ТӨРТІНШІ БИЛІК САРДАРЫ, ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ ИМАНБАЙ ЖҰБАЕВ 60 ЖАСТА

Уақыты: 22.04.2021
Оқылды: 1714
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ телерадио журналистикасын өркендетуге үлес қосқандардың қатарында Иманбай Жұбаевтың есімі айрықша аталатыны анық. Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетін 1983 жылы бітіріп, Қазақ КСР-і Мемлекеттік телерадио хабарын тарату жөніндегі комитетіне (қазіргі «Қазақстан» РТК АҚ) қарасты Қазақ радиосындағы балалар мен жастар бас редакциясына редактор болып орналасқан ол ұлт руханиятын ұлғайтуға еңбек еткен қаламгерлердің алғы сапынан көрініп келеді.

Болашақ қашанда бала шақтан басталады емес пе?! 1961 жылдың 21 сәуірінде Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты Есет ауылында дүниеге келген ол зарығып көрген тұңғыш немересі болғандықтан атасы мен әжесінің бауырында өскен екен. Әкесі мен анасын «аға», «тәте» деп атайтын ерке бала ойыннан гөрі қариялардың әңгімесіне құлақ түруді ұнатқан көрінеді. Мектепке бармай тұрып қаріп таныған ол кеңшардың  бас инженері қызметін атқаратын әкесі Құрманбай жаздырып алатын газет-журналдарды ата-апасына оқып беруді әдетіне айналдырады. Бұл дағдысы Иманбайдың әдебиетке деген құштарлығын оятып, мектеп пен ауыл кітапханасының тұрақты оқырманына айналады. Жазуға деген құштарлық та осы кезде кеудесінде бүршік жарғаны анық. Осылайша, 5-сыныпта оқып жүргенде шаруашылықтың озат жүргізушісі Қасым ағай туралы шағын мақаласы аудандық газетте жарық көреді. Баспа бетінде «И.Жұбаев» деген аты шыққанда ата-әжесін былай қойғанда, ауыл бір дүрлігіп қалды дейді Имекеңнің өзі сол кездерді еске алып. Алғашқы қаламақысы қолына тигенде кеудесін кернеген қуаныш өз алдына бөлек әңгіме. Ауылдастары мен ағайын-туыстың қолпаштауы талапты баланың болашақ ғұмырын қаламгерлікке біржола бұрып кеткенін ол кездері білмеген де болар.

Осыдан кейін Есет ауылындағы жас тілші Иманбай Жұбаевтың мақалалары аудандық газеттің бетінен жиі ұшырасатын болған. Келе-келе ауданды қойып, облыстық «Коммунизм жолы», кейіннен республикалық басылымдарда да жазғандары жарық көре бастайды. Ауылдағы құлағалы тұрған клуб жайлы жазған сын мақаласы «Ара» журналына жарқ ете қалғанда жалпыжұртшылық қолдап, басшылардың кейістік білдіргені өз алдына бір қызық әңгіме. Сондықтан мектеп бітіретін тұста Иманбайдың алдында «Кім болам?» деген сауал тұрмаған болатын. Дегенмен, кедергі де кездеспей қалған жоқ. Ел назарына ілігіп, тұстастары арасында тәп-тәуір абыройы бар жасты кеңшар директоры Нұрмұханбет Мырзабаев кеңсесіне шақыртып алып, бүкіл мамандарының алдында: «Иманбай, сыныптастарың сенің сөзіңе құлақ асады. Сондықтан, шұбартаулық жастардың бастамасына қолдау көрсетіп, құрдастарыңды түгел комсомол-жастар бригадасына бастап бар!» –деп үгіттейді емес пе. Бұл мұндай ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, оқуға барғысы келетінін айтқан кезде директор: «Егер осы айтқаныма көнбесең, әкеңді жұмыстан шығарамын!» – дейді қоқан-лоққыға салып. Сонда Иманбай өжеттік танытып: «Құрманбайды жұмыстан шығара бер. Ал, менің әкем Жұбай әлдеқашан зейнетке шығып алған, үйде жатқалы қашан?», – деген көрінеді. Амалы таусылған басшы: «Жарайды, сен бара бер. Алайда бауырыңды міндетті түрде мал шаруашылығына жіберемін», – дейді мұның әкесіне салмақ салып. Кейіннен інісі Жасұлан ақыры жастар бригадасында еңбек етіпті.

Арман қуып Алматыға келгенде әлі 16 жасқа да тола қоймаған жас талапкердің бірден жолы бола қоймағаны анық. Емтихандарын жақсы тапсырғанымен, конкурстан өтпей қалады. Құжаттарын сырттай оқуға тапсырған ол Алматыда қалып, еңбекке араласа бастайды. «Кәмелеттік жасқа толмағандықтан алты сағаттық жұмыс кестесімен еңбек еттім!» – дейді Иманбай сол күндерді еске алып. Сырттай оқып, өндірісте еңбек ете жүріп республикалық басылымдарға мақалаларын үзбей жолдайтын Иманбай бұл күндері ұстаздары мен қалам ұстаған қауымға таныс та болып қалған. Алайда енді бұны екі жылға әскерге аттану қажеттігі алаңдатады. Одан құтылудың жалғыз жолы – іштей оқуға ауысу. Оның мүмкіндігі болмағандықтан университеттен құжаттарын алып, қайта емтихан тапсыруға тәуекел жасайды. «Тәуекел түбі жел қайық» дегендей, Иманбай журналистика фаультетіне қайта түсіп, оны телерадио журналист мамандығы бойынша сәтті тамамдап шыққан болатын.

Университет қабырғасында жүргенде өндірістік тәжірибеден өтіп, өзін жақсы қырынан танытып үлгерген жас маманды Қазақ радиосының жастар редакциясы жұмысқа қабылдайды. Бұл жерде қатардағы қызметкерден бастап, аға редактор, редакция меңгерушісі, соңынан бас редактор лауазымына дейін көтерілуінің арғы жағында қанша шығармашылық ізденіс, тынымсыз еңбек жатқаны Иманбайдың өзіне ғана мәлім. Айта кетерлігі осы қызметінде жүріп, бірнеше радиофильмдер жасап, қызыл империяның қанды қасабынан мерт болған Алаш арыстары Қ.Тәштитов, Қ.Қуатов, Ә.Бүркітбаев, С.Нұрпейісов, О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, М.Шоқай, Б.Мұстафин, Е.Нығметов жайлы деректі хабарлары жұртшылық тарапынан жоғары баға алған болатын. 1988 жылы «Менің құрдастарым» атты радиоқойылымы Бүкілодақтық радиофестивальда жүлделі орынға ие болса, 1992 жылы Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығымен марапатталады.

Тәуелсіздігімізді алып, нарықтық қатынастар белең ала бастаған тұста өз алдына «Бай-радио» деген тәуелсіз радио ашып, елімізде тұңғыш болып жекелей эфир жүргізгені өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде хабар таратқан бұл радио нәтижелі жұмыс жүргізгені жұртшылық жадында.

1992 жыл еліміздің еркіндікке қол жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды түгендей бастауымызбен ерекшеленсе керек. Осы тұста Қазақ телерадиосына басшылыққа келген ұлтымыздың ұлы тұлғасы Шерхан Мұртаза қазақ тілінде шығатын теле және радио хабардың үлесін арттыруға, көрермен мен тыңдарманға мазмұнды да мәнді бағдарламалар ұсынуды басты талап етіп қойғаны белгілі. Ұлттық рухтағы хабарларымен танылып үлгерген Иманбай осы тұста Қазақ теледидарына жұмысқа шақырылып, «Таңшолпан» таңғы-музыкалық бағдарламаның бас редакторы ретінде жаңа жұмысын бастайды. Осыған дейін қазақ тілінде шықпаған бұл бағдарлама бірден көрермен қауымның көзайымына айналғанын біз жақсы білеміз. Ал, 1994 жылы «Таңшолпан» мен «Шарайна» бағдарламаларының негізінде Телевизиялық-ақпараттық агенттігі (ТИА) ашылып, оның жетекшісі болып жұмысын жалғастырады. Ол қазіргі «Хабар» агенттігінің бастауы болатын.

Осы қызметінде екі жыл еңбек еткен Иманбай Құрманбайұлы «Қазақстан» телеарнасында «Таңшолпан» бағдарламасын қайтадан ашып, жұмысын жандандыра түседі. Шерағаң халық қалаулысы атанып, телекомпанияда ауыс-түйіс кезінде жұмыссыз қалған Иманбай бірер жыл ҚР ІІМ Ішкі әскерінің баспасөз қызметінің басшысы болып еңбек еткені бар. Жұмысы мазасыз болғанымен жалақысы жақсы, зейнеткерлікке ерте шығатын қызмет шығармашылық еркіндіктің дәмін татып үлгерген Имекеңе ұнай қоймағаны белгілі. Ол өз еркімен бұл қызметтен кетіп, 1998 жылы КТК арнасында тұңғыш рет қазақ тілінде хабар тарататын «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасын жолға қоюға өз үлесін қосқан болатын. Түн жарымынан бастап, таң атқанша қазақша әндерді қойып, қазақ тіліндегі хабарлардың үлесін түгендеп отырған каналдың мазмұнын өзгертуге еңбек еткені де осы кез. Кейіннен қазақ теледидарының таңғы-сазды «Арай-ТВ» бағдарламасының бас редакторы болып еңбек еткені бар. 2000-2002 жылдар аралығында «31 – канал» арнасына жұмысқа шақырылып, бұл жерде «Информбюро» бағдарламасын табысты жүргізгені жұртшылық есінде. Осы жерде «Саясат» апталық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі әрі жетекшісі болып, «Еркін сөз» «Заман-зауал» атты ток-шоуларын жолға қойып, көгілдір экранның көзайымына айналғанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі.
2002 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасына қайтадан шақырылған Иманбай Құрманбайұлы таңғы «Жаңа күн» бағдарламасын жүргізіп, қоғамдық-саяси «Ел» шығармашылық бірлестігінің көркемдік жетекшісі міндетін қоса атқарады. Сонымен қатар «интерактивтік «Бар мен жоқ» ток-шоуын жұртшылыққа ұсынып, өзін жаңа қырынан танытып үлгереді. «Президент аудиториясы» бағдарламасы да өз көрермендерін тапқаны анық. Сол жылы ҚР Президентінің грантына ие болады.

2004 жыл. Бұл аймақтарда телерадио бағдарламаларына мән беріліп, жақсы мамандармен толықтыра бастаған кез болатын. Осыған байланысты Имекеңе Маңғыстау өңіріне барып, жаңа жұмысты жолға қою жөнінде ұсыныс түседі. Басшылықтың сенімі мен үмітін аяқасты етуді жөн деп таппаған ол «Қазақстан» ТРК» АҚ Маңғыстау филиалының директоры болып баруға келісімін беріп, біраз уақыт теріскейге терін төккені бар. Оның еңбегін әділ бағалаған жұртшылық облыстық мәслихаттың депутаты етіп сайлағаны адал еңбегінің жемісі дегеніміз дұрыс шығар. Бұдан кейінгі жылдары Нұртілеу Иманғалиұлының жанында «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының шығармашылық жөніндегі және аймақтық орынбасары, төрағаның кеңесшісі, продюсер, жетекші маман қызметтерін де атқарыпты.

2009-2014 жылдар аралығында «Шипагер» газетін шығаруға атсалысады. Ұзақ жылдар бойы теледидар мен радио саласында еңбек етіп, жазба жұмыстарынан қол үзіп қалса да  жаңа жұмысты дөңгелентіп әкеткені анық. Осыдан кейін «Атырау» облыстық газеті редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ТРК» АҚ мониторинг қызметінің жетекші маманы болып еңбек етіп, шығармашылық жұмыстарын жандандыру арқылы деректі фильмдерге сценарий жазуды қолға алады. Қазір ұлттық бейнеқорда оның «С. Сейфуллин», «М.Жұмабаев», «Шәкәрім», «С.Торайғыров», «Сырым батыр», «Д.Снегин», «Есет батыр», «Көтібар Бәсенов», «С.Жандосов», «Брел құпиясы» атты телефильмдері сақтаулы.

Арасында Алматы облыстық телекомпаниясының директоры Бейсен Құранбектің шақыруымен Талдықорғанға келіп, жер жаннаты Жетісудың ауасын жұтқаны бар. Ал 2017 жылдан бері өзі ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан «Қазақстан» РТРК акционерлік қоғамында аймақтық мониторинг бөлімінің басшысы, басқарма төрағасының кеңесшісі болып еңбек етіп, қазір аутсорсингтік компаниялармен жұмыс жөніндегі бөлімнің шеф-редакторы қызметтерін атқарып келеді. «Алтын жаршы», «Күміс жаршы», «Қазақ радиосының үздігі» мәртебелі атақтары оның ұзақ жылғы еңбегіне берілген баға деп түсіну керек.

Жан жары Маржанмен екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірді. Ұлы Есет әке жолын қуып, телеарнада режиссер қызметін атқарса, келіні Алтыншаш та осы салада жемісті еңбек етуде. Бүгіндері ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған Иманбай Құрманбайұлы бақуатты отбасының иесі, шәкірттерін сан салаға шарықтатқан тәлімгер ұстаз ағаның жасы 60-қа келіп, ел-жұртына есеп беріп отырған жайы бар. Ендеше, біздер де қаламдас әріптесімізді мерейлі жасымен құттықтап, адами бақыт, шығармашылық табыс тілегіміз келеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы қаласы