Ұстазым менің, ұстазым...

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1684
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Менің туған ауылым Қызыләскер 
деп аталады. Алып таулардың аясындағы осы қырық түтінді ауыл – кіндігім кесілген, тәй-тәй басқан бөбек кезімнің, алғашқы бал-балалығымның шуақты кезеңдерін өткізген қасиетті мекен.
Міне, бүгіндері қырықтан астам кітап жазып, әлемнің көптеген жерлерін аралап жүрсем де туған ауыл топырағы тым ыстық.
Оны сағынамын, не жазсам да таулар көмкерген Қызыләскер ауылы, ауылдың шетін ала ағатын Тәуке өзені, алыстан айбынданып көрінетін Аспанқора шыңы көз алдымда тұрады, ешуақыт көңілімнен кетпейді.
Әсіресе, ауылдың аяқ жағындағы мектебіміз қандай еді?! Биік дөң үстіндегі бастауыш мектептегі оқу параллель сыныптар арқылы жүретін. Түске дейін бірінші мен үшінші бір сыныпта қатар оқиды, түстен кейін екінші мен төртінші сол бөлмеде бірге дәріс алады.
Әр сыныпта бес-алты, кейде төрт-бес қана бала оқимыз. Мұғаліміміз – Ұлы Отан соғысынан бір аяғынан айырылып қайтқан, таяққа сүйеніп жүретін келбетті келген Әбдіразақ ағай. Мектептің кіреберісіндегі кішкентай бөлме – мектеп меңгерушісінің кабинеті. Онда горн, ту, кітаптар, журналдар тұрады. Әбдіразақ ағай сабақтан кейін сол кабинетінде отырады. Ауыл тұрғындары, ата-аналар сол кішкентай кабинетке кіріп, мектеп меңгерушісімен әңгімелесіп қайтады.
Мектеп парталары қыркүйекке дейін сырланып, бөлмелердің іші-сырты ақталып, оқуға сағынып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жетеміз.
Кластың ортасында «контрамарка» деген үлкен қара пеш тұрады. Қыстың күндері ертерек келген оқушылар от жағушыға көмектесіп от жағады, су, мұз болған үсті-бастарын кептіріп жатады.
Сырттай бұйығы, қоңторғай ғана кішкентай ауыл болғанымен мұнда да үлкенді-кішілі сан түрлі оқиғалар, жағдайлар болып жататын. Бүгіндері барлап, ойлап қарасам, сол бір кезеңдегі сапырылысқан сан түрлі оқиғалардың басы-қасында болып, оң шешімін табуына, ауылдың береке-бірлікте болуына барынша күш-жігерін жұмсап жүретін Әбдіразақ ағай екен ғой.
Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі «Мұғалім келе жатыр» дегенді естісе Қыдыр, періште келе жатқандай қаздай тізіліп, ерекше ілтипатпен сәлемдесіп, зор құрмет көрсететін.
 
***
Қызыләскер мектебінде Жаңа жыл мерекесін өткізетін болдық. Әбдіразақ ағай ат-шанасымен Ұзынағаштан иісі бұрқыраған жап-жасыл шырша алып келді.
Парталарды артқа сырғытып жинап, ортаға шыршаны орнаттық. Бөлме ішіне жаңа жауған қар секілді мақтаның талшықтарын үзіп-үзіп алып, жіпке тізіп, төбеден төмен салбыратып іліп қойдық. Терезе әйнектеріне ою-өрнектелген қағаздар жапсырдық. Шыршаға ойыншықтар жасап іле бастадық. Бәрін қарап, ұйымдастырып жүрген Әбдіразақ ағай біздің құлшынысымызға ақ пейілімен риза.
– Ал, балалар, 31 декабрь күні кешкі сағат жетіде осында Жаңа жылды қарсы аламыз. Ата-аналарың да келсін, сендердің дайындаған өнерлеріңді көрсін! Ана электрикке де айтып қойдым, движокты ерте қосып қояды, – деді.
Электр жарығы жаңа түсе бастаған кез, ауылға бөлек движокпен электр жарығын береді.
Отыз бірінші декабрь күні класқа адам сыймай кетті. Кішкентай балалар еденде  отырып, отырмағаны тіпті жантайып жатыр.
Сағат жеті болғанда электр жарығы жарқ ете қалды. Елканың үстіне жабылған газеттерді алып тастап едік, ел таңданғаннан «аһ» ұрды.
Шыршаның үстінде біз өңіміз тұрмақ түсімізде көрмеген жалт-жұлт еткен сан түсті ойыншықтар ілініпті.
Ортаға таяғын таянып мектеп директоры Әбдіразақ ағай шықты да:
– Құрметті ата-аналар, оқушылар, ауылдастар! Келе жатқан Жаңа жылдарың құтты болсын! Совет Одағы Ұлы Отан соғысында фашистерді жеңді. Енді ел еңсесін көтеріп жатыр. Міне, біздің ауылда да тұңғыш рет елка құрылып, Жаңа жылды бірігіп, қуанышпен қарсы алып жатырмыз.
– Қарағым-ау, анау әдемі жалт-жұлт еткендерің не? – деді ауылдағы ең кәрі Зейіл апа көзін көлегейлей қарап.
– Апа, бұл елканың ойыншықтары, әдейі сатып әкелдім. Сіздер тамашаласын, көрсін дедім. Көресіздер, заман түзеледі. Мұндай елка Жаңа жылда әр үйдің төрінде орнатылатын болады. Ал, енді балалар қазір ән айтады, тақпақ оқиды, – деп біздерді шақыра бастады.
Балалар ән шырқады, жаттауларын айтты, көрініс көрсетті. Ел рахаттана қол шапалақтап, қошаметтеп жатыр.
– Жаңа Жыл мерекесіне арналған концертіміз осымен аяқталды. Бәрімізге келер жылға жақсылық әкелсін! – деді мектеп басшысы.
– Оу, қарағым-ау, мына бір жылтылдаған әдемі нәрсені үйдегілеріме тәбәрік деп апарайыншы, – деп бір қария жылтыраған ойыншықтың біреуін үзіп алып, қалтасына салды.
Осы кезде үлкендер лап қойды. Әрқайсысы қолына тигенін үзіп-үзіп алып жатыр.
Әп-сәтте ойыншықтан тұттай айырылған шыршаның қаңқасы ғана қалды. Біз қолдан жасаған түрлі ойыншықтар да жоқ, шыршаның бұтақтарын да сындырып алыпты. Ел түгел тарап кетті.
Ортада бұтақтарынан тұттай айырылған шырша, ал терезе алдындағы орындықта Әбдіразақ аға бүкшиіп отыр.
Біз, ел соңында қалған екі-үш бала, алаңдап, мектеп басшысы тас-талқан ашуланып, ұрсатын шығар деп кете алмай ағайға жақындай бердік.
– Ағай, шыршаны сындырып, бұтақтарына шейін түгін қалдырмай алып кетіпті! – дедім мен.
Әбдіразақ ағай қалтасынан көлдей бет орамалын алып, көзін сүрткіштей берді де еңкілдеп жылап жіберді.
– Алсын! Тұңғыш келген елка ғой ауылға. Бұлар не көрді? Соғыстан кейінгі қаусап қалған аулымызға осындай қуаныштарымыз көп болсыншы деп ырымдап әкелдім. Алсын, үйлерінің төріне іліп қойсын! Әлі-ақ елканы дүркіретіп өткізетін боламыз. Әлі-ақ сендер керемет азамат болып, осы ауылды көтересіңдер, атын шығарасыңдар! Біз соғыста жүрдік, көп уақытымыз кетіп қалды ғой!
Бір қарасақ, біз ұстазымызға тұмсығымызды тығып өксіп-өксіп жылап отырмыз. Қайран асыл аға, ұстазымыз Әбдіразақ ағаның біздің тақыр басымызды сипап, қарлыққан даусымен айтқан осы бір сөзі – бізге аманаты екен ғой. Сол бір Жаңа жыл кеші менің есімде мәңгілік қалып қойды. Әр Жаңа жыл сайын сол кешті, Әбдіразақ ағаны сағына есіме аламын. Шешем де бір ойыншық ала кетіпті. Біздің үйдің төрінде сол жылт-жылт еткен ойыншық жыл бойы ілулі тұрды-ау.
 
***
Біздің ауылдың бір шопаны аяқ астынан тоқсан қойға қарыз болып, ісі насырға шауып, сотталатын болды. Әлгінің шиеттей тоғыз баласы бар, өзі момын, жуас кісі еді.
Ол кезде колхоз малына зиян келсе, қарыз болсаң – заң қатал. Әбдіразақ мұғалім мектепке ауылдың бір топ ақсақалын жиып алып, жиналыс өткізді.
– Тоғыз баласы бар шопан бауырымызды қалай соттатып жібереміз? Ол әдейі істемеген. Отарына үйірлі қасқыр шауып, тоқсан қойын тамақтап өлтіріп кеткен. Мылтығы жоқ, айдалада жалғыз өзі айғайлап қара тер болған, қайта қалған отарын жинап алыпты. Тоқсан қой сөйтіп қасқыр шауып өлген. Оны кейін көрші-қолаңдары, завферма растап отыр. Бірақ заң бойынша қасқыр шапқанға қарамайды, соттап жібереді. Елміз, жұртпыз, ағайынбыз. Бір таудың аясында тұрып, бір бұлақтың суын ішіп, бірге өсіп-өнген бауырымызды қалай қиямыз?
– Біздің қолымыздан не келеді?
– Шешімін өзің айт! – десті жиналғандар.
– Онда былай болсын. Осы ауылдағы әр түтін бір-бір тұяқ қой берейік. Атқа отырып, қойшыларды аралап, әр шопаннан бір-бір қойдан беретіндей әңгімелесейік. Қатарынан ешкім қалып қоя қоймас. Қиналған тұста халқың көтеріп кетеді. Колхоз малы түгенделсе, басшылармен өзім сөйлесем. Шиеттей балалы-шағалы бауырымызды күйдіріп жіберсек – елге сын, ерге сын!
– Дұрыс, дұрыс!
– Мұның жөн екен!
– Бір тұяқ өліп те қалады. Береміз! – деп бәрі іліп әкетісті.
– Көргенді елдің адамдары көшелі болады. Сіздерден осындай елдікті күтіп едім. Рахмет бәріңізге. Онда іске кірісейік, – деп мал жинайтын, қойшыларды аралайтын адамдарды бекітті.
Бір жұмада колхоз малы орнына келді. Елден жиған малдың бәрін санап өткізіп беріп, Әбдіразақ мұғалім өзі колхоз басшыларына, ауданға барып жүріп әлгі қойшыны аман алып қалды.
Сол қойшы бұл дүниеден қайтқанша Әбдіразақ мұғалімнің атын аузынан тастамай, алғыс айтып өтті.
 
***
Сол бір жазда аптап айлап тұрып 
алды. Шегірткенің қанаты күйіп, тасбақаның табаны жидіп түсетіндей қапырық ыстық төңіректі түгел күйдіріп, шілде болмай-ақ шөптер сарғайып, қурап сала берді. Ала жаздай жаңбыр жаумағаннан үй жанындағы жеміс ағаштары, бақшадағы көк-сөк те су ішпей бүрісіп қалды. Дәл осындай кезде Қызыләскерге жан кіргізіп, сылдырап ағып тұратын Тәуке өзені тартылып қалды, арнасындағы қожыр-қожыр тастар күнге шағылысып, жағасындағы көгерім жалбыз біткен тамырлары адырайып, бастарын төмен иіп, солып сала берді.
Су – тіршілік көзі. Қызыләскер ауылы флягын арқалап, шелектерін салдырлатып, сонау биік қырқа астындағы Мырқасым сайындағы бастауға шұбырды. Терлеп-тепшіп әкелген екі шелек су аңызақ аптапта ештеңеге жетпейді. Ел қатты қиналып кетті.
Әбдіразақ ағай мектеп көлеңкесінде кешқұрым елді жинады да былай деді:
– Мен атпен өзен арнасын жағалап, сонау Аспанқора астына дейін барып қайттым. Атабаймен шектескен тұста өзен суы оппаға түсіп кетіпті. Баяғыдағы бұлақ, бастаулар көзінің көбісі шөп-шалам мен мал тұяғынан бітеліп қалыпты. Енді қарап отыруға болмайды. Бүкіл ағаш жеміссіз қурап, ауыл қатты қиналады. Ертең таңертең сағат бесте бәріміз бала демей, шал демей қолымызға кетпен-күрегімізді алып, жаңа арна қазамыз.  Ауылдың жоғарғы жағына таңертең күн шықпай сағат бесте жиналыңдар, – деді қысқа ғана сөйлеп.
Ертеңгісін тәтті ұйқымнан әзер ояндым. Таң сібірлеп жаңа-жаңа атып келеді. Бір жанан айранды іше салып, күрегімді көтеріп, ауылдың жоғары жағына шықсам, бүкіл ауыл жиналып қалыпты. Әбдіразақ ағай алдыда, суы жоқ өзен арнасымен жоғары жүріп кеттік.
Тура Атабай сайына келетін бір бұлақ қосылған тұста Тәуке өзенінің суы қожыр-қожыр тас  жыраға сіңіп жоқ болып жатыр.
Әбдіразақ ағай тапсырма бере бастады. Сол тұстан сәл жоғарырақ жерден бұрылма жаңа арна жобасын көрсетті. Екі шақырымдай қиялап барып, бұрынғы арнасына қосылуы керектігін ұқтырды.  
Мен сол кездің адамдарының бірлігі мен ынтымағына қайран қаламын, айрықша тәнтімін. Түс кезінде өгіз арбасымен завферма келді. Ол бір фляг айран, нан, қазан және бір семіз тоқты әкеп беріп кетті.
Тоқтыны сойып, далаға шай қайнатып, тамақ істеп, түннің бір кезіне дейін жұмыс тоқтамады. Бәрі ақ тер, көк тер болып шаршау дегенді білмей жаңа арнаны қазып бітіп, суды бөгет жасап, соған бұрып жіберді.
Айналып жасалған жаңа арнада, қасиетіңнен айналайын, сылдыраған су екі шақырымнан кейін бұрынғы арнасымен қосылып, төмен қарай құлдырай жөнелді.
Жұлдыздары қалың жымыңдаған, айы толықсыған түнде бүкіл ел «Ура-а-а» десіп сол аққан суды қуалай жарысып, ауылға қуанышымыз қойнымызға сыймай жеттік-ау...
Ертеңіне өзіміз жасап алған сол өзен арнасындағы көлмекте күні бойы рахаттана шомылдық-ау!..
Әбдіразақ ағай екі күннен кейін бір топ жігітті жанына ертіп алып, өзенге қосылатын бүкіл бастау-бұлақ көздерін тазартып қайтып еді, су да молайып жағасына жайылып, толып шыға келді. Ауыл ажарланып, рахаттанып қалды.
Жұма күні сол өзен бойына «тасаттық» берілді. Тамақ ішіліп, құран оқылып, ел жаңбыр тіледі. Құрдастар бір-бірін суға лақтырып, су шашысып, бұрыннан келе жатқан дәстүр рәсімді жасады.
Алланың рахымы түсті ме, ертесіне тұрсақ мөлдіреп ақ жауын төгіп тұр. Сол жауын жұмадан жұмаға жауып, ел де, жер де, мал да тынысы кеңейіп, рахат, базарлы шақтар туған еді-ау... Қаңсып кеткен жер жарықтық иіп сала берді...
 
***
Біздің замандастарымыз тасты жарып шыққан шөптей қысылып-қымтырылып өстік қой. Біріне тартсаң, біріне жетпейтін кезең еді ол кез. Бірақ елдің рухы биік, ішкі қуаты берік болатын. Бәріне шыдап, көндігіп, болашаққа нық сеніп өстік.
Сол бастауышта оқып жүргенде оқу кітабымыз өте тапшы болды. Оқу жылы басталып кетсе де оқулықсыз оқи береміз. Мұғаліміміз ай сайын Ұзынағашқа барып, бос қайтады. Біз кітап күтеміз. Бірде «Табиғаттану» деген кітапты қыстың күні қырауда атпен сонау аудан орталығынан әкеліп, бәрімізге бір-бірден таратқанында әлгіні сипап, мәпелеп қуанғанымызды айтпаңыз!..
Жасыратын не бар, біздің үстіміздегі киімдеріміз де жамау-жамау болатын. Ойын баласымыз, алысып-жұлысып, зыр қағып, асыр салып ойнап жүріп тіземіз, шынтағымыз бірінші жыртылады. Шешеміз әлгіні жамап әуре. Үстімізде бір пар ғана киім. Әр жыл сайын колхоз еңбеккүн деп бар-жоғы бес-алты қап бидай жазып береді. Соны жыл бойы талғажау етеміз. Әр үйде бес-он баладан бар. Бірде мектеп меңгерушісі ауданнан көңілді оралды. Ат-шанасымен бір қап киім алып келіпті. Киімдер болғанда қандай: жап-жаңа, бәрі балалардікі.
Бәрімізді жинап, алдымен жетім балаларға киім үлестірді. Көбісінің аталары соғыстан келмей қалған, не жарымжан, жағдайлары жоқ.
Сонда Бақыш Бейсембиевке тұмақ кигізіп тұрып:
– Енді қалай оқисың? – деп сұрады.
– Жаңа тұмақтан кейін енді жақсы оқимын, – деп Бақыш қуанғаннан айқай салды.
– Әп, бәрекелді! Сендер жақсы оқысын, жақсы азамат болсын деп райОНО-дан әрең сұрап алдым. Интернат балаларына ғана беріледі екен. Сендер кейін рахат заманда өмір сүресіңдер, сендердің бала-шағаларың жамау киім, жетіспеушілік дегенді білмей өседі. «Сабыр түбі – сары алтын» деген, бәріміз сабыр сақтасақ әлі-ақ сендер үлкен азамат боласыңдар! Жақсы азамат әке-шешесінің ғана емес, ауылының, ел-жұртының атын шығарады! – деген еді Әбдіразақ ағай.
Менің әке-шешемнің екеуі де колхозшы деп маған киім бермеді. Бақышты «Тұмақты Бақыш жақсы оқиды» деп әзілдейтінбіз. Сол Әбдіразақ ағай берген тұмақты кейін басына кішірейіп, ескірсе де ол бәленбай жыл киіп жүрді.
 
***
Әбдіразақ ағаның зайыбы Тұрар апа 
менің кіндік шешем. Бализа, менің шешем Күлиман бәрі қатар-құрбылар. Бализа мен Тұрар апаларым менің кіндігімді кесіп, шешемді қалжалапты. Бализа апам әлі күнге дейін оны жырдай ғып айтады.
Тұрар апама ауылға барған сайын сәлем беріп, қал-жағдайын біліп шығамын. Ол кісі мені шәй ішкізіп, тамақ жегізбей қайтармайды.
Апам екеуміз әңгімеге кірісеміз. Жалпы мен титтәйімнен шал-кемпірлердің әңгімелерін жақсы көремін. Апаның бөлмесінде екеуміз ғана ауылымыз, ауылдастарымыз жайлы талай-талай әңгіме тиегін ағытамыз. Талай-талай сыр ақтарылады, мен білмеген нәрселерімді сұрап қоямын. Кей-кейде күйеуі Әбдіразақ ағай жөнінде айтқанда ерте қайтыс болған жарын жүрек жара күрсініп, есіне алып, көз жасын сығып, жылап та алады.
– Әбекең тым ерте кетті ғой. Соғыстан жарымжан, мүгедек болып қайтты. Біздің түбімізге жететін – қызғаныш, көре алмаушылық. Маңдайы жарқырап біткен асыл жан еді ардақтым. Көре алмаушылардың кесірінен ерте үзілді ғой, – деп бір сырды жайып салды.
Әбдіразақ ағай Ұлы Отан соғысында Брест қамалын қорғауға қатысқан, Қызыл Жұлдыз орденді соғыс ардагері. Ауылдағы біреу үстінен қайта-қайта арыз жазып, КГБ-ға шақыртып, тергеп, жауап алып, соңынан шам алып түсіпті. Аққа құдай жақ, қылаудай кір таба алмаса да әлгі арызқой қоймай Алматыға, Мәскеуге хат жолдап, тыным таппапты.
Егей берсең тас та мүжіледі. Әр барып-келген сайын қабағын мұң шалып, ішқұса болып, кеселденіп, күрт түсіп кетіпті.
Тұрар апай ешкімге айта көрмегін деп айтқан осы бір әңгіме есіме түссе жан дүнием түршігіп, тебіреніп кетеді. Асыл, ардақтыларымызды неге көре алмай, өшігеміз? Қайран, ай маңдайлы, тау тұлғалы ұстазым!..
Тұрар апамның айтқаны – тағдыр талқысынан өткен өмірлік тәлім-тәрбие.
– Шиеттей балаларды ешкімнен кем қылмай оқытып, бақтым, қақтым. Ешкімге жесірлігімді, балаларымның жетімдігін білдірмедім, сездірмеуге тырыстым. Үлкен ұлым Қайратжан үйленемін дегенде қатты қысылдым. Келін сонау Жетісайдан екен, құда ауданды дүркіретіп тұрған басшының бірі. Қалай барамыз деп қатты састым. Жесір әйел, жетім баланы менсіне ме, мен құдалыққа не апара алам? Зыр жүгіріп, туыс-ау, осындайда қол ұшын беретін шығар деп барғандарымның көбісі теріс айналды. Тек Небиян деген інім машинасын беріп, сонымен бардым. Құдам ақылды, көпті көрген көшелі азамат екен. «Құдағи, ештеңеден қысылмаңыз. Мына екі баламыз жарасып, аман-есен болса, әлі-ақ топқа да барасыз, торқа да киерсіз, шалқып төрде де отырасыз, өрге де шығарсыз. Осы екі баланың тілеуін тілейік», – деп алып барған кәде-сыйыма разы болды. Қандай ақылды жан?! Қазір ғой бәрі жақын-жекжат, туысқан болып жүргендері. Бірақ мұндайларды балаларыма айтпаймын, көңілдері қалады, ішараз болып кетпесін деп ойлаймын, – деген еді жарықтық Тұрар апам. Тұрар апа әйгілі Байсерке болыстың ұрпағы. «Мына Зарық атасына тартып туған» деп отыратын.
Тұрар апам қайтыс болғанда басы-қасында болып, жерлеуді ұйымдастырып жүрдім. Ол кісі Жамбыл мен Қызыләскер ауылының ортасындағы биік жота басына, мәңгілік мекеніне – жары Әбдіразақ ағаның жанына жерленді. Менің Күлиман шешем де сол жотада. Ары-бері жүргенде әдейілеп құран бағыштаймын, есіме нелер келіп, нелер кетпейді десеңізші!
Әбдіразақ ағаның балаларымен көп араластым. Тұңғыштары Гүлнар ерекше бекзат жан еді. Біз орысша сөйлей алмай жүргенде ағылшын тілі маманы болды. Менің Серік деген құрдас-сыныптасыммен үйленгенде бірге болдық. Тұрар апам айтушы еді «Гүлнар – туған сіңілім сияқты, не істесем де сонымен ақылдасамын. Қандай шаруа болса да жанымды тындырады, сырымды да, мұңымды да ұғады». Гүлнар да ерте қайтыс болып, ауыр қайғы арқалатып кетті.
Гүлжанмен бірінші сыныптан бастап бірге өстік.
Қызыләскерден Гүлжан, Садабай, Ләкеш, Күлшария, Шурик бәріміз бірінші сыныптан бастап бірге оқыдық.
Әскерден келген соң Ләкеш, Гүлжан үшеуміз дос-жаран болып бірге жүрдік. Бұл кластастарым маған ерекше қамқорлық жасайтын. Шешем қайтыс болып, әбден әбіржіп, жетім қарындастарым, кантөжный әкемді қалай бағып өсіремін деп жүрген қамкөңіл шақта жаныма демеу, жарымжан көңіліме ағалы-қарындастай болған дәурен-шақтар еді-ау... 
Гүлжан Жангелді ауылындағы бір жігітке ұзатылды. Кейін балалы-шағалы, немерелі-базарлы, елге сыйлы ана болған Гүлжан да дүниеден өтіп, қатты қайғырдық.
Әбдіразақ ағамыздың үлкен ұлы Қайрат менен төрт жас кіші, титтәйінен таза киініп, тек жақсы оқып жүретін, ерекше ілтипатты оның білім-зейіні өте зор болатын. Ол кезде жоғары кластағылардан төменгі класқа пионервожатый қоятын. Солар оқитын класқа мені пионервожатый тағайындағаны есімде. Класс сағатын өткізгенде Қайрат пен Серіктес Тоққұлов екеуі ерекше алғыр, өте білімдарлығын танытатын.
«Болар бала он үшінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» демекші, Қайрат інім университетті бітірісімен батыс аймаққа жолдамамен кетіп, білім-парасат, іскерлік, қабілеттілігімен тез өсті, жауапты қызметтер атқарды. Міне, содан бері мемлекетіміздің өте жауапты қызметтерін мінсіз атқарып келеді. Қайраттың парасат-пайымына, зеректігіне, ешнәрсені ұмытпайтын жадысының мықтылығына, зор ауқымды пікіріне таң қаламын, әрі мақтан етемін.
Ауылда тұратын інісі Ержан бауырым аяқ астынан жол апатынан опат болды. Мен Әбдіразақ ағаның Самат деген баласымен ерекше көп араластым. Алатаудың аңқылдақ желіндей ақкөңіл азамат еді. «Аға» деп жүзінен шуақты күлкі үзілмей жиі іздеп келіп, екеуміз көп әңгімелесетінбіз. Елгезек, жаны жайсаң Самат інім де кенеттен қайтыс болғанда қатты қайғырдым. Ондай ақадал іні, ақжейде бауыр сирек-ау, өте сирек.
Ауылда қазір Жомарт тұрады. Қарашаңырақты сол түтетіп отыр. Ауылға барсақ соны іздейміз.
Әбдіразақ ағаның кенжесі Мұхит жасынан доп қуып, спортпен айналысып жүретін. Бірде жүдеу реңін көріп, сағым сынып қалып еді. «Емделіп жүрмін, шетелге барып қаралудамын», – деді. Кейінгі кездері көргенімде жүзі ашылып, ажары кіріп, әзілдесе әңгімелесті. Қуанып қалдым.
Әке-шешелеріне тартып туған ұл-қыздарының барлығы да білімді, білікті, парасат-пайымы мол, адамгершіліктері жоғары азамат болып өсті.
Әбдіразақ ағаның үйінде өскен Қаһарман деген баланы жұрт Қахан деп атайтын. Біздер оны мұғалімнің бір баласы екен ғой деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, ол тұлдыр жетім, осы кісілер бауырына салып алған екен. Қаһарманды үйлендірді, он бір балалы болды. Майра деген жеңешеміз үбірлі-шүбірлі сол отбасында әже болып отыр.
Иә, өмір – мәңгібақи ағып жатқан өзен. Асу-асу белдері бар, асқар-асқар шыңдары бар, кейде құздары бар бұл өмірде қилы-қилы жағдайлар болып жатады.
Анабір қиын-қыстау кезеңде біздің Қызыләскер ауылындағы бастауыш мектеп жабылып қалды. Ауыл ақсақалы Айтжан аға бастаған жерлестерім маған арнайы келіп, ауылдастарымның аманат хатын тапсырып, кішкентай бүлдіршіндерге өте қиын болғанын айтып, қатты қынжылды.
Еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін көтеріп, заман түзелген тұста жаңа мектеп салынды. Бастауыш қана емес, орталау мектепке Брест қаһарманы Әбдіразақ Мәмиев есімі бірауыздан берілді. Әсіресе, ауылдастарымның қуанышында шек болған жоқ. Бәрі Елбасымыздың көреген саясатына, қамқорлығына алғыс айтады.
Қасиетіңнен айналайын туған ауылымда қалған іздерім, алғаш білім алған кездерім, бәрі-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Ауылға, Әбдіразақ Мәмиев атындағы мектепке жиі барамын, өрімдей балалармен кездесіп, әңгімелесемін. Олар – аппақ қардай таза періштелер ғой. Болашақта олардың арасынан талай-талай тұлғалар шықпасына кім кепіл?! Әлімнің келгенінше жыл сайын кітап, музыка аспаптарын, спорт тауарларын сыйлаймын. Мектеп директоры, осы ауылдан өскен ақын ініміз Марат Құрманқұлов жайраңдай қарсы алып, соңғы жаңалықтарды, жеткен жетістіктерін баяндай жөнеледі. Брест Қаһарманы, аяулы ұстаз Әбдіразақ Мәмиевке арналған музеймен жан-жақты таныстырады.
Мектепке кіріп келгенде қарсы алдымнан Әбдіразақ ағай қарсы алады. Әрине, өзі емес, үлкен портреті. Мен бірден сол баяғы бала кезіме көшемін, есіме нелер келіп, нелер кетпейді десеңші!..
Жақында ғана 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған Алматыдағы жиында Әбдіразақ ағаның соғыста бірге болған майдандас досы Ғаббас Жұматов ағаны көріп, жүгіріп барып қос қолдай сәлем бердім. Кеудесі толы орден-медаль ардагер аға әлі тың.
– Қарағым, міне жүз деген жасқа да жетіп қалдық. Қу соғыс болмаса Әбдіразақ та қасымда отырар еді. Жігіттің нағыз жайсаңы, нарқасқасы еді. Соғыс қаншама боздақтарды қыршынынан қиды. Әбдіразақ мүгедек болып оралып, ерте үзілді. Енді ешуақытта соғыс болмасын. Ең үлкен бақытымыз – тыныштық, қарағым, – деп қолымнан ұстаған күйі майдандасы Әбекең жөнінде әңгімелеп кетті:
– Біздер 1939 жылы әскер қатарына бірге шақырылдық. Әбдіразақ Брест қамалының өзінде, 125-ші атқыштар полкінде жауынгерлік қызмет атқарды. Ал мен Брестен бес шақырымдай жерде радиобайланыс бөлімшесінің командирі болып борышымды өтеп жатқан кезде күтпеген жерден Ұлы Отан соғысы басталды. Сұрапыл соғыста Брест қамалын қорғаған ержүрек батырларымыздың ерлігі бүкіл Отанымызға нағыз қаһармандық үлгісі болды. Фашистер қамалды айналып терең ішке еніп кетсе де қорғаушылар 20 шілдеге дейін жауға берілмей, жанталасқан дұшпанды жолатпай тұрды. Міне, сол қаһарман батырлар Әбдіразақ Мәмиев, Владимир Фурсов, Мақсұт Ниязов, Нұрым Сыздықов секілді жауынгерлер ерліктің өшпес үлгісін танытты. 1941 жылы соғыс басталғанда Брест гарнизонында борышын атқарған үш мың қазақстандық батырлардан соғыс біткенде небары алпыстай ғана адам қалды. Әбдіразақ Мамиев – Брест қамалының нағыз қаһарманы. Одан тірі қалып, талай алапат ұрысқа қатысып, 1943 жылы оң аяғынан айырылып, ұзақ емделіп елге оралды. Ол менен бір жас қана үлкен еді. Соғыстан кейін де Әбекеңмен араласып, кездесіп тұрдық. Нағыз ұлағатты ұстаз, жігіттің сұлтаны, ерекше жаратылған парасатты жан еді, – деп профессор Ғаббас аға майдандас досы жайлы адам жанын тебірентер әңгімелер айтты. Екеуміз 28-панфиловшылар паркіндегі мәңгілік от жанып тұрған ескерткіш алдына қып-қызыл гүлдер шоғын қойдық. Мәңгілік от жаны гүлге көмкеріліп, толып кетіпті. Үлкен де, кіші де гүл қойып тағзым етіп жатыр.
– Ешқашан соғыс болмасын! Еліміз берекелі, бірлікте, тыныштықта болсын! – деді майдангер қария қоштасарда. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ойлап, тағзым етіп, сол мәңгілік от жанында толғанып көп тұрдым.
 
***
Көктемде біздің қырқаларда 
үлпілдек қызғалдақтар көздің жауын алып қаптап кетеді. Ғажап сурет, ғаламат көрініске көзің тоймайды-ау...
Мұндай кезде біздің Қызыләскер ауылы да көкорайға бөленіп, жайнап тұрады. Биік-биік ағаштар көкжасылға бөленіп, сылдырап аққан Тәуке өзені қуана құлдырайды. Ауылдан жоғары өзіміз талай асыр салып жуа, рауғаш теруге барған Атабай, Аспанқора, Қақпатас...
Біздің таулар да тұлғалы, қасиетті-ау. Анау Суықтөбеде Қарасай батыр, Қарақияда Сүйінбай, Майтөбеде Жамбыл, Кішісазда Үмбетәлі Кәрібаев, Үшқоңырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туып-өскен. Осы тауларға әрдайым сүйсіне қараймын. 
Алатау – шежіре тарих, құт мекен. Осы Алатауда Мәми жайлауы бар. Мәми – заманынан артық туған, елге көшбасшы, би болған. Оның қайраткер, көрегендігі, білгір шешендігі жайлы елдің көнекөз қариялары әлі күнге дейін аңыз қылып айтып отырады.
Мәми бидің мәрттігі, ерлігі жайлы мен «Мақыш балуан» атты кітабымда жазған едім.
Қасиетіңнен айналайын туған өлкем – Алатаудың алыптары жайлы жазу парызым мен қарызым емес пе?!
Әбдіразақ Мәмиев есімді ұстазымның бір шәкірті ретінде ғасырға толар мерейтойына арнап жазған естелік-эссем еді бұл. Өйткені ол кісі бүкіл ауылымыздың ұстазы, білім шамшырағын жаққан асыл азамат еді. 
Білім шамын жаққан ұстаздарыма мың тағзым!
 
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы.