Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚЫЗ ӨССЕ... БҮГІН БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ ЗАБИРА САЙДИЛЬДИНАНЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 22.05.2022
Оқылды: 839
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді, қапысыз қалай айтқан қайран бабам» деген өрнектің көркемдігі  ғажап! Жаныңды жадыратып жібереді. Қызын арға, ұлын нарға балаған қазақ қызын қызғыштай қорғап, үкілеп тәрбиелеген. Қыз бен ана құдіреті – ерекше құдірет! Ол сенің негізің, тегің. Ана – әр әулеттің түп-тамыры. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың ақын Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазған «Ана туралы жырын» тыңдаған сайын ананың қадіріне жете түсесіз!

Әлемнің жарығын, 
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Сыйладың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған.

Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің,
Самал жел сая бақ, 
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын.

Әңгіменің арқауы – Забира қарындасым. Андреев ауданындағы Тоқжайлау ауылында өмірге келген Забира бойжеткен шағында Талдықорған қаласының тумасы Қуат Бедуәлиұлымен 1988 жылы отау көтерді. 1989 жылы өмірге Ернар келді. Ернарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өз қатарының алды ғып өсіруді тағдыр Забираға жүктеді. Тәубе, Забира бұл сынақтан мүдірмей өтті. Ернар өз қатарының алды болып өсті. Заңгер мамандығын игерген ол бүгінде облыстық полиция департаментінде баспасөз қызметінің басшысы болып қызмет атқаруда. Забира үш немеренің сүйікті апасы, қазақшаласақ әжесі. Талантты журналистің өнері Ернарға да дарыған. Оның көптеген туындылары облыстық баспасөз беттерінде жарық көріп келеді.

Забираның өзі қазақ журналистикасының майталман шеберіне айналды. Облыстық «Жетісу» телеарнасының аяғынан тік тұруына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Телестудияда тиісті мамандармен бірге заманауи қондырғыларды айналымға жедел ендірген Наталья Борсенко мен Забира Сайдильдинаның қайсарлығын әріптестері жоққа шығара алмайды. Осы екі қыздың дайындаған туындылары телеэкран арқылы мыңдаған көрермен көңілінен шыққаны ақиқат. Содан бері отыз жыл өте шығыпты. Айтары жоқ, отыз жылдағы олжамыз қомақты. Олқылығы да аз емес. Талдықорған аймақтық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы ретінде жас тілші Гүлназ Мұстафаның, майталман журналист Наталья Борсенконың, қарымды қаламгер Забира Сайдильдинаның алқымнан ала түсер сұрақтарына жауап берген сәттер есімде жақсы сақталыпты.

Көне Грек елінің жеті ақылды данышпанының бірі Питтактың: «Дело умных – предвидеть беду, пока она не пришла, дело храбрых – управляться с бедой коли она пришла» деген тұжырымы алдымнан шыққан сол бір жылдары аудан, қала әкімдері, төтенше жағдайлар құрылымдарына жетекшілік ететін орынбасарлары, халық шаруашылығының басшыларымен тығыз байланыс қалыптастырып, жүйелі жұмыс жасауға тура келді. Соның бірі «Талдықорған» газеті мен «Жетісу» телеарнасынан «ЧС и Мы» деген арнайы хабарының тұрақты жолға қойылғаны. Бұл жылдарғы тележурналист Гүлназдың табандылығын, Забираның қайсарлығын ерекше атар едім. 

Кешегі Қызылағаш су қоймасында туындаған апат түн жамылып келді. Апаттың алдын алуға күш жеткілікті болғанымен уақыт жетіспеді. Өкінішті ме? Әрине, өкінішті. Өкінішті деп ел алдында ақтала аласың ба? Әлбетте, ақтала алмайсың. Болған іске болаттай берік болып, тиісті шара қолдану барысында облыстық, республикалық Азаматтық қорғаныс күшінің атқарған жұмысы баспасөз құралдарының назарынан тыс қалған емес.

«Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, «алапат тасқын» енді басталатын бопты деген алыпқашты қауесеттен Текелі, Талдықорған қаласы тұрғындары арасында дүрлігу туындады. Серік Әбікенұлы Үмбетов бастаған арнайы топ тікұшақпен Қоғалы өңіріндегі тау шатқалында орналасқан Талдыбұлақ ауылына төнген қауіптің алдын алу жұмыстарымен танысып, одан Қаратал ауданының Ақжар, Алмалы, Көпбірлік, Панфилов ауданындағы Үсек, Тышқан өзендері бойындағы елді мекендер мен Ақсу ауданындағы Алажиде, Егінсу, Құрақсу ауылдарындағы жағдаймен танысып қайттық. Тікелей эфир арқылы көпшілікті толғандырып отырған сұрақтарға жауап беруімді «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбекке тапсырыпты. Забира Сайдильдина жүргізген бұл хабар бір сағатқа созылды. Бұрынғыдай емес Забираның сұрақтары ерекше өткір болды. Бұлтаруға мұрса бермеді. Күдікке бой алдырған облыс тұрғындарының сұрақтарына нақты жауап беріп, сабырлық сақтауға шақырдым. Эфирден кейін алдымыздан шыққан Бейсен:

– Елдің үрейін алмай, күдігін сейілтіп, сенімін нығайтатын сұхбат өтті. Жарадыңыздар. Тек ағаңызды біраз қинадыңыз, – деп Забираға қарай берді.
– Біз әу бастан ақиқат пен шындықты айтамыз деп уағадаласқанбыз, – деді Забира.
– Забира бұл жолы қазақтың сесті ұлдарының бірі, дүйім қазақ қауымына танымал Нұртілеу Иманғалиевтан кем түспеді білем, – дедім мен.
– Мен Нұртілеудің шапанынан шыққан жастардың бірімін ғой, аға, – деген Забира жайнаң қағып шыға келді.

Дей тұрғанмен ағымды тірлікте де қызмет бабында да Забира екеуміздің көзқарасымызды бір арнада тоғыстырған «Өткенге тағзым» атты салиқалы тақырып.

«Үш бәйтерек» қоғамдық қоры бастамасымен Ескелді, Балпық би, Қабылиса жырауға ескерткіш орнатуға арналған алғашқы шара «Бабалар үні» атты танымдық әдеби-саз кеші Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында 2006 жылы шілде айының жетінші жұлдызында жоғары деңгейде өтті. Осы кеште көтерілген өзекті мәселені қалың жұртшылыққа жеткізуге келгенде «Жетісу» газеті мен «Жетісу» телеарнасы қыруар жұмыс атқарды. Қоғамда салиқалы пікір ұйымдастыру мақсатымен шілде айының 26-жұлдызында Әміре Әріннің жетекшілігімен баспасөз конфенциясы өтті. «Үш бәйтерек» қорының жұмысын теледидар арқылы насихаттап, халықты Асарға жұмылдыру Забира екеумізге жүктелді. Ал Забираның маған қойған талабы былай басталды.

– Тегі араб, орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкин: «Естіліктің тағылықтан айырмашылығы – өткен шаққа құрметпен қарай білетінінде» деген екен. Бүгінде естілер мен тағыларға берілетін сипаттама түрлі түсті бояумен әрленіп отырғаны жасырын емес. Әлбетте, Ескелді, Балпық, Қабылиса бабалар ұлтын ұлықтап өскен тарихи тұлға. Олардың ерен ерлігі жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейді. Ел ағаларына тән қасиеттердің асылы қайсысы десеңіз – ол шындықты айтып, ұлт тарихын мойындау. Олай болса, сіздің әр сұхбатыңыз осы арнада өткенін қалаймын, – депті тележурналист Забира.

Қарсы алдымда қыр гүліндей құлпырып, көзі оттай жайнап отырған көрікті қыздың мына талабы қаталдау болғанымен көптің көкейінде жүрген  мәселе болуы себепті жауаптан бұлтара алмайтынымды сездім. Забира негізінде орыстілді журналист. Жалпы Тоқжайлау ауылы қазақтарының да орыс тілін шебер игергендеріне Андреев ауданында қызмет еткен 1983-1985 жылдары көзім жеткен.

«Вы задали вопрос ребром» деп бастадым жауабымды. «Замана бір желмая, қалмасаң халқым жақсы еді желмаядан жығылып», – деп Әбубәкір Кердері толғағандай, біз өткен тарихымыздың терең қатпары, мығым тұстарымен қатар көлеңкесін де айқындап, жарқын болашағымыздың бағдарын жас ұрпаққа ұғындыра алсақ, өнер алды сол болса керек. Азаттық жолында тынымсыз күрескен Үнді елінің адал перзенті, аты әлемге танымал тұлға Махатма Ганди ізбасарларын «Жеті әлеуметтік күнәдан» сақтануды аманат етіпті. Олар:

– принципсіз саясат; 
– еңбексіз байлық; 
– ар-ұятты жоғалтып, рахатқа бату; 
– ақиқатсыз білім; 
– имандылықсыз сауда;
– ізгіліксіз білім; 
– құдайға құрбандықсыз құлшылық ету.

Сөздің шынын айтар болсақ, нарықтың өтпелі кезеңінде аға буын өкілдері тап болған олқылықтардан арылып, жас ұрпақты Ганди меңзеген күнәға ұрындырмай тәрбиелесек тәуелсіз қазақ елінің жетістігіне айналары даусыз.

Өркениетті өмір үшін күресіп, жанын пида еткен тарихи тұлғадан қазақ ұлты кенде емес. Өз басының қамын ойлап, күйін күйттеп кеткен жоқ, ата жолын жалғастырып, қазақ ұлтының ұлы мүддесімен тоқайласқан ұрпақ сабақтастығы жалғасты. Ләйім, әр қазақ отбасында өмірге келген жас ұрпақ пендешілікке бармай Бәйтеректей биікке ұмтылсын делік. Бұл заман талабы, өмірдің мәні мен сәні. Ұрпақтар сабақтастығының қадір-қасиеті сонысымен құнды. Аманаттың, өсиеттің орындалмауына итермелейтін бірден-бір әзәзіл – сананың семуі, сенімнің жоғалуы. Ендеше, рухани жұтауға жол бермеу – бүгінгі жақсы-жайсаңдардың басты міндеті.

Осы кездесуде бір-бірмізді жете түсіндік. Іле-шала тележуналист Жұмахмет Жайлаубаев, Мәулетхан Барсағазыұлы, Татьяна Комаровалармен өткен сұхбат «Жайнасын қала, гүлденсін дала», «Өлі разы болмай, тірі байымайды», «Времен связывающая нить» атты тақырыпта өтті. «Үш бәйтерек» қорының 2006 жылы атқарған жұмысының қорытындысы желтоқсан айының 14-жұлдызында тікелей эфир арқылы халықтың талқысына ұсынылды. Забираның бұл кездесуге мұқият дайындалғаны бірден аңғарылды. Қазан айының 28-жұлдызында ескерткіштің салтанатты ашылуы телеарнадан қайталай толық көрсетілді. Асқақтап тұрған ескерткіш алаңында жиналған халықтың көңіл-күйі, қуанышы бейне таспаға жақсы түсіпті. Бұл енді еліміздің мұрасы ретінде сақталады деген Забираның көмегімен эфирге тікелей шыққан көрермендердің сұрақтарына жауап берілді. Сұрақ қоюшылар да разы, жауап беруші мен де мәзбін. Забираның келесі сұрағы мынадай болды:

– Өткен сұхбатымызда қойылған бір сұрақты қайталауға мәжбүр болып отырмын, аға. Бабалар аманаты, рухани шапағаты кімге жұғымды болмақ, үлкендерге ме әлде жастарға ма? Ұрпақтар сабақтастығының мағынасы туралы ойыңызды мына бір көріністен кейін білдірсеңіз?

Экраннан үш атаның алып ескерткіші жарқ ете қалды. Әдемі көріністен кейін іле-шала ескерткіш алаңында шағылған шамшырақтар, шашылып жатқан қоқыстар бадырайта көрсетілді. Қала тұрғындарының алуан түрлі пікірін естуге тура келді. Студияда «ор текедей орғимын оң мен солға, жетемін деп жігітім әуре болма» дегендей күйде  отырған Забира:

– Мына жағымсыз көрініске не деп жауап бересіз, – деді.

– Бұл қуанарлық әңгіме емес әрі оған бәріміз кінәліміз. Атақты кинорежиссер Сергей Герасимовтың «Атланты и коритиды» атты кинофильмінің бір көрінісінде «брак врачей покроет земля, брак строителей покроет краска» дегенді естігенімде, «а брак учителей кто покроет?» деген сұрақ қойып едім өзіме. Мұнымен мұғалімдерді емес, керісінше тәрбие жұмысын әлсіретіп алған отбасы, қоғамдық ұйымдар кінәсі басым дегенді айтпақпын. Бұл олқылықты сіз болып, біз болып қолға алмасақ, жүгенсіздікке жол ашыла береді. Одан опық жейтін қоғам.

– Өзіңіз сілтеме жасаған Махатма Гандидің сөзімен айтсақ, адамды күнәға батыратын ақиқатсыз білім, ізгіліксіз ілім демексіз ғой, – деді жайнаң қаққан Забира.

– Оған принципсіз саясат дегенін қоссаңыз жауабы толық болады.

Бұл жолғы тікелей эфир арқылы көрермендермен кездесу ойдағыдай өтті білем. Забираның бастамасымен, Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаеваның қатысуымен «Ел тәуелсіздігін сақтау – жастардың қолында» атты кездесу кештері «Жетісу» телеарнасынан кеңінен насихатталып, бірнеше қабат қайталанды. Жастар тәрбиесі Забираны жас кезінен толғандырған мәселе болып шықты. Изенді ауылының тұрғыны Қали ақсақал Забираны алғаш көрген бетте: «Өй, мынау Сайділда бидің ұрпағы ғой. Тіл-көзден аман сақтаңдар. Болайын деп тұрған бала екен» депті. Әжесі Нұрбала, шешесі Нұржауар аузы дуалы қарияның батасымен Сайділда бидің әділдігі мен шешендігін жастайынан құлағына құйып, Забираның бойына сіңіруден жалықпаса, Глиновка, Дзержинский ауылдарындағы мектептерінің Шынар Торайғыров, Сара Амирова, Сагдат Нуртазина, Бәтес Жансаянова сынды мұғалімдерінің қаршадай қызды қоғамдық жұмысқа тартып, алғыр болып өсуіне, тиянақты білім алуына қамқор болуымен қатар, ізденімпаздыққа тәрбиелегені өсе келе кәсіби журналистің өмірлік ұстанымына айналды. Оның берік қалыптасуына сегіз қырлы, бір сырлы алматылық ұстазы Юрий Петрович Аравиннің еңбегі ерекше. Забира қыздың өмірдегі жетістігі өскен ортасы мен ұлағатты ұстаздарының қамқорлығынан басталады. Бұл жайында Забира былай дейді:

«Человека во многом формируют его корни. С гордостью могу сказать: наш род – один из самых древних и знатных в Жетысу. В начале девятнадцатого века в Лепсинском уезда жил мой прадед, известный в народе своей справедливостью бий Сайдильда. Старики, дожившие до Советской власти и казавшиеся мне в семидесятые годы минувшего столетия совсем древними, вспоминали о нем с большой благодарностью. Память о нем осталась в названиях урочищ и гор на землях, когда-то принадлежавших ему. У Сайдильды в хозяйстве были выведены племенные породы овец и лошадей.

– А характером были похожи на него?

– Говорят, гены «судьи» то и дело «проявлялись» в моем поведении. В школе, несмотря на то, что отлично училась, никогда не считалась паинькой, больше слыла неугодной, потому что характер не давал жить спокойно. Во всех конфликтных ситуациях, что постоянно возникали в детском коллективе, всегда добивалась справедливости. Была больше похожа на мальчишку с амбициями правдолюбца.

– Так вы и степная аристократка?

– Выходит, так. Кто-то из ученых сказал, что в аристократии аккумулируются глубинные черты нации. А хорошее образование вместе с цельностью характера формируют личность, умеющую преодолеть невзгоды и достойно пройти свой жизненный путь. Благодаря тонкому уму мамы, ее трудолюбию и природному характеру, мы, шестеро детей, никогда не видели нужды, получили образование и теперь являемся достойными продолжателями рода Сайдильдиных. У меня есть мечта: создать фильм на примере нелегкой судьбы знатных людей служивши своему народу, процветанию своей Родины. Нужно время, чтобы разобраться в чувствах и мыслях», – депті Забира қыз елінің көркіне айналған шағында.

Осы бір ізгі арманы іске асты дер едік. Нұрмолда Алдабергеновтің туғанына жүз жыл толуына арналған қомақты шаруаның бірі – Забираның сценариі және режиссурасымен түсірілген фильм. Дала академигі атанған тұлғаның мұрасын зерделеп, ұйымдастырушылық қабілетінің қыр-сырына терең үңілген ол, көрермендеріне ой саларлық туынды сомдады. Мерейтойдың маңызының өзі ұлт мерейін асырған Нұрмолда Алдабергенов арқылы адамдардың санасына қозғау салып, ықпал ету болса, Забира көздеген мақсатына жетті.

2014 жылы тұңғыш рет – Отбасы күні аталатын болып, деректі фильм түсіру Забираға жүктеліпті. Сол жылы қыркүйектің 12-де Күләш екеуміздің алтын тойымыз өтпекші болатын. Үкімет белгілеген күнмен дәлме-дәл келгенін қарасаңызшы. Забира осы сәтті пайдаланып біздің алғашқы танысқан, ауылдағы, Алматыда өткен той күндерін бүгінгі өмірімізбен байланыстыра бес көріністі фильм түсіріп, тойымызға тару етті. Жетпіс жылдығыма орайластыра бір фильм және түсірген.

Осы кезде Забираның ешкімді жатырқамайтын қасиетін аңғардым. Ақсу, Көксу, Қаратал аудандарын аралап қырға көтерілдік, сайға түстік, судан өтіп, тауға шықтық. Осынау сапар барысында тәуелсіздік тірегі – еңбек адамдарының пікірін топтастырыпты. Талдықорғандық қоғам қайраткерлерін де айналып өтпепті. Алматыда АЗВИ, ЖенПИ-де істейтін студенттік достарымыз, елге танымал ғалымдармен кездесті. Бес минут өтпей-ақ олардың әрқайсымен етене таныстарындай сұхбаттасып кеткеніне таңдандық. Сөйтсек, ақжарқын бауырмалдық, қарапайымдылық деген асыл қасиеттер Забираның табиғатымен етене тән болып шықты.

«Жетісу» телеарнасынан кезекті бір сұхбат басталғанда немерем Мәди «апа-апалап» Күләштің етегіне оралады. "Не болды? Бірдеңеден шошыдың ба?" деп үркіп қалады апасы.

– Аташка опять сидит с этой красоткой и воркует как голуб с голубкой, – деп телэкранның алдына жетектеп алып келеді. Сонда апасы:

– Олар сен ойлағандай сырласып отырған жоқ. Наурыз мерекесінің сырын ашып, облыс тұрғындарын, оның ішінде сені де Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап отыр, – деп немересінің алаңдауын басады.

– Все таки, который раз сидят наедине, – деген Мәди букварын көтеріп теріс айналып кете барыпты.

Содан бері немерелер ержетіп, шөбере сүйдік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, гауһар тойымызды өткізсек деген ойымыз бар. Заманнан заман асып, адамнан адам озған мына кезеңде өмірге Жетісу облысы келді. Мақсаты айқын. Даланы құлпырту, ауылдың аяғынан тік тұруын қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайын түзеп, тұрғындардың тұрмысын өркендету. Әлем шегінде сезіле бастаған азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алу. Бұл дүбірден ойы озық, тілі бай, ділмар, қаламы мұқалмаған әйдік журналист Забира Сайдильдинаның шет қалуы, әсте мүмкін емес. «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары елінің көркіне айналған Забира қызымыздың өзіне тән батылдығы, жаңашылдығымен кезекті бір бас мақаласын былайша бастарына бек сенімдімін:

«Народ – это те, кто жил до нас и выстроил великое светоносное государство, породил богооткровенную культуру, выйграл самые великие войны, совершал самые дерзновенные духовные подвиги. Народ – это те, кто придет после нас и выполнит возложенную на него Богом вселенную задачу, одержит неизбежную Победу. И конечно же, народ – это мы с вами».

Иә, ойлы адамға ең қымбаты жұрт қамы, ата-баба аманатына деген адалдық. Забираның өмір жолы, ұлттық ұстын, таным-түйсігінен осынау ақиқатқа қайталай қанығасыз. Шындықтың шырағданын жарқырата жаға білген қызымыз бақытын жүрек қалауымен таңдаған журналистикадан тапты. Жалындаған кіршіксіз жүрегімен мыңдаған оқырманы мен тыңдарманын баурап алды, ізгілікке бөледі. Елімен бірге өзі де өсті, жарқын тұлға бейнесінде қалыптасты!

Интернет желісінен: «Забира Дайрановна Сайдильдина – деятель культуры Республики Казахстан, Почетный журналист РК, обладатель звания «Ақпарат саласының үздігі», обладатель Гран-при республиканского телевизионного конкурса «Дидар – 2007», неоднократный обладатель почетных грамот Министерства культуры и информации РК, областного маслихата, акимов области и городов Алматы и Талдыкоргана. Победитель республиканского конкурса директоров областных научно-методических центров культуры 1995-96 годов. Награждена пятью юбилейными и памятными медалями. Весом ее вклад, как профессионала высочайшего класса, в завоевание самой престижной награды страны – национальной премии Академии журналистики Казахстана «Алтын жұлдыз», которой была удостоена телерадиокомпания «Жетысу» в 2006 году», - деген ресми дерек көзін тауып тағы бір қуанып қалдым. "Қыз өссе - елдің көркі" дегеніміз де осы!

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы