ДАЛАНЫҢ ДАРА ПЕРЗЕНТІ

Уақыты: 21.06.2021
Оқылды: 1471
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Көзі тірісінде “Дала академигі” атанып, елінің абырой, атағын аспанға көтерген алып тұлға Нұрмолда Алдабергеновтің халқына көрсеткен қызметі қыруар. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында омырауына қос «Алтын Жұлдыз» тақты, қазақтың белгілі ақын, жазушыларымен, қоғам қайраткерлерімен үзеңгілес дос-жаран болды. Өмірі де өте күрделі. Алды-артынан сүйейтін тіреуі болмаса да ауыл баласы атқа қонып, елдің игілігіне айналған сан шаруаның басын қайырды. Жалпы, болашақ ұрпақ үшін есте қалуға лайықты жан. Ол туралы осы күнге дейін талай-талай кітап, мақала, еске алулар жазылды. Ал бүгінгі күн тұрғысанан жұрт біле жүруге тиісті, жастар үлгі-өнеге алуға керекті бірнеше түйінге арнайы тоқталғанды жөн көрдік.

Асылдың сынығы

Қазақ ежелден табиғаты таза халық. Ол бір жағынан өскен жер, жасаған ортасына байланысты болса, екіншіден бабалар тағылымын санасына сіңіріп, бойына жиған дарқандығымен де еншілесіп жатады. Сондықтан да елдің жүгін атанша арқалайтын, қайырымдылықты қасиет деп білетін, өзінен бұрын өзгенің қиындығына үйіріліп тұратын ізгіліктер күні бүгінге дейін қан тамырымызда бұлқынып жатыр. Әулиелеріміз мол, ерлеріміз егей, елдігіміздің ерен болатындығы да осыған саяды. Нұрмолда Алдабергенов, міне, осындай батыр да әулие бабаларымыздың асыл қасиетін бойына жиған даланың дара перзенті. Бұл жайлы біз тілдескен Көксу ауданының Құрметті азаматы Болат Қисметов ағамыз былай баяндады:

- Халқымызда: “Атаңды ер деп білсең - ерлігінің жолын қу” деген нақыл сөз бар. Бабамыз Балпық би өз кезіндегі егейлердің бірі, елінің қамын жеген қормалы, жұрттың келешегін ойлаған кемел жан болғанын мақтаныш етеміз. Кемтігі толығып, бабамыздың ұлы қасиеттерінің бағасы әлі де биіктен беріле береріне сенімдімін. Осы ретте айтарым, бабамыздың қазыналы ақылын, халқының қамын жеген қайырымдылығын, көш бастаған қабілет-қадірін күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан тұлғалар аз емес. Ең алдымен, Балпық бидің тұңғышы Тіленші би еске түседі. Ал Тіленшіұлы Бойғозы Шоқан Уәлихановтармен пікірлес болған кісі. Бойғозыұлы Оспанның да атағы жеті жұртқа жеткен батыл да батыр кісі болыпты. Ал Балпық бидің інісі Шінеттен тарайтын ұрпақтардан да ел құрметіне бөленген адамдар аз болмады. Соның бірі екі мәрте Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов. Бірде Дінмұхамед Қонаев үлкен мінберде:

- Дала данышпандарының сарқытындай болған асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Нұрмолда Алдабергенов ертегі кейіпкері емес, “Дала академигі, - деп берген бағасы бүгінде көптің есінен кеткен жоқ. Мұқыры ауылындағы Нұромолда Алдабергенов ескерткішінің алдында «Ескелді, Балпық аруағы қолдасын, сонда сен Нұрмолдадай боласың!» деген жазу бар. Күн сайын осы маңнан ары-бері өтетін адамдар өнегеге толы осынау ыстық тілекті оқығанда жүректері жібіп аттанады. Кезінде академик жазушы Сәбит Мұқанов: “Жалайырда Ескелді, Балпық, Қабылиса үш әулие өткен төртіншісі Нұрмолда Алдабергенов”, - деп атамыздың арқасынан қағады екен. Қысқасы Нұрмолда атамыз әулиелер салған сара жолды жалғастырушы, солардың ұлы қасиеттерін бойына жиған киелі адам.

Әкем Жұмахан Қисметов Нұрмолда атамның замандасы, жақын серігі болды. Нұрмолда атамызбен бірге біраз жыл жұмыс істеді. Кейін Көкбастау ұжымшарын басқарды. Бала күнімде Нұрмолда атамды бірнеше рет көрдім. Бірде Нұрмолда ата біздің үйдің есігін айқара ашып:

- Жұмахан, кеше түнде Балпық атам түсіме кіріп: “Нұрмолда ары өтіп, бері өтіп жүріп қара шаңырақты ұмытып кеттің” деп жатыр екен. Соған сенің үйіңе әдеиі келдім, - деп кіріп келе жатқаны осы күні көз алдымда тұрады. Біздің үй Балпық әулетінің қара шаңырағы саналады. Сосын әкем екеуі бастаудың басына барып, жуынып, аталардың аруағы алдындағы перзенттік борышын өтеп қайтты. Атамыздың қатал да қатаң Кеңес одағы кезінде де киені ие тұтып жүргеніне осылай куә болып едім.

Негізі Нұрмолда атамыз кіші әкем Жапарқұл Қисметовпен өмірі еншілес болды. Жас кезінде бірге мал бағып, тіршілік қамымен жүрсе, азамат тұсында Нұрмолда атам, Жапарқұл әкем және Тәтібек Жетпісбаев үшеуі Түрксіб теміржолының құрылысына атсалысқан азаматтар. Түрксіб теміржолы түйіскен Айнабұлақ стансысында 1930 жылы 28 сәуірде үлкен жиналыс өтеді. Салтанатты жиынға арнайы келген Тұрар Рысқұлов Нұрмолда атамыздың бойындағы қасиетін танып, ықыласын білдіріп, болашағына сәт-сапар тілеген екен. Осы кездесу Нұрмолда атамыздың өміріне ерекше әсер етіпті. Өсіп-өнген туған жерге деген ықыласын оятып, махаббатын күшейте түсті.

Қысқасы, Нұрмолда атамыз кешегі асылдардың сарқыты, тұлпарлардың тұяғы. Әулиелерді пір тұтып, аталардың аруағын ардақтаған адам. Сондықтан да ол кісіге таудай байлық емес, бармақтай бақ қонды. Өз дәуірінің әулиесі болып тарихқа қатталды, - деп түйді ойын.

Айта кетерелігі, Кеңес одағы тұсында бұрынғы Талдықорған облысынан 120 адам Еңбек Ері атағына ұсынылыпты. Оның ішінде Нұрмолда атамыз бен Николой Головацкий бұл атақты екі рет алыпты. Ал Нұрмолда атамыз үшінші рет ұсынылғанда белгілі себептермен берілмеген екен. Бірақ бүінгі таңда аты елдің аузынан түспей, жақсылығы жалпақ жұртқа аңыз боп тараған, қасиетіне тәу етіп, қадірі қастерленіп жүргендердің бірі де, бірегейі Нұрмолда Алдабергенов. Бұл әулие бабалардан қанмен берілетін ұлы қасиеттің қадірі.

Ғибраты мол ғұмыр

Нұрмолда Алдабергенов 1906 жылдың қазан мен қараша айының өларасында «Сарыбұлақ» кеншарына қарасты Қарағаш деген ауылда кедей шаруа отбасында дүниеге келеді. Жеті жасынан күнкөрістің қамы үшін әркімнің малын бақты. 1928 жылы Түрксіб теміржолын салу жұмысына қатысады. Теміржол құрылысы біткен соң жаңадан бой көтерген “Жаңа талап” ұжымшарына мүше болып кіреді. Теміржолда құрыш болаттай шыңдалып келген Нұрмолда еңбексүйгіштігі, қайраттылығы, елге қамқорлығының арқасында 1936 жылы ұжымшардың тізгінін ұстайды. 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы оны бейбіт еңбектен біраз уақыт қол үздірді. Отан үшін от кешкен сол отты жылдарда басынан сан қиындық өтіп, өміріне қатер төнген сан сынақты жеңе жүріп, ауылға аман-есен оралды. Соғыс кезінде шаруашылығы тұралап, ел күйзелген ұжымшар тізгінін қайтадан қолға алып, ауыл адамдарының әлеуметтік-мәдени жағдайын көтеруге, рухани көңіл-күйін өсіруге баса көңіл бөлді. Сол адал еңбектің арқасында ұжымшар  өркендеп, егіс көлемі артып, мал басы өсті. Құрылыс барған сайын қарқын алды. Бүкіл Одаққа танылды. Осындай еңбектің нәтижесінде атамыз 1948 жылы “Жаңаталап” ұжымшары атынан Еңбек Ері атағына бірінші рет ие болды. Арада біраз уақыт өткен соң 1950 жылы «Қызылту», «Жаңаталап», «Жаңалық» деген үш ауыл қосылып, Сталин атындағы ұжымшар құрылады. Ауылшаруашылығы саласының шебер көшбасшысы атанған Нұрекеңді сол ірілендірілген ұжымшардың басшысына тағайындайды. Осы ұжымшарды басқарған 11 жыл ішінде халық аузында Шұбар деп аталатын елді мекенді гүлдендіріп, қалаға айналдырды. Сол еңбегі үшін 1958 жылы екінші рет Еңбек Ері атағын алды. Өз кезінде Жетісудың осынау кішігірім ұжымшарына алыс-жақын шетелден, одан бері Одақ көлемінен ат ізін салмаған адам қалмады.

Бірақ қызыл көз қызғаныш та жағалап қоймады. 1960 жылы Кеңес Одағын Хрушев, Қазақстанды Юсупов басқарып тұрғанда сынықтан сылтау тауып, Нұрмолда Алдабергеновті жұмысынан алған жағдай да болды. Ақыры Юсупов мінберден құлағаннан кейін Қазақстанды басқару Дінмұхамед Қонаевқа тиіп, Мұқыры ұжымшарына бастық қылып тағайындады. Ауылды бір жарым жыл басқарып, бағын ашты. Сол топыраққа табаны тиген соң араға екі жыл салып мәңгілік мекенге аттанды.

Жалпы, Нұрмолда Алдабергеновтің өмірін осылай қысқа ғана қайыруға болады. Бірақ ол кісінің болмысы, жан тазалығы таңды- таңға жалғап айтатын ұзақ әңгімелерге арқау болып келеді. Атамыздың сондай ұлылығының бір парасын Жекен Жетпісбаев ағамыз айтып берді:

- Ел арасында “Бата алсаң Андастан, кем болмайсың мал-бастан” деген нақыл бар. Андас өз кезінде ел басқарған би, қол бастаған батыр болған кісі. Өнген, өскен ру. Нұрекең сол Андастан тарайтын ұрпақ. Маңдайына жазғаны шығар, әкем Тәти Жетпісбаев, інісі Тәтібек, Нұрекең соғысқа бірге аттанды. Әкем соғыстан қайтпай қалды. Тәтібек ағаның жараланбаған жері жоқ, бір аяғын беріп келді. Ал Нұрекең аман-сау оралып, елдің қалауымен жаңадан құрылған “Жаңаталап” ұжымшарына басшылыққа келді. Ал Тәтібек ағам бас агроном болып жұмыс атқарды.

Менің бір риза болатыным - сол ағалардың ортасындағы қыл өтпейтін сыйластығы. Өмірде неше түрлі жағдай болады ғой. Бірақ сол кісілердің бір біріне қабақ шытып, өкпе артып, араздасып қалғанын көрген жоқпын. Атаққа таласып, абыройын төккен жоқ. Мен көп еңбек еттім деп бәсеке таласпады. 1948 жылы қызылшамен даңқы шыққан “Жаңаталап” ұжымшарының еңбекшілеріне Социалистік Еңбек Ері атағы беріле бастады. Нұрағаң, Тәтібек аға бастаған 15 адам осы жылы аталған мәртебелі атаққа ие болды. Бұл сол тұстағы Қазақстанның басқа өңірінде орын алмаған ерекше жағдай еді. Соның бәрі бір-біріне жол берген сыйластықтың нәтижесі, ауызбіршіліктің арқасы. Егер бірінің етегінен бірі тартып жатса бар мүмкіндіктен құры қалар еді. Ондай жағдай сол кездегі басқа жерлерде болды, естідік, көрдік. Ағаларымыздың осы қасиеті бүгінгі күндегі шырт етсе сыртын беріп шыға келетін жағымсыз жағдайға тәрбие болуы керек.

Нұрмолда ағаның тағы бір әулиелігі – ешкімді алаламайтындығы. Соғыстан кейін ауылға шешендер, кәрістер, поляктар ағылып келді. Соларға барынша қол ұшын беріп, ауыл халқынан бауырына басуын өтінді. Барлығын үймен қамтамасыз етіп, бір атаның баласындай күн кешті. Дарындыларын қатарына алып, ауылды көркейту ісіне белсене араластырды. Кейін олар ата мекендеріне көшуіне рұқсат алғанда Нұрекең бастаған шұбарлықтар бір күн ауылдың барлық шаруасын тоқтатып, ауылдастарды ұйымдастырып, жоғарыдан бірнеше вагон сұрап алып, қазақы жол-жосынмен аттандыру шайын беріп, жолға салды. Осындай кеңпейілділікке риза болған талай адамның көз жасын сығымдап, ағаларымызға алғысын айтып аттанғанын өз көзімізбен көрдік. Олардың ұрпақтары Нұрмолда атамыздың осы жақсылығын күні бүгінге дейін жыр ғып айтады.

Нұрекең кішкентай балаларды қатты жақсы көретін. Елмен тіл таба білетін оның ішкі жандүние, ой-санасы мүлдем бөлек еді. Ол кісі “Жолың болғыр”, “Жарқыным-ау”, “шырағым”, “қарағым”, “бәрекелді”, “саған емес, сөзіңе сендім” деген сөздерді жиі қолданатын. Солайша әр адамды жақын тартып, жанына үйіріп алатын. Нұрекеңнен үйренер жақсы дүниенің бірі осы. Жастарды бір жағынан, балаларды спортқа қызықтырса, екіншіден, қоғамды түзу жолға салуды көздейтін.

Нұрекең қиындықты елемейтін, қысымды көтере білетін адам еді. Қайырымдылығы мен мейірмандылығы басым болатын. Сондай-ақ, жас мамандарды тәрбиелеу ісіне ерекше ден қойды. Бірде ауылға жоғары білімді инженер керек деп болашағы бар-ау деген жастарды шетімізден қалаға аттандырды. Нұрмолда атаның шәкірті болу да үлкен мәртебе. Сондықтан да ешқашан өтірік айтып, мансапқа, байлыққа қызыққан емеспін. Нұрмолда аға ауылға «ГАЗ-51» жүк көлігін алдырды. Оның біреуінің тізгінін маған ұстатты. Қуанышымда шек болған жоқ. Дегенмен де артылған міндет өте ауыр. Малшыларды қыстауға тасу, көмір әкелу маған жүктелді. Бірақ мойынға алған міндетті абыроймен атқардым. Ол кісі ешкімнің ақысын жемейтін, қолы ашық адам еді. Ұнаған болуым керек, оның үстіне еңбегімнің өтеуі ретінде «Победа М-72» тізгінін ұстатты. Сол автокөлікпен ағаға жүргізуші бола жүріп, талай игілікті шараның куәсі болдым.

Тағы бір айта кетерлігі, Нұрағаңның қазақтың маңдайына біткен талантты ұл-қыздарымен тонның ішкі бауындай араласатындығы. Әдетте, таң азаннан қара кешке дейін ауыл жұмысынан қолы босамай жүретін Нұрағаң Алматыда өтетін жиналыстарға жиі шақырылатын. Сол жиналыстарда немесе жұмыс бабымен Алматыға бара қалғанда Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтпаев, тағы басқа ірі тұлғалар жылы қарсы алып, қонақ етіп аттандыратын. Дінмұхамед Қонаевқа кез келген уақытта кіріп, ұсынысын айтып, жұмысын реттеп шығатын. Нұрағаң данамен данаша, баламен балаша сөйлесе білетін.         Әйтсе де мен оқуда жүргенде бұл кісі қызметінен босады. Жазғы демалысқа шыға сала ауылға келіп, бірден ағаның үйіне сәлем бере бардым. Нұрмолда аға қуанып қалды. «Демалысқа келсең көлікті қыздыр, Алматыға барып келейік» деді. Жолда Малайсары баурайында жатқан әке-шешесінің бейітіне тоқтап Құран бағыштады. Кеш батпай алып шаһарға жеттік. Алдымен Сәбит Мұқановтың шаңырағына жайғастық. Одан өтіп геолог ғалым Қаныш Сәтпаевпен жолықты. Ол кісі ағаға басу айтып, кейін бәрі орнына келетініне сендірді. Ең бастысы, халық сіздің жағыңызда деп түбі ақиқаттың қол бұлғайтынын да түсіндірді.

Сол жолы Қаныш Сәтпаев Алматы қаласының Медеу жағындағы бір демалыс орынында ағаға арнап бір тайды сойып, көл-көсір қонақ етті. Қаныш Сәтпаевтің Нұрағаң қызметтен алынған тұста, тіпті ертең ағаны қызметтен босатуға белсене кіріскен Юсупов естісе, қырын қарап қалар деп именбей-ақ, осындай достық танытқаны да көпке үлгі болар дүниенің бірі, - дейді Жекен ағамыз.

Әрине, бұл бір жағынан Қаныш Сәтпаевтің қонақжайлығын білдірсе, екінші сол тұстағы тұлғалардың Нұрағаңды тек еңбектегі ерен ерлігін емес, таза адами қасиетін сыйлайтындығын ұғындырады.

  Адымдап жүріп ауылды жобалаған

Нұрмолда Алдабергеновқе Тәңірдің өзі ерекше күш-қуат берген болуы керек, күндіз-түні бір тыным таппады деседі көргендер. Нұрағаңның сол ерен еңбегін бүгінде Шұбар ұжымшарында 20 жылдай басшының орынбасары, 12 жыл Шұбар ауылының әкімі болған Төлеген Мүсәпіров ағамыз айтып берді.

- Нұрмолда ағамыз он бір жылдың ішінде бүгінде Шұбар деп аталатын шаруашылықтың тасын өрге домалатты. Көше бойына қалай болса солай салына салған соқпа жер тамдардың орнына жаңа, еңселі шатырлы үйлер салуды ұйымдастырды. Ол үшін ауылдың бас жобасын өз қолымен сызды. Көшелер, ғимараттар, бау-бақша түгелімен сол жобада қамтылды. Қазір ойлап отырсақ, ол кісі жақсы сәулетші, білгір құрылысшы болған екен. Үй мен үйдің арасын өзі адымдап өлшеп шығады екен. Тіпті қай жылы қанша еңбеккердің еңселі үй салуы керектігі де жоспарланған. Арнайы құрылыс бригадалары да құрылыпты. Қаражаты бар отбасыларға құрылыс материалдарын тауып берсе, қолы қысқаларға ұжымшар қорынан несие бергізді. Осы тәртіппен жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беріп, ауылдың келбеті жаңарды. Бұған қоса елді мекендерге бау-бақша егу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Сонау шет жақтан жеміс ағаштарының көшеттерін таңдап әкеліп, үйді-үйге үлестіртті. Ауылды толықтай жасыл желекке айналуына тікелей ықпал етті. Үйлерді салумен қатар электр стансысы, сауын сиыр фермасы, мал қоралары, астық қамбасы, екіқабатты орта мектеп, жиырма бес төсектік емхана, дәріхана, балабақша, сәбилер үйі, әр бригадада клуб, наубайхана және т.б. құрылыстарды жүргізді. Бұлардың барлығы ұжымшар табысының есебінен салынды, - дейді ағамыз.

Ал Болат Қисметов ағамыз Нұрмолда атамыздың Мұқыры ауылын қалай көтергенін былай еске алды:

- 1967 жылы облыс деңгейінде шабандар тойы болды. Ол менің мектепті бітірген кезім. Сол тойда Нұрмолда атамның мінберде тұрып:

- Ағайындар, міне, бір жарым жылда Карл Маркс ұжымшарын (Бүгінгі Мұқыры ауылы) аяғына тік тұрғыздым. Көрсеткішіміз Шұбар ауылына жетті. Аманшылық болса, енді бір-екі жылда Шұбарды басып озатын боламын, - деп сөйлеп тұрған бейнесі көз алдымда сақталып қалыпты.

Өкініштісі, атамыз ол күнді көре алмады. Сол жылы қараша айының 17 жұлдызында дүниеден озды. Бірақ ауылдастар арасындағы берекесіздікті шектеп, бауырмалдықты бекемдеді. Сол тұста жұрт нарық дегеннің не екенін білмей тұрған кезде Мұқырыға қауын-қарбыз ектіріп, оны Ресейдің солтүстік өңірлеріне сатып, түскен қаражатқа сол жақтан ағаш материалдарын алдырып, Мұқыры ауылының экономикасын көтерді. Мұқыры алғаш құрылғанда құрылыстары шашыраңқы, ретсіз, күрежолдың екі жағына жарыла орналасқан ұжымшар екен. Нұрмолда атамыз жұмыс тізгінін алғаннан кейін, елдің қауіпсіздігі үшін ең алдымен жолдың шығыс жағындағы үйлерді тұтас батыс жағына көшіріп, бір жаздың өзінде 240-тан астам үй тұрғызып, елді қоныстандырады. Қарқынды құрылыс жұмысымен қатар қант қызылшасын өсіруді босаңсытпады. Нұрағаның басшылығымен салынған әлеуметтік нысандар әлі де көпке қызмет көрсетіп келеді. Мұқыры ауылын бір жарым жылда жұрт танымастай етіп өзгертіп, кемелденуіне жол салып кетті, - дейді.

Қарымды қаламгер Құттыбек Баяндиннің «Нартұлға» романындағы Нұрекеңнің «Ауырсам ажалдан қорықпаймын, ауыл бөлек-бөлек болып кете ме деп уайымдаймын» деген бірауыз сөзі елге деген сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі іспетті. Расында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шаруасы шалқыған, атағы Кеңес Одағына жайылған Шұбар ауылына да оңай тиген жоқ. Нұрмолда аталарымыз тұрғызған келбетті ғимараттар ескірді. Ел еңсесін жиып, жаңаруға бет алған бүгінгі таңда сол бүлінген, тозған үйлер қайта жөнделіп еңсесі биіктей түсті. Бірақ, Шұбар, Мұқыры ауылындағы сол Нұрмолда атамыз адымдап жүріп жасаған жоспарына әлі күнге дейін ешқандай өзгеріс енбеген. Қазіргі озық өлшеу аспабымен тексергенде де үйлердің шегарасы, жолдардың өлшемі дәлме-дәл шығып отырған. Қысқасы, Шұбар ауылы Нұрмолда атамыз жасаған жобадан ауытқмаған. Осыған қарап-ақ,  әулие деп танымасқа бола ма?

Сондай-ақ, Шұбар ауылындағы әр үй ауласының кеңдігімен ерекше танымал. Нұрмолда атамыз өз кезінде бір үйге 25 сотыктан жер телімін бөлген. Бұл мәрттіктің белгісі. Мұндай жағдайды дүние жүзін шарласаң да кездестірмейсің. Сол аулалар бүгінде шеттен келіп, осы ауылға қоныстанған қандастардың көкөніс өсіріп, бордақылау орнын салып, отбасын асырауға көп көмек болуда. Нұрмолда атамыз өз ауылдастарына ғана емес, шетке кеткен қазақтың бүгінгі ұрпақтарына азық болар мүмкіндікті осыдан жарты ғасыр бұрын жобалап кеткен десем артық болмайтын шығар. Бұл да көрегендіктің белгісі емес пе? “Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді” деген сөз бар. Бұл ауылдан әлі талай дарын шығады. Олар бала күнінде азық болған жағдайды жасап кеткен Нұрмолда атамыздың аруағына мәңгі тәу етіп жүретіні анық.

Түйін:

Бұған дейін де Нұрмолда атамыз жайлы талай кітап жазылып, өмірі мен еңбегі көптеген мақалаға арқау болды. Әлі де жазыла береді. Өйткені, ол кісінің елге жасаған игілікті ісі әр дәуірде өзінің өміршеңдігімен ерекшеленіп отырады. Бұл мақалада шама-шарқымызша атамыздың ізгі қасиеттерін жинақтауға тырыстық. Десе де, ел үшін еңбек еткен осынау ерен тұлғаның облыс орталығы Талдықорған қаласында бір еңселі ескерткіші болмауы кейде жанды жүдетеді. Атамыз жолын қуған Үш атаның, Нұрекеңді қатты құрметтеген Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіштерінің қатарында Нұрмолда атамыздың да асқақ бейнесі аспанға бой созып тұрса қаламыздың қадірі мен сәнін арттыра түсер еді. Бұл көптің арманы мен үміті. Бұл арман да орындалатын шығар.

Қажет АНДАС