"ТӘТЕ" ДЕЙТІН ЖАҚСЫ ІНІМ

Уақыты: 30.06.2021
Оқылды: 1305
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тіршіліктің қарбалас кездері адамды бір-біріне таныс-біліс етіп, жақсы қарым-қатынасқа бастайды. Жасы үлкенді аға тұтасың, мейіріміне бөленесің. Өзіңнен кіші болса үлкендігіңді білдіріп, өмірден бар түйгеніңді айтып, қамқор боласың. Ойлап қарасам, бұл «Адамның күні – адаммен» деген қағидаға ұласады екен. 


Дәрігер Сертайды сонау 1986 жылдан білемін. Тісім мазалаған сәтте алдына баруыма тура келді. Дәрігерге бармас бұрын «Тісті кім жақсы емдейді?» деп әріптестерімнен сұрадым. «Онда Сертай мен Балқияға барыңыз» деді марқұм Әлімжан. Жағымды ұстап, тәуекел деп бардым. Күні-түні зар қақсатқан сол тісімді кабинетке «тастап» шықтым-ау. Міне, содан бері оны жақсы білемін. Мен оған «тәте», ол маған «іні» болып сыйластық. 

Өткен жылдары халық айтпай келген індеттен әбігерге түсті. Талай адам өмірден өтіп, жағымсыз хабарлар жетіп жатты. Десек те дәрігерлер қырағылық танытты.   

Сертай Сейфуллаұлы да ұжымдағы әріптестерімен кенеттен келген коронавирус дертінен жерлестерін құтқаруға күш салды. Кәсіби білімі сынға түсті. Бірақ, азамат өз дертіне шипа бола алмады. Өкінішті өмір деген осы.  

Бірге тумасақ та бірге туғандай сыйласқан жақсы інім Сертай еңбегінің зейнетін көріп, немерелеріне қамқор әке болуды армандаушы еді. Екі сөзінің бірін ұлы Алмастың қос ұлының қаз тұрғанынан бастап, тілі шыққан сәтін мәз-мейрам болып әңгімелейтін. 

– Ой,  тәте, немере ыстық екен. Олармен бірге бала  кезімді еске  алып, ойнаймын, – дейтін ақкөңіл азамат. 

Зайыбы  Салтанаттың мамандығы дәрігер. Олар жарасымды жұп, ойлары да, бойлары да келіскен. Әсіресе Сертай жарын еркелетіп, атын да атамаушы еді. Ал анасына деген құрметі қандай! «Анам түскі асты дайындап, мені тосып отырады. Менің  анамдай ас мәзірін дәмді дайындайтын адам жоқ», – дейтін. 
Отбасындағы ынтымақтың ұйытқысы жасы сексеннен асқан анамыз нағыз берекелі, жүрегі жылы жан. Жасының келгеніне қарамастан үй құстарын ұстады. Бақшаға көкөніс отырғызып, таза өнімді балалары мен немерелері тұтынды. 

Сертайға жасы келген анасының мұндай тірлікпен айналысуы қиын екенін ескерткенім бар. 

– Тәте, мамаға осы тірлігі ұнайды. Бір жағынан, көңілі бөлінеді. Қозғалыс адам денсаулығына пайдалы. Анам маған: «Сертай, мен болмасам саған асты кім әзірлейді?» деп қояды. Салтанат та жұмыста. Шынында анам болмаса таңғы, түскі, кешкі астың дәмін кіргізіп, кім дайындайды? – деп күлетін. «Анасы бар адамдар қартаймайды» деген сөздің жаны бар екеніне інімнің осы әңгімесінен кейін көз жеткізетінмін. 

Арамыздағы жақсы сыйластық тәте, іні ретінде жалғасты. Дәрігерлердің сөзімен айтсам, жас келгенде адамды жиі мазалайтын «иттер» көбейеді. Сондай сәттерде Сертай жанымнан табылды. Өзінің орынбасары, білікті дәрігер Айжан Әбдінәбиева мен терапевт Нәзира Жолдасбайқызымен кеңесіп, шұғыл ем-шара жасайтын. Ондайда қан қысымым көтеріліп, дегбірім қашқаны басылатын. Ұжымның өз мамандықтарына берілген білікті дәрігерлерден құралғандығына көзім жететін.

Сонау жылдары Алматыдағы аурухананың алдына «Аурудың алдына түссең, алып тынады» деген көркем етіп жазылған сөз жадымнан шыққан емес. Рас-ау деп ойладым. Бүгінде жаным қиналғанда сол сөзді еске аламын. Дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындайтыным, саламатты өмір салтын ұстануым содан шығар. 

Иә, бірді айтып, бірге кеттім-ау, шамасы. Айтпағым, марқұм Сертай Сағиев жайлы еді. Мына тіршіліктегі сыйластығымыз жарасым тауып, сырт көз қызығарлықтай еді. Сол кездері өмірдің өкінішті тұстары да болады-ау деп кім ойлаған? 

Әлемді әбігерге салған коронавирус елімізге аяқ- астынан келді емес пе? Аудандағы екі аурухананың дәрігерлері жұқпалы аурумен бетпе-бет келді. Карантин жарияланып, дәрігерлер мен медбикелер айлап отбасын көрмей, сырқаттардың өмірі үшін арпалысты. 

– Ауруханаға келмеңіз. Карантин. Ауру жұқтыруыңыз мүмкін, тәте. Дәріңізді қабылдап, үйде болыңыз, – деген дәрігерлердің  кеңесіне құлақ түрдік. Күндер өтіп жатты. Қонақжай халқымыз есіктерін жауып, адамдар бір-біріне үрке қарайтын жағдай туды.

– Сертай Сейфуллаұлы ауруханада болады. Науқас көп. Бәрі  аман-есен сауықса екен, – деген Айжан қыздың сөзінен бәрінің көзге көрінбейтін «жаумен» алысып жүргендерін біліп жүрдім. Енді бірде «Бас дәрігердің өзі дертті жұқтырып алды. Ем қабылдап жатыр» дегенді естідім. Дереу хабарластым. Трубканы көтерген ол: «Тәте, мне очень плохо», – деді. 

Ол кейде орыс тілінде сөйлейтін. Өйткені, Шығыста кіндік қаны тамған. Дауысы бәсең. Сонда да жаман ойламадым. Денсаулығы мығым, спортпен шұғылданатын азаматтың бұл індеттен сауығып кететініне кәміл сендім. Кейін қайта хабарласқанымда телефонын көтермеді. Сол күннен бері оның номері сол үнсіз қалпында қалды...

Ақ халатты абзал жан Сертай Сейфуллаұлы Сағиев 1957 жылдың 28 қазанында дүниеге келген. Орта мектепті 1975 жылы бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне түседі. Жолдамамен Қарғалы ауруханасында тіс дәрігері болып еңбек жолын бастап, 1981-1986 жылдары тіс дәрігері, Ұзынағаштағы орталық аудандық ауруханада стоматология бөлімінің меңгерушісі ретінде аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп, тәжірибесін толықтырды. Ал, 1991 жылдан Жамбыл аудандық тіс емханасының бас дәрігері болып тағайындалды. 

Заман ағымына орай 1997 жылы осы мекемені жекешелендіру үшін тендер жарияланды. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де шығасың» демекші, осы арада Сертай Сейфуллаұлы зайыбы Салтанат екеуі «Алмас-мед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, емдеу орталығы жұмысын бастайды. Алмас отбасының үлкені еді. 

Бүгінгі таңда емдеу орталығымен Салтанат Самединқызы айналысады. Басында орталық тек қана тіс емдеу, тіс салу жұмыстарымен айналысса, қазіргі уақытта аудандағы ақылы медициналық орталық ретінде халыққа көрсетілетін дәрігерлік қызмет түрлерін көбейтіп, терапия, гинекология, тағы басқа қызмет түрлері бойынша ем-дом жасап келеді. Сонымен  қоса жеке дәріхана сөресінде қолжетімді дәрілердің түр-түрі бар.  

Қатал тағдыр Сертайдың көп мақсатына балта шапты. Өзгелердің амандығын тілеп жүргенде түр-түсі жоқ індет оны арамыздан мезгілсіз алып кетті. Зейнет жасына бірер ай қалып еді...

Өмір дегеннің қиындығы осы шығар. Ботасын жоқтаған аруанадай апамыздың жоқтауын естудің өзі қиынның қиыны. Бұған дейін ұлы полиция капитаны Амангелді Алматы қаласындағы ішкі-істер саласында еңбек ете жүріп, ұйымдасқан қылмыстық топты қолға түсіру кезінде ерлікпен көз жұмған. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұл қасірет ананың қабырғасын қайыстырса, Сертайдың қазасынан кейінгі жайын айтудың өзі ауыр. Арыстай ұлдарынан қапыда көз жазған анаға басу да айта алмайсың. Тек немересі Алмастан көрген шөберелері мен немере қыздары Малика, Мадинаның амандығын тілеумен алданып отыр. Немересі Мадина да онколог дәрігер. Сонда бір отбасында ақ халатты бес дәрігер бар.

Әкесі Сейфулланың шаңырағын ұстаған Сертай інім осылай мәңгілік өмірін жалғастырды. Ол соңына жақсы із қалдырды. 

Сертай Сейфуллаұлы 2009 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін ШЖҚ «Қарғалы аудандық ауруханасы» МКК-ның директоры – бас дәрігері қызметін атқарды. Осы жылы әлеуметтік гигиена мен денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру бойынша бірінші санатты дәреже берілген. 2014 жылы «Қоғамдық денсаулық сақтау әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатына ие болды. Ол басқарған мекеме 2015 жылы Алматы облысы бойынша «Ең үздік аудандық аурухана» атағын жеңіп алды. «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атанып, мерейі үстем болған күндерді де ұмытуға болмас.

Ұлы Алмас Алматы қаласындағы «NAMAD INSURANCE» сақтандыру компаниясында жекелеген сақтандыру департаментінің директоры. Малика Канада мемлекетінде екінші жоғары білім алып, еңбек етуде. Мадинаның С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің түлегі екенін жоғарыда айтып өттім. 

Марқұм Сертай Сейфуллаұлы 2013 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. ШЖҚ «Қарғалы аудандық ауруханасы» МКК ұжымының еңбегі бағаланып, «Гиппократтың ұлы мұрасы» медалімен  атап өтілгені де оның еңбегінің жемісі деуге болады. 

2011-2012 жылдары денсаулық сақтау ұйымдарын саралау барысында ШЖҚ «Қарғалы аудандық ауруханасы» МКК үздік 100 мекеменің қатарына кірді. 2013-2014 жылдар нәтижесінде «Сала көшбасшысы» деген мәртебелі атаққа ие болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес қауымдастығының «Медицина мақтанышы» деген ұлттық сертификатын да иеленді.

Оның халық денсаулығын сақтаудағы еңбегі өмірден өткеннен кейін де орынды бағаланды. Адамдардың өмірін қорғауға және сақтауға қосқан ерен еңбегі үшін Ұлттық Медициналық Ассоциациясының «Алтын дәрігер» атағын алып, тағы басқа да медальдармен марапатталды. Бұл марқұмның кәсібіне деген адалдығының жемісі.

Анасы Ырыстыбала мен жары Салтанат, балалары мен немерелері шаңырақты шаттыққа бөлеген Сертайдың жарқын бейнесі мен жайдары мінезін, инабатты перзент, асқар тау әке, қамқор ата, адал жар ретіндегі әз бейнесін ұмытпайды. Ал, ұйымшыл ұжымды қазір басқарып отырған медицина ғылымдарының кандидаты, білікті басшы Дархан Сыбанбаев бауырымыз да жұмысын жақсы ниетпен бастады. Марқұмның басына барып, аруағына Құран бағыштап, отбасына да қамқорлық танытып, көргенді азамат екенін танытты. Мұны оның әріптесіне деген адами көзқарасы деуге болатын шығар.

 Күмісжан Байжан,
Алматы облысының
Құрметті азаматы