Қазақ даласының түп жусаны мен қоғасы, қом сулары, шағандары мен шыңдары, төбелері мен текшелеріне дейін ән салып тұрғандай көрінетіні бар. Оны шетелдік музыка зерттеушілері тарихқа сыналап пікір саптай растаса, біз талант тақсырларының тізімін санамалай отырып қазақтың ұлы музыка өнерінің бай екенін айшықтар едік. Дегенмен, қазақтың кәсіби музыка өнеріне ұлы олжа салған А.Жұбанов, М.Төлебеаев сынды саз өнері саңлақтарының ізін жалғастырушы, КСРО Халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Еркеғали РАХМАДИЕВТІҢ шығармашылығы күллі қазақ елінің жүрегіне қонғаны жасырын емес. Осынау ұлы композитордың туғанына биыл 90 жыл толып отыр.
Еркеғали Рахмадиев ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап Қазақстан өнерінің дамуына, әлемдік музыка мәдениетінің дәстүрлі халық өнерімен сіңісуіне бағдарланған жаңа бағыттың көш басында жүрді. Түрлі жанрда және әртүрлі форма мен стиль бойынша музыкалық шығармалар жазды. Алты опера, үш симфониялық поэма, екi симфониялық күй, екі концерт, вокалды-симфониялық, вокалды хореографиялық композиция, қазақ халық аспаптар оркестріне арналған және аспапты-камералық шығарма, көптеген ән мен романстар, кинофильмге және драмалық қойылымға арналған музыкалар таланты композитордың көкірегінен нота болып төгілді. Саналы ғұмырында көркемөнердің қағидаларын берік ұстанды. Өзіне деген халқының сеніміне адал, атақ-даңқына лайық ғұмыр кешті. Кейіпкеріміздің шығармашылығында музыкалық тiлдiң түсініктілігі, атам заманғы көркемөнермен, сол кезеңдегі халықтың өмірімен терең байланысы сақталды. Шығармашылығында Отанға шексіз берілген махаббат сыршылдықпен суреттеліп, өмір шындығы асқақ күйде дәріптелді.
Еркеғали Рахмадиев 1930 жылы 1 тамызда бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданында дүниеге келді. Бала кезінен-ақ музыкаға қанық болып өстi. Оның әкесі Рахмади бiрiншi халық дарындыларының республикалық слетiнде жеңімпаз атанған екен. Осындай қабілетке ие текті әкенің тәлімін алған ол жастайынан музыкаға деген сүйіспеншілігін шыңдап, саз әлемінің сырына қанық болып ержетті. Қара шаңырақта бой түзеп келе жатқан балауса кезеңінде-ақ қасиетті қара домбыраға іңкәрлігі ауып, қос ішекпен салалы саусақтарын егіз ете білді.
Балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келгендіктен, болашақ композитор әкесіне қолғабыс етіп, тіршіліктің ауыр сынақтарын бастан өткерді. Балауса шағында ауыр жұмысқа жегілді. Әкесімен бірге балық аулау жұмысымен айналысып, қабырғасы қайыса жүріп үлкендермен бiрге ау тартып, балық тазалады. Отан соғысы бітіп, елді білімге тарту үшін ел-елді аралап, талантты жастарды іздеу ісі өріс алды. 1948 жылы саз училищесіне дарынды, зерек балалар жинау мақсатында үгіт-насихат жұмысымен бір топ әртіс келеді. Олардың құрамында композитор Нұрғиса Тілендиев, әншi Бекен Жылысбаев, сырнайшы Константин Ошлаковтар болатын. Ауылға келген осынау талант иелерімен алып шаһарға бет түзеген кейіпкеріміз сол жылы П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түседі. Халық аспаптар бөлiмiнде домбыра аспабы және теориялық-тарих сынды екi мамандықты қатар меңгереді. 1952-1957 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттiк консерваториясын да аяқтайды. Ол халық артистерi Л.Хамиди мен Е.Брусиловскийлерден тәлім алған. Асқан білімдар педагог, профессор Е.Брусиловский кейіпкеріміздің дарынын байқап, оған аса мән беріп, жан-жақты музыкант болуына мейлінше мүмкіндік жасаған. Ал Л.Хамиди сол уақыттарда-ақ алғашқылардың бiрi болып: «Ереке, сенен жақсы композитор шығады», – деп сенім артқан болатын.
Иә, Мұқан Төлебаев сынды талантпен етене араласып ғұмыр кешкен кейіпкеріміздің шығармашылығы байтақ елдің музыкасына қосылған жақұт туындылардан тұратыны анық. Еркеғали Рахмадиевтің шығармашылық көзі көбінесе ән әуендерінен тұрады. Өлең сөздерiн, тақырыптарын алдын ала iздестiрiп, қайта-қайта оқып, жанрлық түрге бөліп, өзінің ойымен сәйкес келетін сюжеттердi iрiктеуді жақсы көреді.
Мысалы, 1950 жылдары жазылған үш өлеңі автордың алғашқы туындылары қатарына жатады. Хамит Ерғалиевтің сөзіне жазылған «Халықтар достығы» әнінде сол кездегі уақыт талаптарына сай халықтардың достастықтары және бауырлас елдердің ынтымақтастықтары туралы суреттелді. Десе де, 30-дан астам әуен жазып, тек осы жанрмен ғана шектеліп қоймай, романстар, баллада, элегия, тарантелла, ария, толғау жазған саз саңлағының қоржыны қазынаға бай. Нутфулла Шәкеновтың сөзіне жазылған «Таң самалы» әні бүкіл қазақстандықтардың сүйіп орындайтын әніне айналды. Бұл жастардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін жырлайтын, лирика жанрында 1960 жылдары жазылған туынды болса да, күнi бүгінге дейін сахна төрінен түскен жоқ. Өмірдегi қуаныш пен бақытты кезеңді, албырт сезiмдi жырлаған әрі көпшіліктің жанын тербеткен «Жетісудың қыздары-ай», «Бала ғашық», «Шұбартаудың жастары қандай», Ә.Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Дала еркесі» сынды әндері музыканың асқақ шыңындай десек, артық айтқанымыз емес.
Жастық шақ өтiп, кемелденген уақытта ұлы суретшідей кесек болмыс саптаған композитор Ә.Тәжібаевтың сөзiне жазылған «Жолдар, жылдар» атты толғауды өмірге алып келді. Отан соғысы туралы А.Байғожаевтың сөзіне жазылған «Қайда менің достарым?» әні де өзінің бастан кешкен кезеңінің ерекше таңбасындай болып бедерленді.
Е.Рахмадиев ұлттық поэзия және музыканың қоңыр бояуларына баса мән беріп,жырдың салмақтысын таңдай білген талғампаз талант иесі. Оның Ж.Өмірбековтің сөзiне жазылған «Жеңіс жыры» жалғасын тапты. Н. Шәкеновтың сөзiне жазылған «Туған жер туралы ән», «Салтанатты кантата», «Оянған өлке», «Құттықтау кантатасы», «Конституция туралы поэма», «Аястан», «Халықтар достығы», «Сахаралық шапақ», «Тың туралы ән» сынды әндері де елжандылық сезімін арттыратын туындылары екені даусыз. Сонымен қатар, ол опера жанрында «Қамар сұлу», «Дала шапағаты», «Алпамыс», «Тың туралы ән», «Абылай хан» сынды классикалық туындыларды өмірге алып келді.
«Қамар сұлу» операсы Қазақстанның музыка өнерінде биік жетістіктерге жеткен көркем туындылардың бірі саналады. Е.Рахмадиевтің қаһармандық, ерлік тақырыбындағы «Алпамыс» эпостық операсы ұлттық музыка мәдениет тарихына қосқан салмақты үлес есебінде. Композитор coнay заманғы мұраларымызды жаңғыртып, оларды жалпы адамдық құндылықтар деңгейiне дейiн шырқатты. Шығармашылығындағы бірегей қолтаңбалары, жоғары елжандылық, отансүйгіштік рухы, Отанға деген сүйіспеншілік, бостандық пен әділеттілік қазіргі заманғы идеялармен ұштасып жатыр. Міне, осы ой-толғауларды композитор «Абылай хан» операсында ғана емес, бүкіл шығармашылық өнеріне арқау етіп, icкe асырады.
Атақты орыс композиторы Родион Щедрин: «Еркеғали Рахмадиевтің музыкасы Еуропада және Азияның көптеген елдерiнде, американдық континентте өзгеріссіз, асқан қызығушылықпен орындалып жатыр», – деп толғанған болатын. Еркеғали Рахмадиев педагогикалық еңбек жолын Қыздар институтында оқытушылықтан бастады. Алматы консерваториясының фольклорлық кабинетiнде меңгеруші болып жұмыс істеді. 1959 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында көркемдік жетекші болып тағайындалды. 1961-1965 жылдар аралығында Қазақ КСР Мәдениет министрлiгiнде көркемөнер шаруасының басшысы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры қызметiн атқарды. 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры болып тағайындалады. Сол жылы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы және КСРО Композиторлар одағының хатшысы болып тағайындалады.
Консерватория ректоры болған жылдарында Е. Рахмадиев үлкен жұмыс атқарды. Әуелі әртүрлі профильдегі мамандарды әзірлеуді қолға алып, опералық студия ісін жандандырды. Сондай-ақ, осы уақыттарда факультетте театр және режиссер бөлiмдерi ашылады. Консерваторияда студенттердің саны да өсті. Көптеген дарынды композиторлар дайындады.
Еркеғали Рахмадиевтiң музыкасы ХХI ғасырдағы көкейкесті әрі құнды дүние. Көп жылдан бері оның шығармашылығын зерттеп келген зерттеуші профессор Сара Күзембаева: «Еркеғали Рахмадиев өнерге арнаған өмірінің барлық уақытында шынайы суретшi ретiнде нақты шындықты ғана бейнелеп қойған жоқ, сонымен қатар, шабыттандыра да білді», – деп әділ баға берді.
Мұқан Төлебаевтың iзбасары Еркеғали Рахмадиевтің өнері біздің жүрегімізде мәңгі өмір сүреді. Сонымен қатар, өміршең шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Әділхан АДЫРБАЕВ,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі,
Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің директоры
Талдықорған қаласы
Алматы облысы