АҚСУДАН ҰШҚАН АҚҚУЫМ ЕДІҢ. БӘТИМА САҚАУОВА ЖАЙЛЫ ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕСТЕЛІК

Уақыты: 27.01.2022
Оқылды: 3011
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ана – адамға қай жаста да керек құдірет. Әр жүрекке жақын, қасиетті, қастерлі есім. Ыстық алақанын, «Айналайын» деген бір ауыз жылы сөзін қаншаға келсең де аңсайтының сондықтан. Жері шұрайлы, тарихы шежірелі, елі шырайлы, қойнауы құт Ақсудың айдынына шомылып, ізгілігін бойына дарытқан марқұм Бәтима апамыз өзінің мейірімімен айналасындағыларды бауырына тартып, жылы сөзімен еліткені киелі мекеннің қасиетінен дер едім. Бойынан анаңның жұпар иісі аңқып, шуағы шашырап тұратын еді.

Алланың қалауымен Талдықорған шаһарында жеті жылдай жаннат мекеннің дәмін татып, суын іштім. Алғаш туған жерде тұрақтап еңбек еткенімнен шығар, біраз тосырқағаным бар. Жоқ, оным бекер болды. Айналамдағы әріптестер мен жақсы адамдар бірден қолдап кетті. Солардың бірі Жетісу өңірінің халқы қадірлеген Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева мен Бәтима Сақауова апаларым.

«Егемен Қазақстан» газетінің тапсырмасымен Еңбек Ері Зылиха Жанболатқызы жайында айқара бетке мазмұнды мақала ұйымдастыруыма тура келген. Газет жұмысы қашанда қарбалас. Ал оған жетісіне оқырманмен алты мәрте жүздесетінін қосайық. Арнайы баруыма мүмкіндігім жоқ. Сондықтан телефон шалдым. "Тыңдап тұрмын", – деген жанға жайлы, сабырлы дауыс естілді ар жақтан. Мен де өзімді таныстырып, шаруа жайын тәпіштеп жеткізіп жатырмын.

- Жақсы, айналайын. - Сөзімді бөлмей аяғына дейін тыңдаған соң осылай қысқа, нұсқа тіл қатты.

Келіскеніміздей Алматы облыстық әкімдігінің үшінші қабатындағы шағын кабинетке сұңғақ бойлы, жасы ұлғайса да өңінен сұлулықтың табы кетпеген Зылиха апа жылы жымиып кірді. Бойына қонымды қызылкүрең костюм ажарын ашып-ақ тұр. Ойын да, бойын да түзеп, ортасында жарқырап жүретін апайға бұрын да аса бір ілтипатпен, құрметпен қарайтынмын. Бүгінгі бітім-болмысы, кейпі тіпті керемет.

Сөйлесіп, пікірлестік. Шуақты сәттерінен есінде қалғандарын асықпай, сары майдан қыл суырғандай етіп жеткізді. Әңгімені саясатпен байланыстырып, халықтың жай-күйіне байланысты айтылған әңгімелерді тағы бір еске түсірді. Шаруашылықта атқарылған жұмыстарды саралады. Өзі шаруашылық жайында біраз мәселені сол кезде басшылықтың назарына салыпты. Арасында өзінің денсаулығының сыр беріп жүргенін де жасырмады. Соған қарамастан баяғы қалпынша бойын тіктегені, кірпияз қалпынан айнымағанына риза болдым. Сөз арасында замандастары жайлы да әңгіме өрбітті. Әсіресе, құрбысы Бәтима апа жайындағы жақсы пікірлері есімде сақталып қалды. 

– Мен өзі тағдырыма риза адаммын. Өмір, еңбек жолымда тек жақсы адамдар кездесті. Солардың бірі ұстазым әрі әпкемдей болған Бәтима Есболатқызы Сақауова. Дана халқымызда «Адамға адам нұрын шашады, ағаш ағашқа гүлін шашады» деген сөз бар емес пе? Ол кезде мен Шанханай ауылдық кеңесінің төрағалығына сайланған едім. Ал, Бәкең Гвардия аудандық атқару комитетінің төрағасы. Екеуіміз осылай төрт жылдан аса қоян-қолтық еңбек еттік. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Брагин талапшыл, бірақ өзін өзгелерден өте жоғары ұстайтын басшы еді. Осындай қызметте кездесетін кейбір мәселелерге қарамастан Бәтима Есболатқызы өз саласындағы қызметкерлерді қажет кезінде қорғап, білмегендерін үйретіп, жан-жақты қамқорлық жасады. Сөзінде тұратын, жалғандықты жаны ұнатпайтын. Сол кезде ауаткомның отырысына дайындалып имене кіретін едік. Бәкеңнің іскерлігіне тәнті болдық. Әсіресе, әлеуметтік саланы дамытуға барынша күш салды. Ұқыптылығы байқалып тұратын, айналаға әйел адамға ғана тән аса сезімталдықпен қарайтын. Нәтижесінде аудан орталығы Қоғалыда қаншама құрылыстар бой көтерді. Көшелер ретке келтірілді. Ауылға деген көзқарас барынша жақсарған кезең де осы тұс. Бәтима Есболатқызының жүріс-тұрысы, киім киісіне дейін айналасындағы қыз-келіншектерге үлгі-өнеге болғанын байқайтынбыз. Олар байыпты басшыға қарап ой түзеді, бой түзеді, ұқсағылары келді. Содан болар, бүгінде Бәкеңнің қамқорлығын көрген, ізін басқан бір шоғыр Жетісудың қыздарының арамыздан жарқырай шыққаны. Біз отбасымызбен жақын араластық. Екеуміздің де отағаларымыз Ақтөбе өңірінің тумалары. Халқымыздың салт-дәстүріне салсақ абысын болып келеміз. Сыйластығымыз бұл жағынан да жақындата түсті. Шақырылған жерге қол ұстасып бірге барамыз. Хабарласып, жиі қал-жай сұрасамыз. Қазақтың ардақты біртуар қызы ғой біздің Бәкең, – деп шешіле сыр ақтарған сонда жарықтық Зылиха апа.

Енді, міне, Жетісудың қос асылы да арамызда жоқ. Өмір заңы деген осы. Және одан ешкім де құтылып көрген емес. Бақилық болғандарды еске алып, рухын көтеру соңында қалған жақсылардың парызы. Осы бір шараны жалғастырып, ағайын-туыс, дос-жаран, әріптестерінің пікір, естеліктерін тасқа басып, мұра ретінде қалдыруға жетекшілік жасаған мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбікенұлы Үмбетовтің бастамасы нағыз азаматтық болды. Әрине, оны ардагерлердің, бүгінде өмірден озған Егеубек Далбағаев, Нұртілеу Иманғалиұлы, Сейдахмет Шүрегеев, тағы басқаларының қолдағаны да қуантты.

«Адамның күні – адаммен» деп данышпан бабалар тегін айтпаған. Айдынды аққудың үкілі қызы жайлы естеліктерді парақтап, өзім де Бәтима Есболатқызының ғұмыр дариядағы дерек пен дәйегіне қанықтым. Жетімдіктің қамытын ерте киген, жігерін жаныған қазақтың қайсар қызының жүріп өткен жолы бүгінгі, кейінгі ұрпаққа ұлағат болары сөзсіз.

Естеліктер әр адамның жүрегіне жазылған жазулардан тұрады. Сондықтан да апамыздың биік адамгершілік парасат-пайымы әр қырынан ашылған. Оқыған сайын қайраткер, ана – әйел – әже бейнесінің ерекше қасиетін, белгілерін табады екенсің. Сөйлесе сөздің майын тамызатын марқұм Нұртілеу Иманғалиұлының Жетісудың анасымен қоштасардағы мына бір шумағы жүректі шымырлатты:

Бәтима апа!

Ақсудан ұшқан аққуым едің,
Аспандап тұрған ақ туым едің.
Дуалы ауыз көсемім едің,
Сөйлер де болсам шешенім едің.
Ұшар да болсам, ай-күнім едің,
Қонарда, апа, айдыным едің.
Күңірене қалсам қайғы, мұң едің,
Жігерленер болсам айбыным едің.
Түсінбей тұрсам білгенім едің,
Сүйене қалсам діңгегім едің. 
Тізгін тірер бұрышым едің,
Ақыл айтар дұрысым едің.
Күн көрінер шығысым едің,
Болаттай берік құрышым менің.
Қиналғанда жұбататын,
Шаршатпайтын тынысым едің.
Енді кімге келем деп өкінгенім,
Өкіне тұрып бекінгенім,
– деген жолдар жиналған жұртшылықтың қабырғасын қайыстырды. Соңында жоқтау айтар осындай інінің болғаны да бір ғанибет-ау. Бұдан асырып не айтуға болады?

Иә, ана – асыл жар, – данагөй әженің қасында жүріп мейірім шуағына шомылғандар апамызды сағынышпен осылай еске алады. Өзімнің де қолтаңбам бар. «Бәтима ана» кітабын баспаға дайындағанда атпал азаматтардың мұны маған тапсырғанына да қуаныштымын. Бұл кездейсоқтық емес. Асыл жанның көңілінің пәктігін менің де сезінгенім бар. 

Бәтима Есболатқызы туған жерімде мерейімнің өткенін естіп Талдықорғандағы «Жетісу» мейрамханасында Күләш Түменбаева, Раушан Жәнібекова, марқұм Гүлжиян Сүлейменова, Ләззат Базарқұлова, тағы басқа ондаған Жетісудың жайсаң қыздарының басын қосып, көл-көсір дастарқан жайды. Халқымыздың апасы сіңлісін, сіңлісі үлкенін сыйлаған дәстүрін берік ұстанған, кісілік пен кішіліктің, адамгершіліктің алтын кілтін қолына ұстаған аяулы жанның өзгелерге деген жанашыр көзқарасына осыдан-ақ көз жеткізуге болады. Мұны сыйластықтың, ізет пен ізгіліктің алтын арқауы деуге келеді.

Бұдан кейін де апаның дастарқанынан дәм татып, жақсы лебізін, батасын алдым. Журналистер мерекесінен кейін әріптес інім, марқұм Бейсен Құранбекпен апаның шаңырағына арнайы барып, қал-жайын білдік. Кәрілік қажытқанымен баяғыдай жүзіне күлкі үйіріліп, ел-жұртының амандығын тілеген ізгі ниетінен айнымағанына тағы да тәнті болдым. 

Ақсудың киелі топырағынан жаралған Поэзия құлагері Ілияс Жансүгіровтің, айтыс өнерінің қайталанбас тұлғасы Сара Тастанбекқызының, қобызшы-әулие Молықбайдың, тағы басқа атынан ат үркетін абыздар қатарын тізетін болсақ жетіп артылады. Жақсылардың жалғасы, туған жерге ту тіккен Бижамал Рамазанова, Бәтима Сақауова тәрізді қоғам қайраткерлерін айдыннан қанаттарын қомдап ұшқан аққуға теңеген ақындар жыры да тұла бойыңды шым-шымдап тербетеді. Туған жерін перзенттік махаббатының мөлдірімен өрнектеген ақын Сараның жырлары жаныңды әлдилейді.

Ақсуым – жерұйығым, Жетісуым,
Аралап Асан атам тіккен туын.
Жоны қар, қоңы қоңыр, бауыры бұлақ,
Қазақтар қоныс қылған қанша буын.
Қайысқан қапталдары қайың мен тал,
Білектей балдырлары балауса бал.
Төле би төре атанған Күреңбелдің
Төле боп төңірегінде жүрем дедің.
Айтысып ақын Сара атым шыққан,
Бауырында бақытты өмір сүрем дедің,
Туған жер, өскен жерім!

Кіндік кесіп, кір жуған мекенге деген ақын жүрегінің лүпілі осылай дүрсіл қағады. Бұл сөз құдіреті, сезім құдіреті. 

Ағынды, айбынды Ақсудың мөлдіріне мейлінше шомылып, тұнығынан сусындаған жандардың жаны таза, көңілі көл-дария, пейілдері кең болатыны заңдылық. Бәтима апамның да жұлдызының оңынан туғаны осыдан шығар. Халқының ұмытпай ұлықтауын, құрметтеуін, «Жетісудың анасы» деп әспеттеуін адамдықтың жібек жібінің әрдайым үзілмей жалғасқанынан іздесек жаңылмаспыз. Жаратқан мәңгілік мекеніңді нұрға бөлесін, жұмақтың миуа бағынан орын берсін деп тіледім.

Күмісжан БАЙЖАН,

ҚР Мәдениет қайраткері