ХАТШЫЛЫҚ - ГАЗЕТТІҢ ЖҮРЕГІ. "ЖЕТІСУДЫҢ" ҚАДИШАСЫ ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 08.03.2022
Оқылды: 1423
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қадиша тәте. «Жетісудың»  Қадишасы. Тәтеміз бұрынғы «Октябрь туы», кейінгі «Жерұйық», «Жетісу» газеттерінің барлығында жұмыс істеді. Маман бірнеше облыстық газеттің ұстаханасында шыңдалған. Газеттің қазанында әбден қайнаған. Журналистиканың қыр-сырын жақсы біледі.  Мақаланы газет бетінде орналастырудың шебері.

Бүгінгінің тілімен айтқанда мықты дизайнер, шебер ұйымдастырушы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін көркем мінезді жан. Газет жұмысы  жан алып, жан беріп жататын машақаты көп шаруа. Бірақ Қадиша тәте сияқты жер қозғалса  қозғалмайтын ұйымдастырушылар газет шығатын кездегі «соғыстан» елді аман алып шығады. Әсіресе, атаулы күндері газетте «мылтықсыз майдан» болады.  Мақала тездетіп жазылуы тиіс, оның мән-мағынасы сол күнгі шараның маңызын ашуы керек. Тапсырма сол саланы жақсы білетін журналистке тапсырылады. Мақала жазылып, газеттің бетіне салынғанша бірнеше адамның тексеруінен өтеді. Соның барлығын қадағалайтын – хатшылық.

Мақала автордан шығып бөлім меңгерушісіне, корректорға, одан  кейін бас редактордың орынбасарына жетеді. Одан кейін мән-мағынасы, саяси ұстанымы, әріп, тыныс белгілері талапқа сай болғанда барып, шығуға рұқсат деп қол қойылады. Ең соңында макеттегі орнына барып орналасады. Осы процестің басы-қасында жүретін Қадиша тәте. Бұған, әрине, қара жердей салмақтылық, асқан жауапкершілік керек. Журналист, ақын, жазушылар жүрген жер  өздерінің мінезі сияқты.

Кей кездері шығармашылық адамдары көңіл-күйге ерік беріп, әсірелеп жазып жіберетін жағдай болады. Ондайда басшылық оны «күзейді». Яғни, беттегі орнын өзгертуге тура келеді. Мақала «жарыққа» шығайын деп жатса да жауапсыз қарап, басқа шаруамен шұғылданып кететін журналистер болатын. Ондайда Қадиша тәте тапсырманы тездетіп басқа адамға жүктеп,  істің тігісін жатқызып,  жұмысты ың-шыңсыз жүргізіп әкетеді. Тіпті  ауыс-түйістің болғанын басшылар да байқамай қалады.

Ол кісінің жүрегі кең. Журналист қыз-жігіттердің әрқайсысын өзінше еркелетіп, олардың мінез-қылықтарын айтып, ұжымда шаңырақтың отанасындай жылылық ұялатып отырады. Басшылық пен тілшілердің арасындағы «алтын көпір» атанды. Газетте «хатшылықтың қазанында қайнаған» деген еш жерде жазылмаған ұғым бар. Ол маман газет ісін жақсы біледі деген мағынаны білдіреді. Қадиша тәте қай мақаланы бірінші қою керек, қайсысын соңғы бетке орналастыру керек деген заңдылықтарды жақсы меңгерді. Бас мақаланы бірінші іздейді. Сол күнгі газеттің жүгін көтеретін бас мақала облыстың экономикасы немесе сол күнгі елде болған жағдайға байланысты жазылады. Газет шығарда бас мақаланың орны алдымен белгіленеді. Бас мақала жазылмай газет шықпайды.

Міне, мұның бәрін ұйымдастыру газет хатшылығының міндеті. Хатшылық – газеттің жүрегі. Ол журналистердің қайда баратынын, қашан келетінін, қанша жол мақала жазатынын, мақаланың өзегі қай тақырып болатынын айтып, жөн сілтеп отырады. Сондықтан, хатшылыққа жер қозғалса қозғалмайтын салмақты, қара нардай мықты, білім-білігі жоғары адамды таңдап қояды. Сонымен қатар, әрқашан алашапқын болып жүретін журналистерді  ұйыстырып ұстайтын, ұжымды бір қолдың сағасындай біріктіре алатын Қадиша тәтедей мықты адамды таңдайды. Керек болса, ол қызметкерлердің отбасы жағдайынан да хабардар болып отырады. Өйткені, пенде болған соң басыңа іс түспей тұрмайды. Ондайда журналистерді бірінің орнына бірін алмастыра қою да хатшылықтың ептілігі мен кең жүректілігіне байланысты.

Қадиша тәтеміз жұмыс пен отбасын үйлестіре білген жан. Ұл-қызы мен немерелерін әлпештеп өсіріп келе жатқан аяулы ана, қамқор апа. Газеттен құрметті зейнетке шыққан Қадиша тәтені ел «Жетісудың» Қадишасы» дейді.

«Жетісулықтар» атынан анамыздай болған Қадиша тәтені әйел-аналар мерекесімен құттықтамаймыз! Кең жүрегіңіз әрқашан қуанышқа толы болсын, Қадиша ана!

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы