ӘКЕ ӨНЕГЕСІ

Уақыты: 04.07.2021
Оқылды: 1596
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әке қайратты болса, бала ғибратты. Бұл нақыл Бекен Ерденов ағаның әулетіне қарата айтылғандай. Бекен Қасқарбекұлы асыл тұқымды мал өсіретін қожалықты құрып, қора-жайдың қазығын қақты, керек нысандардың құрылысын жүргізіп, шаруашылықты аяғынан тік тұрғызды.

Айтқанға оңай болғанмен бұл шаруа табандылық пен еңбекқорлықты қажет етті. Маңдай тер өтеліп, «Асыл» мал тұқымын асылдандыру орталығы құрылып, республикаға танылды. Мұнда етті-сүтті бағыттағы түлікті қолдан ұрықтандыруға арналған пункт құрылды. Мақсат – өңірдегі Зеңгібаба тұқымын асылдандыру. Тәулігіне бес-алты литр сүт беретін бірнеше сиырдың орнына 20 литр өнім беретін бір сиыр асыраудың тиімділігін халыққа түсіндіру. Сол бес сиырға беретін жемшөпті мол өнім беретін бір малға берсе азықтың қаншалықты үнемделетіні жайлы айту. 
 Сонымен, шаруашылық жұмысы алға басты. Ірі қара өсіретін қожалықтар мал тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлді. Жекеменшік шаруашылықтардың малы ауылшаруашылығы аумақтық басқармасы арқылы тегін ұрықтандырылды. Сөйтіп, тұқымы ұсақ, тәпелтек бұқалар өрістен аластатылды. Көбінесе «Алатау» тұқымды сиыр басы көбейтілді. 
Етті-сүтті бағытта өсірілетін бұл тұқым Жетісуға тез жерсінеді. Өсімтал. Қыста қар қалың болса да жайылымға шығады. Ауруды өзіне оңайлықпен жұққызбайды. Әртүрлі кеселге иммунитеті қалыптасқан. Тез оңалады. Көтеремге шалдыға қоймайды. Орталықта «Алатаудан» басқа «Герефорд», «Ангус», «Гоштин», «Щвиц», «Ақбас» және «Әулиекөл» тұқымды бұқалар өсіріліп, ұрығы таратылады. 
«Асыл» орталығымен эмбриондарды зерттейтін ғылыми орталықтар әріптестік келісімшарттар бойынша жұмыс жүргізді. Бекен Қасқарбекұлы мал шаруашылығындағы селекциялық жұмыстар тақырыбында ғылыми жұмыстар жазумен айналысты. Ол барлығы оннан аса ғылыми еңбек жазды. Мысалы, ол «Қазақстандағы ірі қара мал тұқымы», «Мал тұқымын асылдандыру», «Кең көлемді селекция» және басқа еңбектердің авторы. 
 Бекен Қасқарбекұлы мал өсірудің тиімді кәсіп екенін біліп өсті. Өйткені біздің жайлау, қыстауымыз төрт түлік өсіруге қолайлы. Яғни, төрт түлік қазақтың өмір сүру әдісі. Оны бағып-қағу, өнімін пайдалану оң жамбасқа келеді. 
Ол Сарқан ауданына қарасты Көкөзек шаруашылығына директор болып тағайындалысымен қой өсіру қарқын алды. Өкіметке мал өнімін өткізу жоспарын асыра орындады. Ет өндіру 146, жүн 110, сүт өткізу 103 пайызға орындалып, елдің нәсібі артты. «Көкөзек» шаруашылығы социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Республикаға танымал, кәсіпті нәсіпке айналдырған ауылға зерттеуші, ғалым, журналистер лек-легімен келе бастады.
 Ендігі міндет – елді мекенді көріктендіру еді. Бұл орайда да көптеген шаруа атқарылды. Кеңшарда жаңа нысандар салынды. Барлығы көз тартарлық. Сырттан келген қонақтар әлеуметтік мекемелердің сәулетіне таңдай қақты.
 Көкөзектің даңқы осылайша Мәскеуге жетеді. Одаққа хабар тарататын «Время» журналистері ауылға келеді. Жетістіктері мен ұтымды тәжірибелерін басқа шаруашылықтарға үлгі етіп көрсетеді. Жетістікке жетуде басшылықтың ұйымдастыру қабілетінің үлкен рөл атқаратынын мысалға алды. Басшы біреу, халқы оған тіреу бола жүріп, береке-бірлік, талап, еңбектің осындай дәрежеге жеткізгендігін айтады. Осылайша кеңшардың шаруасы шалқыған еді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауы кеңшардың ыдырауына әкеліп соқты. Бекен Ерденов Талдықорған облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасарлығына қызметке келді. Ол жерде бірер жыл істеп, 1996 жылы «Асыл» мал тұқымын асылдандыру орталығын ашты. Асыл тұқымды бұқалар өсіріп, бағуды қолға алды. Тиімділігін дәлелдеді. Нәтижесінде Үкіметтен субсидия бөлінді. Германиядан «Минитюб» деп аталатын қондырғы алынды. Оның көмегімен ұрыққа арнайы қоспа қосылып, түтікшеге құйылып, азот ішінде ұзақ уақыт сақталуға, тасымалдауға мүмкіндік туды. 
Оның еңбегі ақталып, бірнеше рет облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталды. Ал, 2009 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Кейіннен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталды. Мерейі тасып, 2016 жылы «Құрмет» орденін кеудесіне жарқырата тақты. Алматы облысының Құрметті азаматы. Бұл – шаруашылық ісін бұрынғыдан да жақсы жүргізуге күш-қуат сыйлады. Коронавирус ол кісіні де «тұзағына» түсірді.
 Бүгінде Бекен ағаның ісін Мұхтар жалғастырып келеді. Жылына шаруашылықтарға 148 –150 мың доза ұрық таратылады. Екі арнайы көлік тапсырысты тасумен айналысады. 
Мұхтар Бекенұлының алға қойған мақсаты зор. Ол облыс әкімі Амандық Баталовтың отбасылық тауарлы-сүт фермасын ашу жайлы бастамасын қолға алып, жалғастырмақшы. Бүгінде қолда 45 сауын сиыр бар. Қайта өңдеу кәсіпорындарына тәулігіне 40 литр сүт өткізеді. Болашақта 100 сиыр сауып, қайта өңдеу кәсіпорнын ашпақшы. Мал қораға қажетті қондырғыларды Ресейден алғызуда. Тауарлы-сүт фермасы автоматты жүйе бойынша жұмыс істейтін болады. Іскер азамат жоңышқа мен арпаны өзі өсіріп жатыр. Біраз жерге сәбіз екті. Ұрық алу үшін күтіліп-бағылатын бұқаларға 12 түрлі тағам беріледі. Оның ішінде сәбіз, балық майы, жұмыртқа да бар. Бүгінде «Асылмен» «Таусамалы», «Тоқжайлау», «Майбүйрек», «Маммед» шаруа қожалықтары тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, жеке шаруашылықтардың малына жауапты 135 ұрықтаушы орталықпен тығыз қарым-қатынаста. Мұхтар Бекенұлы болашақта бұл жерден саумалмен емдейтін демалыс орнын ашпақшы. Ол да адам денсаулығы үшін таптырмас ем. Сонымен, Бекен Ерденов бастаған шаруа жалғасын табуда. Бекен аға жары Мұнзира тәтемен Мұхтар және Меруерт есімді қос баланы дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Олар әке аманатына адалдық танытып, елдің экономикасының өрлеуіне еңбек етіп келеді. Әрқайсысы өз ісінің майталмандары. Келіні Аида да шаңырақты шаттыққа бөлеп отыр. Күйеубаласы Данияр ата өсиетіне берік. Атасына берген уәдесінде тұрып, жары Меруертті алақанына салып аялауда. Немерелері Әлихан, Әкежан, Ерасыл, Ерәлі, Ахмет, Мұхаммед құлдыраңдап өсіп келеді. Бекен аға Ерәлінің шаруаға бейімдігіне риза болып отыратын. Шынымен де Ерәлісі қолына қамшысын алып, малдың азық-түлігінің уақытылы берілгенін, қоңдылығын, тазалығын назардан шығармауда. «Орнында бар оңалар» деген осы!

Гүлжан ТҰРСЫН