ӘРЕКЕТ БОЛМАЙ, БЕРЕКЕТ ЖОҚ

Уақыты: 13.06.2022
Оқылды: 1325
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талдықорған қаласының тұрғыны, «Жылыжай» ЖК төрағасы Бөрібай Қызырхан – адал еңбегімен ел құрметіне бөленген жан. Жуырда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы облыстық филиалының директоры Серікхан Ахметов кәсіпкердің кеудесіне Президент қол қойған «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалін тақты.

 Бөрібай Қызырханұлының елге деген сүйіспеншілігі зор. Оның атамекенге оралу барысында бастан өткерген қиындығы, көрген-білгені бір кітапқа жүк болады. Адал еңбегінің арқасында елге сыйлы азаматқа айналған Бөрібай 5 баласын ұлағатты ұрпақ етіп өсіріп отырған өнегесі өзгеше.

– Несін жасырайын, екі рет шекарадан заңсыз өткенім үшін айыппұл арқалап, Қытайдағы құжаттандырудың қиындығынан жиып-терген қаржы таусылды.  2004 жылы Алматыға аяғым тигенде қалтамда 10 мың теңге қаражат қалды. Десе де, араға 10 жыл салып арманыма  жеткеніме қуандым. Қол ұшын беріп, көмектескен азаматтар көп болды. Әсіресе, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова басқарған «Руханият» партиясы қолдау танытты. Кейін Талдықорған қаласына қоныстанып, аталған партияның Алматы облыстық филиалын 10 жыл басқардым. Сонымен қатар, қолымнан келетін тірліктің бәрін атқардым. Аспаз да болдық, мал да бақтық. Кейінгі жылдары жылыжай шаруашылығымен айналысудамын. Қазір Талдықорған қаласына 2 мың шаршыметрлік жылыжайым бар. Қысы-жазы қызанақ, қияр өсіремін. Мұнда 8 адамды жұмыспен қамтып, күн сайын 3-7 мың аралығында жалақы төлеумен қатар, зейнетақы жинағына, міндетті медициналық сақтандыру қорына қаржы аударамын, – дейді ол.

Бөрібайдың жылыжайындағы көкөністер химиялық қоспасыз өсетіндіктен, тұтынушы көп. Тапсырыспен күн сайын көкөністерді үйді-үйге, дәмхана, мейрамхана, тамақтану орнына жеткізеді. Сонымен қатар, Алматы-Өскемен автожолы бойынан шағын асхана ашып, киіз үй тігіп, шұбат-қымыз, ұлттық тағамдар сатады. Арасында түрлі қайырымдылық шарасымен де айналысады. Қазір көкөніс өсіру тәжірибесін жастарға да үйретуде.

Қажет Андас