ОҚЫРМАНҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІЗ! - ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Уақыты: 08.03.2022
Оқылды: 1965
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Кітап – ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние. Сол білімнің қайнар бұлағы болған қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың еңбегі ерен. «Оқырман үшін қызмет етеміз» деп мәртебелі мамандықты абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия ТОҚАБАЕВА.

Қашанда ойлы оқырманның жанынан табылып, рухани көмекшісі болып жүрген Ғалия Сламбайқызы Кербұлақ ауданы, Қаспан ауылында дүниеге келді. Ол бала күннен кітап оқуға құмар болып өседі. Өйткені, қазақтың шұрайлы, бай тілі көркем әдебиетте болғандықтан әжесі немерелеріне ертегі айтып, қызықты әңгімелер оқып береді. Жаннан тәтті немерелері оқушы болғаннан кейін зейіні ашылсын деп оларға кітапханадан классик жазушылардың шығармаларын алдыртып оқытады. Ата-анасының да қолынан газет-журнал түспейді.

Дана халқымыз: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ойлы мақала оқыса олжаға кенелгендей қуанып, кітаппен ақыл толыстырған үлкендерді көріп өскен кейіпкеріміз бала күнінен таңды-таңға ұрып, жата-жастана көз майын тамызып, әдеби шығармалар оқып жетіледі. Соның арқасында Қаспан ауылындағы орта мектепті жақсы оқып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің шығыстанушы-тарихшы мамандығын үздік тамамдайды.

Кішкентайынан кітап кеміріп өскен жан еңбек жолын 2004 жылы  Қапшағай қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы қызметін атқарудан бастайды. Өз ісінің білгірі адал жұмысы мен еңбекқорлығының арқасында 2009-2018 жылдар аралығында басшылық ұсынысымен Қапшағай қалалық кітапханасына, 2018 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасына директор болып тағайындалады.

Осы жылдан бастап Ғалия Тоқабаева мәртебесі биік киелі шаңырақта қалтқысыз қызмет атқарып келеді. Оған дәлел, білікті маман басшылық еткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Рухани жаңғыру – 2018»  облыстық маңызы бар кітапхана номинациясын, 2021 жылы «Ең үздік мемлекеттік  кітапханалық сайт» номинациясын жеңіп алады. Бұл, әрине, кітапханашылардың жұмылып істеген жұмысының жемісі.

Кітапхана директорының айтуынша облыстық әмбебап кітапханада 2021 жылдың көрсеткіші бойынша 527486 дана кітап бар. Оның 1000-ға жуық данасы сирек қорды құрайды екен. Ең көне кітап 1857 жылғы бірінші басылыммен шыққан Н.Гогольдің таңдамалы шығармасы болса, «Азиатская Россия»  кітабы өлкетану жұмыстарына, зерттеу жұмыстарына көп көмегі тиюде.

Балаларды ұлттық құндылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуде әдебиеттің, әсіресе, балалар әдебиетінің орны ерекше. Осыған орай өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін маман кітапханаға жас оқырмандарды тарту үшін үнемі мәдени, рухани шаралар мен акциялар ұйымдастыруда белсенді.

Атап айтсақ, облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен аптасына бір рет «Мақал-мәтел сөз мәйегі» республикалық байқауы, «Тез оқуды үйреніңіз» атты бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен жылдам оқу сайысы өтеді. «Бала стар» баламен сұхбат арқылы оны ел алдында сөйлеу мәдениеті мен өзін-өзі ұстау қабілетін қалыптастыруда жасалған жоба тағы бар. Сонымен қатар, барлық оқырман қауым үшін Р.Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай қазақстандық өнер жұлдыздары арасында республикалық «Жұлдызды оқырман» танымал өнер иелерінің кітап оқу байқауы, балалар жазушысы Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повестінің шыққанына 65 жыл толуына орай «Мен Қожа болсам» республикалық анимация және бейнебайқауын жариялап отырады. Кітапханада елге танымал тұлғалармен кездесу кештері де жиі ұйымдастырылады. Бұл да кітапханаға оқырман тартудың ерекше әдісі.

Әмбебап кітапхананы заманауи талапқа сай жетілдіру бойынша да көптеген шаралар атқарылуда. Мәселен, кітаптарды толық мәтінді сандық таспаға енгізу жұмыстары жасалуда.  Жергілікті ақын-жазушылармен келісімшарт жасау арқылы Қазақ ұлттық электрондық кітапханасына кітаптар жіберілген. Веб-Рабис электронды каталогтары барлық аудан, қалаға толықтай орнатылды. Ендігі кезекте интернет жүйесін қосу арқылы ауылдық кітапханаларға орнату жоспарлануда. Мекемеде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлім бар. Бөлім оқырмандарына арнайы сол категорияға арналған заманауи құрылғыда қызмет көрсетіледі және онлайн аудиокітаптарды оқуға мүмкіншіліктері қарастырылған.

«Ең жақсы адам – рухани білім тарату арқылы өмірдің түпкі мақсатына жол ашқан кісі», – дейді даналарымыз. Сондықтан, сан ғасырлық тарихымыз жазылған рухани құндылықтарымызды ойлы оқырманға таратып жүрген жандардың еңбегі ерен. Олай болса кітап дейтін алтын сандығымызды сақтап жүрген жандардың жұмысына сәттілік тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы