ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ЖАН ЕДІ: ӘШІРБЕК ТОЛЫҚБАЙҰЛЫ ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 10.10.2021
Оқылды: 1354
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Хакім Абай өзінің отыз екінші қара сөзінде: «Мал, мақтан, ғиззат – құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады» деген қағиданы шегелеп тұжырымдаған екен. Осы бір тәмсіл қажырлы да адал еңбегімен ерекшеленіп, туған жері мен елінің іргесінің нығаюына өзінің қомақты үлесін қосқан Әшірбек Толықбайұлы сияқты ел-жұрты мақтан еткен абыройлы тұлғаларға қаратып айтылған секілді десек, қателесе қоймаспыз. Олай дейтін себебіміз Әшірбек қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп, елгезектігімен ерте есейген, жастайынан еңбекке араласып, шынығып, ширап өскен, жылқы бағып бір мезгіл аттан түспеген, бар тірлігін қоғамға арнаған айтулы азаматтардың бірі.

Әшірбек Іле өзенінің төменгі сағасына тақау, шығыс қапталындағы шалғыны көкорайлы, жазық жонды, алқабы шұрайлы Қарабайыл өңірінде туып-өскен өрен. Әкесі Толықбай Смағұлұлы 1889 жылы Балқаш ауданына қарасты қазіргі Жиделі өңіріндегі мал жайылымындағы Шыбық деген жерде дүниеге келген. Ат жалын тартып мінгеннен Жетісу өңірінде жаңадан құрыла бастаған Кеңес өкіметінің орнығуына белсене қатысады. Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанған шақта әскер қатарына шақыртылады. Бірақ жасының ұлғайыңқырап қалуына орай 1942 жылғы 29 сәуірде еңбек армиясы қатарына жіберіледі. Сөйтіп алғашқы күннен бастап Жетісу өңірінің Текелі қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатында жұмысқа шегіледі. Осы өндіріс орнында Жеңіс туы желбіреген көктемге дейін еңбек етіп барып, туған еліне аман-есен оралады.       
Еңбек әскерлері қатарынан босанып шыққан бетте соғыстан кейін күйзеліске ұшыраған шаруашылық басшысына барып, бір отар қойды бағып-күту жауапкершілігін мойнына алатындығын айтады. Тоқырау тұсындағы шаруаның басшысы дереу келісіп, тілегін мақұл көреді. Содан бір отар қойды бағымына алып, зейнеткерлік еңбек демалысына шыққанға дейін ешқайда табан аудармай «Құйған» кеңшарында шопан ата түлігін түлетіп, өсіруге көп еңбек сіңіреді. Жарықтық Толықбай ақсақал 1977 жылы 88 жасында бақилық  өмірге көшеді. 
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Толықбай әулетінің отбасымен бірлесіп атқарған еселі еңбектері жемісті нәтижеге жеткізіп, қой санын өз төлі есебінен көбейтіп, ырыс-құтын молайтып, өркендеу жолына нық қадаммен бет бұрған-ды. Қой түлігін өсіріп, одан алынатын өнімдерді көбейтіп, еңбегінің игілігін көруге бар күш-жігерлерін жұмсауға машықтанады. Отарды жыл он екі ай бағып-күтуді, жайылымдық өрісті ретті пайдаланып, жемшөбін түгендеп, қора-жайларын қамдастырып, орынсыз шығынға ұшыратпауды мақсат-міндет санайды. 
Ол кезде қора басында пішен қоры жасалынбайтын. Қой қыс бойы өріске жайылады. Құмды-қыратты өрістің жусан, изен, жантақ сияқты қой құшырлана жейтін құнарлы шөбіне тойынған мал қыстың аязына бой бере қоймайтын. Қоңын кемітпейтін. Аралтөбе, Ақдала сынды құмды төбелердің соны өрістеріндегі қыстауларды қыс қыстап, жаз жайлайтын. 
Еңбекпен шынығып өскен Толықбай да мақсат-мұратына жетіп, «Құйған» кеңшарының алдыңғы қатарлы озат шопаны атанып, жүлделі сыйлықтарды олжалайды. Әр жүз саулықтан өргізілетін ақбақай қозы санын көбейту міндеттемесін жылда асыра орындайды. Мемлекетке жүн тапсыру жөніндегі жоспар да белгіленген межеден асып түсіп жатады.
Шаруаның қыр-сырына әбден қаныққан әкесі Толықбай мен шешесі Мұңсыз бала-шағасының амандығын тілеумен өмір өткізді. Оның балалары Жанымкүл, Көкірекбай, Айшатай, Әшірбек жастайынан  еңбекке үйірсек болып өсті. Әке-шешесі ешқайсына  тыным таптырмай жұмысқа салатын. Әдептілікке тәрбиеледі. Тіршілікті тірнектеуге баулыды. Бәрі бірігіп алдарына бір-ақ мақсат қойды. «Ауызбірлікті сақтай білсек, жанымыз ақ, арымыз таза, ниетіміз түзу болса, Аллаға шүкір, отбасымызға бақыт құсы  ұялайды» деген ұстанымға беріктік танытып, сенім артты. Осы отбасылық әулеттің ішіндегі ұлдың кішісі Әшірбек әке-шешесімен, әпке-ағаларымен қапталдаса жүріп жылдың төрт мезгілінде байыз таптырмайтын атакәсібі – мал өсіруде көп нәрсені жадына тоқып, тіршіліктің тәлімді тұстарын санасына сіңіріп өсті. 
Кісілік тұлғасы мен кең пішімді келбеті жарасымды үйлестік тапқан Толықбай Смағұлұлы баласы Әшірбекті алдына отырғызып алып Аралтөбе төңірегінде іргелес қоныс тепкен замандастары Өнербек, Керімбек, Қыбырайдың, кіндіктес бауырлары  Әліпбай, Шолықбай, Тынымбай, Қосшыбайдың ауылдарын аралайтын. Сол кезде әкесінің атын көгалға тұсап, әкесі жүрерде алып келуге барып аттың күлте жалын саусақтарымен тарап, сипалап, жылқыға үйірсектігін байқататын. Талай асау саяқтарды үйретіп, мініс көлігін жаратудан да жалықпайтын. Атқа мінгенде де болбырап бос отырмай еңсесін тік, денесін ширақ ұстайтын. Отты жанарымен алысты шолатын.
Шөбі шүйгін өріске отыққан қой түлігін түлетіп, табысын молайтып, тұрмыстарын түзеп, ырыс-құтын молайтқан малсақ әке-шешенің тәлімді тәжірибесін үйреніп, санасына тоқыған, еңбекқор ортада қанаттанған Әшірбек өз алдына шаруашылықтың үйірлі жылқысын бағуды армандайды. Оның ұсынысын «Құйған» ұжымшарының сол кездегі директоры Ержанбек Нұрбеков қуана мақұлдап, текті түліктің ерекше қадір-қасиетін түсіндіріп, шаруашылықтағы жылқы табынын үлкен сеніммен тапсырады. 
Қүреңін мініп жылқы өрісіне бет түзеген Әшірбек сол бір сәтте қос қанатын жайған сұңқардай қомданып, екі аяқты үзеңгіге шірене тіреп, омырауды самал желге айқара ашып, көз жетер көкжиектің көсілген кеңістігін жіті шолып, жайылымға өрген  малды бақылайтын-ды. 
Біле білгенге жылқы жануарының адам бойына күш-қуат сыйлайтын құдіреті бар екенін Әшірбек бірден сезінді. Сайын далада төрт түлік мал бағып, еркін өскен қазақ жылқы мінезді деп бекер айтылмаса керек. Сол айтқандай түлік төресінің арқаны қоздырып, делебені қоздырып жіберетіндігін Әшірбек бірден аңғарды. Ен даланы бетке алып көсілтіп жорта жөнелгенде көңілі өсіп, марқайып қалатын. 
Қамбар ата түлігінің қасиетін терең меңгеріп, оны қадірлей білген текті бабасы Байшегір жылқылы кісі болыпты. Әшірбек те қасиетті баба сүйген кәсіпті әрі қарай жалғастырып, оның қыр-сырын жете үйренуге ынта қоя кірісті. Жүрекпен қалаған ісін ілгерілетуге күш-жігерін аямай жұмсады. Қаршадайынан тақымын ерге қажатып, атқа шауып үйренгендіктен болар, Әшірбек ат үстіндегі жүріске мықтылығын танытып, ширақтық қалпын өзгертпейтін. Түрлі қиқу-додалар мен көкпарларда ат құлағында ойнап, кәсібін кемелдендіре түскендігін сезіндіретін.
– Қазақ өмір бойы қажетіне жаратып келе жатқан жылқыны бекерге мақтамайды. Түлік төресінің қасиеті мен пайдасын терең ұғынған халықпыз десек болады. Шын мәнінде жылқы түлігі мінсең көлік, сүті емдік шипасы мол қымыз. Қазы-қартасы – дәмді астың ең құнарлысы. Осындай қадір-қасиеті мол жылқыны бағып, өсіруге үлес қосқаныма ешқашанда ренжімеймін. Керісінше, мақтанамын. Атқарған ісімнен мін шықпаса екен деп шаруа жайымен ойға-қырға шапқылап, үлкен сеніммен тапсырылған жылқы табынын көбейтсем, қызығын көрсем деп арайлап атқан әр таңнан жақсылық шарапатын күтемін. Сол үшін де ерінбей еңбектеніп жүрмін, – дейтін жылқышы Әшірбек марқайған көңілмен. 
Әшекең өз жүрегімен қалаған жылқышылықты абыройлы атқарды. Өз соқпағымен жүріп, тіршілігін табысты етуге күш салды. Мақсатына жетті де. Шаруаның жайымен шапқылауы мәуелі жемісін берді. Ақдала маңындағы кең қолтықты жайылымда тебіндеген жылқысының үйіріне үйір қосылды. Ырысы құтайды. Табысы тасыды. Игілігін көрді. Жеңіл көлік мінді. Балатопар ауылынан кең сарайдай үй салды. Ішім-жемі молайып, дастарқаны жаюлы тұрды.
Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков бір жолы сөз сайысына түскенде: «Атқа мінген кезімде менің өзім, таққа мінген адамды менсінбеймін» дегеніндей, Әшірбек те жылқыны жанындай сүйіп, үйірлерін өз төлі есебінен көбейтіп, түлікті түлете білген шаруақор, малсақ жан болды. Еселі еңбегі өзіне қуаныш сыйлады. Беделін биіктетті. Жоғарғы орындар тарапынан еңбегі лайықты бағаланды. Өңіріне Еңбек Қызыл Ту орденін тақты. Мәскеуге барып, СОКП-ның ХХVІ съезіне делегат болып қатысты. Кремльдің зәулім залында отырып, сахна төріндегі биік мінбеден сөз сөйлегендерді мұқият тыңдап, қажеттісін қойын дәптеріне түртіп алып отырған шағы Әшірбектің өміріндегі ең бір қуанышты, ұмытылмас шақтарының бірі еді. Абыройының асқақтап, мәртебесінің өсе түскеніне Балқаш ауданы жұртшылығының шаттана қол соққаны жан дүниесін шымырлатып, бір рахат көңіл күйге бөлеген. Сол бір сәтті есінен кетпейтін, қуаныш сыйлаған шақтың біріне балайтын. 
Балқаш жұрты Әшірбек Толықбайұлын Қазақстан Компартиясының ХІV съезіне делегаттыққа сайлап, тұлғалы азаматты төбесіне көтеріп, мәртебесін тағы бір биіктеткені бар. Сонымен бірге Балқаш аудандық кеңесіне, туған жеріндегі Балатопар ауылдық округіне әлденеше рет депутат болып сайланып, халық қалаулысына айналып, бірқатар өзекті мәселелерді шешуге белсене араласқаны да ел есінде. Ал Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттары өз алдына бір төбе.
Балаң жігіт Әшірбек жылқы баға жүріп, іргелес-қоныстас отыратын Сәдектің қызы Панаркүлмен танысып, екеуі тағдыр қосып шаңырақ көтерді. Панаркүл әке-шешесі шаруа адамдары болғандықтан, жарық дүниені көргелі бергі тіршілігін мал шаруашылығымен ұштастырғандықтан ақ босағаны аттаған сәттен  шаруаға еркін араласып, жан серігіннің бір жағына шығып, сүйеу болып, көп қолғабыс тигізді. Ол  келін болып түскен жерінде өзінің бала мінезді, пейілі кең, жүрегі жұмсақ, алақаны аялы жан екендігін бірден танытты. Ойындағысын бүкпесіз ақтара салатын ақкөңіл жан алдау-арбау сынды жат қылықтардан өзін аулақ ұстайтын. Анда-санда бір келе қалғанда алдымыздан шығып, ізеттілік ибасын танытып, иіліп сәлемін салып, мейірлене түсетін. Ағайын-туыстарына, ауыл-аймақтың жұртшылығына сыйлы, баршаға қадірін арттыра білген келін атанды.         
Ерлі-зайыптылар отбасында Күләйхан мен Мұқанды, Бихан менен Битайды, Ақмаралды тәрбиелеп, әлпештеп  өсірді. Оларға ата-аналық  қамқорлығын аямады. Қызы шаруашылықта еңбек етіп, отбасының берекесін кіргізе білген аяулы ана.  Бүгінде зейнеткерлік  еңбек демалысында. Балалары мен немерелерінің қызығына марқайып отырған әже. Жоғары оқу орнын бітірген ұлы Мұқан Балатопар ауылдық кеңесі әкімдігінде қызмет істейді. Көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген беделі биік азаматтардың бірі.
Бір өкініштісі – Әшірбектің қырық жылдай отасқан сүйікті жары Панаркүл Сәдекқызы өмірден ерте озып, ауыр қайғыдан отбасы мен бүкіл әулеттің қабырғасын қайыстырып кете барды. Отбасының, балалары мен шөберелерінің қызығын көру маңдайына жазылмағасын не амал? Қайғы қабырғаны  қайыстырды. Қимастықпен қоштасты. Ақ жуып арулап ата-аналары жатқан зиратқа мәңгілікке жайғастырған-ды.
Тірі адамның тіршілігін жасайтыны ақиқат. Соқа басы сопайып отыру Әшірбекке де жараспады. Араға біршама уақыт салып барып ойланып-толғанып, жанына жақын серік іздеді. Әшірбектің нағашыларының айтуымен әрі Алланың бұйрығымен Мойынқұмның Шу өңірі жақтан Аманкүл есімді келіншекпен некелесті. Одан бері де жиырма жылға жуықтап қалыпты. Бір шүкіршілігі сол – Аманкүл де ауылда өскен, ұлттық үрдістерден түсінік, сезімі мол, үлкенді сыйлап, кішіні қарағым-шырағым деп еркелете білетін көргенді жан болып шықты. Осындай инабатты жанның Әшірбектің жан серігіне айналғанына жұрт қуанды. Ол Әшекеңмен бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, шаруаның бір жағына шығып, еңбекке икемділігін ісімен, тиянақтылығын тындырымдылығымен дәлелдеп, ағайын-туыстармен тез тіл табысып кетті. Абысын-ажындарымен шүйіркелесе отырып, әңгіме дүкен құруға да бейім. Ашық мінезді келіннің төңірегіндегі жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, әулеттің жақсы істерінің ұйытқысына айналғанына ағайын-туғанның ризашылық білдірісіп жататынын сан мәрте естідік те.  
Осы күндері туған жерді аңсап ауылға барсақ көңіл құлазиды. Сонау жылдары мектепке қатарласап-қанаттасып бірге барып, бірге оқығандар, арамыздан қыл өтпейтіндей тату болып, ашық-жарқын сыйласып ержеткендер бүгінде көзге шалынбайды. Ауыл жастары үлгі-өнеге тұтып қастерлейтін Аманкелді Шопанбайұлы, Жалғасбек Аманбекұлы, Таңатар Дәнебекұлы, Самат Қонысбайұлы және басқалар өмірмен ерте қоштасып, бақилыққа аттанып кетті. Олардың атқарған істері мен көрсеткен үлгі-өнегелерін, әдемі-әзіл қалжыңдарын еске алып, бір масайрап қалушы едік-ау. Мұны азсынғандай биылғы жылдың мамыр айында «Сайлау Салқынұлы кенеттен қайтыс болды» дегенді естіп, арқамызды қаңтардың үскірік аязы қарып өткендей күй кешкен едік. Ықылас-ниеті шынайы, көңілі дарқан замандасымыздың ортамызды  ойсыратып, келместің кемесіне мініп мәңгілік сапарға аттанып кеткені жүректі сыздатудай-ақ сыздатты. Көңіл көгіне қайғының қара бұлты үйірілді. «Кенеттен өмірден озды» дегенге сенер сенбесімізді білмей күмәндана қараған едік. Ондай ойға баруымыздың себебі, қаралы хабарды естірден бір аптаға жетер-жетпес уақыт бұрын Сайлаумен Алматы қаласында бір дастарқан басында иықтаса отырып, өткен шақтың татымды тұстарын кезектесе айтысып, әсерлі әңгіме-дүкен құрғанбыз. Сол кезде  жүзінен ешқандай сырқат табы білінбеген болатын. Сезімі әдеттегіше сергек азаматтың жарқылдап күліп, мәз-мәйрам күйде шаттанып отырғанын көргенбіз. Енді, міне, қайғылы хабар жетіп, санамызды сансыратып тастады.
Бір шаңырақтың арқасүйер отағасы Сайлаудың қырық күндік ас-мәзіріне барып, көңіл айтып, ізгі ниетімізді білдірейік деп жолға дайындық басталған шақта «Әшірбек бауырың о дүниеге аттанып кетті» деген суық хабарды естігенде тас төбеден мұздай су құйып жібергендей күй кешіп, абдырап та қалғанбыз. Өйтпей қайтейік, Әшірбекпен биылғы көктемде Құйған ауылында күйеубаламыз Сонабайдың қырық күндік асында бірге болғанбыз. Сонда Әшірбек сәлем берген қолын тартып алмай тұрып:
– Әлеке, осы асқа сенің де қалмай қатысатыныңды біліп,  арнайы келдім. Сағынып қалыппын. Бетпе-бет жолығайыншы, хал-жағдайларыңды білейінші, жарқын жүзіңді көрейінші деп ниет еттім. Шаруамның үлкені осы. Өзіңмен дидарласқаныма, қолыңнан ұстап тұрып аман-саулық сұрасқаныма қуаныштымын. Амандығыңды тілеймін. Жеңгеміз Елеусізге сәлем айтқын. Жұптарың жазылмай қоңырқаздай қатарласып жүре берулеріңе шын жүрекпен тілектеспін, – деп тебіреніп, ықылас-ниетін елжірей алға тартқан-тын. 
Бүгінде Әшірбек осы бір кездесуде неге соншалықты егіле сөйледі екен деп ойлаймын. Бидай өңді қоңырқай жүзінен  қимастықтың лебі есіп, қоштасқандай кейіп танытып еді-ау... Тірлікте татар дәмінің таусылуға таяу қалғанын Алласы іштей сезіндірді ме екен, әйтеуір көңілі босаңсып, біртүрлі толқығаны анық.    
Ағайын-туыстың амандығын тілеп жүретін жылқы мінезді Әшірбек тумысынан кішіпейіл, көпшіл, біртоға, артық сөзге бармайтын жайсаң азамат еді. Ұлттық салт-дәстүрімізді пір тұтатын. Адалдығын айрықша ардақтайтын жан арына дақ түсіріп те көрмеген шығар. Біреудің ала жібін аттау дегенді ойына да алмайтын  ниеті таза, пиғылы кіршіксіз жан еді ғой. Әңгімені созбақтай беруді сүймейтін. Өзі айтарын, көкейдегі шешімді ойының түйінін кесіп, бір-ақ тұжырымдайтын. Жақсылыққа құштарлығын аңғартатын. Әлем жаңалықтарына құлақ түріп, оны өзінше топшылап, бағамдап ой түйіп жүретін. Ізгілікке іңкәр-тін. Баламен баладай, үлкенмен данадай шүйіркелесе сөйлесіп, тіл табысуға бейім тұратын. Қол жеткізгенін қанағат тұтып, Алласына мың мәрте шүкіршілік ететін.  
Әшірбек қарапайым қалпынан айнымай, көңілін кір шалдырмай жүретін әдетінен танбай әдемі қартайып, адами қасиетін жоғатпай өмірден өтті. Кішіпейіл қалпынан бір айныған емес-ті. Сұңғақ бойымен, шымыр қалпымен ширақ қимылдап, жұмсақ жымиып тұратын әдетін өзгертпей қашанда жылы жүзбен қарсы алатын. Алыстан аңсап келіп дидарласа қалған кезде інілік ізетпен елжірей қарайтын. Мәре-сәре болып қалатынбыз. Хал-жағдайымызды сұрастырып, жақсылығымызға қуанып, жүрекжарды тілегін жеткізіп, көңілімізді көтеріп, беделімізді биіктете түсетін. Сөз арасында: «Үйіміз Ақдалада. Төрімізге жайғасып, асықпай қонақ болып қайтыңдар. Біз қазір-ақ дайынбыз. Қойымыз қорада.  Шапшаңдатып жыға саламыз», – деп ақеділ ниетін бүкпесіз жеткізетін.  
Өмірінің соңғы күніне дейін шаруадан қалыс қалмай жылқыларын түгендеп, жайылым мен өріс жайын барлап қайтып жүретін,  адами қасиеттерімен ерекшеленетін азаматтан ойда жоқта көз жазып қалу кімге болса да оңай емес. Әшірбектің жұртты сүйсіндірген еңбегі, шаруашылықты өркендетуге қосқан қомақты үлесі, табысы мен абыройының артқандығы, елге жасаған жақсылықтары жадымызда жаңғырып тұратыны кәміл.
Ойымызды қорыта келіп айтарымыз, адал еңбегімен есімдері ел есінде сақталатын, жарқын бейнелері ұмытылмай жүрек төрінен орын алатын, Тәңірдің бұйрығымен бірінен кейін бірі іркес-тіркес о дүниелік сапарға аттанған Сайлау Салқынұлы мен Әшірбек Толықбайұлын Алла алдынан жарылқасын! Жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын! Жаратқан иеміз екеуіне де иман байлығын берсін демекпіз. Одан басқаға лаж да жоқ.

Әли ӘПЕКҰЛЫ,
Ерғазы Қошанбеков,
Балқаш, Сарқан аудандарының
Құрметті азаматы