БИЫЛ ЕСІМІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЫБЫРАЙЫМ ЖАЙНАҚОВҚА - 135 ЖЫЛ

Уақыты: 08.10.2021
Оқылды: 2741
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алаш қозғалысының қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың туғанына биыл 135 жыл толып отыр.

Алаш зиялыларының ұлт бостандығы мен тәуелсіздігі, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында атқарған жанкешті қызметін зерделеп, шынайы тұрғыдан баға беру мүмкіндігіне отандық зерттеушілер еліміз егемендік алған тұста ғана ие болды. Соған орай бірқатар тың зерттеулер жарық көрді. Дегенмен, Алаш қозғалысына қатысқан зиялылардың өмірі мен қызметі толықтай зерттеліп, ой елегінен өткізіліп, зерделене қойған жоқ. Олардың қатарында Ыбырайым Жайнақов та бар.

1893-1902 жылдар аралығында Верный ерлер гимназиясында білім алған Ы.Жайнақов 1901 жылдың 15 наурызында қатты сырқаттанып қалуына байланысты оқудан босатуын өтінеді. 1902 жылдың 13 мамырында гимназияның педагогикалық кеңесінің шешімімен 7-класқа көшірілген. Осы жылы анасы Шолпан Жайнақова Верный ерлер гимназиясының директорына арыз жазып, оның денсаулығын түзеу үшін оқудан шығарып алған. 1904 жылдың шілдесінде Қазан малдәрігерлік институтына оқуға қабылданғанымен денсаулығына байланысты оқи алмайды. Сол жылы денсаулығының сыр бергеніне қарамастан Жаркент уездік басқармасының тілмәші қызметіне кірісіп, кейін Жетісу облысының әскери губернаторлығында тілмәш болады. Оның ұлт болашағы үшін қажырлы қызметі осы кезеңде басталды. Көзі ашық, көкірегі ояу жас жігіт ел ішінде болып жатқан түрлі қоғамдық шapaлapғa белсене қатыcaды.
1910 жылы 21 қазанда Жетісу облысының Қазақ-қырғыздары жасырын жиын өткізеді. Онда орыс әскерінің қоқандықтармен Ұзынағаш түбінде болған шайқастағы жеңісінің 50 жылдығын жергілікті әкімшілік орындарының салтанатты түрде атап өтуі талқыланады.

Орыстардан басқа облыстағы қазақ пен қырғыздың би-болыстары, манаптары мен атақты адамдары шақырылған салтанатты жиында Жетісу қайраткерлері Барлыбек Сыртанов пен Ыбырайым Жайнақов, Верный уезі Шамалған болысының басқарушысы М.Смаилов, бұрын болыс болған би Бекболат Әшекеев, Пішпек уезі Тынай болыстығының басқарушысы Д.Сауранбаев, белгілі қырғыз манабы Ш.Жантаев сынды белсенді азаматтар қазақ-қырғыздың жағдайын жасырын талқыға салады.

Қазақ-қырғыздың 50 шақты өкілі қатысқан «Ұзынағаш съезі» аталған жиында отаршылдықтан көрген тауқымет қаралып, жергілікті әкімшілік жасаған қысымшылықты орталық билік орындарына жеткізу үшін Петербургке арнайы өкіл жіберу ойластырылады. Сөйтіп көпшілік Барлыбек Сыртановты өкілдікке лайық деп табады. Осыған орай Верный қалалық Іздестіру бөлімі тыңшыларға тапсырма береді. Верный уезінде Ы.Жайнақовтың ұйымдастыруымен әр болыстан 100 сомнан ақша жиналып, Б.Сыртановқа тапсырылғаны, сондай-ақ, Пішпек және Пржевальск уезінің қырғыздары әр болыстан 200 сомнан жинап, Петербургке Б.Сыртановпен бірге Д.Сауранбаевты қосып жібергелі жатқаны жайындағы мәлімет тыңшылар арқылы жергілікті әкімшілік орындарына белгілі болады.

Қазақ зиялыларының Мемлекеттік думаға жіберетін талап-тілегінің қатарында жер, оқу-ағарту, сот ісі және дін мәселелері қамтылды. Онда алдымен қазақ пен қырғыз жерге орналасқанша Жетісу өңіріне орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату, жергілікті балалардың ана тілінде білім алуына мүмкіндік беру және оқу-ағарту ісін бүркемелеген орыстандыру саясатына тыйым салу, сот ісінде болыстардағы билер сотының өкілеттілігін кеңейту, Түркістан өлкесіндегі діни істерді қарайтын мұсылмандық діни басқарма құрып, Жетісу облысының қазақ-қырғызы соған қарау керектігі сынды аса өзекті мәселелер айтылады. Мұның бәрін тыңшылар арқылы біліп отырған жандармерия жинаған деректерде Ы. Жайнақовтың жасы 25-те, әйелі Айкульхаят Галиевна екендігі көрсетілген. Тіпті, «Қара» деген тыңшының Түркістан аудандық күзет бөліміне берген мәлімдемесінде Ы. Жайнақовтың есімі Жетісу облысындағы қазақ-қырғыздың саяси қозғалысына жетекшілік жасап жүрген қайраткер ретінде аталады. Бұдан Ы. Жайнақовтың белсенді іс-әрекеті патшалық билік тарапынан қатаң бақылауға алынғанын аңғаруға болады.

Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасын Жетісу өңірінде насихаттаушының бірі болған Ы.Жайнақов туындыны Пішпек уезіндегі қырғыздарға жеткізеді. «Айқап» журналындағы М.Сералин мен Б.Қаратаев бастаған зиялылармен хат алысып, жерге қатысты мәселелер жайлы және Петербургте бүкілресейлік мұсылман съезін өткізу туралы ой бөліседі. М.Сералиннің Ы.Жайнақовқа жолдаған хаты тыңшылардың қолына түсіп, полиция департаменті М.Сералинді Жетісу өңіріндегі қазақтарды қандай да бір іс-шараға топтастырмақшы деп болжайды. Осыған орай Орынбор губерниялық жандармерия басқармасы мен Түркістан аудандық күзет бөліміне Ы.Жайнақов туралы мәлімет жинау және қатаң бақылау орнату тапсырылады.

1916 жылы Жетісу облыстық басқармасында тілмаш болып жүрген Ыбырайым Жайнақов патшаның 25 маусымдағы жарлығына байланысты әр өңірде туындаған наразылыққа орай халықтың көтеріліске шықпауын қолдайды. Сол үшін 13 шілде күні Жетісу облысының әскери губернаторынан «қырғыздарға жоғары мәртебелінің жарлығының мағынасын түсіндіріп, оған көнуге шақыру үшін» деп Верный қаласында Үлкен Алматы болыстығы басшыларының кеңесін өткізуге рұқсат алып, 14 шілдеде кеңесті үйінің ауласында өткізеді.

Бұл арада мынаны айта кеткен жөн. 1916 жылы наразылық ұшқыны бұрқ ете түскенде мәселені жақсы білетін қазақ зиялылары жұртты ақылға келуге шақырды. Өйткені күштің тең еместігі, қарулы қарсылықтың қан төгумен аяқталатындығы айқын еді. Оның үстіне осындай сәтті пайдаланған отаршыл жүйе саяси билігін күшейтіп, переселендерді жаңа жерлерге қоныстандыруы мүмкін екенін зиялылар жақсы түсінді. Сондықтан көтерілістің алғашқы күнінен бастап халықты тыныштандыруға шақырған үгіт жұмыстары жүргізілді. Осы ұстанымнан танбаған Ыбырайым Жайнақов та халықтың босқа қырылмауын, мәселені бейбіт түрде шешу қажеттігін түсіндіріп, көпшілікті ақылға, сабыр сақтауға шақырды.
Әрине, көтеріліс аяусыз басып-жаншылды. Әсіресе, Жетісу облысындағы қазақ пен қырғыз толқуы асқан қатыгездікпен тоқтатылды. Соның кесірінен қарапайым халық Қытай асуға мәжбүр болды. Қос империя арасында қыспақта қалған ел-жұрт адам төзгісіз ауыр халге түсті. Азып-тозып, тонаушылыққа тап болған жетісулық босқындарды құтқаруға Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, И.Арабаев, Қ.Телтаев сынды қазақ пен қырғыздың оқыған, озық ойлы зиялылары алғашқылардың бірі болып ұмтылды. Олардың қатарында Ыбырайым Жайнақов та белсенді қызмет атқарды.

1917 жылы Ақпан революциясынан кейін елдегі әлеуметтік-саяси өзгерістерге белсене араласқан Ы.Жайнақов Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағалығына сайланып, 1917 жылы 12-23 сәуірде өткен Жетісу облысы қазақтарының 1 съезіне төрағалық етеді. 1917-1919 жылдары Жетісу облысындағы ауыр қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайда жергілікті халықтың мүддесі үшін аянбайтын қайраткер екендігін таныта білген Ы. Жайнақов басқарған Жетісу облыстық Қазақ комитеті, 1918 жылдан Алаш Кеңесі болып өзгерген басқарушы орган күллі қазақ жерінде белсенділігімен танылған ұлттық биліктің бұтағына айналды. Азамат соғысы жылдары Отыншы Әлжанов, Садық Аманжолов, Мырзахан Төлеубаев, Жұмахан Күдерин, Біләл Сүлеев сынды Алаш зиялыларымен бірге большевиктерге қарсы күреске шыққан Ы.Жайнақовты 1918 жылдың 9-шы наурызында Жетісу Алаш кеңесінің мүшесі Сатылған Сабатаев, Алашорда орталық кеңесінің мүшесі Отыншы Әлжановпен бірге большевиктер қамауға алып, тергеуге салады. Қуғыннан аман құтылғанымен елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерімен бірге Қытайға қоныс аударған Жайнақов большевиктерге қарсылық ұйымдастыру әрекеттерін қолдайды.

1930-шы жылдары аштық пен босқыншылыққа ұшырап, Қытайға өткен қазақтарға жәрдем беріп, шешек ауруына қарсы егу жұмыстарын ұйымдастырған Ы. Жайнақов Монғол-Күре ауданының басшысы қызметінде жүрген кезінде 1938 жылы 28 ақпанда тұтқындалып, Гоминдаң үкіметінің түрмесіне жабылады. Баласы Омар Жайнақов әкесін 1941 жылы Үрімжі түрмесінен Семейге әкеткенін Ғабди Сайболатов деген кісіден естігенін айтады. Ыбырайым Жайнақовтың бұдан кейінгі тағдыры беймәлім, қайтыс болған жері де белгісіз. Күрделі заманда ғұмыр кешкен қайраткердің тағдыры осылай аяқталған еді.

Өкінішке қарай, Жетісу жұртының жанашыры болып, бар саналы ғұмырын ұлтқа қызмет етуге арнаған күрескер тұлғаның есімі ескерусіз қалып келеді. Алматы қаласынан, не Алматы облысынан оның есімі бірде-бір көшеге берілмеген. Тіпті, аты-жөні оқулықтарға да енгізілмеген. Соның кесірінен көпшіліктің оны біле бермейтіні өкінішті.

Жетісудағы Алаш қозғалысының белсенді қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың өмір жолы мен қызметінің белгісіз тұстарын ашу, оны қоғамға дұрыс таныстыру заман талабы. Ел мен жердің тұтастығы, ұлттың болашағы үшін алаңдап, ұлы мұраттарға қызмет еткен оның өлшеусіз еңбегіне тарихи тұрғыдан лайықты баға берілуі тиіс.

Осы ойымызды Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдері Бақытжан Сағынтаев пен Амандық Баталов сияқты ел ағалары ескерсе екен дейміз!

Шамек ТІЛЕУБАЕВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі