ЖАСТАРҒА ҮЛГІ ЖҰП ЕДІ: ҚОЛ ҰСТАСЫП ӨТКЕН ҚОС ҰСТАЗ ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 01.10.2021
Оқылды: 1048
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Олар 40 жыл бойы жұмысқа бірге барып, бірге қайтатын. Күн сайын әкеміз анамыздың оқушылар дәптері салынған сөмкесін мектепке көтеріп апарып жүретін». Облысымызға еңбек сіңірген мұғалімдер – Болат Қарабалин мен Жібек Нөсербаеваның балаларының естелігі осылай басталады. Олар сонау 60-жылдары Алматыда кездескен. Болат – еркін күрестен ел чемпионы, болашақ дене шынықтыру мұғалімі, Жібек – қыздар педагогикалық институтының студенті. Отбасын құрған соң жас жұбайлар ауыл мектебіне жұмысқа орналасып, сонда 40 жылдан астам уақыт еңбек етті. Болат Жолмұратұлы мен Жібек Жанайбекқызы қазір арамызда жоқ, бірақ шәкірттері мен балалары оларды ешқашан ұмыттырмайды.

Чемпиондықтан мұғалімдікке дейін

Болат Жолмұратұлының спортқа деген сүйіспеншілігі соғыс жылдарында пайда болған. ҚазКСР Орталық атқару комитетінің төрағасы, 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпағы болған соң құрдастарының айыптауына жиі қарсы тұруға мәжбүр болыпты. Оны «халық жауының» баласы деп атайтын. Сондықтан, Болат Қарабалин өзін, бауырлары мен қарындастарын қорғау үшін спортпен айналысты.

Бұл қызығушылығы хоббиге айналған. Мектеп бітіргеннен кейін Болат Қарабалин дене шынықтыру техникумына оқуға түседі. Артынша оқуын Қазақ дене шынықтыру институтында жалғастырған. Жастық шағында Болат Жолмұратұлы еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанады.

Студент кезінде ол болашақ жары Жібек Нөсербаевамен танысады. Жібек Жанайбекқызы Қыздар педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алды. Оқуын бітіріп, жастар бас қосып, шаңырақ көтермек болған, алайда Жібек Жанайбекқызының әкесі рұқсат бермей қояды. Әкесі қызының кемінде бір жыл ауылда мұғалім болып істегенін қалапты.

«Анамның әкесі, біздің атамыз қызын оқытып, жоғары білім беру үшін ештеңе аямаған. Ол қызы туған ауылында ұстаздық етуін армандапты. Бір жыл жұмыс істегеннен кейін ата-анамыз шаңырақ көтеріп, сол кездегі Талдықорған облысы, Қызылағаш ауылына барып бірге жұмыс істей бастады», – дейді Болат Жолмұратұлы мен Жібек Жанайбекқызының ұлы Сұңқар Қарабалин.

Сәкеңнің сөзінше, анасы ұстаз болуды армандаған. Әкесі бұл мамандыққа спортқа деген махаббаты арқылы келген.

«Әкем көптеген балаға тәлімгер бола білді. Бәрін жүгірумен, күреспен және бокспен айналысуға ынталандырды. Өзі де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанды, оқу озаты болды. Бірақ ол әрі қарай халықаралық аренаға жіберілмеді, өйткені қуғын-сүргінге ұшыраған Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпағы еді. Ол кезде «халық жауының» балаларына мамандық таңдау да қиын болатын. Содан кейін де әкем мен оның әпкелері мұғалім болды», – дейді Сұңқар Қарабалин.

Ұстаздар ашқан мұражай

Болат Қарабалин мен Жібек Нөсербаева Талдықорған облысында 10 жылдан аса уақыт тұрыпты. 70-жылдардың ортасынан бастап зейнетке шыққанға дейін Жамбыл ауданының Киров ауылында еңбек еткен (1993 жылы ауылға халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің есімі берілген).

Ақын Үмбетәлі Кәрібаевтің немересінің айтуынша, Жібек Нөсербаева мен тағы бір топ әріптесінің бастамасымен халық ақынының шығармашылығына арналған мұражай-үй ұйымдастырылып, ашылған. Кейіннен мұражай мемлекеттік мәртебеге ие болды. 

«Жібек апа мен Болат ағамен танысқаным есімде. Мен ол кезде үшінші курс студенті едім. Олардың жасы менен әлдеқайда үлкен болғанына қарамастан үйлеріне шақырды. Олар менің ақын Үмбетәлі Кәрібаевтің ұрпағы екенімді айтып отыратын. Атамды еске алуға арналған шығармашылық кештерге де шақырып тұрды. Жібек апа мен Болат аға Үмбетәлі Кәрібаевтің кейін мемлекеттік атанған мектеп жанындағы мұражайын ашуға көмектесті. Бұл Жібек апаның ғылыми жұмысының, экспонаттарды жинаудағы көмегінің арқасында мүмкін болды», – дейді Кәрібаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың директоры Әуелбек Ысқақов.

Жібек Нөсербаева мен Болат Қарабалиннің балаларының айтуынша, олардың ата-анасы басқа мұғалімдермен қоса оқушыларға да үнемі туристік сапар, көкке шығу, шығармашылық кештер мен оқулар ұйымдастырып тұрған.

Әкем анамның сөмкесін көтеріп жүретін

«Олар 40 жыл бір мектепте жұмыс істеді. Әкем оның дәптер мен кітап толған сөмкесін өзі көтеріп жүретін, тексеруге көмектесетін. Анам өз ісінің шынайы маманы еді. 1983 жылы «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, «Халық ағарту ісінің үздігі» болған. Педагогикалық оқуларда да жетістігі көп болды. Анамның осылай жұмыс істеп, шабыт алуына әкем себепкер болған. Ол әрдайым жаңа идеялар ойлап тауып ұсынатын, бірге іске асыратын.

Әкем болса халық алдында абыройлы кісі еді. Әділдігі, шыншылдығымен көпке сүйкімді болатын. Ол оқушыларды жарыстарға апарып, спортқа баулыды. Үйімізге бұрынғы оқушыларының алғыс айтқан хаттары көп келетін. Олардың бірі әкемнің спортқа баулығанының арқасында әскерде оңай болғанын айтады, енді біреуі аренада жетістікке жеткенін, тағы бірі әкемнің шыншылдығынан үлгі алғандығын жеткізеді. Әкем ойын әрдайым ашық жеткізетін, ол үшін кейде анам уайымдап қалатын. Бірақ осы қасиетіне орай әкем кеңшардың кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне сайланды, ауыл түгелдей дауыс берді.

Ата-анаң мұғалім болса, оның үстіне сіз оқитын мектепте жұмыс істейтін болса, бұл үлкен жауапкершілік пен тәртіп. Үйде де, мектепте де. Ата-анамызға жиналыстарға барудың қажеті жоқ еді, олар біздің жетістігіміз бен мінез-құлқымыздан үнемі хабардар болды. Біз сабақ берудің қаншалықты қиын екенін көрдік, сондықтан қосымша қиындықтар туғызбауға тырыстық.

Үй жұмысын бөліп атқаратынбыз. Мен, мысалы, еденді сыпырамын, ағам жуады, әпкем кешкі ас дайындайды. Кейде анама дәптерлерді тексеруге көмектесетін. Әкем бізді үнемі жаттығулар жасауға, спортпен айналысуға баулитын. Бала кезімізде бұған қарсы болдық, қазір, керісінше, денсаулығымызға, спортқа деген сүйіспеншілігімізге ризамыз», – деп еске алды Сұңқар Қарабалин.

Сұңқар Қарабалиннің айтуынша, мұғалім ата-анасы оларға кітапты, спортты және еңбекті сүюді үйреткен.

Болат Қарабалин мен Жібек Нөсербаеваға 2014 жылы «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Жібек Нөсербаева 2014 жылдың желтоқсан айында, Болат Қарабалин 2018 жылдың тамызында қайтыс болды. Отбасылық өмірде жарты ғасыр бойы бірге тұрды. Үш бала, жеті немере және екі шөбере тәрбиеледі.

Әйгерім ӘБІЛМӘЖИТОВА