ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ЕҢ АЛДЫМЕН ӘЛ-ФАРАБИЛЕРДІ ТІРІЛТКЕН БІРТУАР ҒАЛЫМ ЕДІ

Уақыты: 16.07.2021
Оқылды: 2125
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Белгілі ғалым-ұстаз, көрнекті дін қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыздың дүниеден озғаны қабырғамызды қайыстырды.

Хазіретіміздің ғылым саласындағы қажырлы еңбегі мен он үш жыл ҚМДБ-ның және Орта Азия елдері мүфтилер кеңесінің төрағасы, Қазақ елінің Бас мүфтиі ретінде атқарған қайраткерлік еңбегі ерекше еді. Шығыстанушы ғалым ретінде қазақ ғылымына бұрын-соңды ат-атақтары қалың елге онша таныс емес, тіпті, беймәлім болып келген қаншама жаңа есімдердің атын жаңғыртты. Мұхаммед Хайдар Дулатидің жатқан жерін тауып, оның даналығы мен даралығын дәріптеп, жазба мұраларын ғылыми айналымға салып, әл-Фараби бабамыздан кейін осы көне Фараб қаласынан шыққан он сегіз әл-Фарабидің есімімен қалың көпшілікті қайта қауыштырған еңбегінің өзі неге тұрады?

Өте алғыр, кішіпейіл, ұлтжанды да елгезек, еске сақтау қабілеті де ерекше еңбекқор жан еді. Шәкірттеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен қошемет- құрметі де бөлек еді. Ерінбей,талмай ізденгіштік қабілетінің арқасында ұлттық ғылымымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ғалымдығы мен шәкірт тәрбиелеп оқытудағы ұстаздық қабілеті де қайталанбайтын тұлға еді. Жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылық қабілеті мен елімізде ғана емес жарты әлемге есімі мәшһүр болған мемлекет және қоғам қайраткері болатын.

Жоғарғы лауазымы үшін жыртыла айырылып, билік пен биік мансаптың құлына айналған кейбір "қайраткерлер" сияқты өзеуреген өлермендікпен мансап тағынан өлгенше айырылғысы келмейтін кейбір шенеуніктерден қашанда көш ілгері тұрғандығының біз куәміз. Елшілікте жүрген жерінен бас мүфтилік қызметке шақырған Елбасының ұсынысына қандай сабырлылық танытып салқын қандылықпен қараса, осы жоғары лауазымды бар қажыр-қайратымен қажымай-талмай табаны күректей он үш жыл атқарғаннан кейін де: "Мен өз еркімен жастарға орын беремін, ғалым адам ретінде енді бірыңғай ғылыммен айналысамын", - деп өзінің жоғары лауазымды орынтағын өз еркімен тапсырып, ғылымға кетуінің өзі екінің бірінің ақылына келмеген, ақылына келсе де, қызметті қолдан бермеген көп шенеуніктерге ой түйіп, сабақ аларлықтай-ақ қадам емес пе?

Ал Әбекеңнің дәл осындай шешімге келуінің өзі оның ғылымға деген адалдығы әрі үлкен ерлігі деп білеміз. Қызмет - қолдың кірі. Жоғары лауазым дегеніміз уақытша ғана дүние. Өтеді де кетеді. Ал ғылым мәңгілік. Оның шапағаты мен жақсылығы ұрпағыңнан-ұрпағыңа жетеді. Ғылымда кең даңғыл жол жоқ. Оның тұманды жақтары қаншалықты көп болса, күдік пен күмәнді жақтары да соншалықты көп. Тасты да тассыз соқпақтарымен қажымай талмай жүріп, жолсыз жерден жол салып, айсыз қараңғы түнде адаспай жол тауып жүрумен бірдей емес пе? Сондықтан да, оның таңданатын ғажабы да, ғажабынан асып түсетін азабы да ең ауыр шаруа ғой. Сонысына қарамай, сол ауырлық пен жауапкершілікті өзі еркіменен таңдап алып астындағы тағын тапсырып беру Әбекең секілді жалған атақ пен абыройдың емес, тек АЛЛА разылығы үшін деп ұлты мен жұртының қамын ойлайтын ойлы тұлғалардың ғана қолынан келетін ерлік еді.

Міне, ұстазы жақсының ұстамы жақсы деп біздің осындай ұстазымыз болғанына және де Әбекеңдей біртуар ғалымның шәкірті болғанымызға ерекше мақтанамыз. Әрі өзімізді бақытты санаймыз. АЛЛА алдыңыздан жарылқап, жаннаттың бір бақшасынан жай бұйыртсын деп тілейміз! Бақұл бол, аяулы аға, ақылшы ұстаз!

1986 жылғы бір топ шәкірттеріңіздің атынан - Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ

Сурет ғаламтордан алынды