"АҚИҚАТ" НҰРТІЛЕУ ИМАНҒАЛИҰЛЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ТАМАША ХАБАР ЕДІ

Уақыты: 15.05.2021
Оқылды: 1681
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ телевизиясындағы жастар бағдарламасы 1980 жылдардың аяғында қоғамдағы маңызды жəне күрделі мəселелерді өз əлінше шешуге тырысты. Ол бірте-бірте ақпараттық-көркемдік тұрғыдағы хабардан пікірталас, талдау-сараптау бағытына ауыса бастады. Мен мұны жастар редакциясының басшылығына Нұртілеу Иманғалиұлының келуімен тікелей байланыстыра қараймын. Өйткені, дəл сол кезеңде жастар бағдарламасының мақсаты қазақ ұлтын есеңгіреткен ашаршылық, Саяси қуғын-сүргінді жаңаша көзқараспен бағалап, зерделеп көрсету, ұлттың рухын көтеруге атсалысу, тарих шындығын қалпына келтіруге үлес қосып, жастарды ұлттық бұлақтан сусындату болды.

Мұнда тарих ақтаңдақтарының себебі қарастырылды, шындық ашына айтылды. Əуелі Желтоқсан көтерілісіне қатысты арнайы хабар ұйымдастыруға батыл қадам жасалып, Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының, əскерилер мен құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылып, əлі көрсетіле қоймаған бейне көріністер экранға шығарылды. Кеңес одағының түкпір-түкпірінен Алматыдағы халықтың толқуын басып-жаншу үшін əкелінген арнайы əскердің арасында болып, «наградталған» қырғызстандық азамат Мəскеудің саясатымен келіспегендіктен, сол марапатынан бас тартып, оны «Ақиқат» хабарына жіберіпті. Мұны біз сол хабарымызда көрсеттік.

Демократияға аяқ басқан алғашқы жылдары осы жастар бағдарламасындағы хабарлардың бірі «Ақиқат» саяси пікірталас клубы болды. Жұрт саяси сөздер, түкке тұрмайтын жиналыстар мен талас-тартыстан гөрі білім беретін, адамды ойлау мен қажетті қорытындылар жасауға баулитын хабарларды ұнатып, күтетін. «Қарыз бен Парыз», «Ақиқат» ұштала тереңдей түссе деген телевизия саласы мамандарының пікірі «Ақиқаттың» да «Парыз бен Қарыз», «Жүректен қозғайық» тəрізді салиқалы хабардың бірі болғандығын дəлелдесе керек. Кейін Сағат Əшімбаевтың қолдауымен «Жүректен қозғайық» пен «Ақиқат» бағдарламаларының басын қосу арқылы екі ұрпақ өкілдерінің арасындағы сабақтастықтың көрінісі ретінде бірлескен отырыс өткізілгенін біреу білсе, біреу біле бермес. Оған А.Сəрсенбаев, Ұ.Сыдықов, Ə.Нысанбаев, М.Тəтімов қатысты.

Мен де хабарға дайындық барысынан бастап қатысып, осы кісілердің орталарында болғанымды өзімнің қоғамдық өмірімнің маңызды, мазмұнды жəне қимас кезеңі деп есептеймін. «Ақиқат» клубының бір ерекшелігі, онда қозғалған мəселелердің пайда болуы, шығуы, оның шешілу жолы толық, жан-жақты талданатынында болатын. Өйткені бұл хабар халықты мезі қылған пікірлерге соқпай, нақты талдау мен ұсыныстар жасауды мақсат тұтты. Біз, Д.Көшім, А.Жұмаділдаев, Ж.Қуанышəлі, З.Кенжалиев, Б.Аяған бəріміз клубтың жұмысына тұрақты түрде қатысқандардың арасында болдық.

Клубтың əрбір отырысы белгілі бір тақырыпқа арналатын. Ол алдын ала өзара ойластырылып, оны дайындап өткізуді арамыздан бір адам өз жауапкершілігіне алатын. Осы отырыстарға Е.Асқаров, Н.Фокина, Х.Қожахметов сияқты белгілі тұлғалармен қатар еліміздің басқа да көптеген танымал азаматтары қатысып, өз пікірлерімен бөлісіп, тұшымды ойларын ортаға салып отырды. Бұл хабардың режиссері Лəззат Сапақова болды, ал операторы марқұм Рубик Яхин еді.

Н.Иманғалиұлы хабарға өзі тікелей қатыспаса да, ол оның рухани шабыттандырушысы болды. Ол – терең білімді, ашық, адал, шындықты көзге айтатын адам болатын. Арқалы азаматтың сөзі оқтай еді. Хабарды дайындау барысында, тіпті одан кейінгі пікіралысуларда елдегі қоғамдық үдерістер мен күнделікті ахуалға қатысты басқа да көптеген мəселелер талқыға түсетін. Нұрекең хабарға шығарылатын мəселелерді талқылауға қосылып, бізді тікелей эфирдің қыр-сырына, тележурналистиканың əдіс-тəсілдеріне назар аудару мен оның қиындықтарын еңсеруге, өзімізді еркін ұстауға үйретіп, ақыл-кеңестерін беріп отырушы еді. Өз тəжірибесімен де бөлісетін-ді. Бірде ол өз хабарына өнертапқыш-ғалымды шақырады. Эфирдің алдында келген қонақ өнертабысын оның макеті негізінде тəптіштеп тұрып айтып береді. Ал хабар басталғанда Нұрекеңнің алғашқы кіріспе бір-екі сұрағына «иə-жоқ» деп қана қысқа қайырып отырып алады. Сол кезде Н.Иманғалиұлы тікелей эфирді үзбес үшін көп ойланбастан, ортада тұрған макетті көрсетіп: «Мына жері қалай, дұрыс па өзі?» дегені сол-ақ екен, алдында отырған студия қонағы мүдіріссіз сайрай жөнеліпті.

Əлі есімде, мен Қазақстан тарихының ақтаңдақтарына қатысты тақырыпты дайындап, өткіздім. Онда ашаршылық, Саяси құғын-сүргін, ұлт мəселесі жəне тағы да басқа өзекті де өткір тақырыптар көтерілген еді. Клубтың келесі отырыстарының бірінде мен Г.Колбиннің тіл саясатына байланысты ұстанымын əшкерелеп, оның екіжүзді саясат жүргізіп отырғандығын тікелей эфирде ашық айтқаным бар.

Осы жəне басқа да «қатты кеткен» жеріміз өтіп кеткен болар, жаз айында Колбиннің көмекшілерінің бірі қалада қалған Лəззат Сапақова мен Асқар Жұмаділдаевты тауып алып, сұрақтың астына алған көрінеді. Ақырында, жаңағы келген «көмекшінің» түйсігі бар адам болса керек, «көкелеріңе көп тиісе бермесеңдерші» деп, кете барыпты. Жазғы демалысқа шығып, Алматыдан ауылға кетіп қалған біз үшін Лəззаттың «таяқ» жеп, жүрегінің қысылғаны айтпаса да түсінікті болар.

Белгілі жас ақын Ерік Асқаров Жезқазған облысында сайлауға түсіп, аудандық партия комитеті тарапынан кедергілерге тап болғанын ашып салғаннан кейін, біздің партияға қатысты тақырыбымыз «партияға комсомол арқылы өту міндетті ме?» деген атаумен газеттердегі телеарнаның бағдарламасына жарияланып, хабардың өзі тікелей эфирден алынып тасталыпты. Біз бəріміз бір ауыздан бұған қарсы болып, атқарушы директор білем, Р. Жұмабаев деген кісінің кабинетіне шақырылып, қызу пікір алысудан кейін бағдарламамызбен біржолата қоштасып шықтық.

Біз үшін «Ақиқат» саяси клубы үлкен өмір мектебі болды. Оның жұмысына белсене атсалысқандардың барлығы əлеуметтену тəжірибесін жинақтап, қоғамдық-саяси ысылу жолынан өтті. Лебі жақындап келе жатқан тəуелсіздікті ішкі жан дүниелерімен, бүкіл болмысымен саналы түрде түйсіктенуге үйреніп, ол үшін тер төгіп, қызмет етуге, оны қабылдауға өздерін дайындағандай болды. Біз Азаттықтың ақ таңын асыға күттік, оның кешікпей ататынына кəміл сендік.

Эфирге шыққан жылға жуық уақытта 13 хабар дайындалып, «Ақиқатқа» мыңнан астам хат келіпті. Олардың көпшілігі Жамбыл, Шымкент, Семей, Ақмола, Жезқазған, Қарағанды облыстарынан жəне 60-70 пайызы ауылдық жерлерден еді. Олардың көбін жастар, тек 13 пайызын қариялар жазған көрінеді. Бұл хатты қолмен жазып, конвертпен пошта арқылы жіберетін кез болғанын ескерер болсақ, оны елеуге тұрарлық оқиғалар қатарына жатқызуға болады. Ол уақытта сөздің құдіреті мен телекамераға ғана сенім артушы едік. Оның үстіне бұл бағдарламаларға кезінде тосқауыл да аз болмағанын сеземін. Алайда партия басшылығы енді бұрынғыша өмір сүруге болмайтынын ескере отырып, кейбір «еркіндіктер мен бостандықтарға» жол беруге мəжбүр болғаны да түсінікті.

Н.Иманғалиұлы жүргізген «Ойкөкпар» бағдарламасының өзі осы «бостандықтың» бір көрінісі еді. Ол сөз саптау, хабарды көпшілік түсінетіндей етіп ұйымдастыру, эфирге қатысатын адамдарды таңдау шеберлігімен, халықтың дəстүрін терең білуімен ерекшеленді. Жаңаша көзқарасқа, үйреншікті сұрақтардан гөрі тосын сауалдарға бүйрегі үнемі бұрып тұратын диалогтың қас шебері Нұртілеу сұрақты жауап беруші адамның көптен күтіп отырған мəселесіндей етіп жүйелі түрде қоя білетін еді. Алдымен жеңілінен бастап, содан кейін ауырына көшетін. Көзілдірік үстінен қыран сияқты қарағаны алдындағы адамды рентгеннен өткізген сияқты, оның не ойлап, не қойып отырғандығын біліп отыратындай əсер қалдыратын. Сондықтан ол кез келген адаммен еркін пікірлесіп, оны өзіне баурап алып, тіл табыса кететін. Осындай адами жəне кəсіби қасиеттерінің арқасында Нұртілеудің тек өзіне ғана тəн жəне ешкімге ұқсамайтын журналистік қолтаңбасы мен тележурналистика мектебі қалыптасты.

Ол өзінің алғашқы авторлық бағдарламасында болсын, жастардың «Ақиқат» саяси пікірталас клубын ұйымдастыру мен одан кейінгі барлық шығармашылық жəне қоғамдық еңбегінде болсын, үнемі кəсіби біліктілік пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсете білді. Осы жұмыс барысында Нұртілеу озық ойлы парасатты азаматтар тəрбиелеуге, қоғамдық ойды қалыптастыруға үлкен үлес қосты. «Ақиқат» клубының құрылуы Қазақ телевизиясына жаңа пішін, түр енгізіп, хабардың мазмұны, тақырыбы, идеясы, тілі мен стилі өзгере бастады. Мəселеге ғылыми тұрғыда талдау жасау, жастардың бойына жаңа пікірталас мəдениеті мен тəжірибесін сіңіру бағытындағы алғашқы дəндер құнарлы топыраққа түсіп, жемісін бере бастады. Бұл іске мұрындық болып, қызығушылық танытқандардың бірі һəм бірегейі Нұртілеу Иманғалиұлы болатын.

Əттеген-ай, өмір қамшының сабындай қысқа ма десем, ол тіптен қас қағымдай екен-ау. Егер Нұртілеу ортамызда болса, бүгін біз арамызда екі жас айырмашылыққа қарамастан, бір ай жəне бір күнде туғандықтан «түйдей құрдастар ретінде» бір-бірімізді құттықтап қалжыңдасып жатар ма едік.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы

«Egemen Qazaqstan»