ЕҢГЕЗЕРДЕЙ ОРЫС ӘСКЕРЛЕРІ ЕШКІМДІ АЯМАДЫ. ЖЕЛТОҚСАНШЫ ҚЫЗДЫҢ ЕСТЕЛІГІ

Уақыты: 17.12.2021
Оқылды: 2090
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Желтоқсанның қақаған аязы біздің әріптесіміз Күлбақыт Истамбекованы да қарып өткен. Жастайынан алғыр, өжет болып өскен ол 1967 жылы Панфилов ауданына қарасты Ақжазық ауылында дүниеге келген. 1984 жылы осы Ақжазық ауылындағы Ж. Жабаев атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы шет тілдер педагогикалық институтының неміс-ағылшын тілі факультетіне оқуға түседі.

Желтоқсан көтерілісі кезінде ол 3-курс студенті болған. Әріптесіміз сол бір ауыр күндер жайлы кейінгі жастарға қинала-қинала естелігін айтады. «Біз бұл оқиғаны 16 желтоқсан күні түнде естідік. Қатты айқау-шудан шошып ояндық. Жүгіріп балконға шықсақ топ-топ қазақ жастары ұрандатып, алаңға жиналуға шақырды. Сол сәтте қашып шыққандар барды. Бізді жатақханадан шығармады. Ертеңгісін 301-топ студенттері грамматика пәнінен дәріс берген А.Төреханов ағайымыздан сұранып, алаңды бетке алдық. Біздің жолды бөгегендер болды. Бірақ біз ештеңеге қарамай алаңға жеттік», – деп күрсінеді.

Алаңдағы сол күнгі көрініс бәріміздің санамызда сақтаулы. Қазақ ауылынан арман қуып Алматыға келген барлық жас бірігіп, алаңда тұрды. Дінмұхамед Қонаевтың өзі шығып сөйлейтінін естідік. Бірақ олай болмады. Айнала азан-қазан, у-шу болды да кетті. Ешқайсымыз не болғанын түсінбей қалдық. Топпен барған студенттер бір-бірімізден адасып, көптің ішінде кете бардық. Бұл көріністі мен де көрдім. Әріптесімнің сол кездегі бастан кешкенін бүгінгі жас ұрпақ білсе, өнеге алса, Тәуелсіздіктің қадіріне жетсе деген оймен қағазға түсірдім. Өткен күннің ауыр естелігін айтқанда көздің жасын тия алмаған Күлбақыттың жүрегі әлі жаралы.

«Еңгезердей орыс әскерлері ешкімді аямады. Арқаға, басқа, денеге тиген дубинка, күректің соққылары бізді біраз есеңгіретті. Бір кезде бір шұңқырға құлағанымды білемін. Біраз уақыттан кейін есімді жиып, өз-өзіме келгенде екі орыс әскері екі қолтығымнан сүйреп келеді екен. Кайда апара жатқанын да түсінбедім. Осы сәтте алдымыздан орта жастағы әскери шенді кісі шығып: «Тастаңдар қызды», – деп бұйырды. Екеуі ақ қарға мені тастай салды. Аты-жөнін білмейтін, бұрын-соңды көрмеген бейтаныс азамат жетектеп, бір темір «будканың» ішіне жасырды. Ол жерде дәл өзімдей қазақтың бір аяулы қызы отыр екен. Соққыдан еріні төртке бөлініп кеткен. Қан суша сорғалап жатты. Екеулеп барынша алғашқы медициналық көмекті жасап бақтық. Бейтаныс ағай бізді кеш батқанша ұстап отырды да, шу басылып, қараңғы түскенде екеумізге жол сілтеп, шығарып салды. «Жатақханаларыңа жетіп алыңдар. Ешқайда шықпаңдар. Ауруханаға барушы болмаңдар», – деп қайырымдылық жасады. Міне, осы сәттен бастап нағыз қудалау жұмыстары жалғасты. Талай жасты оқудан, комсомол қатарынан шығарды. Алаңдағы суреттер арқылы әр студентті тауып, сұрақтың астына алды. Бала күннен арман еткен оқудан да қол үземіз бе деген қорқыныш, үреймен күн артынан күн өткіздік. Алаңға киіп барған киімді көзден таса қылдық. Дубинкадан соққы алған жеріміз біразға дейін көгеріп кетпеді. Бірақ бұл алаңда жүрекке түскен жараның қасында ештеңе де емес еді. Моншаға да бармайтын болдық. Тіпті, оқудан шығып қалған құрбыларымыз да болды. Не болса да оқуды бітіріп, аман-есен ауылға жол тарттық», – дейді кейіпкеріміз.

Барлығы басылып, жаңбыр артынан күн шыққанымен Күлбақыттың өмірінде көлеңке тұстар енді басталды. Ауылым деп шарқ ұрып келгенде ол үлкен дертке шалдықты. Бас ауруы оны жиі мазалайтынды шығарды. Дәрігерлер оны қаназдықтан көреді. Білікті де білімді маман 2017 жылы мамыр айында бірінші инсульт алып, денсаулығына біршама күш түседі. Ауру бір емес, шыр айналдырып 2019 жылы екінші рет инсульт алып, әбден қиналады.

«МРТ нәтижесінде «Мидың аневризмасы (Аневризма сосудов головного мозга)» деген диагноз қойылды. 2019 жылы наурыз айында Алматыдағы №7 Қалқаман клиникасында басыма ота жасалып, үш жерден стенд қойылды. 2019 жылдың шілде айынан бастап, 2021 жылдың қазан айына дейін ІІІ топ мүгедектігі берілді. 2021 қазан айынан бастап мүгедектік алынып тасталды. Өзім оқу бітірген сәттен бастап күні бүгінге дейін мектепте жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп келемін. Алайда қазір денсаулығым сыр беріп жатқанын амалсыз мойындауға тура келді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық мамандықтың жауапкершілік жүгінің ауыр екенін баршамыз жақсы білеміз. Оқушылардың шуылы, компьютерсіз бірде-бір жұмыстың бітпейтіні де менің миыма салмақ салды. Бірақ мұның барлығы мені желтоқсанның азалы күніндегі күйімнің бір минутына да татымайды. Ауыр күндерді, замандастарымды қинап, ауыр азаптаған сәттер менің өмір белесімнің ең қиын шағы деп білемін. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл. Бүгінгі қуаныштың артқы жағында қайғының қаншама көз жасы төгілді. Енді ешкім олай қиналмаса деймін», – дейді Күлбақыт.

Көз алдымыздағы қанды қырғын, жастардың жазықсыз жапа шеккені бізге қуаныш емес, мұң сыйлады. Сондықтан, айналайын, жастар, Тәуелсіздіктің қадірін біліп жүрсеңіздер деймін. Еліміз еңселі, жеріміз берекелі, Туымыз тұғырлы, рухымыз мықты болсын!

Күнсұлу РАХИМОВА,

М.Құрманов атындағы №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Көксу ауданы

Алматы облысы