БЕКБОЛАТ АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕПКЕ СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ - ҰСЫНЫС

Уақыты: 27.03.2022
Оқылды: 2402
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ер есімі қашанда ел есінде сақталуы тиіс. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Әбікен Боздақовтың ұрпақтары да осыны мақсат етіп, аталарының аты тарих бетінен жоғалмай, оның өлшеусіз, ерен еңбектерін бүгінгі ұрпақ білсе дейді.

Өткен күннің дерегіне сүйенсек, тақырыпқа арқау болып отырған Әбікен Бостайұлы қасиетті Қарасай жерінің тумасы. 1908 жылы сол кездегі Қаскелең ауылында дүниеге келген. 1922 жылы комсомол қатарына өтіп, 1925 жылы №7 ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарған. Бұл кезең Әбікен Бостайұлының алғашқы еңбек жолы еді.

Ол 1932-1933 жылдары панасыз жүрген жас жетімдерді әр ауылдан жинап, балалар үйіне өткізген. 1933 жылы Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылындағы балалар үйінің басшысы болды. Одан кейін Ә.Боздақов 1934 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен «1 май» ұжымшарында ашылған тұңғыш мектепке алғашқы ұстаз болып орналасты. Әрі аталған білім ордасының директоры міндетін атқарды. Оның дәл осы қызметі жайлы латын қарпімен жазылған мектептің төлқұжатында көрсетілген.

Тарихи құнды мәлімет әлі күнге дейін сақтаулы. Мектептің алғашқы басшысы мұнда күндіз балаларды оқытса, кешке таман ересектердің сауатын ашты. Осылайша олардың білім алып, хат тануына бар күш-жігерін жұмсаған ұстаздардың бірі болды. Ал 1939 жылы партия қатарына өтті. Одан кейін ағартушылық жұмысынан бөлек, ауыл ішіндегі түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес одағын шарпыған кезде Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды. Қаскелеңдік жас сарбаз Харьков, Воронеж, Сталинград сияқты қалалардағы қанды ұрысқа қатысты.

1944 жылы жауынгер Әбікен Бостайұлы соғыс даласында ауыр жараланып, елге оралған соң құрметті демалысқа шықты. Алайда сүйікті ісі ұстаздықты тастамады. 1974 жылға дейін мұғалім, одан кейін мектеп директоры болып білім саласында қалтқысыз еңбек етті.

Әбікен Боздақов ұстаздық жолдан бөлек, бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестердің депутаты атанған. Сонымен қатар, осы деңгейдегі партия конференцияларының делегаты да болыпты. Ерен еңбегі жоғары бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің, Қазақ КСР Білім беру министрлігінің, әскери комиссариаттың Құрмет грамоталарымен және басқа да медальдармен марапатталған.

Әбікен Бостайұлы саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын білім саласына арнаған адам. Тәжірибелі мұғалім бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, олардың оқу жолында шыңдалуына ықпал етті. Білікті педагогтың тәлімін алған, ақыл-кеңесімен өз жолын тапқан шәкірттерінің біразы – ел алдында қызмет еткен белгілі тұлғалар. Тіпті, кейбірі әлі де мемлекет ішіндегі жауапты саланың тұтқасын ұстап, ел игілігі жолында еңбек етуде.

Әбікен Боздақовтың батасын алған шәкірттерінің қатарында ҚР Мемлекет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, атақты ақын Надежда Лушникова, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Нури Рақышев, ҚазССР Жеңіл өнеркәсіп министрі болған Абдыразақ Жомартов, ІІМ ардагерлері, полиция полковниктері Қамза Екейбаев пен Ерғали Таңатбаев, комсомол комитетінің бірінші хатшысы, жауапты партия қызметкері болған Ләйлен Балапанов, білім саласының ардагері, ұстаз Құлбай Досымбекова, ҚазССР-нің еңбек сіңірген агрономы Сейітқан Бөлекбаев, райкомның екінші хатшысы болған Ерболат Оразалиев, белгілі режиссер, журналист Ермек Тұрсынов және Қарасай ауданының бұрынғы мәслихат депутаты, меценат, «Ж.Қаскелең» ЖШС директоры Жеңіс Бектасовтарды даралап айтуға болады.

Иә, еткен еңбектің, төккен тердің бағалануы заңдылық. Соғыс ардагері, білікті ұстаз Әбікен Бостайұлы ел жадында ұзақ сақталса деген артындағы ұрпағының арманы бар. Олар оның өзі алғаш іргетасын қалаған әрі талай жыл басқарған Қарасай ауданындағы Бекболат (бұрынғы 1 май) ауылындағы орта мектепке есімін беретін кезі келді деп есептейді.

Ә.Боздақовтың ұлы Сырым Боздақовтың және немересі Айсұлу Бостаеваның айтуынша, осы бір арман-ойларын ауылдастары да қолдайды, ешқандай қарсылықтары жоқ. Алайда бүгінгі таңда аталған білім ошағына жаңа атау беру бойынша мәселе туындаған. Анығын айтқанда, мектепке басқа бір тұлғаның есімін беру жағы да талқыға түсуде. Әзірге бұл – әлі нақтыланбаған, нүктесі қойылмаған ұсыныстардың бірі. Бәрін уақыт таразылайды деп білеміз.

Ең бастысы, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, өскен өлкесіне еңбегі сіңген соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Әбікен Боздақовтың есімі өшпесе екен дейміз. Келер ұрпақ ауылын ардақтаған азаматын білуі тиіс. Сонда ғана тарих қалыптасып, тамыры тереңге жайылады.

Дидар МӘЛІКҰЛЫ

Қарасай ауданы

Алматы облысы