КӨҢІЛ - ӨТЕ НӘЗІК, АДАМ - ӨТЕ ҚЫМБАТ, ӨМІР - ӨТЕ ҚЫСҚА: БЕЙСЕНСІЗ ӨТКЕН ЕКІ ЖЫЛ

Уақыты: 17.05.2022
Оқылды: 6396
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

18 мамыр, 2020 жыл, таңғы сағат 7:50. Досымыздың ақтық демі шыққан, бір аһ ұрып, қолымызда үзіліп кете барған сәт еді. Жүзден тарамданған жасты тыя алмай, өкіре жылаған ағайын-бауырға басу айта алмай, өксікке тұншыға бергенбіз.

Ол маңдайына бақ қонған, Жаратушының мейірі түскен пенде еді. «Жігіттің тағына талассаң да, бағына таласпа» дегенді елемегендерге ренжіген емес. Өйткені ондай бақ пен даңққа жету үшін халықтың махаббатына бөлену керек. Оны елі шын сүйді. Бейсекең жайлы қиял-ғажайыпқа бергісіз аңыздар шығарды. Қазақ елінің қай түкпіріне барса да, алқалаған қауым алақанына салып аялады, кенже ұлындай кекілінен сипап, еркелетті. Бейсеннің өзі де ешкімді жатсынбайтын, алаламайтын. Маңғыстауда адай, Қарағандыда арғынның баласы болып шыға келуші еді. Жетісудағы жиында «Екі шешем жалайыр, сонда менің қанымда жалайыр көп боп кетті ғой, ә?» – деп әңгіме ауанын аңдып отырған қарияларға «Е, рас!» дегізіп, нағашы жағын мәз етіп тастап еді. Өзі мұндайда жымиятын да қоятын.

Қаңлыдан бастап арғысы Жамбай батыр, бергісі Құранбек пен «банды» Жанысбекке дейін жететін жеті атасын емес, адамзатқа үлгі болған жеті адамды насихаттады. Сол жетеуді Бейсеннің ізін бастаған жастар жадына ұстады, үлгі алды. Оған ойшылдан көрі істің адамдары ұнайтын. Соларды пір тұтты. Оқыды. Солардың өмірлік принциптеріне, философиясына жүгінді. Кемелдену үшін түнде көз ілмей таңдаулы кітаптарды оқыды, оның кумирі алапат соғыста бес мәрте қоршауда қалғанына қарамастан тапсырманы орындай алған Бауыржан Момышұлы еді. Испан-АҚШ соғысында президент Мак-Кинлидің хатын генерал Гарсияға жеткізіп, тапсырманы бұлжытпай орындаған солдат Роуенді де сол Баукеңнің прототипіндей қабылдайтын.

Өзі де халқына қатардағы сарбаздай қалтқысыз қызмет етуге ұмтылды. Баукеңнің: "Ана үшін аянба – ант ұрады. Бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын", – деген сөзінің әр әрпіне лайық болуға тырысты. Астанадағы айтулы қызметтен бас тартып, туған жерінде тілеуін тілеп отырған қарт анасының қасына оралды. Жары екеуі қос қызғалдағын жетілдірді. Ердің жолы болуында сүйген жардың еңбегі қашанда зор, Гүлмираның шайпауланып шаптыққанын, беймаза қоңырау шалып, берекесін алғанын көрмеппіз де, естімеппіз де. Биязы мінезінен жаңылған емес. Бейсекең «Табақты ал, қайныңа сәлем сал!» – деп жорта сестеніп отыратын. Келіншегі екі етпейді. «Оу, қойсаңшы, тоғыз айлық кішілігім бар ғой» десең «Жасты қоя бер, жолды айтсаңшы», – деп жымиятын. Сөйтіп, өзгенің мәртебесін көтеру арқылы өз болмысы зорая беретін.

Бұл – отбасындағы берекесі. Ал ел үшін еткен еңбегіне келсек, алты жыл бойы Алматы мен Талдықорған арасын тоқтаусыз жол етіп, «Айтуға оңай» мен «Қарекеттегі» сансыз эфирде жабыққан жандардың көз жасын сүрткенін айтсақ жеткілікті шығар. Ешкімнен жылы сөзін аяған емес. Адамға, қоғамға өкпелі талайдың жан жарасын сөзімен емдеді. Әлеуметтік жағдай, саясаттағы берекесіздік жүнжіткен жұрттың сыпыра сөйлеуге, бос ұрыс-керіс, өсекке үйір болып бара жатқанын сезіп, әрекет етудің жолын көрсетті. Ашпын дегенге қасық-табақ ұстата салмай, тер төккеннің тіленбейтінін түсіндірді. «Қарекет ет, бауырым!» – деп ұран салды. Еңбек еткен адам – ізденеді, ізденгеннің – білімі өседі, білімі өскеннің – сапасы артады. Қазақ интеллектуал, сапалы ұлтқа айналады. Оның тағы бір қыры – еңбекті еншілеп кетуге әуес емес еді. Өзін үздіксіз аламанға дайындайтын командасын ешқашан ұмытпай, айтып отыратын.

«Қарекет» бір жүлдеге іліксе, «Маған эфирдің атағы жетеді, еңбектің абыройына сендер лайықсыңдар, барыңдар» – деп қыз-жігіттерді жіберіп отыратын. Осы тұста бір мысал айта кетейін, 2019 жылдың наурызында студияға барсақ, қыздар үрпиіп қалыпты. Продюсер Әлия Құдайбергенова: «Кеше хабар түсіріліп біткен соң Бейсен аға құлап қалды. "Жедел жәрдем" алып кетті», - деп жыламсырайды. «Ау, неге бірден айтпадың?!» – деп ұрсып алып, Досан екеуміз ауруханаға тарттық. Барсақ бөлмесінде бозарып отыр екен. «Қыздарға айтпаңдар дегем, ұрыспаңдар, жарай ма?» деп күледі. Бізбен біраз қалжыңдасты, үшеуміз сергіп, селфилеттік. Сорпасын көтеріп Айтқали досы жеткен екен, оны бір қағытты. "Нешеуа – деді ауыл қарттары ұқсап қалжыңдап. – Нешеуа, ертең-ақ шауып кетемін. Сөйтсек, Бейсекеңнің асқазанында жара бар екен, асқынып кетіпті. Қыздардың: «Аға, өңіңіз қуарып тұр, тоқтатайық», - дегеніне: «Елден ұят қой», - деп бір-ақ ауыз жауап қайырып, сол күні түсіретін үш хабарды толық жазыпты. Ал студия қонақтарын шығарып салып, демалыс бөлмесіне барғанда өзінің де әлі құрыған екен.

Біраз емделді. Ауруханадан шыққан соң дәрігерлерге алғыс айтып, желіге пост жазып еді. "Көңілшек болып бара жатырмыз ба, қалай өзі?" – деп күлгені әлі есте. «Қарекет» осындай жанкештілікпен түсіріліп еді. Үш топқа бөлінген команданың әзірлеген материалдарын ысырап етпеу үшін барын салды. Бір жылда үш жүзге жуық хабар түсірілетін. Студияның тымырсық ауасына төзіп, күніне екі-үш бағдарлама жазатын.

Адамды үш нәрсе бұзады – ақша, атақ, мақтан. Бейсекеңде бұның үшеуі де болды. Шіріген бай емес, бірақ ешкімге алақан жаймайтын несібесі бар. Атақ дегенге келсек, ол елдегі бар сый-сыяпатты қырық жасқа жетпей-ақ алып үлгерген, орден-медалін үйге апарып, анасына көрсететін де сандыққа салып қоя салатын. Одан кейін еш жерге Бейсен Құранбек пәленше орденнің иегері деп жазған емес. Қажеті не, Қазақстанның қай түкпіріне барса да қазағы құшақ жайып қарсы алды, еркелетті.

Бұл риясыз, шын ықылас еді. Мақтан да мол болды, біреу жөнімен мақтады, біреуі асыра қошеметтеді. Соның ешбірі Бейсекеңе әсер етпеді, шешенің сусын көжесін сіміре ішіп, шекесіндегі шып-шып терін сүрткен ауылдағы аңқылдақ қалпын бұзбады. Астанадағы қызыл-жасыл дүниені сол анасы үшін тәрк етуінде де талай сырдың кілті болар. Қарт ананың емірене иіскегені мен Абай аға, Ямалиға жеңешенің жылы сөзін, аға-інінің мейірлі көзқарасын еш дүние алмастыра алмас.

Ағайындық деген ұғымның жібі жіңішкерген осы заманда Бейсекеңнің бұл ісі біразға үлгі болса керек. Ағайынға тұрақсыздың ісі де берекесіз, халқына мейірсіз келеді. Құндақтаулы күйінде бауырына басқан Шәкәрман анаға кенже ұлдың құрметін көрсетіп, мәпелей бақты. Бірде екеуміз осы туралы сөйлестік. «Секе, үйде Абайдың баласы деп айтып апамның қаһарына ұшырап жүрме – деді Бейсекең. – Олай жаңылсаң, ол кісіні райынан қайтара алмайсың». Күліп, басымды изедім.

«Күлме, – деді досым. – Ертеректе ауылдағы бір кісі елдің ортасында «Ана Абайдың баласы Бейсен хабарды жақсы жүргізеді екен» – депті. Сол сөз ұзынқұлақпен апама жетіп, шала бүлініп, балаларына машина таптырып, ауылға жетіп, «Адыра қалғыр, қолыңмен туғызып алып па едің?» – деп ұрысып, ана кісі етін асып, шапанын жауып, кешірім сұрап, әзер құтылған. Ағайын-туыс, көрші-қолаң Абайдың баласы десе әкелерін танытып жібереді. Тұтас Қазақстан Бейсен Абайұлы деп жүргенін ол кісі білмейді. Білсе...»

Сөз соңына жетпей екеуміз қосыла күлдік. Қарттардың тізесінде аңыз-ертегі тыңдап өскен бала аңғарымпаз, зерек болады. Бейсекеңнің студияда елді үйіріп әкететін әңгімешілдігі, баламен бала бола алатын жұмсақтығы солардан сіңсе керек. Жалпы, Бейсекеңнің әулеті сөз қадірін біледі, марқұм Абай ағаның айтқыштығы Талдықорған өңіріне аян, бауырлары да тілге шешен, қалжыңға ұста.

«Мына әлемге үрейлене, жирене қарама. Өзіңе құдай ұсынғаннан қаймықпа, жүзіңді тайдырма» – деген Морихей Уесибаның ілімі – айкидодан алғаны болса керек, ойынан қайтпас бірбеткей еді. Неге Морихей? Айкидоның негізін қалаған Морихей Уесиба 86 жасында бауыр обырынан көз жұмды. Анадан шала туған, кішкентайынан жетілуге құлшынған Морихейдің бойы небары 155 сантиметр еді. Бірақ әлемді рухымен мойындатты. Бір кездері әскерге жарамсыз, кеміс саналған жігіт кейін тән мен жан философиясын ұштастырған ілім – айкидоны ойлап шығарды, Жапон әскерін баулыды. Тұтас әлем спортшылары Морихейдің өнері мен шеберлігіне бас ұрды.

Бейсекең бұл спортқа әскерден келе сала ынтыққан, көзі жұмылғанша тастамай шұғылданды. Даңқты сэнсей, 7-дан иегері Крис Мунидің сүйікті шәкірттерінің бірі болды, қара белбеу тағып, бірінші дан иеленген алғашқы қазақ атанды. Спорт философиясы өмірінің шамшырағына айналды. Өмірге, өзгеге өкпелеп, жарық дүниеге кіжініп өтуге, құлағанға күліп, өскенді табалап жүруге болар. Өзің тіккен шекпенді әр адамға кигізіп, шақ келмесе шаптыға сынауға да болады. Бірақ бұл саған не береді? Сен біреуден кемшілік іздеп, тіліңнің уы жеткенше безеп отырғанда ол бірнеше қадам ілгерілеп кеткен жоқ па?

Бейсекең мұндай алып-қашпа сөз, жаман ниеттен аулақ жүрді. Біреуден көңілі қалса араласпай қоя салатын. Айкидо ұстанымы қазақтың «жақсылық етсең өзіңнен, жамандық етсең өзіңнен» дегеніне сай келеді. Агрессия жоқ. Жеңу де, жеңілу де. Тек қорғану бар. Өзіңді қорға, әулетіңді, еліңді қорға. Қалқан бол, қамқорыңа ал. Бейсекең Уесиба сөзін қалтқысыз орындады, Құдай әмірімен пешенесіне жазылған даңқ пен сынақтың ешбіріне илікпеді, тік қарады.

2016 жыл. Тұтас Қазақстан «Жер! Жер!» деп ұрандап алаңға шыққан уақыт. Досан Қызайбекұлы әлеуметтік желіге ойын ашық жазды. Мен «Жерсіз қазақ – елсіз қазақ!» деп мақала жазып, «Парасат» журналына жарияладым. Бейсекең «Жердің тағдыры – менің тағдырым!» деп суретіне жаздырып, фейсбукқа ілді. Бір телеарнаның тізгінін ұстап отырған адамның бұл әрекеті шенділерге шоқ шашып жібергендей әсер етті. Қоңыраудан қоңырау. Әр қоңырау сайын «Сендер нацпатсыңдар ма?» деген сұрақ қойылады. Еліңді сүйгеннің, жеріңді сүйгеннің фашизмге еш қатысы жоғын түсіндіре алмадық.

Жалпы, идеология дегенді қазақ есебінен өзгенің ұпайын түгендеу деп түсінетін дүбәралықтан арылмай біз бұл сұрақтан құтылмаймыз... Бейсекеңнің бір ұстазы Уолт Дисней: «Бақыт – жан күйі. Сен бақытты да бола аласың, бақытсыз да бола аласың – бәрі мына дүниеге деген көзқарасыңа байланысты. Менің ойымша бақыт деген тоқтықта, мен аста-төк байлыққа тоқмейілсуді айтып отырған жоқпын, көңіл тоқтығы» – депті. Адам баласы өзіне ең көп қоятын сұрақтардың бірі осы: «Мен бақыттымын ба?» деген сауал.

Пендәуи көзқараспен таразыласақ Бейсекең бақытты адам болып шығады. Аялаған ата-ана да, көкелеген бауыр да, қимас дос та, жарқын жар да, құшақ жая жүгірген перзент те, алқалаған ел де болды. Бірақ бұл біздің өлшем. Бейсекеңенің бақыт туралы ұғымы мүлдем басқа секілді. Ол жастарға дәнекер болғанға құмар еді. Арнада Мұрат деген жігіт бар. Бейсекең соған «Осы күзге дейін үйленесің, әйтпесе жұмыстан кетесің!» – деп талап қойды. Мұрат бас шұлғыған. Тек белгіленген уақытта уәдесін орындай алмады. Бейсен жұмыстан шығармақ болып, жабыла араша түсіп, әзер алып қалдық. Көптен асып кетпегенімен «Сөзіңде тұрмадың, жігіт емессің!» деп Мұратпен сөйлеспей қойды. Арада жыл өтіп, әлгі жігіт пандемия асқынып тұрған кезде үйленді. Ол уақытта Бейсекең Алматыда ем алып жатыр еді, бейнеқоңараумен хабарласып әуелі сыбап алды, одан кейін батасын берді. "Салт еркек сорлап қалады. Енді қарның да, көңілің де тоқ", – деп қатты қуанды.

Осылайша әркімнің қуанышын бөлісуге асық еді. Шақырту келген әр тойға міндетті түрде баруға тырысатын. Кейде үлгермейді. Ондайда көңілі құлазитын. «Бейсен аға келіп батасын береді» деп үміттенген жастардан, «немеремнің тұсауын Бейсетай кессе» деп жолына қараған ападан, «ана бала тойымда төбе көрсетпеді ғой» дейтін ағайыннан қатты қысалатын. Тіпті, науқаспен арпалыс басталған тұста кешірім де сұрады.

"Неге екенін білмеймін, кешірім сұрағым келді. Қарбаласпен жүріп талай жақын адамымның, достардың, туыстардың таныстардың көңілін қалдырдым. Қуанышына бара алмадым, қайғыда қасында бола алмадым. Қазір ойлап отырсам, соның бәрінде өзімді «жұмыстан қол босамай жатыр ғой», – деп ақтап алыппын. Көңіл дейтін өте нәзік, адам деген өте қымбат, өмір деген өте қысқа дүние екенін ұмыта жаздаппын… Кешіріңіздер!!!"

Бейсекеңмен тілдескен жастардың, қарттардың жүзі бал-бұл жанатын, өздерін бір сәт бақытты сезінетін. Сонда Бейсекең ертегідегі Бақыт таратушы іспетті өзгені бақытты ету арқылы өзін бақытты сезінген болып шығады. Бақыт таратушы, Үміт сыйлаушы. «Қарекетке» келген қаншама адамның, ол хабарды көрген қанша көрерменнің жүрегінде үміт шоғын қоздатқаны бір Аллаға ғана аян. Жалғанда өзгенің алдында есеп бергеннен өз ұятыңның алдында есеп берген ауыр. Иммануил Кант айтпақшы «Ұят деген адамның ішкі сотының парасаты».

Қазақ үшін артында жаманаты қалғаннан асқан қорлық жоқ. Ұрпағымыз ар сотына тартылғанынан, әке үшін бала ұятты болғанынан қорқамыз. Сенің бүгінгі ісің ғасырдан кейін де шөбере-шөпшегіңнің алдынан шығады. Одан сақтанудың бір жолы ұяттан, ардан аттамау. Атадан бері сол жолдан айнымаған әулетті текті дейтініміз содан. Бейсекең өзі біреуді ұялтуды, өзі біреу үшін ұялғанды қаламайтын. "Қарекеттің" ұл-қызына соны үнемі сіңіріп отырды. Онымен қызметтес болған әр жас Бейсеннің қара шаңырағынан дәм татқанын, анасынан бата алғанын мақтана айтып жүретін. Жас келіндерге «Айналайын, сәлеміңді сала жүр, сен сәлем салмағаннан мен өлмеймін, қазақтың дәстүрі өледі», – деп жымиятын.

Қазақылық аман болсын деп жаныға жүгірді, сусыған уақытты жеткізе алмай жанталасты. Қазақтың ән-күйін насихаттады, кино түсірді, кітап шығаруға көмектесті, облыс-облысты аралап, тренинг өткізді, «Жетісуын» жетілдірді, жаңа ғимаратты жабдықтады, «Қазақстан барысына» үлес қосты, айкидоны дамытты, аптасына бес күн эфирге шықты, мыңдаған шақырым жол...

Былай қарасаң бір адам осының бәріне қалай үлгергеніне қайран қаласың, басқа болса қолды бір сілтер еді, Бейсекең үлгерді.

2020 жылдың 18 мамыры, таңғы 7:50. Бейсекең, қазақтың Бейсені соңғы сапарға аттанды. 9 айлық арпалыста бір сәт сыр бермей, жан қиналысын сездірмей, ешкімге мүсіркетпей, басын тік ұстаған күйі бастауына қайтты. Қайғы жамылған қалың жұртпен бірге қара аспан да егілді. Өзі сүйген Талдықорғанынан уыс топырақ бұйырды. Ақ мәрмәрдан кесене салынған жоқ. Інілері жайдақ тұстағы төмпешікке туған Күреңбелінің көк тасын белгі етіп қойып, «Бейсен Құранбек» деп жаздырды. Болғаны сол.

Тірісінде ешкіммен таласпады, көз жұмғанда да қарапайым күйі кетті. Әруаққа еш пайдасы жоқ, тірілерге ғана керек бір іс бастап едік. Ол – Бейсекең салынуына мұрындық болған баспасөз үйінің маңдайына «Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйі» деп жазу еді. Асанәлі Әшімов, Нұрлан Оразалин секілді зиялы қауым өкілдерін бастамашы еттік, сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталов та құптап, хатын жазып берген. Елордадан «заң аясында» деген жауап алдық. Ол - бес жылдан соң ғана марқұмның есімін беруге болады деген сөз.

Негізі, мемлекетті әлемдік аренада танытқан саясаткер, спортшы, тағы басқаларға бұл талаптың қатысы жоқ. Бейсекең де «ТЭФИ»-ді жұлып әкеліп, ТМД аумағында қазақ журналистикасының мерейін асырды, айкидоның дамуына үлес қосып, Жапония, Ұлыбритания, Қазақстан шеберлері арасында алтын көпір болды. Ол жүргізген «Қазақстан барысы» да әлемдік аренаға шығып кетті емес пе? Осының бәрін хатта тізіп, заңның бап, тармақтарын көрсетіп едік. Сонда да бес жыл... Мейлі, бұған да жол ашылар, Бейсекеңнің өз сөзімен айтсақ, «асықпайық, болар». Екі жыл өте шықты ғой.

Серік ӘБІКЕН,

журналист

Алматы облысы