"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСІ, АҚЫН ҚУАТ ҚАЙРАНБАЕВ 60 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Уақыты: 21.08.2021
Оқылды: 2616
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Біздің Жетісудың төрт бұрышы да тұнған байлық. Осынау қасиетті өлкеден талай-талай тарлан таланттар түлеген. Солар ел руханиятының қазынасына қазына қосып, ұрпақ жалғастығына сай алдыңғы лектің аманатына адалдығынан танбай келеді. Солардың бірі – менің әріптес досым Қуат Қайранбаев! Ақын десеңіз ақын, жазушы десеңіз жазушы, қаламы жүйткіген желмая журналист, шешіле сөйлесе шешен, көсіле сөйлесе көсем. Жарасқан ортада домбыра шертіп, ән салса жадыраған өнерпаз, ағайын-досқа бауырмал. Оның өзім дегенге өзегін ақтара білетін адал көңілі мен азаматтығын, бір басына бұйырған сан қырлы өнерін қай қырынан дәріптесек те жарасады ғой, шіркін!

Иә, сол Жетісудың төл перзенті болған соң біз де шама-шарқымыз жеткенше жер жаннатының бір бөлшегі саналатын Жамбыл ауданындағы жерлестеріміздің келбетін кестелеп көрсек деген ниетпен сонау бір жылдары облыстық «Жетісу» газетінің есігін ашқанбыз. Редакция Талдықорғанда. Қызметке қабылдап, жолымызға ақ пейілін төсеген мың болғыр жақсы ағамыз Жақыпжан Нұрғожаевтың дәргейімен бізге әуелі осы газеттің Қапшағай өңірі мен Балқаш ауданындағы, содан кейін Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі деген қызмет бұйырған.

Туған ел мен өскен өлке алдындағы перзенттік парызымызды қалам арқылы өтеудің қызығына кірісіп кеткен кез еді. Талдықорғанға анда-санда ат ізін бір саламыз. Жай-күйімізді баяндап, редактордың орынбасары Жанкүміс Жәмеңке әпкеміздің, сол кезде орынбасар болса, бүгінде «Жетісу» газетінің бас редакторы болып отырған арқалы ақын Әміре Әріннің, жауапты хатшы Нүсіпбай Әбдірахымның  алдынан  өтеміз. Болат Абаған пен Қажет Андастың бөлмесіне бір кіріп шығамыз, Жұматай Әміреев, Ришад Тұрғанбаев, Жұмабай Мұсабеков, Аслан Қажеке ініміздің сәлеміне марқаямыз, өз қарындасымыздай сыйласқан Гауһар Дүйсенбаева мен марқұм Шолпан Жұмаділова, Гүлжан Тұрсын мен Алма Есенбаеваның, Нұржамал Әлішева мен Сарби Әйтенованың, Айгүл Байбосынова мен Сақыптың орны бір бөлек. Өзге де қыздар мен жігіттер, үлкен-кішінің бәрі бір үйдің баласындай ынтымақты, бір қолдың саласындай ұйымшыл еді. Барғанда қуана қауышып, қимай шығарып салатын Қуат досым да осында.

Дегенмен, шалғай аудандағы тілші болғандықтан Талдықорғанға келмек бар да, қайтпақ бар. Қадірлі Жақаңа «Ал, аға, кездескенше күн жақсы. Мен енді ауылға аттандым» деп қоштасып шыққаннан кейін де редакция ауанынан ажырай алмай, тура бір ең негізгі жұмысым бітпей қалғандай қиналып, Қуатқа кіретін едім-ау, сол бір дәуренді жылдары. «Әй, мені былай «дұрыстап шығарып салатын» біреу бар ма бұл арада?» – деймін ғой оған өзімсіне міндетсіп. «Алда құдай-ай, а! Мен жуырда ғана операциядан шығып... Дәрігерлер ол шіркінге алты айға дейін жуыма деп еді... Енді қайтсек екен, а? Иә, Бидаш ағаң бар емес пе, айтпақшы. Сол шығарып салады сені қазір», – дейді Қуат та жалма-жан үлкен міндетінен құтылғандай қуланып.

Бидаш – Бидахмет Жаңабаев ағам да редакцияның бір тынысы, суретші ретушер болған, аңқылдаған ғажап адам еді. Өзі біздің ауылдағы Шайқып Құрмантаев дейтін аса қадірлі азаматтың туған қайын інісі, Ұзынағашқа талай мәрте ат ізін салған жігіт емес пе, біраз әңгімесі ортақ. Сол Бидекең мені таксиге дейін шығарып салатын. Шопырына табыстап, қолын қайта-қайта бұлғап, қимай-қимай қоштасып қалатын.

Талдықорғанның тамаша табиғаты тамылжып тұратын еді. Әлде, маған солай көріне ме, әйтеуір керемет бір күндерім өтті де кетті. Бидаш аға да мәңгілік мекеніне аттанғалы біраз жылдың жүзі ауды. Екеуміз бір-екі рет қана атүсті кездесіп, бір-екі сағаттай ғана сырласқан шығармыз-ау, шамасы. Солай бола тұра абзал азаматтың ақ көңілі, ақтарыла айтқан бүкпесіз әңгімелері жадымда мәңгі жатталып қалды. Қазір де анда-санда Талдықорғанға барғанда біз отырған дәмхананың тұсынан өтіп бара жатып Бидаш ағаның сол күнгі бейнесі көз алдымнан кинолента сынды көше жөнелгендей көрініп, кәдімгідей мұңайып қаламын. Қайран, Бидекең! Адаммен елжірей сыйласқан аз ғана уақыт, тіпті қас қағым сәттің естелігі де соншама қымбат болады екен ғой, пайымдап қарасақ. Кейде соның бағасын білмей жататынымыз өкінішті.

Қуат екеуміз де бірге өсіп, біте қайнасып едік дей алмаймыз. Ол ақпа жырдың Құлагері – Ілияс ақын зор ілтипатпен жырлаған арынды Ақсу өңірінде, мен жыр алыбы Жамбыл ауданында өсіп жетілдік. КазГУ-дің аудиториясында жүрген жылдардың да арасында алшақтық бар. Бірақ, жан тартылысы деген тылсымның қуаты тіпті күшті болса керек, әйтеуір қалай жақындасып кеткенімізді, дәл бүгін ол да, мен де тап басып айта алмайтын шығармыз. Әй, құдай біледі, солай.

Ал енді біздің алғашқы таныстығымыз туралы Қуат өзі тамсана күліп, елге үнемі жариялай айтып жүретін оқиғаның сипаты одан да қызық. Сол күннің суретін мен енді қара сөзбен бейнелей баяндап көрейін.

Ғасыр алмасып жатқан аласапыран кезең. Алматы. Қараша мен желтоқсанның қайсысы екені дәл қазір есте жоқ. Әйтеуір қыс. Сөйлесе аузынан түйдек-түйдек мақал-мәтел төгіліп, ежелгі қазақтың ескі сөзін әдіптей өретін жампоз жазушы Жанат Ахмади ағамызбен жолыға қалдым. Сөзіне бұрын да тәнті едім ғой, өзара жарасқан әңгімеміз ұзара-ұзара келе Жанат ағаның үйіне баратын болдық. Менімен қоса Жәкеңе марқұм Қайрат Әлімбеков пен осы Қуат ілесті. Ел орынға отырып жатқан кезде қонақ күте қоятын ағаның қайбір дайындығы бар, оның үстіне мезгілсіз уақытта сау етіп жетіп барған үшеумізді көріп үрпиген жеңгеміздің қабағындағы көлеңкені сейілтпек болса керек, «Қазір, қазір... Бұл жігіттер ұзақ отырмайды, шайыңды тездетіп демдеп жібер» деді-ау деймін Жанат аға. Осы сөзді құлағы шалып қалған Қуат төрде жантайып жатқан қалпында: «Жанат аға, бүйтіп көрген күніңіз бар болсын!» деп қойып қалғаны. Менің де лапылдап тұрған кезім ғой, «Жанат ағаға неге сөйлейсің сен?!» деп шап ете қалдым. Ерегес соңы есік алдында жалғасып, жұдырықтаспақ болып барып басылдық.

Сөйтсем, Қайрат екеуі Жанат ағамызға менен де жақын, бұрыннан-ақ сыйласып жүрген сырдескілі інілері екен. Оны қайдан білейін мен, өзінен жасы үлкенге артық сөйлеген Қуаттың астамдығы мен тым еркелеу қылығын ұнатпай, жекпе-жекке шақырып жүр емеспін бе. Содан не керек, әлгі үйден тарадық. Қайрат өз жолымен кетті. Қуат екеуміздің баратын жеріміз баянсыздау болып шықты. Жарым түн. Сағат бір мен екінің шамасы, сірә. Таксимен Алматының ана басына бір, мына басына бір шығып, бір-екі адресті діттеп көрген ек, иесі үйінен табылмады. Енді басқа ләж жоқ, «Мамыр» ықшамауданында тұратын ортақ досымыздың пәтеріне жету керек болды. Сол кезде «Дружба» деп аталатын қазіргі Яссауи көшесінен бері адымдап келеміз. Әлі бірталай жолды жаяулап өту керек. Жерде етіктің жұлығынан сәл асатын, сәл сүрленген қар бар. Соны екеуміз қарш-қарш басамыз. Ә дегендегі әпігіміз басылып қалса да әлі ерегесе салғыласып келеміз. «Ақынмын мен» дейді Қуат. «Ой, сендей ақынды естісем құлағым керең болсын» деймін мен. «Әттең, мына қолым сынған кезде жолыққаныңды қарашы, әйтпесе сенімен салысудан тіпті қаймықпас едім» дейді тістеніп. «Сен бе менімен салысатын? Жанат ағама сөйлейтін кім едің, ей, сен сонша?!» деймін мен де өршелене түсіп.

О, құданың құдіреті, сол сәтте жол үстінде тайталасып келе жатып екеуміз де маңдайымызға жазылған ақындықтың азабына, басымызға түскен ортақ кіріптарлыққа іштей келіскен сыңайлымыз-ау, сөз құдіреті сыйлаған ішкі қайсарлықтың ұшқынын беймәлім бір түйсікпен аңғарып, іштей ұғысқан сияқтымыз ба, қалай? Тіпті бір-бірімізге бөтен еместігімізді сол күні қалай сездік екен-ай, деп ойлаймын қазір. 

Сөйткен Қуатым, міне, тамыздың тамаша сәтінде алпысқа келіп жатыр. Айтулы мерей. Ай маңдайы жарқырап, қоңыр дауысымен қоңыраулатып жыр тербейді, табиғаты тарту еткен дарынының арқасында әр ортада «әп бәрекелді!» дегізіп жүргені өзім үшін бір мерей.
Біз алпысқа келгенде ақтарыла жыр арнап:

Кеңейе түссін деумен өріс, мейлі, 
Қай шайыр қайғы жұтып, шер ішпейді. 
Керісіп, содан кейін табысып ек,
Қашанда ер шекіспей бекіспейді,
– дегені әлгі оқиғаның әсерін әдемі жеткізгені. Одан арғы шумағында:

Дейін бе, Рәтбек досым – дара тұлға,
Аман жүр ақындардың санатында.
Қабырғам өзің барда сөгілмейді,
Сен жүрсең қайрылмайды қанатым да,
– деп жан сырын жасырмай жайып салғанына менің де жаным елжіреп сала бергенін бүгін несіне жасырайын.

* * *

Қуат. Қуат ақын. Қуат журналист. Өзім үшін Қуатжан. Жайсаң мінезді жақсы әріптесім. Біздің артымыздан өкшелей басып алпыс деген асудан алқынбай өтті. Өтіп бара жатқан уақытқа тоқтам жоқ. Оның жырларына көз жүгіртсек, нағыз ақындық мінезбен елім деп елжірей еміренеді, Қапал, Тамшыбұлақ, Егінсу, Матай, Іле, Талдықорған, Алматы сынды туған жер – атамекеннің жанды бейнесін көз алдымызға тамаша полотно етіп тартулайды. Бірде шамырқана ширығады, бірде жабығып, жалғызсырайды. Енді бірде қайраттанып, намыс тұлпарын қамшылайды. Айналасындағы әсем табиғатқа тамсанады, ұлтын жан-тәнімен сүйеді, ұрпағын өбектеп аялайды. Ой тұңғиығына терең бойлап толғанған кезінде парасатты пайым түйеді. Қамығып, торығу, сүйініп, күйіну де оған еш жат емес. Өйткені ақынның жүрегі қоғамдық пікірлер мен көзқарастар қарама-қайшылығын қалт жібермей аңдап тұратын барометр тәрізді емес пе, үнемі бір бағыттың ауанынан аспаса оның несі ақын?! Артына да бір қарайлай алаңдап:

Есерлікпен жетпек болып Айға шын,
Желік қуған думан күндер, қайдасың?
Біле алдық па махаббаттың қадірін,
Шын достықтың сақтадық па айнасын?
– деп өзіне-өзі сауал тастайды. Одан да тереңірек ойға сүңги түсіп:

Бәзбіреулер мал жинаса айламен,
Адалдықпен ақ жүрем деп ойлап ем.
Не бітірдім, не бере алдым халқыма,
Деп мен бүгін тілдесемін айнамен,
– деп ақтарыла төгілген жан сырын естігенде, шынында осы біз не бітірдік, халқымызға не бере алдық деп, терең ойға шым батып кете береміз.

Әрине, осындай арқалы ақын дәрежесіне біздің адал досымыз Қуат Қайранбаев бір күнде жете салған жоқ. Ол өз алдындағы қазақтың ұлы поэзиясынан нәр алып, сусындады. Өзі туып-өскен өлкедегі саңлақ ақындарды ұстаз тұтты. Арғы жағы айдынды Алакөл, бергі жағы Лепсі, Ақсу, Қаратал, Көксу, Іле өңірін қамтитын қасиетті Талдықорған аймағы қара сөздің қаймағын қалқып ішкен небір саңлақтарды өсірді емес пе, Қуат Терібаев, Қалқа Жапсарбаев, Сайын Мұратбеков, Марфуға Айтхожина, Сәкен Иманасов, Құдаш Мұқашев, Қастек Баянбаев, Әбен Дәуренбеков, Тоқтасын Сүгірбеков, Қанипа Бұғыбаева, Жұматай Жақыпбаев, Ордаш Кендірбаев, Жамау Бұқарбаев, Өтепберген Ақыпбеков, Ахмет Кендірбекұлы, Жомарт Игіман сынды өзінің алдындағы, өзімен қатарлас өскен, тағы да басқа ақындардың шығармашылығын құрметтеп есейді. Өзі де талай рет облыстық, республикалық жыр мүшәйраларына қатысып, топ жарды.

Иә, Қуаттай арқалы ақынның енді қара сөзге келгенде қамшы салдырмас жүйріктігі туралы айтпасақ, бұл әңгімеміздің тұздығы татымай қалардай көңілге алаң кіреді. Ол – жалынды журналист, көркем сөзге де көсіле кіріскен өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, қазақша-орысша екі тілді еркін тербеткен шебер редактор. Мен өзім Қуаттың әсіресе ардақты ақын ағалары Әбен Дәуренбеков, Тоқтасын Сүгірбеков, Тұрсын Әбдуәлиев, Ордаш Кендірбаев, Ахмет Кендірбекұлы, Жомарт Игіман туралы жазған естелік-эсселерін тамсана, тебіреніп оқығанымды осы тұста айта кеткенді орынды деп білемін.

Ал енді оның журналистік қажырлы еңбегіне, отыз жылдан астам уақытта мерзімдік баспасөз бетінде жарияланып, ұшан-теңіз деректерді қамти жазған шығармаларына тоқталып сараптау, бұл мақаланың көлемі көтермейтін қисапсыз дүние. Қуаттың өзі шығарған, құрастырған, әдеби жазбасын әзірлеген, редакторлық еткен кітаптарының да санынан дәл бүгін оқырмандары жаңылып қалған шығар деген ойдамыз.

* * *

Сөз соңында Қуаттың қуатты жырларына және бір жүгінсек:

Адалдық әр кез деп келдім,
Адам боп өмір өткердім. 
Менен де опа тапты ма,
Досымнан опа көп көрдім,
– дегені, енді бір тұста:

Күндерді бөлісіп мұң кешкен,
Қалайша шығарам күнді естен.
Мың алғыс, адамдар, тірлікте,
Танысқан,
Табысқан,
Тілдескен!
– дегені тура сіз бен бізге, тіпті тура маған айтылғандай естіледі де тұрады.

Рәтбек  САҒИД-УАҺАС,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі