ЕЛ АҒАСЫ

Уақыты: 14.06.2021
Оқылды: 1696
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адамның тіршіліктегі әр қадамының сәтті болуы көбіне өзіне байланысты деп ойлаймын. Өйткені табиғат өз жомарттығымен пендеге барлық өмірлік қажеттіліктерді сыйлаған. Өз дара жолыңды сол қасиеттерді дамыту арқылы таңдайсың. Ақылың мен көркем мінезіңді, айналаңа деген жүрек жылуын, адами құндылықтарыңды тегенеңе төкпей-шашпай жинастырғанда ғана өмірің өзің ойлағандай әсем болып шығады. 
Осы тұста  тағы бір жайт еске түседі. Ол – дана Абайдың: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айына бір өзіңнен өзің есеп ал» деген көшелі ойы. Демек, өзіңе сын көзбен қарап, халықтың алдындағы еңбегіңе нақты баға беру – өзіңе кеңес, есеп болатынын ұғыну. Ұлының қалдырған өсиетіне адал, әрдайым құсұйқылы күй кешетін тұлғалардың қатарында осы жазбаның кейіпкеріндей асыл ағалардың бар екенін жасымнан білетіндіктен анық айта аламын.

Жерұйығы Жетісудың киелі бір өңірінде, жыр сүлейлерінің мекені – Жамбыл ауданында дүние есігін ашып, есімі төрткүл әлемге танылған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері арамызда аз емес. Солардың бірегейі ұлттық болмысымызға тән адами ерекше қасиеттерімен танылып жүрген зиялы замандасымыз – Үмбетов Серік Әбікеұлы.
Осы есім ауызға алынғанда көз алдыңа кісілігі мен қарапайымдылығы, сөзі мен жүріс-тұрысы өзгеден ерек, бекзаттығы барша табиғатымен үйлесіп, үндескен құрдастың, достың келбеті келе қалады. Себебі, Секең қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған, жақсы мен жаманның парқына жеткен, ұлттық құндылықтарды биік ұстап, өзіндік дара жолын адаспай таңдаған арда азамат. Оны қалам ұстаған бір інісі «Ғажап адам» десе, ақын ағасы Рафаэль Ниязбек:
...Көктем болып жетсең де құба белге,
Жақсылықтан басқаны мұра көрме.
Күнің өрлеп шыққанда шың басына,
Сәулең түсіп тұратын туған елге.

Айдынында көп жүзген өлең-кеме,
Сол биіктен, ендеше, төмендеме.
Жасың кіші болса да, Серік, сені
Бір асқар тау өзіңді көрем неге?

Дүр дүние сен жайлы сырға қанып,
Қара орманы тербеліп тұр ырғалып.
Жетісу – жеті жұмақ,
Сол жұмақта 
Анаң сені туған-ды нұрға малып. 

...Жақсылығын тас тағдыр бұлдағанда,
Ер қайтеді сертінде тұрмағанда.
Қамал бұзған сардардай буырқанып,
Қиындықты жеңетін тұрған алда,
Алайда өзің секілді азамат аз –
Ұлығы ұры атанған бұл заманда.

Күн туғанда намысқа қайралатын,
Қаға алмай тұр неге әлі Ай қанатын.
Серік мырза!
Ер жоқта арды ойлаған
Тұнығы қашанда елдің шайқалатын.
Азаматтар көп болса,
Жұрт едік-ау, 
Қайыршысы жоқ елге айналатын, – деп төгіпті.
Серік Әбікеұлы Аққайнар ауылында 1950 жылғы 19 маусымда дүниеге келген. Жасынан бауырмал, кішіпейілдік қасиеттерімен, адамгершілігімен, кеңдігімен ауылдастарының ілтипатына бөленген Әбіке балаларын ұлтжандылыққа баулуды басты мұрат санапты. Ата-ананың бұл еңбегі ақталды да.
Жетінші атасы Нұрабай жайлы ел арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер қаншама?! Қарапайым халықтан шыққан Нұрабай жиырма төрт жасында хан сайланып, осы биікте жүріп бітпес даудың, бәтуасыз шудың кесімін әділ айтып, сөз құдіретімен танылады. Серік Әбікеұлы да бабасындай жастайынан имандылықты, мейірмандылықты биік ұстанып, баршаны бірлікке, ағайынды ауызбіршілікке, қауымды татулыққа үндейтін ағалықтың зіл батпан салмағын қайыспай көтеріп жүрді. Оның жеңіл, ауырлығын салмақтап көріңіз. Абырой деген азаматтың азаматына ғана бұйыратын киелі ұғымға ат байлаған Серік Әбікеұлының көсегесінің көгеруі осыдан-ау, сірә.
Еңбек жолын сол кездегі Күрті ауданындағы Тоқаш Бокин атындағы кеңшарда қатардағы жұмысшыдан бастаған ол бойындағы әке қанымен берілген ұйымдастырушылық қабілетінің, адамдармен қарым-қатынастағы алғырлығының арқасында бригадир, ферма меңгерушісі қызметтеріне бірте-бірте жоғарылады. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тамамдап, шаруашылықтың бас зоотехнигі, аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің бастығы, кеңшар директоры сияқты кәсіби шеберлікті, білім мен біліктілікті, ұйымдастырушылық қабілетті қажет ететін қызметтерде қажымас қайраты, сабырлы да салиқалы ақыл-пайымымен өзгелердің назарын аударта білді.
Дау жоқ, өмір дегенің тым күрделі. Қаншама қиындықты жеңуге талпынып жүріп тамшылата тер төгіп, кейде «әттеген-ай» дегізетін күрделі мәселелерге тап болатының ақиқат. Серік құрдасым ондай сәттерде сабырлылық таныта білді. Тұңғиық ойға берілді. Өзінің сана-сезімі мен күш-жігеріне, жүрегінің әміріне, кәсіби біліміне арқа сүйеді. Қанша қиналса да сырт көзге сыр бермеді. Қазір ойлап отырсам, бәзбіреулер ойлағандай ол бүгінгі деңгей-дәрежеге бірден қол жеткізбепті. Талай ұйқысыз түндер мен күндер өтті... Оны өмірге әкелген, ержеткізген әйгілі батырлар мен ақындар мекені десек, оның көсегесін көгерткен де туған жердің киелі топырағы дер едім.
Ұлтының қамын әріден ойлайтын тура билеріміз әз Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке және Абылай хан негізін қалаған әділдіктің ақ жолын ұстанып, оны әлемдік өркениет үлгісімен ұштастыруға ұмтылғаны, сара саясатты қолдағаны да оның ерекше қасиеті. Қай қызметте болсын жоғары және жергілікті басқару органдарына қабілетті, кәсіби ұлттық кадрларды тартып, тәрбиелеуге және олардың халықпен тығыз, қоян-қолтық жұмыс жүргізуіне жағдай жасады. Ел ағасы атанды.
Серік Үмбетов 1992 жылы Күрті ауданының әкімі болып тағайындалғанда қоғам нарықтық қатынасқа енді-енді ғана қадам басқан жауапты тұс болатын. Осы сындарлы шақта қаны мен жанындағы төзім, кеңдік, мәрттік, адалдық, қарапайымдылық қасиеттерді іскерлігімен ұтымды ұштастырған Серік жас ауданның экономикасын өрлеу жолына түсіргені есімде. Еліміз егемендігін алып, өркениет көшіне бет бұрған ұрымтал тұста нарықтық жүйеге тыңнан із салды. Әрине, атпал азаматтың ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Елбасының Жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалып, зор сенімге ие болған жылдардағы жауапты кезеңді де ол басынан өткізді. Қиындықтар тағы да алдан шықты. Бірақ ол сыннан сүрінбеді. 
Әдетте жан тереңдігі мен ақыл-ой кемелдігі адамның жігерін жаниды, еңбегінен ләззат алуына негіз қалайды. Сондықтан болар, тағылымдық тарихы мен дәстүрге бай, экономикасы сан-салалы Алматы облысының бар шаруасын өрге бастыру облыс әкімі еңбегінің өлшемі болды десем, артық айтпағаным.
Басшының алдында үлкен де жауапты міндеттер тұрды. Рухани жаңғыру, түлеу бастауында жаңа өндірістік құрылымдардың пайда болуы, басқару жүйесінің түбегейлі өзгеруі тәрізді жаңа бағыттар оны сын тезіне алды. Ең бастысы, экономиканы құлдыратпай, халықтың өтпелі кезеңдегі тұрмыс-дәрежесінің төмендеуіне жол бермей мәдениет мәйектерін сақтап қалғанын әсте ұмытуға болмайды. Сан салалы соқпақпен сан сыннан сүрінбей өтіп, жаңа сипаттағы білікті басшы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілгені Жетісу жұртшылығының көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты, өтіп жатты...
Жасынан дәрия кеуде, тау мүсін ақылгөй қариялар мен білікті ағаларының көзін көріп, ұлағатты сөзіне құлақ түрген, теңіздей тәлімін бойына сіңірген Серік құрдасым осылайша білікті басшы ретінде ерекше көзге түсті. Сондықтан оған ең жауапты істерге басшылық жасау тапсырылды.
Ойды ой қозғайды. Осы тұста академик Серік Қирабаев інісі жайлы бір сөзінде: «...Қазақ ежелден атпал азаматтарға сенім артқан халық қой. Жалаңаш барып жауға тиген бабалар жолы – асқақ армандар мен ізгі мұраттардан осыны айқын аңғарамыз. Серік Әбікеұлының бойында қиындыққа қасқайып қарсы тұрарлық махамбеттік өрлік пен кенесарылық жанпидалық бар екенін бәріміз білеміз. Бүгінгі қалың әкімдердің арасында Алаш тарихын ардақтап, өткенге салауат айтуда Серіктей іс тындырған әкімді әлі де кезіктірген жоқпын. Қазіргі таңда облыс басқарып жүрген ұлықтар осы Секеңнің жүріп өткен жолын ой сарабынан өткізіп, өздеріне үлгі тұтса қандай жақсы болар еді. Секеңдей азаматтардың арқасында біздер ұлттық рухымызды асқақтатып, айбынымызды асырдық. Нарықтық экономика қараша халықты қос бүйірінен қысқан кезде де ол тарихымызды түгендеп, ұлттық рухымызды оятуға күш салды. Мемлекет – алып механизм. Оның жүрегі – саяси жүйе. Бірақ, жүрек сау болу үшін механизмнің әрбір тетігі мығым болғаны жөн. Біз көп жағдайда жүрек туралы сөз қозғаймыз, жүректі нұрландырар өзге де мыңдаған тетіктердің бар екенін естен шығарамыз. Егер елдің әрбір құрылымы дұрыс жұмыс істесе, жұлын-жүйкесі, қан тамырлары, өзге де ағзалары сау болса, жүрек те тыныш, қалыпты ырғағынан таймақ емес. Бұл – әрбір облыс, аудан, ауыл басшыларының барша саяси һәм әкімшілік құзыреттің өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай орындауына байланысты күрделі іс», – деген екен. 
Иә, академик ағаның сөзіне алып, қосарың жоқ. Терең ой, ағалық ақыл-парасат төгіліп тұрған шынайы лебізі риза қылмай қоймайды.
Талдықорған облысының тарауына байланысты Алматы облысы іріленген сәтте Серік Әбікеұлы Президентіміздің Жарлығымен көршілес Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Жаңатастың жанайқайы елді дүрліктіріп тұрған кезде экономикасы тұралаған облысты басқару, әрине, қиын әрі жауапты еді. Бірақ білікті басшы тағы да тереңнен ойлап, бұл өңірді даңғыл жолға түсіре білді.
Талай әкімді қабылдап, шығарып салған жамбылдықтардың сеніміне ие болу, құрметіне бөлену, ілтипатына ие болу оңай шаруа емес... Экономикалық саясатты сарабдалдықпен жүргізе отырып, әлеуметтік мәселе – халықтың тұрмыс дәрежесін көтеру жолында құсұйқылы күндер мен түндерді басынан өткізді. «Мен әкіммін, бәрін білем, өзім шешем» деп, кеуде қақпады, көкірек көтермеді. Бойына біткен биязылығынан айнымай ақырын жүріп, анық басты. Қарапайымдылықтың өлшемін өрнектеді. Әлі күнге дара жолынан айнымағаны да оның мінезінің көркем, көріктілігінен болар.
Елдің мұрат-мүддесін мұқият зерттеді, өмірден көргені мен түйгені мол, кеудесі дәрия соғыс және еңбек ардагерлерімен, зиялы қауыммен, жастармен жиі кездесіп, кеңінен кеңесті. Сондай кездердің өзім де талай куәсі болдым. Үлкендерден бата алды, алдағы күндеріне аманат арқалады. Бірлесіп бітірер мәселелерді белгіледі. Нарыққа төтеп бере алмаған шаруаның қисынын келтірді. Мәдениет, өнер, білім, әлеуметтік салалардағы келеңсіздіктерді ұрандамай, айқай-шусыз-ақ шешіп, абырой арқалап, алғыс алды. Сондықтан болар, білгір басшыны жамбылдықтар жылы қабылдады. «Үндемейтін Үмбетов» деген көпшіліктің теңеуі, демеуі, бәлкім, осыдан шыққан болар. 
Жасыратыны жоқ, академик аға айтқандай ел дегенде ет-жүрегі елжіреп, иман жолынан айнымаған әкім-қаралар санаулы. Серік Әбікеұлы солардың бірі, бірегейі болды десек, әбден әділ айтқанымыз.
Әкім арқалар жүкті нар да көтере алмайды. Байқасақ, азаматты отырған орны, орынтағы көркейтпейді, керісінше, сол жоғары лауазымды иеленген жанның өзі көркейтетінін өмірдің өзі дәлелдеген. Мәселен, Серік Әбікеұлы 1994 жылдан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, 1996 жылдан Алматы облысының әкімі, 1999 жылдан Жамбыл облысының әкімі болды. Бұдан соң ҚР Ауылшаруашылық министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Іс басқарушысы лауазымдарын абырой биігінде атқарғаны соған нақты дәлел. Мәжіліс депутаты ретінде де халықпен тығыз байланыста болғанын Жетісу жұртшылығы жақсы біледі.
Осылайша қызметтерінде қыруар шаруаның қисынын тауып жүрген айтулы азамат өзі тер төккен жерлерінде өшпес із қалдырды. Оның бәрін тізе берсек, жақсылықтары жарқырай берері сөзсіз. Осы сәтте туған жері Аққайнарға деген перзенттік парызы тіпті ерен. Бүгін елді мекен көркейген, кемеліне келген. Халықтың жағдайы жақсы. Ауыл деген аты болмаса шағын қаладай, сән-салтанаты келіскен.
Серіктің өткен тарихқа тағзым етіп, ұлылыққа ерекше құрмет көрсететінін де айтпай кетсем ағаттық шығар. Жұмысбастылығына қарамастан әулие-әмбиелердің зиратына ат басын бұрып, дұға жасау, тәу етуді ұмытқан емес. Алматы, Жамбыл облыстарында Серік Әбіке- ұлының есімімен тығыз байланысты ескерткіштер, имандылық отаулары, күнге шағылысқан күмбездер ондап саналады. Тарих қойнауында қалған тұлғаларды елімен қайта қауыштыратын, елдігіміз бен ірілігімізді, өркениетімізді танытатын кешендер мен бедерлі белгілер парасаттылықты, жоғары талғампаздықты, бабаларға деген ұрпақ ұлағатын танытса керек-ті. 
Енді сол бабалар тұғырына тоқтала кетсек, Алматы – Астана жолының бойындағы Өтеген – Қазыбек тауына Қазыбек бек Тауасарұлына 1992 жылы алғаш ескерткіш тұрғызып, Ақши ауылының жанында Белағаш әулие күмбезін салдырды. Шилібастаудағы Құртқа тәуіп бейітіне 1993 жылы белгітас қойғызды. Ал, 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданында Бәйдібек баба, Бес ана күмбездерін дүйім елдің көз қуанышына айналдырса, сол жылы Сарыжаз ауылында Райымбек батыр – әулиеге, Ұзынағашта Қарасай батырға, 2006 жылы Қаскелең қаласының шығысында Шапырашты Наурызбай батырға еңселі ескерткіштер орнатып, ауылдың айбары мен абыройын асқақтатуға баға жетпес үлес қосты. Бұл бабалар рухына деген перзенттік махаббат пен азаматтық жауапкершілікті сезіну екені даусыз. 
Сондай-ақ, 1999 жылы Таразда және Жуалы ауданында халқымыздың мақтанышы Бауыржан Момышұлына ескерткіш және бюст орнатса, бір ғана 2000 жылдың өзінде Балқаш ауданындағы Желтораңғы ауылында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа, Қордай ауданында Өтеген батырға, Талас ауылында Көшек батырға ескерткіш қойылды. Ал, 2001 жылы Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданында жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші, Мойынқұм ауданында Қайрат Рысқұлбековтың бюсті салтанатпен ашылды. 
Әлемдік деңгейде аталып өткен Тараздың 2000 жылдығы мерейтойының қазақ халқын төрткүл дүниеге тағы бір қырынан танытқаны белгілі. Осы шараға орайлас 2002 жылы Тараз қаласында Дінмұхамед Қонаевқа, Қойгелді батырға ескерткіш орнатылса, «Тектұрмас» тарихи қорғаны тұрғызылды. Қордай ауданында Кенен Әзірбаевқа, Мерке ауданында Сыпатай батырға, Құлан ауылында Тұрар Рысқұловқа, Талас ауданында Дінмұхамед Қонаевқа, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Зеріп-Сыланды сынды ардақты аналарға «Қос ана» күмбез-кешені бой көтеріп, Серік Әбікеұлының азаматтық тұлғасы жаңа қырынан жарқырай түсті. Ал, Тараздың 2000 жылдық мерейтойында шаһардың қақ ортасында Бәйдібек бабаның ұлы тұлғасын бейнелеген ескерткішті ашу салтанатына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқанын жамбылдықтар мақтанышпен айтады.
Өткен жылдары Тараз қаласында осы Бәйдібек баба ескерткішінің орнына басқасы орнатылғанда көпшілік қауым қарсылық танытқанын да ұмытуға болмас. Соңында Серік замандасымыздың басшылығымен тұрғызылған батыр бабамыздың айбарлы, өткір жанары, ойлы бейнесіндегі ескерткіші тұғыртасқа қайта орнады. Бұл да бір құдірет-ау.
Жалпы ескерткіштердің жобасын мүсінші жасағанмен Секең оны көнекөз қариялардың, зиялы қауымның сынынан өткізіп, соңғы сөзді өзі айтады. Содан болар, алыптар бейнесіне сын айту қиын. Алматы облысын қайта басқарған жылдары Жетісу жерінде тағы да қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Талдықорған қаласындағы Достық үйі, Тіл сарайы, «Жастар» спорт кешені, жыр сүлейі Сүйінбай, күй падишасы Нұрғиса, ақын Сара, баһадүр батыр Қабанбай, үш ата, Ғали Ормановтың мүсіндері, интернационалист жауынгерлерге қойылған ескерткіштер, тағы басқа абыздарға орнатылған еңселі мүсіндер бүгінгі жас ұрпақтың жігерін жанып, бабалар өсиетіне адалдыққа үндеуде. Ал, шаһардың сәулеті мен дәулеті жаңа бір қырынан көрініп, көркейді.
Міне, осылайша, Мемлекет басшысының сындарлы да сарабдал саясатын тиянақты жүзеге асыруға перзенттік үлесін қоса білген парасатты замандасымыз Серік Үмбетовтің тұғырлы тұлғасы үнемі кемелдену үстінде. Шерхан Мұртаза жақсы көрген інісі жайлы «Ер байлығы – ел байлығы» деген сөзінде: «Бізде бәрі бар. Ел байлығы бар, кең-байтақ жер байлығы бар. Елге тұтқа болар ер байлығы бар. Біз секілді Елге ер байлығы аса керек-ақ. Солар мына елді ұстап тұратындар, олар болмаса есең кетеді... Солардың арасында, ел басқарған мықты жігіттердің ішінде мен білетін Серік Үмбетов бар. Үмбетов – аса кішіпейіл, иманжүзді, қадірлі азамат. Екі облысқа әкім болды, халыққа жақын болды. Абыройлы болды», – деген болатын.
Өткен жылдары азаматтың қоғам, өмір, дүние туралы «Ой иірімдері» атты ой-толғам орамдары қалың оқырман жүрегіне жебедей жол тапты. Пәлсапаға толы бұл ғибрат жаны жомарт жанның өмірлік кредосы. Мұндай елі мен жерінің мерейін өсірген парасатты жандардың қатары толыға түссе деген пікір көкейге оралады.
Иә, туған жерге махаббаты оны үнемі жаңа ойларға, жарқын істерге жетелеуден жалықтырмай келеді. Өйткені, тарих – шежіре, жерлестерінің – тұтас бір қауым ұрпағының өткені мен бүгіні ерекше алаңдатады. Содан болар, жақында ғана «Алтын бесік Аққайнарым» деген кітап жарыққа шықты. Рухани қазынаны жерлестері қуана қабылдады. Кітапта Аққайнардың қазығы қағылған сәттен бергі тарихы, жерлестердің ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы кезіндегі бастан кешірген қиындықтары мен жанқиярлық еңбектері айтылған. 
Елінің аманатын арқалаған Серіктің зайыбы Ермекгүл де ана, әже атанып, отбасындағы бірлік пен ынтымаққа ұйытқы болуда. Ермекгүлден бүгінгі жас келіндердің өнеге алуына әбден болады. Қарапайым қалпынан айнымаған Әз-Ананың бойынан қазақ әйелдеріне тән жақсы қасиеттердің иісі аңқиды. Әлі күнге босаға аттаған қонағына қазан көтеріп, құрметпен қарсы алатын қалпынан айнымағанын көргенде отбасының бақыты мен берекесін уысында ұстаған жанға риза болады екенсің. Осы орайда Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ ордендерінің иегері Әбіке мен Ардақты ана Көкен әженің бойындағы асыл қасиеттер Серік пен келінге де дарыған-ау деген ой түйесің.
Мақаланы жазу үстінде мына бір ән жолдары желіге келіп түскені. Оқыдым. Бір қарағанда менің құрдасыма арналғандай.
Алланың алдында ақ ары,
Пенделік деңгейден жоғары,
Көңілі баладай,
Құшағы даладай, 
Кейде бір ағалар болады.
Қайырмасы:
Олардың орыны төр еді
Ойының шыңырау тереңі,
Жәй жүрмей селтеңдеп,
Іні боп елпеңдеп,
Ізінен ергің-ақ келеді, – 
деген жолдарды тыңдап отырып Секеңдей жетпіске келгенде соңынан жетпіс емес, одан да көп, шын мәнінде бір қауым інілерінің ергеніне және «Кейде бір ағалар болады» деп әуезді әнге қосқанына шын қуандым.
Іні демекші, «Jetіsý» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін «Ой иірімдері» кітабы жайлы мақаласында тебірене тілек арнапты:
Эрнест Хемингуэйдің «Мықты жазушы тек жетімдерден шығады» деген ұстанымы бар емес пе?! Эрнекең тірі болса ғой, мықты жазушылар көп балалы отбасынан да шығады деп сөзсіз пікір қосақтар едім. Біздің Серік аға да базарлы да думанды көп бабалы шаңырақта тәрбиеленген. «Отбасындағы он баланың үні де шықпайтын. Бірі мектепке барса, бірі келіп үйдің ұсақ-түйек шаруасына араласады. Мал жайғайды. Үлкеннің кішіге қамқорлығы, бауырмалдық қасиеттер сол кезде санамда қылаң берген-ау енді қарасам» деп сағыныш шуағына малына еске түсірер Серік Әбікеұлына өз тарапымнан Қаламгер атаулыға да аса қажетті аңғарымпаздық, толғампаздық, талғампаздық, ақ көйлек адалдық, сергектік, сұңғылалық секілді сүт қасиеттер де дәл сол балдырғандар үнімен ақ таңды берекелі қарсы алар шаттыққа толы шаңырақта түзіліпті ғой, деген інілік ілтипатымды үлкен ізетпен білдірер едім! Қазыналы кітабыңыз қазағымыздың кәдесіне асып, келешек шырайлы шығармаларыңызға ақжолтай болғай!
Адамгершіліктің өлшемінен аттамаған Серік Әбікеұлының бар бітім-болмысына бойлау қиын. Арқадағы Астанадан хабарласқанда дауысынан ауылдың тыныс-тіршілігі, сыныптастары жайлы сағынышын аңғарамын. Құрдастықпен қалжыңдасатынымыз да бар. Оның көңілімді көтергісі келетінін ұғамын. Алмағайып шақта мұндай жаныңа жақын жанның болғаны да бір ғанибет. Жылы сөзді де бұлдайтын кез ғой қазір.
Отбасында Құралай, Дәурен, Әлия, Надира тәрізді ұл-қыздары жоғары білім алып, өз алдына шаңырақ көтерген, өсіп, өніп, ұрпақ өсірген жандар. Дәурен тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі мен ел қауіпсіздігінің қырағы күзетшісі, полковник шеніндегі арда азамат. Әкеден дарыған адамдықты бойына сіңірген тұлға екенін дәлелдеп, тек жақсылықтарымен қуантып жүр.
Бүгінде Әбіке ата ұрпақтары – Мұхит, Ғабиттің Аққайнардың сән-салтанаты мен көркіне қосып жүрген үлестерін жоғарыда айтып өттім. Мұның өзі жеке бір әңгімеге арқау болатындай. Бақыты шалқыған шаңырақта немерелер мен шөберелер бабалар дәстүріне лайық өркендеп, өсуде. Бұған, әрине, қуанасың.
Адамгершілік пен адамдықтың өлшемін құрдасым Үмбетовпен өлшесек, әлбетте, адаспаймыз. Туған жерге ту тіккен осындай атпал азаматтардай жерін, елін сүйгендердің қатары көбейе берсін!

Күмісжан Байжан,
ҚР Мәдениет қайраткері