұрап, кішіпейілдік көрсетті. Сариев те оның талассыз жеңгенін, оның дарқан дарын иесі екенін мойындап, бірер ауыз жауап өлең айтып, тату қоштасты.

Темекеңе пүліш шапан әкелінді. Сол кезде қарт ақынның мәдениеттілігіне, кішіпейілдігіне, көп жайдан хабардар білімділігіне риза болған Мұхтар Әуезов сахнаға шығып, Темекеңнің қолын қысып, жеңісімен құттықтап сый шапанды өз қолымен жапты. Өзін таныстырды. Сосын: «Бұл адам қалайша осы уақытқа дейін ескерілмей келген? Сөздері қорғасындай салмақты екен. Нағыз табиғи дарын иесі ғой бұл» – деп Мұхтар Әуезов сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын тапсырды.

Айтыстың ақтаңгері атанған Темірғали ақынды 1957 жылы Талдықорған қаласында өтетін облыстық ақындар айтысына шақырды. Бұл жолы ол Қаратал ауданының ақыны Артық Жексембековпен кездесетін болды.

Бір айта кететін жағдай, ол заманда ақындар бүгінгідей еркін көсіліп, еркін тақырыпта жырлай алмайтын. Екі аудан немесе екі шаруашылықтың ақындары кездессе, сол елдің шаруасының жағдайын, қол жеткен табыстарын айту, кемшіліктерін сынау ғана болатын. Егер ауданының табыс көрсеткіштері жақсы болса, ол жақтың ақыны сөзсіз жеңетін еді. Сондықтан Темірғали сол жылғы Қаратал ауданынан көптеген көрсеткіштер бойынша төмен екенін ескеріп, қайткенде де жеңісті қолдан бермеуді ойлап, тас түйін болып отыр еді. Ал Артық болса, өз ауданының табысы толағай болғандықтан жеңіске жетеріне күмәні жоқ еді. Дегенмен, Темірғалидің жоқ жерден жол тауып, кез келген ақынның ұрыншақ жерінен ұстап, шалып түсетұғын әдетінен қауіптеніп отырған. Домбыраны бірінші боп Артық ақын алды. Домбырасын сәл шертіп, Темірғалиді бірден жұмсартпақ болып:

Ассалаумағалейкум Темірғалым,
Кездестік айтысуға екі жарым.
Құрбыңды ептеп көргін жығып кетпе,
Бар еді менен гөрі сенің әлің.
Темеке, заманың бір өзің құрдас,
Мен соқыр, сен де соқыр, көзің құрдас.
Ел-жұрттың, шаруаның жайын айтып,
Құрбыңмен белді шешіп, бүгін сырлас,
– деген Артық баяулатып барып тоқтаған кезде Темірғали оны шап беріп ұстағандай:

Ей, Артық, таныс едің мына көппен,
Айта бер табысыңды қолың жеткен.
Мен өзім соқырмын деп налымаймын,
Партия менің көзім өкіметпен,
– деп оны сүріндіріп өтеді.

Иә, ол уақыт партияның заманы еді ғой. Партия оларды қолдап, айтысқа қатыстырып, сый-құрмет көрсетіп жүрген кез еді. Тауып айтылған уәжге ел дуылдата қол соққан. Ойламай сөйлеп, от басқан Артық енді Талдықорған ауданының кем-кетіктерін тізбелеп, өз ауданының табыстарын айтып термелей жөнелді. Сөз соңында өздерінің сүт сауудан қол жеткен табыстарына тоқталды:

«Ленин жолы» атанған колхозымыз,
Таңғаларлық жаңа баз салып отыр.
Баздың ішіне электрмен 
Сырттан жемшөп өңделіп барып отыр.
Сауын сиыр орнынан қозғалмастан, 
Науасынан су ішіп қанып отыр.
Жеміне картоп, жүгері жеп, 
Сиырдан сүт бұлағы ағып отыр.
Сүт алдық Хадишадан 1800 
Жарыстың маңдай алдын алып отыр
, – деп осындай табысың бар ма, бар болса, айтшы қане дегендей масаттана сөз аяғын қарсыласына тастайды. Темірғали іліп ала жөнеледі:

Япырай, мына Артық адам екен,
Шынында сүт саууға маман екен. 
Сүт алдық Хадишадан деп отыр ғой,
Сауғаны сауыншыны жаман екен,
– дегенде Артық елдің ду-ду күлкісіне шыдай алмай тұрып кетіпті.

Темірғали еліміздің аумағында болған бірде-бір айтыстан қалған емес және жауырыны ешқашан жерге тиіп көрмеген жорға ақын. Осы айтыстың соңында Жетісудың қарт ақыны Қалқа Жапсарбаев қорытынды сөз сөйлеп, Темірғали жайлы толғана отырып, былай деген еді:
Өз ауылын айтқанда, 
Темен ақын өрлеген.
Үні естіліп тұрғандай,
Таңғы соққан желменен.
Табыстарын айтқанда,
Алға құлаш сермеген.
Темен ақын тең екен,
Таусылмайтын кенменен.
Айдын-шалқар көлменен,
Асу бермес белменен.
Ұлы жиын төрменен. 

Осы айтысқа құрметті қонақ ретінде астанадан арнайы келген атақты ақын Мұзафар Әлімбаев өз ойын былай өрбіткен екен: Араға секунд салмай-ақ өз әріптесіне әзіл-қалжыңға суарылған, уытты, өткір әрі ұшқыр жауап қатуға қандай құдіреттілік керек! Тегеурінді ақын Темірғали соны мүлтіксіз әрі қолма-қол көкірек сарайынан көркем етіп, жарқыратып төге салды. «Құйрықтан алды, құлақтан басты» дегендей, қарсыласын тырп еткізбей, тұралатып салды. Осы айтыстан бері отыз жыл уақыт өтсе де айтыс өлеңдері әлі жадымда. Көркемдік, құндылық көңілге бір сәулесін түсірсе, өшпейді екен ғой.

Атақты әнші Дәнеш Рақышев: «Темірғалиды өзге ақындармен салыстыруға болмайды. Ол жай ақын емес, ол – философ ақын. Ал оның дауысы үңгірден соққан самал ғой», – деп өз ойын айтқан екен.

Атақты композитор Нұрғиса Тілендиев Темірғалиды арнайы іздеп келіп, үйінде екі күн қонақ болып, өлең-жырларын жазып алып кеткен. Мен соған қолымды жеткізе алмай жүрмін. Ендігі мақсатым – сол дүниені табу.

Жетісудың Темірғали Рүстембекұлын көзі көрген белгілі айтыскер және жазба ақындары Айтақын Бұлғақов, Әшімхан Байсов, Ғаббас Өкеев, жазушы Сәбит Биболов сынды сөз қадірін бағалай білетін саңлақтардың Темірғали туралы жазғандары, айтқандары бір төбе.

Биыл аяулы ақтаңгер, дарабоз ақынымыздың туғанына 115 жыл толып отыр. Ақынның 85 жылдық мерейтойын өз ауданы оның туған ауылында ақшаңқан үйлер тігіп тойлап, өзі тұрған көшесін ақынның атымен атаған еді. Ал 100 жылдығын Байысов ауылында өткізіп, сол ауылдағы орта мектепті Темірғали Рүстембеков атына берген. Облыс орталығында да орталық бір көше сол аяулы ақынның есімімен аталады. Ақынның жәдігерлері, домбырасы Тынышбаев атындағы облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы. Ал оның әндері мен жырлары облыстық және республикалық радио теле архивтерінде қаттаулы. Темекеңнің туған қызы ретінде Мәдениет басқармасындағы азаматтарға өтінішім, бар саналы ғұмырын Ескелді би ауданында еңбек етуге арнаған абзал ақынға Қарабұлақ кентіндегі бір көшенің атын берсе, ел-жұрты риза болар еді. 

Күнсая ОСПАНОВА,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі