АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ, КӨСЕМСӨЗДІҢ КӨКЖАЛЫ БОЛАТ АБАҒАН 60 ЖАСТА!

Уақыты: 20.09.2021
Оқылды: 1582
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ғасырдан асқан ата басылымның айтары бар. Бүгінгі күнге дейін түрлі тақырыпты қаузап, қоғаммен біте қайнасып, бұқараның сөзін бүкпесіз айтып, қалың оқырманның жүрегін тербеп, жауһар жаңалығымен жұртшылық алдына сүйіншілей жететін «Жетісудай» газеттің шекпенінен кімдер шықпады?! Іргелі басылым шығармашылық қазанында қайнаған қай журналистің де қанатын қатайтып, көк аспанға қалықтатып әкетеді. Шын таланттарды көрігіне салып қыздырып, төске салып шар болаттай шыңдап, кез келген додаға қайрап салса жарқылдап жүзі майырылмай  шыға келеді. Сондай «Жетісу» деген ата басылымның шекпенінен шыққан журналистің бірі, бірегейі – Болат АБАҒАН! Осы мақаламда орда бұзар жасында газеттің қарбалас тірлігіне араласып, бүгінде асқаралы алпыстың жалын тартып мінген атына заты сай болаттай берік журналист жайлы азды-көпті ойымды айтқым келеді.

ӘЛҚИССА

Болат аға қаршадайынан қаламгер болуды армандаған жан. Шырайлы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылының тумасы. Мына бір сәйкестікті қарасаңызшы, табиғатымен талайды тамсандыратын Тарбағатайда кіндігі кесіліп, қазақтың жеті санымен өрнектелген Жетіарал ауылынан қанат қағып, сылдырап аққан суымен, жайқалып өскен нуымен аты мәлім Жетісуға табан тірегені жай ғана кездейсоқтық дегенмен, оның да түбінде бір сырдың жатқаны анық. Сол қасиетті санның бір арнаға тоғысуының нәтижесі болар, Болаттай мықты журналистің есімі мұқым қазақ жұртына танылды.

Болат ағаның жетегінде көп жүргендіктен бе, біраз сырына қанықпын. Бір қарағанда тұйық, сырт көзге түрі суық көрінгенімен көңілі қазақтың дарқан даласындай. Сырласа қалсаң сарайыңды ашып, сусыныңды қандыратын әңгімесімен баурап алады.

Өзінің балалық күнін көп әңгімелейді. Содан кейін де болар, алғашқы шығарған кітабының атын «Сағыныш» деп қойды. Сол кездегі тай-құлындай тебісіп бірге өскен бала достарын, көнекөз қариялардың ақ батасын, әке мен шешенің мейірімі төгілген шуақты күнін, мәпелеп өсірген ауылына деген сағынышын толғана әңгімелейді. Бір отырғанда балалығын есіне алып: «Мен жас күнімнен қалам тербеуге құлшындым. Әкем Қабдеш пен анам Әзиза білімге кішкене күнімнен баулыды. Қанаттарының астынан шығарғанша әдеби кітап оқытып, ауыл қарияларының ғибратты әңгімесін санама жаттатты. Қазақтың болмысын айшықтайтын киелі мекендерді көрсетіп, олардың тарихына терең бойлатты. Менің тілші болуға қызыққаным осыдан да болар», – деп отыратын.

Жас шыбықтың қалай иіліп, қалай бойлап өсетінін бағбан біледі. Сол айтқандай ата-ана баласының қай бағытқа бейім екенін әу бастан дөп тауыпты. Әке мен шеше тәрбиесі қаламы қарымды кәсіби журналист болуына себеп болды.

Кез келген ауыл баласының ақ арманы – Алматы қаласына бару емес пе? Бала Болатты да осы арманы қолынан жетелеп, ару қала Алматыға әкелді. Әттеген-ай, алғашқы талпынысы сәтсіз болды. Өзі қалаған ҚазМУ-дің журналистика факультеті оны бірден құшағына ала қоймады. Бірақ жастайынан қиыншылыққа төзімді болып өскен жас жігіттің сағы сынған жоқ.

Ол кездегі жігіттердің ең басты міндеті – әскери борышын өтеп келу болатын. Бүгінгінің жастары мұны басты міндет демесе де, ол кездің азаматтарын әскер мектебінсіз көзге елестету қиын болатын. Көздеген мақсатынан таймаған Болат Моңғол жерінен бір-ақ шықты.

Ер азамат болғасын ағаларымыздан әр нәрсені сұраймыз ғой. Болат ағам да әңгімесінің арасында әскер қатарындағы кезеңін бүкпесіз айтып отыратын. Біз секілді сарыауыз балалар шыңдалсын дей ме, әйтеуір, бізді таң-тамаша етіп, қызықтырып та қоятын.

– Әскер қатарындағы екі жылдық қызмет мені шынайы өмірдің қиыншылықтарына төтеп беруге тәрбиеледі. Моңғол Халық Республикасындағы өткен әскери қызмет атқарған жылдар мен үшін өте ауыр болды. Қысы суық, жазы ыстық, ауыр жұмыс бізді болаттай беріктікке тәрбиеледі. Нағыз өмірдің қандай екендігін армияда түсіндік, – дейді ол.

Шындығын айту керек, ол кездің жігіттері басқа түскен қиындыққа төзімді болатын. Соған орай оны көтере де білетін. Болат аға да – сондай табанды, төзімді азаматтардың бірі. Өмірдің өзі сездіріп тұр ма, Жаратушының өзі алдағы қиыншылыққа дайындал дегендей оны бір шыңдап алды. Әскер қатарынан оралған жалындаған жас жігіт селтеңдеп бос жүргенді қаламады. Бала күнгі арманы журналист болуға қайта ұмтылды. Бұл жолы ол оқуға емес, бірінші кезекте жұмысқа орналасты.

Қолында дипломы жоқ адамды бір мекемеге маман етіп ала қоймайтыны анық. Әскерде үйренген бірқатар тәжірибесі бар ол құрылысқа барамын деп шешті. Соған орай Алматы үй құрылысы комбинатының жұмысшысы болып шыға келді. Ел қатарлы жұмысын істеп, тыңғылықты ісінің арқасында басшылықтың мақтауын естіп, үлкен беделге ие болды.

Құрылыс саласында жүріп кешкі дайындық курсына оқуға түсті. Жас күнінде алған білімін жетілдіріп, емтиханды жақсыға тапсырып, сырттай оқуды таңдады. Болашақ журналистің оқуымен қатар жұмысы да алға жылжып, өмір зырғып өтіп жатты. Әйтсе де жалғандық пен әділетсіздікке ежелден жаны қас Болатты алда үлкен қиыншылық күтіп тұр еді.

НАМЫСТЫҢ АҚБОЗ АТЫ 

Болат ағамыз намыстың ақбоз атына мінсе ештеңеге бой бере қоймайды. Асау аттай жер тарпып, аламаннан шашасына шаң жұқпай дара келетін кезі көп. Оның бұл мінезіне талай рет куә де болғанбыз. Әділдіктің туын көтеріп, жолсыздықтың бетін талай рет қайтарған. Оның бәрін жіктей берсең, бір беттік мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Мен бұл жерде Болат ағаның Желтоқсан көтерілісіне қатысқанына аз-кем тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.

1986 жылдың желтоқсан айы. Қыстың дәл осынау ызғарлы кезеңінде «Ел басқарып отырған Қонаев атамызды орнынан түсіріп, оның орнына басқа елден келген Колбин деген біреуді отырғызыпты» деген жаңалық қазақ жастарының намысын жанып өтті. Сол намысты жігіттердің бел ортасында Болат Абаған да болды. Құрылысшы Болат ел намысын арқалаған қазақ жастарымен бірге алаңға шықты.

17 желтоқсанды Болат аға үлкен толқыныспен еске алады. «Нағыз шайқас он алтысында емес, он жетісі күні басталды», – деп тебіреніспен айтқаны есімде.

– Біз алаңға барып, қарсылық акциясына қатыстық. Алғашқы күні тек өз наразылығын білдіріп қана қайтқан жастарды екінші күні соққыға жықты. Қарулы жасаққа қарсы тұрып, қолдан келген амалды істедік. Жалаңқол қыз-жігіттердің қолында тастан басқа ештеңе жоқ, мұздай қаруланған жасаққа төтеп берсін бе?! Өрт сөндіретін техникамен су шашып, арнайы жасақ дубинкамен соққылады. Ол кезде ұл-қыз деп ешкімді бөлген жоқ, қолына түскенін өлімші етіп сабап, автобустарға тиеп әкетіп жатты. Сол аранға мен де түсіп, оңбай таяқ жедім. Бас жарылып, құлақ жырылды. Есімнен тандырып, автобусқа тиеп әкетті. Шүкір дейтінім, автобустағы милиция капитаны Құдайына қараған азамат болып шығып, жарым жолдан бізді босатып жіберді. Есімнен айырылғаным сонша, көше кезіп жүре беріппін. Әлдебір бағанға сүйеніп тұрған жерімнен бір көлік тоқтап, үйге жеткізіп салыпты. Ол кезде отбасым бар болатын. Жарым Бибігүл мен пәтер иесі Валя апай жағдайымды көріп шошып кетті. Емханаға апару қауіпті, өз беттерінше ем-домын жасап, қолғабыс жасады. Таяқ жегенім аздай, тауқыметтің үлкенін жұмысқа барғанда көрдім. Басшылар жиналысқа салып, әбден жерден алып, жерге салды. Мен де айтқанымнан қайтпай қарсылық таныттым. Бірге істейтін жігіттер, арасында орысы да бар, барлығы араша түсті. Соңында комсомол билетім мен үй кезегінен және берілетін сыйақылардан айырды. Мені осылай жазалады, – деп тебірене әңгімелегені есімде.

Қазір желтоқсаншылардың барлығы ақталып, батыр болып жүр. Сол кездің намысшыл азаматтары түрлі кездесулер өткізеді. Мемлекет тарапынан жеңілдіктерге де құқылы. Пендешілік-ай десеңші, ондай қиыншылықты бастан өткеріп көрмеген біздер желтоқсаншы Болат ағадан: «Сіз неге желтоқсаншы ретінде мемлекеттік жеңілдіктерді пайдаланбайсыз?» – деп сұрайтынбыз. Сол кезде ол: «Мен алаңға атақ үшін емес, ұлтымның намысы үшін барғанмын», – деп жауап қайыратын.

«ҚАЛАМЫ ОНЫҢ ҚАБАҒАН»

1994 жылы Болат ағамыз облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа орналасады. Сол күннен бастап газет бетін құрғатпай көлемді мақалалар жариялап тұрды. Газеттің әр санында жарияланатын сүбелі сөзді, тұшымды ойға, нақты сараптамаға құрылған мақалаларды оқырман тұшынып оқитын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы құлдырап, күнкөріс қамы қиындаған шақта халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, елді сабырға шақыруда белсенділік танытты.

Сол шақта елде қылмыстың да белең алғаны белгілі. Міне, сол кезде газеттің заң бөлімінде қызмет атқарған Болат Абаған заң саласындағы түрлі шытырман оқиғалар мен қылмыстық істі тарқатып жазды. Ол оқырман үшін өте қызықты болды. Содан кейін де оның атымен жарияланатын мақалаларды көпшілік жата-жастана оқитын. Бұған біз редакцияда сақталған газеттердің көп жылғы жиынтығын парақтап отырып көз жеткіздік.

Дәл осы тұста ойыма Жетісу жерінің танымал ақыны Ахмет Кендірбековтің бірқатар тілшілерге арнаған әзіл өлеңі оралып отыр. Сол әзілдердің ішінде «Жетісуда» Абаған, қаламы оның қабаған» деген өлең жолдары да бар еді. Расымен де Болат Абағанның әрбір мақаласы шындықты шырылдатып айтып, әділетсіздікке барғандарды аямай сын садағына іліндіретін. Әділетсіздікті сынға алғанда кінәлілердің жауапқа тартылмай құтылып шығуы қиын болатын. Журналистің өткір сын мақалаларының нәтижесінде әділдік салтанат құрған мұндай кездерге жиі куә болдық. Содан кейін де сын мақалаларымен көпшіліктің көзайымына айналды. Содан кейін де заң саласының қызметкерлері оны бір туған бауырындай жақын тартып, тіпті сол мекеменің қызметкеріндей қабылдайтын. Облыстың қай түпкіріне барсаң да Болат Абағанды танымайтын заң қызметкері жоқтың қасы еді.

БЕСАСПАП 

Спортта жарыстың «Бессайыс» деген түрі бар. Бір спортшы сайыстың бес түріне қатысып, барлығынан озып шықса, жеңіске жетеді. Міне, Болат аға да осы бессайысшы секілді жан-жақты адам. Журналистиканың қай саласына салсаң да қаламы сәйгүліктей жүйткіп, қатарластарынан оза шабады. Ол – газеттің ауылшаруашылығы, заң, саясат және экономика, спорт бөлімдерінде қызмет атқарған бесаспап журналист.

Сондай күрделі саланың бірі – спорт бөлімі. Бөкең де «Жетісу» газетінде көп жыл спорт тақырыбында қалам тербеді. Чемпиондардың жарқын күндерін тарих бетіне қаттап жазған очерктері мен сұхбаттары әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. 

Екі кезеңнің де спортшыларын жатқа білетін Болат Абағанның әлемдік сында жеңіліс тапқан спортшыны қаламымен қамшылап, спорттық мансабын аяқтаған спортшымен салыстыра отырып жазған мақаласын ел іздеп жүріп оқитын. Бұған мен талай мәрте куәгер болдым. Спортшының жүріп өткен жолын жатқа айтып, чемпионмен бірге қуанып, жеңілген сәтіне бірге күйінетін. 

Әріптес ағамыз бір ғана «Жетісу» газетінде емес, республикалық «Айқын» газетінде де еңбек етіп, басылымның Алматы облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Облыстың жаңалығын республикаға жариялап, оқырманды тыныстандырып отырды.

Жас маман ретінде «Жетісу» газетіне орналасқан кезімде ең алдымен Болат Абаған басқаратын спорт бөліміне жолым түсті. Сол кезден бастап оны журналистикадағы ұстазым деп келемін. Жазудың қыр-сырын үйретіп, бағыт-бағдар берді. Олқы жазылған мақаламды күзеп-түзеуде қабақ шытып, ренжігенін көрген емеспіз.

Әсілі осы жерде Болат ағамның тағы бір жақсы қырын айта кетейін. Оның мынадай да жақсы бір қасиеті бар-тын! Жасырып керегі не, алғашында қиналған сәттерім көп болды. Сол кезде «Бәрі жақсы болады» деген сөзімен сабырға шақырып, қанаттандырып қояды. Кейде еріншектеніп бір мақаланың қиюын келтіре алмағанда да баратын жеріміз Болат ағаның алды болатын. Онда да бетіңді қайтармайды, жасы үлкен бола тұра бөлім басшылығын бұлдамай, «Тастай қыламыз» деп мақаламызды өңдеп береді. Сол «жақсы боладымен» біз де жақсы болдық, «тастай қыламыз» деп жүріп алдына келген талай жасты тастай журналист етіп шыңдап шығарды.

Жазған мақаламызды оқи отырып, оның шынайы немесе үстірт жазылғандығын да жазбай танитын. Жастықтың шалалығы болар, жарысты көзбен көрмей сырттай жаза салғанда «Мынауың шикі жазылыпты», «Ал мынауың көңілден шығады» деп тап басып танып отыратын. «Жасыл алаңдағы доп додасын көрмей, кілемдегі балуандардың айқасын сезбей, желаяқтардың маңдай терін өз қолыңмен сүртпей, сенің мақала жазуға құқығың жоқ», – деп кесіп айтатын. Сондай қатаң талаптың шарапатын қазір көріп отырмыз.

«Жетісуды» журналистердің үлкен ұстаханасы десек, сол ұстахананың көрігін қыздыратын – Болат Абағандай мықты журналистер. Бұл ретте Болат ағаның жұлдызы оңынан туған азамат. Ол бірқалыпты мінезінен әлі күнге дейін тайқыған жоқ. Басшылық қызметке келсе де сол қарапайымдылығымен, ақыл-парасатымен көпке сыйлы.

Көп жылғы қажырлы еңбегінің арқасында қызметтік сатыда да жоғарылап, «Жетісу» газеті редакторының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде облыстық екі басылымға басшылық жасайтын «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары қызметінде. Қарымды қаламының, талабы мен талантының арқасында «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» атақтарына қол жеткізген өз биігіндегі журналист.

ТҮЙІН-ТІЛЕК: Мақаламызға арқау болған «Жетісудың» Болат Абағаны асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Журналистика қазанында әбден қайнап шар болаттай шыныққан Болат ағамызға мықты денсаулық, отбасына амандық тілей отырып, қаламыңыз ешқашан мұқалмасын демекпіз. Өзі айтқандай, «Жетісу» майталман журналистің атын шығарды, «Айқын» республикаға танытты. Есіміңіз алты Алаштан аса берсін деген ақжарма тілегімізді арнаймыз.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы