ШАНХАНАЙ АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНЕ СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 23.10.2021
Оқылды: 2219
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Шанханай ауылдық Мәдениет үйіне Отан соғысы ардагері Игібай Базарбаевтың есімін беру салтанаты өтті.

Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық тіл басқармасының басшысы Болат Керімбеков, «Жетісу» телеарнасының бас директоры Серік Сарыбаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова қатысты.

Салтанатты шараның ашылуында Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев сөз сөйлеп, Күреңбел өлкесі жайлы аз-кем ақпаратымен бөлісті.

- Төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған қасиетті Күреңбел жері – Шанханай мен Қоянкөздей аналарымыз, Жоламан, Малайсары, Сәмен батырлар, Дос әулие жатқан жер. Ел тарихында қалған Тезек төренің елі. Осы Күреңбел Шоқан Уәлиханов мәңгілікке мекендеген топырақ. Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз бен еңбек және соғыс ардагері Игібай Базарбаевты Тоқсын Құлыбековті, Бейсен Құранбек пен Балғынбек Имашевті дүниеге әкелген қасиетті өңір. Қалың қазаққа танымал тұлғаларымен мақтанатын аймақ бұл. Сол жақсылардың ізін жалғаған танымал тұлғалардың бірі Игібай Базарбаев еді, – деді Кербұлақ ауданының әкімі.

Бүкіл саналы ғұмырын туған елінің өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына сарп еткен, ерен еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленген тұлға, соғыс және еңбек ардагері Игібай Базарбаев 1919 жылы 10 мамырда қазіргі Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылында дүниеге келген. Өмірінің соңына дейін ауылдың еңсе тіктеуіне атсалысып, еселі үлес қосқан азамат туған жеріне жеміс ағаштарын егіп, мектеп, балабақша, жол салып, майданда шейіт болған достарына ескерткіш тұрғызды. Қайсар да қажырлы, жігерлі жан өзі өмірден өткенімен артына өшпестей із қалдырды. Өңірдің дамуы үшін қажырлы еңбек еткен, қызмет барысында тек абырой биігінен көріне білген перзенттің ел есінде мәңгі сақталары хақ.

Салтанатты жиыннан кейін Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 85 жылдығына орай «Күреңбел» театры «Беу, қыздар-ай» спектаклін қойды.

Шанханай ауылдық Мәдениет үйінің Игібай атаның атымен аталуы өзінің шәкірті болған, тәрбиесін көрген алғыр қыз, Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 85 жылдық мерейтойымен қатар келуі ұрпақтар сабақтастығы екенін, елі үшін қызмет еткен қос жерлесіміздің ақ тілеуі, ізгі ниеті бір болғаны деп білеміз.

Айта кетейік, ауыл азаматтары мен ардагер ұрпақтарының бастамасымен Игібай Базарбаевтың атын ауылдық Мәдениет үйіне беру туралы ұсыныс облыстық және республикалық ономастика комиссиясы тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде, атамыздың аты Шанханай ауылдық Мәдениет үйіне беріліп отыр. Ауыл тұрғындары осы іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыстарын білдірді.

Раушан БИСЕМБЕКОВА

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы