Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛАТАУДАЙ БИІК, ҚАРАТАУДАЙ ҚАЙСАР НҰРҒАЛИ МАМЫРОВ ЖАЙЛЫ БІРАУЫЗ СӨЗ

Уақыты: 14.05.2022
Оқылды: 769
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жер сұлуы – Жетісу, нулы орманым, Алатау мен Қаратау заңғарларым!.. Айбыны мен айдыны асқан жұрттың жақсы-жайсаңдары жайында жазған жазбаларым жадымда жиі жаңғырып жатады. Журналистік еңбек жолымды осы Жетісу жерінен бастайды екенмін деп ойлаған да емеспін. Сөйте тұра осы өңірдің тарихи басылымы «Jetіsý» газетіне алғашқы мақалам КазГУ-дің 2-ші курсында оқып жүргенімде шықты. Кейіпкерім Кеген ауданы, Алғабас кеңшарының озат еңбеккері Болат Әлімжанов есімді тау тұлғалы азамат еді.

Арада талай жылдар өткенде осы ауылдың әйгілі перзенті, көрнекті ғалым Нұрғали Мамыровтың тағдырында қиын-қыстау күндер туғанда елдік пейілмен араша түсіп, журналистік зерттеу мақаласын жазамын деп ойладым ба?!

Өткен күннен бір белгі бар. Енді Алатаудай биік, Қаратаудай қайсар, қажымас адам туралы естелік-эссені зор құрметпен және қимастықпен жазуға келгенде де өткен күндер белгісі жұртына оралған қозыдай ойға оралып отыр.

Адамдар қазір неге екенін қайдам, қатыгез, менменшіл, шамшыл болып барады.

Қалың ойға қалдырған қапелімде қай-қайдағыны емес, айналаңда болып жатқан құбылыстардан көңілге демеу болатын жағдайларды ептеп іздейсің, одан қалса мына судай зырылдап аққан заманның адамдар санасына ұялатқан тосын ұғымдарын зерделеп әлек боласың. Сапырылысқан ой-түсініктердің арасында кәдімгідей ақылды басқа кіретіні бар, жуық арада оп-оңай миға кірмейтіні бар, адами құндылықтардан ада, жақсы дәстүрмен өмір сүруге жетелейтін мүлдем қисыны жоқ дүниелерден не ұғарсың... не ұқпай қаларсың.

Ақылына ақы дәметпейтін, өзі өмір сүрген дәуірдің берік тірегі, қоғамның көркі болған, ел аузында жүрген, халықшыл зиялы жандардың ерен жаратылысы мен болмысын, міне, осындай аумалы-төкпелі уақытта сағынышпен еске аламыз. Сондай бір жүзі жарқын жан, жұртқа кеңінен танымал елағасы, қазақтың оқымысты зиялыларының таңдаулы өкілі Нұрғали Мамыров болатын.

Барша қазақтың жақсы-жайсаңдары сияқты бұл кісі де қарапайым ауылдан шыққан. Біз білетін және ұрпақтары құрметтейтін саялы ауылдан түлеп ұшқан азаматтың абыройлы өмір жолы мен ұстаздық қызметі, қоғамдағы қайраткерлік және ғылымдағы бағалы ізденістері мен сіңірген еңбегі әркім-ақ әп, бәрекелді дейтін пейілмен айтылған және уақыт алға жылжыған сайын жақсының аты айтыла беретіні анық.

Нұрғали ағаның тұтастай шыққан биігі мен алған асуларын түйіндеп айтар болсақ, жұрт арасында сөзі өтіп, айтқаны жүрген, елдік ісі өрімді, беделді де мықты қазақтың бірі болған.

Қазақ ғылымы мен мәдениеті дамудың жаңа биігіне көтерілген сексенінші жылдары ұлт зиялыларының талантты шоғырында Нұрғали Мамыровтың еліміздің жоғары мектептерін ұйымдастырып, басқарудағы жарқын қабілет-қарымы тез танылып, соған сәйкес абырой-беделі де арта берді. Жұрттың аузында "Нархоз" аталып, турасында Алматы халық шаруашылығы институтының ректоры қызметінде оның лауазымды орны мен қоғамдағы кең танымалдығы және аса маңызды экономика тақырыбындағы ғылыми еңбектері өзара үйлесімді ұштасуының арқасында қатарластары арасында аса сыйлы болды. Көп нәрсе білетін көкелердің айтуынша, табысы мол, жүріс-тұрысы әбиүрлі мамандық – экономист, не кем дегенде бас бухгалтер болуға жарайтын оқуға барған жөн. Сол әйгілі жоғары оқу орнында оқуды армандайтын талапкер жастар ару Алматының О.Жандосов көшесі бойында ұзыннан-ұзақ созылған институттың ғимаратын жаңылыспай табатын. Мекенжайы 10-шағын ауданы, сосын жазбай табуға жәрдемдесетіні – оның тап қасында САВО (Орталық Азия округінің) әскерилер штабының орналасқанын таксистке ескертсеңіз болғаны, сылқым "Волгамен" дәлме-дәл жеткізіп салады. Қызық, кеңес дәуірінде бұл ең қымбат әрі жайлы автокөлік дәу бастықтардың астында жүйткиді, сосын қалада арлы-берлі ағылған қарапайым жолаушыларға ғана қалтқысыз қызмет көрсетеді.

О заманда есік пен төрдей ақ "Волга" мінген адам тегін адам емес. Ол енді қызмет бабында қол жеткізген жағдайда үлкен құрметке ие мансабынан аздап болса да хабардар етеді, әрі қарай жоғары басшылықта тізгін ұстаған адамның осы көріністен қоғамға сіңірген еңбегін білмесең де сенімге ие қадір-қасиетіне сырттай қанық боласың.

Мұны біздің қазақ артық бағалаған кезінде және риза болғанында олар туралы ту ұстап "аттан түспеген жандар" деп те атайды.

Атқа міну үшін әсте ақылды адам әуелі аяғын темір үзеңгіге салу керек.

Адам өмірінде мемлекет пен қоғамға қызмет ету жолында түрлі өсу баспалдақтары осы бір мағыналы ұғымға сиып кеткендей деп ойлап, анық айтуға болады.
Алғаш ұшырасқан кезден-ақ Нұрғали ағаның жарқ еткен бейнесі мен мөлдір көздерінен мейірімі төгіліп тұратын келбеті, биязы үні мен қамқор көңілді сөздері есімнен еш шыққан емес.

Білдей бір атақты ректор ағайдың мынау қай бала демей, ол кезде мен студент болатынмын, бірден: "Ә, біздің Светаның жолдасы ма?" – дей келе өзіне қос қолын ұсынып, имене қараған бейтаныс жігітті еш тосырқамай маңдайынан сүйіп, бауырына басып, құшағына алған сәті мені ғажап әсерге бөлеген болатын. Менің бұл мезеттегі көңіл толқыным мен ол кісіге деген ыстық ықыласым қайда жүрсем де еш суыған емес. Ағалық жақындығы мен інілік ізеттіліктің бір-бірін толықтырып тұратын, тіптен іздейтін қажеттілігі туындап, адалдық жолымен солай болуға тиісті кезеңдерде де сол сақталған ішкі түйсік-сезім мен мұқалмаған сенім бірнеше мәрте тоғыстырды.

Бұл өзі алғашқы ұшырасу қалай болып еді, өзі?!

Жазиралы Жетісу өңірінде Кеген ауданы ұшар басын ақ қар басқан таулы және суы толассыз буырқанып, сарқыраған өзенді өлке. Атақты Шарын шатқалы мен шамырқанған Шелек өзені, әуезді ән сөзіндей Үш Меркі, табиғаттың көркі Көлсай мен Торайғыр тауларының жазығы мен баурайында ертеректе Суықтоғай, беріректе Алғабас деп аталатын бір ауыл бар. Бұл қазақтың арғы-бергі тарихында атойлап тұратын даңқы бар Албан бабаның аймүйізді ұрпақтарының бағзы заманнан ен жайлап, байтақ мекені болған киелі алқап. Қазақтың небір батыр ұландары мен өрісті бағлан-билері, ақылды адамдары осында туып, осында өсіп-өнген мол тарихы бар.

Жол үсті жолаушы үшін қалай десек, үзілмейтін арқауы-айнымас ғажайыптары тау суындай мөп-мөлдір әрі шуақты Алматы, қайыс тәспідей түзу тартылған Құлжа трассасы, шашашасына шаң жуымайтын Шелек, түу соноу мидай жазығына қарап көз талатын Көкпекті, қайсар атаның қарағайлары тік өскен Жалаңаш кентіне қарай бет түзеп барып, оңға қарай ұмсынсаң болғаны, шіркін, тау ішінде тоғайдың қойнауында айқабақ сұлудай сыр бүккен Алғабас ауылына жұлдыздай ағып, демде жетіп барасың. Жетпісінші жылдары ма екен, бұл ауылға Алматыдан бір топ жазушы оқырмандармен кездесуге келген сәттен есте қалып, тасқа басылған бір қызықты жазба бар.

Көрнекті жазушы, қазір Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази өзінің сырлас жазушы ағасы Кемел Тоқаев екеуі жұлдыздар жарқырай жамыраған түнгі Алғабас табиғатын Шелек өзенінің бойында бірін-бірі қуып аққан толқынды тамашалап, жартастарға соғылып, шапшыған су "суреттерінен" ой қуған сезімдері мен кереметтерді көзбен көріп, жүрекпен сезінгені көркем дүниеге сеп болады. Ағалы-іні кісілердің тағдырлы өмірлері мен күреске толы жазушылық ой-толғаныстары келешекте біздер кім боламыз, біздің азаптанып жазған кітаптарымызды кімдер оқиды, бала-шағамыздың бақытын қайдан іздейміз  деген дәуір сауалдарына толы айтылады. Детективті шығармаларымен әйгілі жазушы Кемел Тоқаев пен талантты қаламгер Әкім Таразидің бұл Алғабас ауылында болған бір сәттегі сырласуы о, тоба енді өшпес тарихқа айналды. Айтса, айтқандай-ақ тамылжыған табиғаты тамсандыратын "Алғабас ауылының айлы түнінде" талай адамдар, біз сияқты қонақтар да сыр ағытқаны анық қой.

Қазақтың көрнекті журналисі, жап-жас шағында еліміздің ең ірі "Социалистік Қазақстан" газетінің бас редакторы лауазымын абыройлы атқарған Ұзақ Бағаевтай көрнекті қайраткер ағамыздың кіндік қаны тамып, тұсауы кесілген атамекені екенін ескеретін болсақ, қазақ қаламгерлерінің бұ жаққа атбасын бұруы бекер емес. Сағынтып елге келгенінде ат жалынын тартып мініп, тұлпар тізгіндеген Ұзақ ағаның өзінің артынан ілескен ауылдастарының ішінен осы үздік білімпаз інісіне бап пен бақ тілеп, үміті үлкен болып, үзеңгіге аяқ салғанына шын қуанған шығар. Деп ойлайсың. Ал інілері болса, алдында жол ашқан ағаларының қадіріне жеткен де болар. Мұндайда орнымен мақтан етеді емес пе қазақ баласы жақсыларын.

Аядай ауылды алты Алашқа танытқан атақты адамдар қатарында Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан жоғарғы оқу орындарын қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірген қайраткер, ұлт жанашыры Нұрғалы Құлшыманұлы Мамыровтың мерейі мен мәртебесі айрықша аталуы мейлінше әділетті және ұрпақтарымыз айта жүретін орынды баға деп білеміз.

Аталар жолымен жүріп ержеткен ол жастайынан зерек болып өсіп, сол Жалаңаш өңіріндегі байырғы білім ұясында түлеп ұшқан таланттардың бай тарихында өз қолтаңбасын қалдырған шәкірт ретінде танылған екен. Ел ішінде айтылған әңгімеге ден қойғанымызда, бұл ауыл-аймаққа сабырлы мінезімен, берекелі әулеттік тұрмысымен қадірменді Құлшыман қария балаларының ауыл төңірегінен ұзап шығып, Алматы асып, соноу алыстағы Мәскеу жаққа барып, атақты оқу орындарында білім алуына берік негіз қалап берген тәлім-тәрбиенің мәніне тереңірек және ертебастан қам жасаған деседі.

Қария кісі әрі қамқор әкенің аманатын арқалаған бір қарадомалақ бала алдында не күтіп тұрғанын біле қоймаған болар, өзінің таңдау жолына сеніп, білім мұхитына ескек салмақшы, сол алған бағытынан таймай, үлкен өмір жолына таудай талаппен қадам басқан.

Алдыңғы толқын ағаларының өнегелі жолдарының алға қарай жетелегені де жадыда сақталғанын ағаның бір әдемі естелігінен естігеніміз бар. Тұманбай ақын дұрыс айтады, тау баласы тауға қарап өседі деп жырлайды.

Биік-биік мұнар таулар мен жартасты асулар, қиялай бұралаңдаған жолдар мен қалың қарағайлы ормандар қаншалықты алуан түрлі табиғат құбылыстарынан сыр тартса, сол сан бояулы тағдырлы өмір осы жақтың жұртына ерекше тән. Шежірелі жиырмасыншы ғасыр бедерінде түпкі атауы талай дүниенің көзі Кеген мен қарағайлы Жалаңаш, ерлеріміз ен таққан Ереуілтөбе мен ел қорғаны Қарқара өңіріндегі жергілікті халықтың тағдыры қиямет-қайым, қым-қиғаш тарихи оқиғаларға толы. Санамалап көріңізші, адам шошитын жағдайлар көз аштырмағанын анық байқайсыз, қазақ баласының тағдыры атқа қондырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, атыс-шабысты 1917 жылғы ойранды төңкеріс, 1920 жылдардағы алашапқын, күштеп ұжымдастыру, аштық жайлап, жұтқа ұрындыру, зорлық-зомбылықтан үдере көшу, саяси қуғын-сүргін... Бұл өңірде ел амандығы үшін жан аямай күрескен әрі айқасқан батыр қазақтың көрмегені жоқ. Тірі қалу үшін ірі болған, ел басына күн туғанда бірге болған ағайындардың ерлігін естіп өскен саналы ұрпақ сөзсіз сертке берік, намысқой болып қалыптасады.

Жас адам ол кезде бұл тағдырлы кезеңдердің барлық шындығын толық білмесе де адамды азаптан құтқарып, жақсы өмірге жігер берген білім мен ғылым екенін құштарлықпен сезініп, түсінген. Сол ғасырдың басында ғалымдар мен ұлт мүддесі жолында күрескерлер көзін ашқан. Солардың арасында озық шыққан ауылдас ағасы Ұзақ Бағаев Қазақстан журналистикасында олжа салып, еліміздің ең ірі басылымы "Социалистік Қазақстан" газетінің (қазіргі "Егемен Қазақстан") бас редакторы болды деп айттық.

Бұл да тектіліктің үзілмес арқауы еді.

Нұрғали аға жайлы қарт ұстаздардың өздері жас шәкірттеріне үлгі етіп айтқан кезде "кіп-кішкентай оқушы бала Мамыров қай сабақта болмасын "5" деген баға алатын. Қиялы да, ойы да жүйрік азамат орта мектепті де "бес", КазГУ-дің экономика факультетін де "бес" және Мәскеу университетінің аспирантурасын да "бес" деген үздік бағамен оқып, кілең қызыл дипломмен бітірген.

Алыста Алғабас ауылында күн-түн демей тұңғыштарының тілеуін тілеген Құлшыман ақсақал мен Нұрбала апамыздың қуанышына ортасқан ағайындар да көз алдарында ержетіп, ғылым жолына түскен азаматқа ақ батасын беріп, көп үміт артқан. Ал жас ғалымның ауылдастарының арасынан жанындай жақсы көретін майдангер ағасы Сарыбай Әлімжанов пен сол үйдің киесі ғана емес, барша ағайындардың панасындай болған Күлшәмпі Әбілдаева анамызға қамқор пейілі мен ықыласты ізгіліктері үшін құрметі мол еді. Өзінің қарт әке-шешесімен өмірбақи сыйласқан кісілерді қайда жүрсе де іздестіріп, сол қимас іні қалпында қалт тұрған қасиеттері қалай айтса да қадірлі.

Біздің үйдің балаларының туған нағашы әжесі Күлшәмпі тәтесімен дастарқан басында ұзақ әңгімелесіп, алыста сағымдай бұлдырлап қалған балалық шақтан бастап, даңқты ата-бабаларының көне және бергі тарихын түгендеп отыратынын айтар болсақ, осы кеуделі ректор, өресі биік ғалым-басшы, қоғамдық ортада ықпалы күшті тұғырлы азаматтың қарапайым мінез-құлқына, ұлық болған кішілік ұлағатына да, мәдени зиялы болмысына да сүйсінбеу мүмкін емес болатын.

– Тәте, аман-есенсіз бе? Мен, Нұрғалимын ғой! – деп демалыс күндері ойда жоқта босағадан аттап, өзімен бірге сондай бір адал көңілді аураны ала келетін ағаның ғажап дағдысына талай мәрте куә болдық-ау деймін.

Апамыз табан астында сасқалақтап: «Ойбуй, Нұрғалисың ба?» – деп бір қуанып, бір абдырап қалады.

– Келетініңді айтпадың ғой, – деп алып, келіні мен қыздарына дастарқан жағын қамдауды тапсырып жатады.

Атақты «Нархоз» ректорының абыройы асқан даңқы дүрілдеп тұрғанында байырғы ауылдас тәтесіне арнайы амандасуға келетіні бұл құтты шаңырақтың балаларына үйреншікті жағдай. Біреулер үшін мұндай көрнекті кісілерді шақырып та келтіре алмайтын, қол жетпес бір арман болған. Қасаң заманда қия жартасты жағалап жүргеніндей қалтыратып жіберетін, жоқ жерден түзу нәрсені қисайта салатын қиын құбылыстар адамдардың, әсіресе, басшы азаматтардың еркін жүріп, тұруына кең мүмкіндік бермейтін.

Балалық бал дәуренінде Жалаңаш өңірінің еншілес Саты-Күрметі, Алғабас ауылдарынан атақты академик тарихшы Ақай Нүсіпбековтей елтұтқа ғалымның, ерен қабілетімен жарық жұлдыздай жарқырап шыққан ғалым, ректор Дәулет Серікбаевтай хас талантқа қарап бой түзеп, зор ғылыми ізденістерімен қазақ тарихшы-ғалымдарының мақтанышына айналған тұстас досы Кеңес Нұрпейісовтей ізгілігі мол жандармен жақын аралас-құраластығы, өзара құрметі мен сыйластығы да өркенді өсуі мен мәдени-рухани жетілуіне елеулі әрі ықпалды әсер еткені де аз құндылық емес.

Адамдар жақсылардың жолымен жүріп, халықпен бірге болса, қоғам алдында адалдығынан еш адаспайды. Маңыздысы осы. Негізі Нұрғали ағаның кісілік мәдениеті, мейлінше мейірімге толы қасиеттері өз ататегі мен қарпайым халыққа жақын болуынан деп ойлаймын.

Ең әуелі ол – ғалым адам. Басшы қызметте мемлекет пен қоғам дамуына жауапты болған жан. Студенттерге сабақ оқытқан профессор-оқытушы. Ұлт сенімін арқалап, өзіне артылған жүкті жеріне жеткізуде аянбай қызмет еткен қазақ зиялысы.

Бабы келіп, бағы ашылған заманда жұрт жақтаған әбүйірлі тұлға.

Егер көктей шолып, ой таразысына салсақ, сол 60-жылдары кілең қатар жүрген, иықтас, үзеңгілес бір шоғыр экономист ғалымдардың қоғамда саяси элитаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарғанын аңғаруға болатын. Қазақ ғалымдарының алтын дәуіріндей аталатын сол бір кезеңде айтулы академик, ұзақ жыл бойы Ғылым академиясының Экономика институтын басқарған Түймебай Әшімбаев ағамыз бастаған тегеурінді толқын өкілдері А.Қошанов, К.Нәрібаев, М.Кежеғозин, Н.Мамыров, К.Сағадиев, С.Байзақов және басқа да экономист-ғалымдар жоғары оқу орындарының басқарушы ректорлары қызметінде де көшбасшылық тұғырға көтерілді. Сол кезде Алматыда қазақтың мемлекеттік университеті (қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) еліміздің интеллектуалдық биігінің өлшемі болып, осы ең ірі жоғарғы оқу орнын 16 жыл басқарған академик, ұлт перзенті Өмірбек Жолдасбековтың лайықты ізбасарлары қатарында тындырымды жас тұлға Нұрғали Мамыровтың есімі аталған. Оның оқу үрдісін ұйымдастыруы мен оқытушы-профессорлар ұжымын басқарудағы батыл және ілгерілету бастамалары әділ бағаланып, ірілердің інісінің аты-жөні қоғам арқа тұтатын қайраткер легінен аталуы көп жәйтті аңғартатқаны анық.

"Нархоз" университеті көп ұзамай қазақ кадрларын дайындауда алғы шепке шықты. Ректор Мамыровтың тұсында элиталық деңгейге көтерілді.

Қоғамдық пікір – қозғаушы күш.

Жұрт аузына "Нархоз" түсіп, талапкерлер таңдауы "Нархозға" ауа бастады. Ректор Мамыровтың "мазасын" алған бұл танымалдықтың салмағы да ауыр еді. Қызғаныш пен көреалмаушылық, пендешілік деген бар... Соның ұшқындары болмай қалмады, әрине. Әсіресе, болашақ қазақ кадрларын қалыптастыруға ұмтылысы мен үйлесімді қызметі қалың ел ішінде қадірлі болды. Талабы зор жастардың бағын ашты.

Тағдырдың жазуы шығар, кейбірде пәлекет пен қиянат дегеніңіз аяқ астында жатады.

Жо...Жоқ. Жеке басына қатысты емес, туған халқың мен ұлтыңа жала жауып, жәбірлеген шақта елдің беткеұстар азаматтарын қуғын-сүргінге салып, елінен бездіріп те жіберуден тартынбаған. Кешегі келмеске кеткен кеңестік-коммунистік үстемдік ызғарлы желтоқсанда қазақ жастарының 1986 жылғы бейбіт көтерілісін аяусыз басып, жаншып, озбыр отаршылдыққа қарсы күрескен ұрпақты, негізінен алғыр қазақ жастарын оқытып, тәрбиелеген жоғары оқу орындары мен оның басшыларын "ұлтшыл адамдарды" өршіл әрі өжетті рухта тәрбие беріп шығарғаны үшін кінәлі санаған.

Қазақ баласы өз елінде көп оқымағанда қайда оқиды? Бұл бір ғана сұрақ! Үріккен үстемдік оған жауап беруші ме еді?

Жазығы жоқ болса да жазаланды. "Казахское дело» ашып, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қаралау үшін қаншама аярлық амал жасап, тыраштанғанымен онысынан түк те шықпады. Бірақ талай асыл адамдар азапқа түсіп, жаны қиналды. Жүректеріне салмақ салды. Денсаулығынан айырылды. Дертке шалықты...

Алматыдағы бірнеше айтулы жоғары оқу орындарының ректорлары партия қатарынан шығарылып, қызметінен қуылды. Бұл сүргіннен Мамыров та тыс қалмады. Қара бауыр қасқалдықтың кебін кигізді. Мәскеуден пана табам, әділдік іздеймін деп кетіп еді. Болмады. Одаққа танымал ғалымға бір орын табылмағандай. Одан әрі бас сауғалап, көзден тасаланып Тәжікстанға барды. Жат жерде жүрді... Ел еріне қарады, ері жерге қарадының тура өзі болды. Өкінішті өмір өтіп жатты. Әйтеуір әупірімдеп жүріп жекелеген тілеулес кісілердің демеу болуымен Алматыға әзер оралды. Салалық білім жетілдіру институтының бірінен қатардағы қызметке ілікті.

Біз ол кісінің басынан өткен қиындықтарды, тергеп, тексерулер кезінде шеккен азаптарын, жанын ауыртқан түрлі ауыр жағдайларды 1988 жылы «Jetіsý» газетінде "Шынжырланған шындық" деген тақырыппен жарияланған көлемді (газеттің толық бір бетінде) мақаламызда жазғанбыз. Ағаның жан сыры, Әбдіғали Әбдіманаповтай ғалым, қызметтес болған жолдасының ешбір тайсалмай шындық үшін қайсарлық танытқаны, басқа да оқиғалы сәттер айтылған. Тамаша ұстазым, аса талантты журналист Жолдасхан Бозымбаев аға екеуміз бірігіп жазған бұл мақала 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған зиялы тұлғаларды ақтап алуға жол ашқан тұңғыш зерттеу мақала еді. "Академик ақиқаты" деп Өмірбек Жолдасбеков туралы да алғаш «Jetіsý»  газеті жазған болатын.

Аға бұл мақалаға қатты риза болды. Көзіне жас алып, қуанды. Ақиқат сөз елге жетті. Журналистің бақыты да осындай батылдық пен адалдықтан тұрады.

Нұрғали аға әділдің ақ таңы атып, өзінің саналы ғұмыры өткен сүйікті университетіне қайта оралып, ректорлық қызметіне келгенде бірге қуандық.

Жеке өмірінде, әрине, өркен жайып, өсіп келе жатқан тұңғыш ұлының кенеттен қайтыс болып, ауыр қайғыдан белі қайысқан кезеңі де оңай тиген жоқ.

Не дегенмен, қайсар жан бәріне шыдады. Елі қараған атпал азамат елімен бірге болды.

Біз ол кісінің ерен ғалымдық еңбектері жайында, том-том зерттеу тақырыптарында талдап жазған сүбелі кітаптарын атап жазған жоқпыз. Ол жағын бізден гөрі көп артық білетін әріптестерінің еншісіне қалдырғанымыз жөн деп шештік. Асыл мұралары ұрпақ кәдесіне аса бермек.

Ардақты ағаның көбінесе жақындарына жақын жүрген жанашыр інісі немесе журналистік жолы мен тағдыр тоғыстырып, алыстан болса да сыйласа білген қазақ баласының бір ілтипатынан туындаған сөз осы еді.

Көзден кетсе де көңілден кетпейтін кісі еді, сол себепті оның ісі де, аты да ұмыт болмайды. 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері