ЕЛІН СҮЙГЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК. МАҚТАУҒА ДА, МАРАПАТТАУҒА ДА ЛАЙЫҚ ЖАН

Уақыты: 19.04.2022
Оқылды: 1789
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сейітнұр Нұрлыбаев Доланалы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Сейітқазы Текеліде шахтада, тылда еңбек еткен. Анасы Нұрбике ұжымшарда қарапайым жұмысшы болған. Ол Кербұлақ ауданының Жайнақ  батыр ауылдық округінде көп жыл еңбек етіп, ауыз толтырып айтарлықтай игі істерімен танылып жүрген азаматтардың бірі. Бүгінде ол «Ұлан» атты шаруа қожалығының басшысы. Еліне сыйлы, халқына қадірлі жан – ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Сейітнұр Сейітқазыұлы Доланалы сегізжылдық мектебін бітіріп, Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумының электр-механик мамандығы бойынша тамамдады. 1973-1975 жылдары Ақтөбе қаласында әскери борышын өтеп, сержант шенімен оралды. Содан Кербұлақ ауданы, қазіргі Жайнақ батыр ауылында 1975 жылдан 1980 жылға дейін «За машинным двором» ауылшаруашылық машина паркінің басшысы 1981 жылдан 1987 жыл аралығында осы шаруашылықтың инженер-электрик қызметін атқарды.

Жастайынан еңбекпен шыңдалған ол жан-тәнімен жұмыс істеді. Кеңшардың энергетика саласын ауданның және облыс көлемінде алдыңғы қатарлы санатына көтеріп, облыста жылда өтетін ауылшаруашылық энергетиктерінің білім тәжірибе сайысында жүлделі орынды иеленіп жүрді. Ал 1985 жылы облыстық ауылшаруашылық электрмен жүйелендіру басқармасының басшысы П.Яновский мырзаның тікелей бұйрығымен шаруашылықта тәжірибе алмасу семинары болды. Оған облыс кеңшарларының инженер-электрик мамандары қатысты. Жұмысын жауапкершілікпен атқарып, жоғары көрсеткіштерін ескеріп, облыс басшысы қызметтік көлік тарту етеді.

1980 жылдары кеңшарда жанар-жағармай құятын механизациялар жоқ болғандықтан машина мен тракторға шелекпен құятын. Осындай қиындықты ескеріп, ең алғаш аудан көлемінде электро-автоматтандырылған жанар-жағармай құятын бекет электр жүйесіне қосылады. Осы уақытқа дейін халыққа қызмет көрсетуін жалғастыруда.

1984 жылдары орталықта және ауылдарда көшеге жарық орнатылып, олар автоматты жүйеде қызмет атқаратын. Балабақшаға балалар суға шомылатын бассейн және басқа да ауылшаруашылығын электрлендіру жүйелері іске қосылған еді. Өзінің іскерлігімен аудан, облыс көлемінде көзге түскен Сейітнұр ағамызды 1987 жылы Гвардия аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Петр Дмитриевич Яковлев шақырып: «Сізді шақырған себебім, осы ауылдың адамысыз, жас мамансыз. Мен сізді бақылап, зерттеп келемін. Кадр дайындау мәселесімен шақырып отырмын. Мінездемеңіздің барлығын білемін. Мен сізді кеңшардың партия ұйымының хатшысы қызметіне ұсынып отырмын», – деді. Ол: «Кешіріңіз, мен мұндай жұмысты атқара алмаймын. Мен шаруа адамымын. Екіншіден, оған арнайы білім керек. Менің білімім жоқ», – деді қобалжып. Ол кісі: «Білмесеңіз үйретеміз, тәрбиелейміз. Бастысы қолыңнан іс келеді. Сөздің адамы емес, бізге істің адамы керек», – деді. Ол келісім бермеді. Екінші рет қайта шақырып, бұл қызметті жүктеді. Көп нәрсені үйренді, білім алды. 1991 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды.

«Тұрғын үй-89», «Тұрғын үй-90» бағдарламалары бойынша ауыл тұрғындарының жағдайын жасау мақсатында тұрғын үйлер салынды. Күн-түн демей жұмыс істеп, жауапкершілікті талап етті. Таңның атысы, кештің батысы деп қарамады. Жайнақ батыр (Голубиновка) ауылында 1985 жылдары тұратын жергілікті қазақтардың саны өте аз еді. Ауылда мұсылман қорымының болмауына байланысты, мәйіттер көрші ауыл зиратына жерленетін. Осы мәселені ескеріп, партия жиналысын күн тәртібіне қойып, ауыл шетіне мұсылман мазарын ашып, қоршалды. Ел ризашылығын алды. 1990 жылдары Голубиновка ауылының орташа орыс мектебінің жанына ең алғаш қазақ сыныптары ашылып, кейіннен толық орта мектепке айналды. 1994 жылы Голубиновка ауылы «Жайнақ батыр» ауылы болып өзгертілді.

Кеңшардың жан-жақты дамуы үшін бағдарлама құрылатын. Осының арқасында мемлекет дамып, өркендеп, өсті. Монғолиядан елге келіп жатқан азаматтарды алғаш Голубиновка кеңшарына қарасты ауылдарға әкеліп қоныстандыруға, сол арқылы жабылуға шақ қалып тұрған мектептің бала санын көбейтуге үлес қосты. Сол кездегі кеңшарға қарасты ауылдар – Урицкое (Ақбастау), Голубиновка (Жайнақ) орыстілді, Доланалы ауылы ғана қазақтілді болғаны мәлім. Ақбастау ауылында төрт сыныптық мектеп орыс тілінде болды. Ол ауылда қазақтар басым болса да орысша оқитын. 5-сыныптан бастап жоғары сыныптың оқушылары Алтынемел ауылына жаяулатып барып оқитын. Жауын-шашынды, аязды күндері қиын-ақ.

Осы орайда Сейітнұр Сейітқазыұлы 1989 жылы Ақбастаудың жүзден аса оқушысының ата-аналарын жинап: «Бұл қалай, осылай балаларыңыз екі ауылдың арасында үсіп-жығылып мектепке барып-келіп жүре ме? Қазақ мектебін ашайық», – деп жиын өткізді. Жүз оқушының тоқсан пайызы қазақ балалары еді. Кедергілер адым аштырмай, қатаң сөгіс те алды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ мектебі әупірімдеп ашылды.

Тағы бір айтарлық жайт, 1990 жылы «Урицкое» ауылының атын Ақбастау деп өзгертуге де атсалысты. Жиын ашып тағы да: «Урицкий» деген кім? Неге біз қазақы ауылға өз атауын бермейміз?» деді. Ол кезде әлі Тәуелсіздігіміз қолымызға тимей тұрған уақыт. Мұнда да елжандылық, отансүйгіштік мінездің арқасында 1993 жылы шешімі шығып, «Ақбастау» ауылы деп өзгертілді.

Соғыс жылдары Доланалы ұжымшарынан жетпіс ер-азамат майданға аттанып, қырық шақтысы туған жерге оралмаған. «Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қаза тапқан жауынгерлеріне арнап бір ескерткіш неге орнатпасқа?» деген оймен сол ауылдың қарияларымен ақылдасып, ескерткіш орнату мәселесін көтерді. Мүсінші ескерткішті құйып, мрамор тасқа майдангерлердің аттарын ойып жазды. Ескерткіштің маңы қоршалып, іс те бітті. Соғыста қаза тапқан аталарымызға бағыштап Құран оқылып, үлкен ас берілді.

Сейітнұр ағамыз Жайнақ батыр кесенесін тұрғызуға да мұрындық болды. 1992 жылы кесене тұрғызудың жұмысын өз мойнына алған. 1993 жылы Гвардия ауданының 60 жылдық мерейтойына орай, ұлы жүз, албан руы, айт елінен шыққан Жайнақ батыр кесенесінің ашылуына бес жүзге жуық адам жиылды. «Мен өзім қаңлы елінің ұлы бола тұра, албан елінен шыққан батырдың аруағын сыйлап, кесене тұрғызуға бел будым. Себебі, қазақ деген бір елміз ғой. Атамыздың аруағы қолдап жүрсін», – деген Сейітнұр Сейітқазыұлы кесененің ашылу тарихын баяндап берді.

Ең алғаш Гвардия өңірінде Наурыз мейрамын тойлауға атсалысқан да Сейітнұр ағамыз болды. 1988 жылы жоғалтқан, ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізді қайтадан жаңғырту мақсатында ең бірінші туған ауылы – Доланалыда Наурыз мейрамын ұйымдастырды. Ауыл тұрғындары сәби туғаннан бастап, үйленгенге дейін жасалатын дәстүрлерді қайта түлетіп, арқа-жарқа болысты. Келер 1989 жылы Жайнақ батыр ауылында ал, 1990 жылы Ақбастау ауылында мейрам аталып өтті. Мейрамның алдында ауыл адамдары дәстүр бойынша таудағы бітеліп қалған бұлақ көздерін ашып, арықтарды тазалады. 1991 жылы үш жылда жинақталған тәжірибе мен салт-дәстүрден көріністер көрсетіліп, ат жарысы, қыз қуу, аударыспақ, көкпар, аламан бәйге, құнан бәйге, тай бәйге және өзге де ұлттық ойындар, мерекелік концерт ұйымдастырылып, жоғары деңгейде аталып өтті. Доланалы ауылының түлегі Сахария Бозымбеков журналистерді әкеліп, «Қазақстан» телеарнасынан көрсеткен еді.

1984 жылдың жаз айында кеңшар директоры В.Рыбалков қызметтен босатылып, орнына жаңа басшы сайланатын болды. Өкімет шешімімен сол кездері аудан Кербұлақ ауданынан қайта бөлініп, Гвардия ауданы болып құрылды. Жергілікті жерлерде демократияның алғашқы демі жетіп, ұжымның басшылары, портком хатшылары тікелей ашық дауыспен қайта сайланып жатты. Бұл лауазымды қызметке ұсынылған кондидаттар ішінде мен де бар едім. Бірақ облыс, аудан, партия комитетінің авторитарлық жүйелері жергілікті іскер азаматтарды кеңшар басқаруына жібермей, «өздеріне ыңғайлы» адамдарды үміткерлікке ұсынды. Сол кездегі облыстың  бірінші хатшысы А.Жигулин тікелей ұсынысымен жергілікті халыққа бейтаныс Үштөбе қаласының тұрғыны, мамандығы агро-химик А.Ушаев деген азаматтың кондидатурасын ұсынып, кеңшар директоры болуына барлық шаралар жасалсын деген бұйрықты сол кездегі жаңа құрылған ауданның бірінші хатшысы П.Леонов «Голубиновка» кеңшарының секретары қызмет атқарушысы Сейітнұр ағаға жеткізді.

Әрине, жалпы жиналыста халық өздерінің ұсынған кондидатурасына қолдау білдіріп, басшыны бір ауыздан сайлап алатын. Бірақ халық сайлаған адамды ертеңіне қызмет бабына кедергілер келтіріп, небір құйтырқы «аяқшалу» істермен жұмысына қиындықтар туғызар еді. Осы жағдайды ойлаған ол жалпы жиналыста өз кондидатурасын алып, Уашевті уақытша кеңшардың басшысы етіп сайладық. Ол сәтті Сейітнұр аға былай еске алады: «Мен жалпы жиналыстың алдында аудан басшысына төмендегідей талап қойдым. Доланалы және Ақбастау ауылдарына тас жол салу, Ақбастау ауылына мектеп, балабақша салу және кеңшардың трактор паркін жаңалап беруді ұсындым. Бұл талабыма аудан басшысы П.Леонов келісімін беріп, екеуміз қол алыстық.

«Жолдың жайын жүрген білер», демекші өзім туып-өскен Доланалы ауылы негізгі тас жолдан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Ескі жол өзен жағасында сайдың іші, шұғыл бұрылысты ылди жерлері көп еді. Көктем және жаз, күз айларында жауын-шашыннан қара жердің батпағы езіліп жататын. Қыс айларында қар борасын Алтынемелден соққан жел, сай-саланың бәрін түгелдей үрлеп тастайтын. Мұндай кезде жолмен жаяу адам түгілі, үлкен трактор әрең өтетін. Ауылға жете алмаған көлік жолда қалатын. Жергілікті халық жолдың азабын әбден көрді. Осы мәселенің салдарынан адамдарға дер кезінде медициналық көмек көрсете алмайтын еді. Жүкті болған апа-әпкелеріміз ауруханаға жете алмай, жолда босанған жағдайларда болған. Жоғарғы басшылыққа осы жол салу мәселесімен қаншама рет шағымдансақ та, іске аспайтын.

1990 жылдың көктем айында аудан басшысы айтқан уәдесінде тұрып, өзі ауылға келді. Екеуара болашақ жол сызбаларын жасадық. Доланалы ауылына баратын ескі жолдың орнына егістік жерден ауылға тура тартатын жер көлемін беруін сұрадым. Ол кісі кейін облыс басшыларына шығып, бұл мәселенің шешімі табылып, жол егістік жерімен ауылға тура салынатын болып шешілді. Осы шешім бойынша Доланалы және Ақбастау ауылдарына қиыршық тас төселініп, жол салынды. Жол салуға аудандық автобаза және ПДУ техникалық көліктері іске жұмылдырылды. Екі ауылдағы елдің қуанышында шек жоқ еді.

Лауазымды қызметтен бас тарта отырып, ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін арттырып, оларға жол салып, қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды», – дейді елі үшін туған еңбекқор аға.

«Ел іші – өнер кеніші» деген. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Сейітнұр аға ауыл жастарын, белсенді азаматтардың басын біріктіріп, мәдениет саласына да өзіндік үлесін қосты. Талғарда техникумда оқып жүргенде, домбыра үйірмесіне қатысатын-ды. Алтын атты әпкесі домбырада жақсы ойнайтын еді. Ол одан түрлі күйлерді үйреніп, домбыраның құлағында ойнайтын болды. Сол жастық шақтағы домбыраға деген қызығушылығы өмірде үлкен пайдасын тигізді. Кеңшар бойынша үш ауылдан біріктірілген он бес шақты адамнан құралған домбыра оркестрін құрды. Домбыра оркестрінің орындауындағы «Балбырауын», «Тойбастар», «Қосалқа» және өзге де күйлерді халық ұйып тыңдайтын. Халық әндерін ауыл әншілері әуелете шырқайтын.

Сейітнұр Сейітқазыұлы Гүлнар Имашқызымен шаңырақ көтеріп, бақытты отбасылардың қатарынан көрінді. Гүлнар Имашқызы Панфилов педучилищесін тамамдаған. Жайнақ батыр ауылының балабақшасында көп жыл тәрбиеші болып еңбек етті. Елге үлгі боларлық тату-тәтті отбасында Ерлан, Эльвира, Ақмарал, Бауыржан атты тұлымды ұлдар мен қылықты қыздар дүниеге келіп, тәрбиеленді. Ерлан әскери институтты, Эльвира Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін, Ақмарал мен Бауыржан халық шаруашылық университетін аяқтады. Олардан Гауһар, Данияр, Мирас, Алина, Әсия, Алинұр, Нәби, Саят, Диас атты немере мен жиен немерелер өрбіді.

Бауыржан Момышұлының: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», – дегеніндей елге қызмет ету де батырлықты талап етеді. Өзінің елжандылығымен, патриоттығымен, қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен, қайырымдылығымен тілге тиек болған Сейітнұр Сейітқазыұлы мақтауға да, марапаттауға да лайық жан.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы