БҰРЫНҒЫНЫҢ АЛЫПТАРЫ ЖАРТЫ ТОННА ҚАРА ТАСТЫ ОП-ОҢАЙ КӨТЕРГЕН

Уақыты: 22.03.2022
Оқылды: 1821
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Ел іші – өнер кеніші» деген ұлағатты сөзді тарқатсақ, бір өңірдің жұртына аты жайылған, өнер біткенді бір бойына шақтап жинаған, аузы дуалы ақсақал болып өмірден өткен Есімбала Қарғабайұлын атауымызға толық негіз бар. Киелі Көксу өңірінде от жүрегін тулатып өмірге келген ақсақалдың артында қалған сүрдегінде сайраған сан тарам ізіне үңілсек, бұрынғының серісі мен салындай салиқалы ғұмыр иесі екенін салмақтаймыз.

Сонау 1880 жылы өмірге келіп, жастайынан өнер жолын қуып әрі еңбекпен шыңдалған Есімбала Қарғабайұлы тарихтың бір тарауына татитын сан оқиғаға куәгер болған жан. Әуелі Ұлт-азаттық көтерілісін, одан берідегі ашаршылықты, сан мың тағдырды жермен-жексен еткен Отан соғысын көзбен көрді. Жер-ананың бедерінде беріштей бекіген қасіреттердің салқынын сезе жүріп, тіршілігіне тектілігін тегершік еткен ол ұрпағын саналы да салиқалы өрбітті. Ұлағатты ұясынан ұлтына болмаса да, алақандай ауылына өнеге шашты. Сол ғибратты дүниелерін бүгінде ұрпақтары жыр қылып айтып отыратыны бар.

– Атамыз Есімбала туралы сыр шертудің өзі сағынышымызды қозғап, көңілдің қоңырауын күмбірлетіп жібереді екен. Аузынан ақ батасы, аталы сөзі төгіліп тұратын шежіре кеуде жан еді ғой. Алып күш иесі, өзі балуан, өзі күйші әрі той-думанның сәнін келтіретін әнші де болыпты. Жиында қаумаласып келген ағайынның қоғадай жапырылғыш ізет-құрметі мол атамыз сан мәрте боз кілемде белдесіп, қарсыластарының жауырынын жерге тигізіпті, – деп ә дегеннен әңгімесін шежіре кеуде, тау мүсіннің сан қасиетіне тоқталған немересі Клара ары қарай толғанды. – Атамыз туралы сан аңыз тарап, ел ішінде түрлі әңгіме айтылып жүр. Соның бірінде атамыздың той үстінде бәстесіп, бір қойдың етін жалғыз жегендігі айтылады. Осының өзінен-ақ атаның алып күш иесі болғанын дәлелдесе керек-ті, – дейді ол.

Шындығында, аю, қасқыр сынды түз тағыларына қақпан құрып саятшылық һәм аңшылықпен айналысқан, той-думанның сәні болып сан өнерді көрсеткен Есімбала Қарғабайұлы алып күш иесі болған жан. 1953 жылы 73 жасында Лабасы тауында мал жайып жүріп, бір үлкен тасқа кезігіпті. Табиғат сомдаған, мамаағашқа ұқсас тастың ортасында көздей ойығы бар.

Ұзындығы 2 метр, салмағы 600 келідей болатын бұл тасты қария түзде қалдырып кетуге қимайды. Айналып ары-бері жүреді де, іске жарайтын дүниені үйге тасығыш әдетпен ауылға барып арбасын қатып, Лабасы тауына қайта шығады. Зілмауыр дүниені сонда ешкімнің көмегінсіз арбаға тиеп алып үйге алып келіпті. Осынау тас содан бергі 70 жылдай уақытта қарияның қара шаңырағының ауласында мамаағаш ретінде қызмет етіп келген.

Көксу ауданына қарасты Талапты ауылының орталық көшесінде өткен жылы Есімбала ақсақалдың ұрпақтары жиналып, аталмыш тасты тұғыр ретінде тіктеген. Ескерткіш тас ретінде еңсе көтерген осындай жәдігерді сол шақта ауылдың алпамсадай алты азаматы орнынан көтере алмапты. Үшкіргені ем болған, аузының қасиеті бар ақсақалдың сондағы қуат-күшіне ел болып таңғалысып, ас беріп, аруаққа Құран бағыштаған-ды. 1985 жылы 105 жасында бақиға бет түзеген Есімбала ұрпақтары: «Балуандай қара күшті, иманжүзді жастар көп болсын», - дейді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Көксу ауданы

Алматы облысы