"ҚАН МЕН ТЕРДІҢ" АВТОРЫ, ӘЙГІЛІ ҚАЛАМГЕР ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 2558
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақтың көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті. Бұл жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек мәлім етті.

Жазушы Алматыда жерленеді. Ә.Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде дүниеге келген. 1942-1945 жылдары Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық ҚазақПЕН клубына жетекшілік жасады.

Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастаған қаламгердің тұңғыш шығармасы - соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады.

Қаламгердің «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді. А.Чеховтың, А.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың сыйлығын иеленді. 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Көптеген орлен-медальдармен марапатталды. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"