ІНДЕТТЕН КӨЗ ЖҰМҒАН ҚАЙРАТКЕР ӘЙЕЛГЕ ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 08.05.2022
Оқылды: 1625
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы мен Қаратал, Панфилов ауданы және Текелі қаласының Құрметті азаматы Гүлжиян Сүлейменованың Талдықорғандағы «Қаратал» шағынауданында өзі тұрған үйінің сыртына ескерткіш тақта орнатылды. Шараға қызметтес болған, елге белгілі азаматтар қатысты.

– Бүкіл әелмді дүрбелеңге салған індет елімізге белгілі қаншама аяулы жандарды арамыздан алып кетті. Солардың арасында өңіріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Гүлжиян Мағданқызы да бар. Өзі қызмет істеген аудан тұрғындарының құрметіне бөленген жан, қай  ортада да сыйлы болды. Зейнетке шыққаннан кейін де ел мен жер үшін аянбай еңбек етті. «Құрмет» ордені соның дәлелі. Аяулы жанның есімі облыс тұқрғындарының жадында мәңгіге сақталады,– деп еске алды облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов. Артынша жиналғандар ескерткіш тақтаны ашып, қасына гүл шоғын қойды.

Одан кейін сөз алған қызметтес әріптесі, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін «Гүлжиян Мағданқызы өзіміздің аймаққа ғана емес, елімізге белгілі қоғам қайраткері болды. Идеологқа қажетті сезімталдық, сергектік, алдын-ала болжай білу, қай іске болсада белсене атсалысып кету сияқты қасиеттер бойына терең сіңген. Идеология майданында еркін жүзіп, еркін сөйлеуіне, ер азаматтармен терезесі тең дәрежеде қордаланған мәселелерді шеше білуіне әу бастағы мамандығы да сеп болды деп есептеймін. Ол тарихшы мамандығын алған. Тарихшы деген елдің өткенін біледі. Кешегіні білмей ертеңгіні болжау қиын. Міне, тарихты білгендіктен де халықпен ерекше тіл табысты, еркін жүрді. Қазірде «Жаңа Қазақстан» құрып жатқанда, Президенттің ғажайып реформаларының кезінде Гүлекеңнің салиқалы ақылы, тереңнен болжайтын парасат пайымы жетпей жатады. Үлкен жиындарда:«Ей, дос, қайдасың?!» - деп кіріп келе жатқандай болады,– деп тебірене сөйледі.   

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы Қошанбекұлы Гүлжиян Мағданқызын 80-ші жылдардан бастап танитындығын, сол кездің өзінде басшылар қаршадай қыздың еңбегін үлгі ететіндігін айтса, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек те ерекше еңбегін айтып, көп жанға бағыт-бағдар көрсетіп, олардың қызмет бабында өрлеуіне септескенін тілге тиек етті. Шараны қорытындылаған сіңілісі Жаңыл Мағданқызы келгендерге рақмет айтып, әпкесінің еңбек жолына азды-кем тоқталып, есте қаларлық тәлімді істері ұрпақ есінде қалатындығын айтты.  

Қали АСҚАР

Алматы облысы