ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ МӘДЕНИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫН ЖАНДАНДЫРҒАН АЗАМАТ

Уақыты: 19.05.2021
Оқылды: 2372
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ғалымдар, әдебиетшілер, зерттеушілер секілді адамдар перденің артында қалып, атсыз, атақсыз өмір сүре береді. Олар мемлекетке, ұлтқа сіңірген еңбегін айтып бұлданбай-ақ, қалтарыста жүріп қызмет етуге үйренген. Оларды айналасы жақсы білгенімен, өзгелер бейхабар болуы мүмкін. Сондай адамдардың бірі – Сержан Тоқтасынұлы деген жанкешті қазақ.

Мен Сержанды отыз жылдан аса уақыттан бері өте жақсы білемін. ҚХР ШУАР-ға қарасты Iле облысының Мұңғұлкүре ауданында мұғалім болып қызмет етіп жүрген кезімде мыңдаған оқушы алдымыздан өтті. Көбіне дәріс беріп, лекция оқыдық. Білім беріп биіктерге талпындырдық. 1988 жылы аудандық 1-орта мектепке Ақдала деген ауылдан келген оқушылардың арасында осы Сержан Тоқтасынұлы да бар еді. Сол кезде мен физика пәнінен сабақ бердім, сынып жетекшілік міндет атқардым. Сержан әдебиетке қатты әуес болғандықтан көп баланың ішінен суырылып шығып, мектеп ішіндегі, қоғамдағы әр алуан әдеби іс-шараларға белсенді түрде қатысып жүрді. Әсіресе, мектептегі әдебиет пәнінің ұстаздарына, жазатын қаламгер ағайларына қатты үйірсек болып, сырласып, сұхбаттасып тынымсыз ізденіп жүретін. Өзінің оқыған-тоқығаны, естігені, білгені көп болған соң қысылып-қымтырылып тұрмай, бірден сөйлесіп кететін. Ақ жүрек, ашық көңіліне қарап, үлкендер де оның бетін қақпай бауырына тартып тең тұстарындай әңгіме дүкен құрып, ортақ пікірге келіп, тіл табысып жататын еді.

Ол осылайша сабағын жақсы оқып, өзінің шығармаларын да жазып жүріп 1991 жылы орта мектепті бітірді. Әртүрлі кедергілерге кездескендіктен сол жылы бірден оқуға түсіп кете алмай 1993 жылы Құлжадағы Іле педагогикалық университетінің «Әлеуметтану мамандығына» келіп, жоғары оқу орнындағы өмірін бастады. Ол оқуын бітірген соң тағы да бірден қоғамдық қызметін бастап кете алмады. Себебі, оның ұлттық бағыттағы позициясының көрнекті, қоғамдық белсенділігінің жоғары болғаны. Оның ісі қазаққа жаққанымен кейбіреулерге ұнаған жоқ. Әрине, азат идеяның, тура мiнездiң басқарушы билікке ұнай бермейтіні тағы бар. Өйткені, ол сол мектеп табалдырығында жүрген 1991 жылдың өзінде Қазақстан Жазушылар одағына хат жазып, өзiнiң алғашқы шығармашылығын жібердi. Ол тіпті, Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте өзінің шаттық сезімін, қош болған көңілін жасыра алмай Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтап хат жазып поштадан салғанын қөрiм де. Ол тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін ең ерте сезінген, егемен елімізді ең алғаш армандаған жігерлі жас қазақтың бірі болды. Өкініштісі, ұшарға қанаты жоқ, жетерге жолы тұйық болып туған жерінде іштей тынып, ширығып біраз уақыт жүріп қалды.

1999 жылы Қытайдың Шынжаң өлкесінің үлкен басшыларының бірі, қазақтан шыққан ірі тұлға Жәнәбіл Смағұлұлы ағамыздың алдына кіріп кездескен соң жолы ашылғандай болды. Өзінің талап-тілегін айтып, ойын жеткізеді. Ол жолғы кездесу нәтижесіз болған жоқ. Қазақтың рухын көтеріп, туын ұстап жүрген Жәнәбіл аға оның мәселелерін шешіп, еңсесін өсіріп, беделін биіктетті. Кейін ол Бежіңдегі Орталық Ұлттар баспасына жұмысқа тұрып, әдеби өмірін, шығармашылық жұмысын бастады. Ол жерде 2009 жылға дейін өнімді еңбек етіп, өзін жақсы жағынан көрсете білді.

Сонда қызмет еткен кездерінде ол қытай мен қазақ қатынасына, әдеби байланысына үлкен үлестер қосып, қыруар жұмыс атқарып, көптеген жобалардың сәтті орындалуына себеп болды. Соңғы он жылда қазақстандық қаламгерлер Немат Келімбетов, Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Еркін Ібітанов, Нұрлан Оразалин, Рақымжан Отарбаев, Жұмабай Шаштайұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы, Ұлықбек Есдәулетов, Еркінбай Әкімқұлов, Ғалым Жайлыбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Бауыржан Жақып, Әлібек Асқаров, Төлен Қаупынбаев, Райхан Мәженқызы қатарлы қаламгерлердің кітаптары мен шығармалары Бежің орталық ұлттар баспасынан, Шынжаң халық баспасынан, Шынжаң көркемөнер баспасынан басылып шығып, қытай қазақтарына кеңінен таралып, кейбіреулерінің еңбектері қытай тіліне аударылып қытай оқырмандарының қолына тиді. Бежіңдегі Қытай Жазушылар одағының жанынан шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналында үздіксіз жарық көрді. Ұлттар баспасының бастығы Ю-Бинцин мырзаның, халықаралық байланыс және маркетинг департементiнiң директоры Бақытбек Тоқтасынұлы мен «Ұлттар әдебиеті» журналының бөлiм редакторы Минар Нұрләззатқызының, Шынжаң халық баспасының бас редакторының орынбасары Шәрiпхан Әбдалиұлының, Шынжаң көркемөнербаспасының бас редакторының орынбасары Гүлден Қуанқызының  ұйымдастыруындағы осы жұмыстардың басында, редактор әрi әдеби агент ретінде Сержан Тоқтасын жүрді. Ол жай ғана әдеби редактор ретінде емес, бұл жұмыстарға жылы жүрегімен, қарым-қабілетімен, жан-тәнімен кірісті.

Сол жылдары Бежіңге қызмет сапарымен барған Рақымжан Отарбаев ағамен жақыннан танысып, аға-бауыр болып тығыз байланыста жүрді. Сол шығармашылық жақындық Рақымжан ағаның соңғы күндеріне дейін бір сәт бәсеңдеген жоқ. Рақымжан Отарбаев аға Сержанның Қытайдағы туған ауылы Өртекестегі Ақдалаға барып дәм татып, жасы сексеннен асқан әкесі Тоқтасын Сәрсенбайұлы ақсақалмен дидарласады. Сол сапардан келген соң Рақымжан аға тереңнен толғанып, қандастар туралы, Тоқтасын аға жөнінде «Қазақтың соңғы жырауы» деген әсерлі мақала жазып, оны Республикалық баспасөзде жариялатты. Сержан Қытайдағы белгілі жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов ақсақалмен де тығыз шығармашылық қатынаста ортақ жобаларды жасап, оны сәтті орындап шықты. Ол кісінің «БІЗ» деген трилогиясының қазақстанда жарық көруіне жәрдемін тигізді. Қытай Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Акпар Мәжитұлының тетрологиясының атамекенде басылып шығуына тер төкті.

Сержан Тоқтасынұлы Бежіңдегі ұлттар баспасында істеп жүргенде Қазақстандағы маған екі бұйымтай айтып: «Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұманбай Молдағалиевтің «Ән қанатында» деген кітабын және сыншы-ғалым, жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Тұрсынжан Шапайдың «Айна» деген прозалық еңбегін шығаратын едік, сол үшін кітаптарын алып, шығармаларының Қытайда шығуына келісім беретін авторлық құқын өз қолынан алып беріңіз!» – деп тапсырды. Мен өтініш бойынша Тұманбай ағамыз бен Тұрсынжан ағамызға барып, Сержанның яғни, «Бежің орталық ұлттар баспасының» тапсырмасын орындадым. Біраз уақыттан кейін Тұманбай ағаның Қытайда жарық көрген кітабы қолыма тигенде, оны апарып ағадан сүйінші сұрағаным әлі есімде.

Ол Қазақстан жазушыларының еңбектерінің Қытай елінде жарық көруіне ғана емес, қытай қаламгерлерінің кітаптарының Қазақстан жағында жарық көруіне де зор үлес қосқан баспагер. Нобель сыйлығының лауреаты Моянның «Қызыл кауленін», одан басқа қытайдың көрнекті қаламгерлері Бажин, Лауцы секiлдi жазушыларының шығармаларын құрастырды.  Редактор болып еңбек етті. Шетте жүрген және елге оралған қазақ қаламгерлерінің тың дүниелерін насихаттау мен оқырманға жетуіне өзіндік үлесін қосты. Жазушы, этнограф-ғалым Зейнолла Сәнікұлының жиырма томын құрастырды. Ол еңбектер 2017 жылы «Ан-Арыс» баспасынан шықты. Қанат Зейноллаұлымен бiрге «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» негiзiн қалады. 2007 жылы Бас редактор Мереке Құлкенов болып тұрған кезінде Республикалық «Ана тілі»  газетінің Үрімжідегі тілшісі, белгiлi әдебиетшi Ардақ Нұрғазыұлы Алматыда шығарған «Шетел әдебиеті» газетінің сол елдегі арнаулы тілшісі (2007-2008) болып өте белсенді түрде қызмет етті. Сол жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шығатын «Әдебиет айдыны» газетіне де мақалалар жазып тұрды. Газеттің бас редакторының орынбасары болып істеп жүргендіктен оның жіберген материялдарын мен де жарыққа шығарып тұрдым.

Сержан Тоқтасынұлы Қытайдағы жайлы тірлік, жақсы жұмысын тастап 2009 жылдың соңында жаңа жылға қараған күні атамекені Қазақстанға біражолата келіп, бірден құжаттарын азаматтыққа өткізді. Артынан көп кешікпей азаматтық алып, көп жылдар бойы көксеген арманына қол жеткізді. Алғашында Нұр-Сұлтанда болып, кейін Алматыға оралып, 2012 жылы «Өлке» баспасында әдеби редактор болып қызмет етті. 2012-2014 жылдар балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Жас өркен» мекемесінде жұмыс істеді. 2014-2015 жылдар «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби тілшілік жұмысын жалғастырды. 2013-2018 жылдары «Ақжайық.кз» журналының Алматы облысындағы үйлестірушісі міндетін атқарды. Қазiр Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «ARYS» қоғамдық қорының ғылыми қызметкері, редакторы болып, баспагер, белгілі қоғам қайраткері Ғарифолла Әнестің шығармашылық тобында істеп келе жатыр.

Осы кезге дейін «Қазақ әдебиетіндегі интеллектуалды проза: Рақымжан Отарбаев прозасындағы психологизм мәселелері» атты көлемді еңбегі жарық көрді. Одан өзге де шығармалары республикалық басылымдарда басылып шықты. 2020 жылы Атырау облысы өткізген ресми әдеби байқаудың жүлдегері болды.

2011-2013 жылдары Сүлейман Демирель университетінің қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аспирантурасында білім алып, дипломын сәтті қорғап шықты. Жоғары білімді, әдебиетші, зерттеуші, әдеби байланыстардың үздік агенті, баспа ісінің тәжрибелі менеджменті ретінде танылған, әрі жоғары сапада қызмет көрсетіп келе жатқан Сержан Тоқтасынұлын «Қазақстанның жүз жаңа есіміне» репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «ARYS» қоғамдық қоры ұсынды.

Ол қазақ-қытай әдеби, мәдени қарым-қатынасына шын ниетімен қызмет етіп, мәдени дипломаттық міндет атқарды. Екі елді әдебиет арқылы байланыстырып руханиятымызға қызмет жасады. Қытайдағы қазақ жастарының ұлттық рухта тәрбиеленіп, Отанға деген махаббаттарын оятып, елге құштарлығын асыра түсті. Қазақстан қаламгерлерінің шығыстағы қытай еліне таралып танылуына мұрындық бола білді. Шын мәніндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының атой салған жауынгері деуге татиды. Ол қайда болмасын өзінің алған білімін, жастық жігерін Қазақстанның тәуелсіздігіне арнаумен келеді. Үлкен жүректi, арманы асқақ, көңілі көлдей, сенімі берік азамат. Оның көз алдында тәуелсіз Қазақстан, назарында Отанға, ұлтқа қызмет ету мақсаты ғана тұрды. Ата-бабасының басы жатқан киелі мекеніне қол созды. Тіршілігі жарнамадан алыстау, дақпырттан жырақтау болғанымен еліміздің рухани саласына сіңірген еңбегі ерен, табысы таудай!   

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, аудармашы,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі