Жетпістің желкенін көтерді

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 1910
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қасиетті сөз өнерін ұстанған жандардың сапында ағартушылық һәм ақпарат таратушылық міндетті атқаратын сырлы саланың өкілдері көбірек төбе көрсететіндей. Олар қоғамның қазанында бұрқ-сарқ қайнаған дүниелердің дәмдісі мен уыттысын ажыратып берер арда жандар. Негізінен, қазақ журналистикасы тарихына үңілсек, ақпарат айдынында желкен көтерген дарындылардың сапында жерлестеріміздің де бар екенін аңдаймыз. Міне, солардың қатарынан қарымды қаламгер, белгілі журналист Ырым Кененбайдың есімін ерекше атап өтуге болады.

Ол әлқиссада атаған қасиетті сөз өнерін ұстанған жандардың сапынан табылған, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы қалған жан. Сонымен қатар, ел руханиятының кемелденуіне бір қайраткердей күш сарқыған да Ырым Суанбайұлы екені көпке мәлім. Бар мақсаты мен мүддесін ел руханиятын қарыштатуға және өнерін өрісті етуге арнаған қаламгер жуырда         70 жас­ты еңсерді. Осыған орай, туған жұрты жетісулықтармен мерейлі жасын Талдықорған төрінде дүркірете атап өтті.  
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Ы. Кененбайдың мерейтойы облыстық «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» бағдарламасы түсірілімімен бастау алды. Оған қаламгер әулеті мен университет қабырғасында бірге оқыған рухани достары және зиялы қауым қатысып, журналист, жазушы, баспагердің өнегелі өмірі мен ғибратты істері жайлы қызғылықты әңгіме айтып, жүрекжарды тілектерін арнады.
Одан кейін қазақ қаламгерлері облыс орталығында орналасқан «Алатау» баспаханасына ат басын бұрды. Бұл шаңырақ Ырым ағаның ең алғаш еңбек жолын бастаған ордасы еді. Онда баспахананың тынысымен танысып, жарық көретін мерзімді басылымдарға көңіл тоқтатты. Сонымен қатар, баспахана қабыр­ғасында келелі отырыс өтті. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сөз етілген рухани шара барысында алғашқы болып Қазақстан полиграфиясының ардагері, экс вице-­министр Исағалым Ақбасов ниет білдірді. Ол ширек ғасырға жуық уақыт аралығында баспа ісімен айналысып, қазақ руханиятына қосылып жатқан талай жинақтар мен апта сайын ақжолтай ақпаратты арқалап оқырманымен қауышар газет-журналдарды басып жатқан «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорация­сының және «Алматы-Болашақ» акционерлік қоғамының президенті Ы. Суанбайұлының бүгінгі таңға дейін атқарған ерен еңбегі жайлы ой толғады.
Ақиқатында саналы ғұмырының 23 жылын баспа ісіне арнаған қаламгердің руханиятқа қосқан үлесі сүбелі. Оның баспасынан аудан, облыс, республикалық газет-журналдар мен  жергілікті және елімізге белгілі қаламгерлердің таңғы шықтай мөлдір туындылары кітап болып құрастырылып, көзіқарақты жандармен қауышуда. Бұл жағынан келгенде белгілі журналист, прозашы Серік Әбдірайымұлының «Маған ол бейнетке жаратылғандай көрінеді. Газеттің бітпейтін қара шаруасын белуардан кешіп келіп, күйіп тұрған кітап өндірісіне түсті де кетті», – деген пікірі ойға оралады. Иә, осы бір баспагерлік саланың сардарына айналған жан сонда да жазудан шеттеп қалған жоқ. Керісінше сан кітапты сұрыптап, жарыққа шығару арқылы шығармашылық әлеуетін де біршама биіктеткен сыңайлы. Бұл келелі отырыста айтылған әсерлі әңгімелерден аңғарған оймақтай ой-тын.
– Елбасының алты басымдықта жазылған тарихи мақаласының әрқайсысына Ырымның жасап жүрген жұмыстары жатады, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин «туған жерге ту тігіп» жүрген әрі «ұлттық код» саналар сөз өнерінде өзіндік орны бар рухани досы Ырым Кененбай жайлы тебіреніп. – Бүгін «Хабар» телеарнасының таңертеңгілік бағдарламасынан Ырымды көрсетті.  Дереу қоңырау шалып: «сен жайлы жақсы көрсетілім болды», дедім. Ал ол теледидар көре алмайтын жерде жүргенін айтты. Қайдасың дегенімде: «Әкемнің басына Құран оқуға келдім, одан соң ардақты анама топырақ салмақпын», – деді. Сонда мен әу баста рухани кемелдікке көтерілген Ырымның тұлғалық болмысын тіптен анығырақ тани түстім және бұрынғыдан бетер жақын тартқандай, жақсы түсінгендей болдым, – деп толғанған Нұрлан Мырқасымұлы мерейтой иесінің өзге қырларын, адамгершілігін, қаламгерлігін, жастық шақтағы жарқын күндердің жайдарлы естеліктерін тілге тиек етті. 
Рухани шара барысында сөз алған Д. А. Қонаев атындағы заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, академик Өмірәлі Жалайыри, бірге оқыған досы, Кенендей асылдың сынығы Бақытжан Әзірбаев, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибрайм, «Гама-Принт» баспаханасының бас директоры Төлеген Бейсембаев және Алматы облысының «Құрметті азаматы», ақын Әли Ысқабай мерейтой иесінің игілікті ісі мен өнегелі өмірі жайлы, шығармашылығы мен адамгершілігі туралы ақжарма тілектерін жаудырды.
Мерейтой  «Көктем-Грант» қонақ үйінде жалғасын тапты. Аталмыш ғимараттың фойесіндегі өткен салтанатты шараға қатысушылар алдымен қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолын танытар көрмені тамашалады. Айталық, Ырым Кененбай кітап өнідірісінде жүрсе де ширек ғасыр шеруінде «Лабасы етегінде», «Қырда өскен қызғалдақтар», «Жас шопандар ауылы», «Інжу-маржандар» сынды бірқатар кітапты қазақ руханияты қамбасына қосқан-ды. Сонымен қатар әлем әдебиетіндегі айшықты шығармаларды да қазақ тілінде сөйлеткен.
Ел құндылығы үшін қандай істің болсын алдынан көрінген арда жанның мерейлі жасқа жетуіне орай өткен салтанатты жиынның шымылдығын ақын, «Алатау» гезетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақовтың жыр арнауымен ашылды. Одан кейін, Ырым Кененбайдың «Древо жизни» мен «Замандастар лебізі» атты қос кітабының тұсауы кесілді. Руханият­қа қосылған қос жинақтың лентасын ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, көрнекті жазушы Смағұл Елубай мен Алматы облысының «Құрметті азаматы» Наурыз Қылышбаев қиды. Сонымен қатар, той иесіне жүрек сөздерін арнап, иығына шапан жапты.
– Сонау жоғары оқу орнында бірге оқып жүрген шақта Ырымның «Балдақ сыры» атты әңгімесін оқыған едік. Бұл оның алғашқы мөлдір шығармаларының бірі болғанымен, туындыдан оның қалам алысы, алысты шолатын қырағылығы мен кең пайым-парасаты аңғарылған, –  деген Смағұл Елубай, замандасы жайлы жан-жақты толғана келе, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің аманаттаған құттықтау хатын табыс етті. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, той иесінің иығына шапан жапты.
Ақ тілектер ақтарылған салтанатты шараның жалғасы аталмыш қонақ үй мейрамханасында жалғасын тапты. Онда мерейтой иесі ата-бабасына Құран бағыштатып, қасиетті Рамазан айында ораза тұтқан жандарға арнайы ауызашар беріп, зиялы қауымға ақ дастарқан жайды. Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов бастаған өнер адамдары ақ тілегін жаудырып, әнді әуелетіп, той көрігін қыздырды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.