ҚАЗАҚТЫҢ ХАС ШЕБЕРІ ДӘРКЕМБАЙ ШОҚПАРҰЛЫ 75 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДІ

Уақыты: 22.05.2021
Оқылды: 3579
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Бай болғын, батыр болғын, патша болғын, бәрібір құтылмассың қара жерден» демекші, көнеден келе жатқан халық қолөнерін дамытқан талай саңлақ өмірден өтті. Қатталған тарихта мал өсіріп тері илеген, құс өсіріп, егін еккен адамдар, қолөнердің түр-түрін ойлап тапқан. Қиялдан туған зергерлік заттарға Дәркембай шебер арман ойларын безбендеді, бедерледі. Ата салтымыздың ұрпақ сабақтастығында ғажайып өнеріміз қолөнерді кең насихаттаған қазақ перзенті – Дәркембай Шоқпарұлы.

Дәркембай Шоқпарұлының туған ауылы - Ақши. Өскен өңірі Казатком деген жер болған. Осы тарихи топырақтан шыққан Дәркембайдың ағасы – Тұманбай Молдағалиев. Марқұм Тұманбай аға көзі тірісінде інісінің зергерлік, ұсталық өнерімен қоса, көкірегінен ақындық бұлағының көзі ашылғанын байқап қатты қуанады.

«Қолыма бұдан  20 жыл бұрын түспеген екенсің» деп ағалық ақ батасын береді. «Онда ата-бабамның кәсібі қайда қалатын еді», – деп Дәркембай шебер бойындағы қол-өнерге деген үлкен жауапкершілігін танытқан. Атакәсіп қиялын баурап, аңсарын жаулап, көздің ұшында сағымдай бұлдырап түн ұйқысын төрт бөлген. Әкесі қартайған шағында ұжымшар ұстасы болып, соқа, шана, тырна, доңғалақ жөндеген, тіркеме трактордың сынып қалған уақ-түйек бөлшектеріне дейін, белін таянып жүріп ұстаханада жасай беретін еді.

Дәркембай ұста Шоқпар әкесінің жұмыстарын көріп өсті. Ахмет атасының көріктерін басып тұрып, көзінен от ұшқындатып, беті алаулай жанған кездерінде бала арманы ұста болу еді. Атадан қалған мирасты тоқтатпады. Әкесі арманда кетпеді. Арманын қаршадай баласының кеудесіне құйып кеткендей. Дәркембай ұстаның арманы суретшілікке оқуға түсу болатын.

Дәркембай Шоқпарұлы барлық шикізат атаулыны кәдеге жарата білген. Терімен де, темірмен де, ағашпен де жұмыс істеген. Ол 1965 жылы Көркемсурет училищесіне студент болып қабылданады. Бір жылдан соң, Пермь қаласына әскери борышын өтеуге аттанады. Суретшілігінің арқасында әскерде жағдайы жаман болмаған екен. Тек бір өкініштісі, Дәркембай Шоқпарұлы әскерде жүргенде туған анасынан айырылады. Жеделхат алған ол анасының жетісіне ғана үлгереді. Командирлері жағдайды түсініп, әскерде қалған жарты жылын өткізбей ерте жібереді. Дәркембай ұстаны мазалаған ой болды. Ол ойдың тамыры тым тереңде еді. Киноның оқуы, театрдың оқуы, музыканың оқуы бар және басқа да түрлі мамандықтардың оқуы бар. Ал қазақ қолөнерінің оқуы неге жоқ деп уайымдаған.

Осындай толғаныстар жегідей жеп, жігерін қайраған сайын әкеден қалған өнер ыстық тартып, баурай түседі. Бала кезде көріп, есінде сақтағандардың жобасын жасағандай болады. «Қазақтың қолөнері өлмек пе?» деген ойлар мазалай берді.

«Жүрген соң жұмыр жерді күнде басып,
Жол табам тұманнан да түнде адасып.
Өмір сүрсең, дәл мендей өмір сүйсең,
Боларсың тіршілікке күнде ғашық». (Дәркембай Шоқпарұлы)

Дәркембай шебердің ойынша басқа өнерлер жолдан қосылған. Ал қолөнер – қазақтың нағыз төл өнері. Сол өнер өлсе не болады? Дәркембай шебер өзі қайта жаңғыртып жасаған, көненің көзіндей дүниелерге жауапкершілікпен қарады. Атакәсіпті тірілтіп, қатарға қосу жолында 35 жыл бойы жар құлағы жастыққа тимей, жаны шырқырап еңбектеніп келді. 35 жылғы еңбегі сан-саналы, сан қырлы еді. Қолөнердің өзі бірнеше салаға бөлінсе, Дәркембай Шоқпарұлы әмбебап ұста еді. Бір ғажабы ол кісінің атқарған жұмыстары  ұлт мүддесіне қызмет етті. Осы өнерде жүріп тәрбиелеген шәкірттерін  бауыр еті балаларындай көретін еді.  
Дәркембайдың әкесі Шоқпар Ерғожаұлы, оның  тете інісі Алдамберді мен кенже інісі Ахмет ағайынды ұсталар. Екеуі де қол өнерімен Жетісу өңіріне белгілі болған адамдар екен. Осындай өнерлі отбасынан шыққан Дәркембай Шоқпарұлының ұсталығы атадан балаға дарыған қасиет.

Дәркембай ұстаның шәкірттері өте көп болды. Ол әуелі шәкірттерінің шыдамдылығын сынайтын. Жеңіл-желпі шаруаларға жұмсайтын. Ең бірінші құрал-саймандардың атауын дұрыс атауды үйретті. Содан кейін ғана жастарға қолөнер бұйымдарын жасауға рұқсат береді. Ұсталық өнерді, зергерлікті жасына да, кәрісіне де үйрететін. «Ақиқатты білгің келсе, әліппеден баста» демекші, қазақтың киелі қолөнерін ұсталық жолдан бастаған. Қатқан қалыпты,  мардымсыз машықтай, үйреншікті үлгі өнерді өркендетті. Талғампаз талант тарланы Дәркембай қолөнер түрлерін меңгеруді шәкірттеріне көрсетті. Үйрену мен жиренуді тәжірибеден өткізген ұстаздың өзіндік оқыту методикасы болды. Оған дәлел, 1996 жылы туған жері Ақши аулында ашылған «Асыл» атты мектебі. Ол мектепке республиканың әр жерінен келген шәкірттерді тегін оқытады. Дәркембай Шоқпарұлы тылсым тіршіліктің иірімдеріне терең бойлаған, киелі қол-өнер пернелерін дөп басқан азамат еді. Өнері өтімді, іс-әрекеті ғұмырлы болды. 
Дәркембай қазақтың қайталанбас қолөнер иесі, өткен ғасыр өресіндегі ұлттық өнердің жанашыры. Дана Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей Дәркембай шебер Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Сәндік өнер және дизайн» факультетінде «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығында білім беріп, доцент және 2005 жылы профессор атағын алады.

Бүгінде жоғалып бара жатқан ұлттық өнерімізбен айналысып жүрген шеберлер санаулы. Теріден жасалған бұйымдарды халық тұрмысында ерекше бағалаған. Себебі, тері таза өнім. Торсық, күбі, саба, мес сияқты ұлттық ыдыстарымыздың атын білгенімізбен, түрін түстеп айта алмаймыз.

Дәркембай Шоқпарұлының тағы бір шәкірті – Табиғат Төлемісұлы. Тері бұйымдарын насихаттауда елеулі еңбек етіп жүрген Табиғат: «Менің ұстазым Дәркембай Шоқпаров болатын. Ұстазым теріден бұйымдар жасауды үйретті. Теріден жасалған ыдыстар кезінде әр отбасында болған. Кейін жоғалып кетті. Теріден жасалған бұйымдарды ұқыптап, күтіп ұстау керек. Себебі, су тисе шіріп кетеді» – дейді шебердің шәкірті. Дәркембай Шоқпарұлы шәкірттеріне барлық бұйымдардың жасалу технологиясын үйреткеніне дәлел осындай жылы лебіздері болып отыр.

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»  дейтін мақал бар. Дәркембай Шоқпарұлының артынан қалған мұрагері, баласы – Дәулет Дәркембайұлы. Әкенің ізін жалғастырушы, ізбасары және қолөнер шебері. Ол кісінің бойындағы қасиет тынымсыз еңбек болғандықтан, мақсат-мұратына жете білді. Дәулет шебердің жарқын жүзінен жанының жайсаңдығын аңғаруға болады. Аудан, облыс, қалалық, республикалық тіпті, шетелдерге шығып көрме қояды. «Тектінің ұрпағы тек кетпес» тәмсіліне дәлел болып, әке аманатына абыроймен қарап келе жатқан  Дәулет  Дәркембайұлы жақсы дүниелер жасай білді. Талантты өнер туындылары, жасаған бұйымдары осы мұражайдан табылады.

Тұрмысқа беретін қызына «жасау» жасайтын қазақта ырым бар. Мысалы, сандық, орындық сияқты қажетті бұйымдар арнайы тапсырыспен жасалады. Мұражайда ертеректе қолданылған сырлы сандықтарды, кебежені көре аласыз. Абдыраның астына қойылатын жүкаяқ та осында сақталған. Кестелі көрпелер мен жастықтар, қоржын үлгілерін де кездестіресіз.

Дара тұлға Дәркембай Шоқпар- ұлының соңынан өшпейтұғын із қалды. Инемен құдық қазғандай тірнектеп жинаған жәдігерлері, өзінің қолымен өріп, соққан бұйымдары бүгінде еліміздің мұражайларынан орын алып отыр. Алтыннан қымбат тарихи қазынаның бәрі мұражайда сақталады. Дәулет шебермен осы жөнінде сұхбаттасқанымда: «Әке мейірімі мына домбыраға қарап есіме түседі. Бұл домбыраның жасалу тарихы тереңде. Сүйегі алма ағашынан. Мен туған кезде әкем осы ағашты кесіп, қораның бір бұрышына қойып қойған екен. Сондықтан, 1976 жылы деген жазу бар. Мен 1979 жылы 7 жасымда мектепке барар кезімде, осы домбыраны әкем өз қолымен өрнектеп жасаған. Мен 1-сыныпқа барған кезде маған сыйға тартты. Мүмкін, әкемнің ойы болашақта домбырашы болсын, әнші, күйші болсын деген мақсат шығар. Өзім сондай ниетпен жасады деп ойлаймын. Әкемнің жолын қуып, қолөнермен айналысып жүрмін», – деп әкесі әрі ұстазын сағына еске алады. Бұл ұсталықтан ұстаздыққа жеткен ғибратты өнер иесінің сан тарау еңбегінің бір парасы ғана. 

Ұлы ақын Абай Құнанбаев: «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп тегін жырламаған. Көзі тірі болғанда 23 мамыр күні Дәркембай Шоқпарұлы 75 жасқа толар еді. Халқының ыстық ықыласына бөленген Дәркембай шебердің аты өшпейді. Көненің көзіндей жәдігерлерді ұқыптап жинаған мүсінші, ақын, яғни нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғаның болмысы ұрпағының есінде мәңгі сақталады.

Роза АМАНХАНОВА,

режиссер, мәдениеттанушы