ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ АТАСЫ ТАУМАН АМАНДОСОВҚА - 100 ЖЫЛ

Уақыты: 17.11.2021
Оқылды: 2945
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген қастерлі сөз бар. Осы бір мағынасы терең, дөп басып айтылған қасиетті сөз ұлттық журналистика мен баспа ісі бойынша білім беру саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, өзінің мағыналы ғұмырын ел өркендеуіне сарп етіп, өнегелі өмірімен көпке үлгі, еңбегімен елге танылып, аты аңызға айналған және ғылыми-педагогикалық істерімен тарих тұғырынан көрінген тау тұлғалардың бірі Тауман Амандосовқа арналғандай дерсің.

Бұл жанның есімін естігенде әрбір журналист, әрбір қазақ азаматы елең ете қалатыны сөзсіз. Өйткені, публицистика саласына алғашқы болып түрен салғандардың бірі де осы Тауман ағай еді. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Тауман Салықбайұлының журналистика саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Осындай тұлғаларымызды өскелең ұрпақ, мына біз секілді жастар ешқашан ұмытпақ емес. Оның болашақ ұрпаққа қалдырған асыл қазыналары мен рухани мұралары қазіргі жас ұрпаққа өткеннен - өнеге, тарихтан - тағылым беріп, болашақта «журналист боламын» деп армандаған жастардың жарқын өміріне жол сілтеген шамшырақ секілді. Оған дәлел ол кісінің жазған еңбектері әлі күнге дейін өз маңызын жоймай, қазіргі кезде де оқырмандарының қолынан түспейтін құнды жәдігер қалпын сақтап келеді.

Бұл есімді естіген сәтте жүрегім ерекше жылып сала берді. Неге десеңіз, мен де болашақта осы Тауман Амандосовтың ізін жалғастыратын, тәуелсіз елім - Қазақстандағы журналистика саласының дамуы жолында қалтқысыз қызмет ететін журналист болуды армандаймын. Маған да әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсу оңайға соқпады. Бірақ алға жетелеген асқақ арманның арқасында мен өз мақсатыма бір қадам болса да жақындағандаймын.

«Амандосов әлемі» дегенді жиі естіп жатамыз. Жалпы, Тауман Амандосов деген кім? Оның журналистика саласына сіңірген еңбегі қандай? Тауман ағайды Қазақ ұлттық университетімен не байланыстырады? Міне, осындай сан сауалдардың ол кісі еңбек еткен ҚазҰУ студенттерін мазалайтыны да рас. Мен де аталған білім ордасының журналистика факультетінің студенті ретінде бүгінгі мақаламда осы сауалдарға жауап іздегім келеді. Бәлкім, қолыма қалам тартқызған осы бір мақалам арқылы ұлағатты ұстаз бейнесін айшықтай алсам, бұл мендегі парыздың орындалғаны болар.

Менің ойымша Тауман Салықбайұлынан дәріс алған БАҚ өкілдерінің бірінші буынының сірә, арманы жоқ шығар?! Себебі, маған ол кісі дәріс оқыған білім ордасында білім алып жатқанымызбен, осындай өнегелі өмір иесімен жүздесіп, тілдесу бақыты бұйырмады. Мен бұған өкінбеймін, өйткені, ол кісінің жас ұрпаққа қалдырған асыл мұралары барда есімінің де мәңгі жасайтыны сөзсіз.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Тауман Салықбайұлын біздер ұстаз, ғалым, қайраткер, одан бөлек, ойы ұшқыр, қарымды қаламгер ретінде білеміз. Бүгінгі таңда Тауман Салықбайұлының берген білімімен сусындаған шәкірттері де ел ағасына айналып, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жолында табысты еңбек етуде. Сірә, бұл  арда азаматтың  арманының орындалғаны болар. Артында асыл мұралары мен ізін басқан інілері қалды. Әңгіме кейіпкерінің шәкірттері барда есімі де мәңгі жаңғырары сөзсіз. Біз өткеннен тағылым алмай, жаңа тарих көшіне қадам баса алмаймыз. Ол - анық.

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір басқа» демей ме қазақ атамыз?! Ал, ол кісінің жұмысқа деген жауапкершілігі, өн бойындағы адамгершілік, еңбекқорлық, табандылық сияқты игі қасиеттерінен басқа азаматтығының өзі бір бөлек әңгіме дер едім. Оның тұлғасының өзі - тым биік, асқақ.

Ол өзінің маңдай тері мен ерен еңбегі сіңген ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып, білім алды. Өз еңбегінің арқасында көптің қолы жетпеген жетістікке жетті, дүйім жұртқа танылды, жас ұрпақ жадында сақталды. Бірақ мұндай дәрежеге жетіп, көзі тірісінде биік белесті бағындыру Тау-ағаға оңайға соқпады. Соқпағы мен қиындығы бірге жүретін өмір айдынында ол ыждаһатты ізденді, моншақтап тер төкті. Ең бастысы, сол еңбегі еленді, үміті ақталды.

«Елім дейтін ері болмаса, ерім дейтін елі қайдан болсын?!» дегендей, ұлғатты ұстаз да еліміздің келешегі үшін еңбек ете жүріп, халық игілігіне бар ғұмырын сарп етті. Ол кісі жайлы әлі де талай айтылады, жазылады, жазылатын естелік дүниелер де, әңгімелер де тым көп, толассыз. Тауман Салықбайұлының еңбегін жас ұрпаққа мына біздер сияқты жастар насихаттамаса, сірә тәуілсіз еліміздің тұғырлы тарихы бізді кешірмес. Өйткені, оның есімі тарихтың сарғайған беттерінде, қоймалжың қойнауында алтын әріптермен жазылып қалды.

Балалар үйінен бастау алатын шырғалаңға толы тағдыры оның қолына шығармашылық атты мәңгілік дүниенің кілтін табыс етті.

«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» демей ме? Жан дүниесін журналистикаға арнап, одан бір елі ажырамаған Тауман ағай бар ғұмырын қаламгерлікпен ұштастырған ғалым ретінде де танылды. Алғашқы еңбек жолын 1942 жылы Атырау қаласындағы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде  әдеби қызметкер болып бастады.

2021 жыл менің өмірімде ерекше рөл атқарса, ал 25 жастағы Тауман ағай үшін 1946 жыл ерекше есте қалды. Өйткені, дәл осы жылы ол асқақ арманының жетелеуімен, сол кездің өзінде-ақ сан мыңдаған шәкірттердің қолжетпес арманы болған ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсті. Осы тұста Тауман Салықбайұлы да мен ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түскендегі сезінген бақытты сезінген болар деп қалың ойға шомыламын. Бұл бір ерекше сезім ғой, шіркін! Зор ғанибет.

Ұзақ жылдар бойы іштегі арманына адалдық таныта отырып, алға қойған мақсатыңа қадам басу – ол үлкен табандылықты қажет етеді. Осы сәтте белгілі журналист, ұзақ жылдар Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде декан болып қызмет атқарған Сағатбек Медеубекұлының маған: «Алтынай, арман алдамайды. Тек арманыңа деген адалдығың болса болды», - деп айтқан жылы сөзі жүрек түкіпірінде сақталып қала берді. Себебі, расымен де ҚазМУ-дің студенті атану - сол кездің өзінде-ақ  оңай болмады. Қазір де бұл қарашаңырақтың студенті атану оңай емес. Ал балалар үйінен шыққан шәкірт үшін тіптен қиынға түскені айдан анық.

«Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» демекші, абзал азаматтың бағына орай Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер атқаратын аудармашылық жұмыс табылып, ол оқу мен қызметті бірге ұштастыра білді. Тәжірибе мен теорияны бірге өміріне серік еткен журналист сол кездегі аудармашылардың ақыл-кеңесіне құлақ аса отырып, өзі де кеңес жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударды. Соның бірі - қазақ тіліндегі мамандарға өте қажетті «Журналист анықтамасы» (авторлары И.Богаднов, Б.Вяземский).

1950 жылы ҚазМУ-ді үздік тәмамдаған Тауман Салықбайұлының қарашаңырақта аға оқытушы болып қалуының өзі де тегін емес-ті. Ол 1952-1954 жылдары ҚазМУ-дің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметін абыроймен атқарып, қазақ журналистерінің ішінен аталған лауазымға тағайындалған алғашқы журналист ретінде халық жадында қалды. 1958-1966 жылдар аралығында аталған білім ордасының филология факультетінің, бір жыл деканның орынбасары, кейіннен тоғыз жыл деканы қызметін атқаруының өзі үлкен мәртебе. Себебі, бір қызметте ұзақ жыл қатарынан абыройлы қызмет ете жүріп, қарапайымдылық қалпыңнан таймай, адалдық таныту - әсте кез-келгеннің қолынан келе бермес.

Аталған қарашаңырақтағы филология факультеті құрамындағы журналистика бөлімі негізіндегі ҚазМУ-де алғаш журналистік факультет те осы белгілі қайраткердің ұсынысымен ашылған болатын. Осы факультеттің де алғашқы деканы болған Тауман Амандосов бұл қызметті де 1971 жылға дейін абыроймен жемісті атқарды. 1969 жылы факультетте телерадио кафедрасының ашылуына да ықпал етіп, өзі жетекшілік жасады. 1971 жылдан бастап өз ұсынысымен ашылған қазақ журналистикасы кафедрасының профессоры болып қызмет етті. Ал 1976 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін замандастары «Амандосов кафедрасы» деп атап кеткен журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі міндетін де асқан ұқыптылықпен атқарды.

Иә, қарап отырсақ, Тауман Салықбайұлының өмір жолынан өнеге ала отырып, бүкіл өмірін біз білім алып жатқан ҚазҰУ-дің дамуына, журналистиканың өркендеуіне арнағанын байқаймыз. Міне, сондықтан да Қазақ ұлттық университетінің алтын қорында тұлғаның есімі алтын әріптермен жазылған. Бәлкім, бүгінде бізге еліміздегі іргелі университеттің журналистика факультетінде білім алу бақыты – осы ұлағатты ұстаздың ерен еңбегінің арқасында бұйырған болса керек-ті.

Биыл филология ғылымдарының докторы, қайраткер, ұлағатты ұстаз, белгілі журналист Тауман Амандосовтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай, көзі тірісінде қазақ журналистикасының атасы атанған дара жол иесінің еңбек жолы мен мәнді ғұмырын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өзі маңдай терімен еңбек еткен Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылып жатқан игі шаралар легі толассыз. Аталған шаралар, ғылыми конференциялардың барлығы Тауман ағайдың  тұлғасын танытуға бағытталған. Мұндай дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенттеріне қазақ журналистикасының негізін салуда, іргетасын қалыптастыруда өзіндік орны бар Тауман Амандосовтың тұлғалық бейнесін айшықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Әңгіме кейіпкері жайлы сөз қозғалғанда еңбектерін атап өтпеу – бұл рухани азық болар дара тұлғаның шығармашылығына сыйластық болмас. Қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясын алғашқылардың бірі болып зерттеп, зерделеген оның 100 баспа табақтан артық жарияланған ғылыми еңбектері бүгінгі күнге дейін сақтаулы.

Қазақстанда журналистік теория бойынша тұңғыш ғылым докторы, профессоры атағын алған арда азаматтың журналистикадағы еңбегі еш ұмытылмақ емес.  Ол өзінің студенттеріне арнап «Қазақ кеңес баспасөзінің жанрлары» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықты шығарды. Оның ішінде, 11 монографияның, бүгінгі күні студенттердің қолынан түспейтін «Публицистика – дәуір үні», «Газет жанрлары» және «Журналист және өмір» атты оқу құралдары біздің баға жетпес қазынамыз. Сонымен қоса, «Совет журналистикасының теориясы» оқулығы да шәкірт жүрегіне жол тапқан туындылардың қатарында.

Бүгінде оның мыңдаған шәкірті Қазақстанның публицистика саласында қызмет етіп, жемісті жұмыс жасауда. Өр ағадан алған өнегені өз өмірлеріне ұран еткен. Мен де ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің студенті ретінде ағаның ізін жалғастырар бір азаматша боламын деп сенемін. Өйткені, мендегі нар тұлғамен бірден-бір ұқсастық ол - журналистикаға деген шексіз махаббат, арманға деген адалдық және қазақ публицистикасында өз орнымды айшықтау, осындай үлгілі жанды өз өміріме өнеге еткен және байланыстырған ҚазҰУ-дың журналистика факультеті деп білемін.

Өз заманының заңғар азаматына айналған қайталанбас тұлға, журналистиканың қара қазанында қайнаған өз заманының заңғары - Тауман Амандосовтың тұлғасы ерек, болмысы өзгеше. Абыройлы азаматтың жас ұрпаққа және аға буынға рухани азық болатын шығармалары барда - көзі тірісінде қазақ журналистикасының атасы атанған Тауман Амандосов есімінің де мәңгі жаңғыратыны хақ. Ал, оны жаңғыртатын да, «Амандосов әлемін» танытатын да мына біз секілді жастар. Сондықтан, абзал азаматтың есімімен қатар, тұлғасын таныта отырып, келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау ол алдағы уақыт пен біздің еншімізде.

Алтынай СЕЙІТКЕН,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 1-ші курс студенті