УАҚЫТПЕН СЫРЛАСҚАН СУРЕТШІ

Уақыты: 18.06.2022
Оқылды: 1503
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тоққожа Қожағұлов! Бұл кісінің есімі аталса болды, көз алдыңа Мұқағали Мақатаевтың кескін-келбеті келеді. Суретшінің ақиық ақынды бейнелеген портреті өзінше дара, өзінше асқақ. Тоққожаның «Мұқағалиы» жұртшылықтың жүрегін бірден жаулап алды. Содан бері бұл туынды қылқалам шеберінің төлқұжатына айналып кетті десе де болғандай.  

Тоққожа Қожағұловтың тұлғаларды кескіндеуде Мұқағалидан басталған жұмысы ары қарай Абай, Жамбыл, Мұхтар, Тәттімбет болып сурет галереясын толықтырды.
Портрет жанрының хас шебері бүгінде 60 дейтін алты белеске абыроймен көтеріліп отыр. Жуырда өзі қызмет ететін  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, суретші-ұстаздың абыройын тағы бір мәртебеледі. Салтанатты шара университет ғимаратында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференциядан басталды. Қатысушылар ең алдымен Тоққожа Қожағұлов шығармашылығына тоқталды. ҚазҰПУ-дың проректоры, философия ғылымдарының докторы Ақтолқын Құлсариева мерейтой иесінің ұстаздық жолы  университетпен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. Тоққожа Мұқажанұлы 35 жыл бойы осы оқу орнында табан аудармай қызмет етіп келеді.
Конференцияда онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеген курстас досы, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Тоққожа Қожағұловпен бірге өткізген студенттік кезеңнің әдемі естеліктерімен бөлісті.
– Оның салған суреттері университет қабырғасында оқып жүргенде-ақ ұстаздар тарапынан жоғары бағаланған. Әсіресе, өз анасын бейнелеген портреті Бүкілодақтық көрмеге қойылып, кейін бұл туындысын Мәскеу көркемсурет дирекциясы сатып алғаны бар. Міне, содан бастап суретші портрет жанрына біржола ойысты. Қазіргі таңда ол қылқалам шебері, ұлағатты ұстаз, білікті басшы ретінде елімізге белгілі айтулы тұлғаға айналды. Біз Тоққожамен мақтанамыз, – деді Қазыбек Иса.
Айтса айтқандай-ақ, суретші ұстаздық қызметте жүріп 40-тан аса ғылыми мақаланың, 1 монография, 4 оқу-әдістемелік құралдың авторы болды. «Зергерлік өнер әлемі» және «Зергерлік өнер нақыштары» деген кітап-альбомдарын құрастыруға қатысты. Сондай-ақ, өзінің «Тұлғат» атты шығармашылық еңбектерінің каталогын шығарды.  
Портрет – бейнелеу өнеріндегі ең қиын жанр. Ол туралы Тоққожа Қожағұлов былайша толғанады:
– Мен бейнелеу өнерінің портрет жанрын таңдадым. Бұл – өте қиын сала. Жай адам оның қыры мен сырына қаныға алмайды. Талғаммен, таныммен назар салғандарға бәрі белгілі. Портреттің басты мұраты айнытпай ұқсатып, көшірме жасау емес. Портреттің фотосуреттен айырмашылығы – кейіпкердің ішкі әлемін көрерменге жеткізе білуінде. Сондықтан бұл күрделі жанр кез келген өнер иесінің оңтайына келе бермейді, – дейді қылқалам шебері.
Мерейтойға арналған жиында көрнекті ақын  Нұрлан Оразалин Тоққожа інісімен қалай танысқанын, оның шығармашылық толысу кезеңдеріне талай рет куә болғанын тебірене әңгімеледі.
– Тоққожаның өнері өрлеу үстінде. Оның салған портреттері сөйлеп тұрады. Полотно бетіне әлі талай бейнелерді түсіретініне, көрермен қауымның оған ризашылықпен қол соғатынына сенемін, – деп ақын ағасы суретшіге батасын берді.
Қылқалам шеберінің «Абай» атты портреті – шоқтығы биік туындыларының бірі. Қарап отырсақ, суретшілердің ұлы ақынға қалам тербеген еңбектері аз емес. Бірақ Тоққожа Қожағұловтың салған портреті ешкімге ұқсамайды. Бұл туралы философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Байжігітов: «Тік өлшемді кенеп бетін денесімен түгел жауып тұрған Абай тұлғасы қысқы табиғат аясында бейнеленген. Суретші «бар қосқаным – қазақы бөрік, сеңсең ішік» десе де бас ақынның бет-жүзі, көзқарасы басқа суретшілердің Абайымен салыстырғанда романтикалы асқақтықтан немесе бейтараптықтан аулақ шынайы, нанымды әрі қарапайым шешімін тапқан. «Қазақы бөрік» – суретші үшін рухани биіктік, ал «сеңсең ішік» – қазақы болмыс. Суретте ақын тар рамаға сыймай тұр», – деп аталған портретке ақиқат бағасын береді.
Бұдан кейінгі салтанат Тоққожа Қожағұлов жетекшілік ететін ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институты ғимаратында жалғасты. Онда суретшінің «Уақытпен сырласу» атты жеке көрмесі ашылды. Жиналған көпшілік ең алдымен белгілі режиссер Қалила Омаров түсірген «Тоққожаның қызыл алмасы» атты деректі фильмді тамашалады. Фильмде суретшінің өнер жолы, жеке тебіреністері, зиялы қауым өкілдерінің пікірлері көрініс табады. Онда қылқалам шебері кейіпкерлерін түсінде көретін ерекшелігін көпшілікпен бөліседі. Енді соны өз аузынан тыңдайық.
– «Мен кейіпкерлерімді түсімде көрдім. Және анық көрдім. Мәселен, Жамбыл атам Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында автокөлікке орнатылған мінберде тұр екен деймін. Қасындағы адамдардың арасында Ораз Жандосов жүр. Бір кезде Жамбыл маған қарап: «Ей, Тоққожа, бері кел», – деп мінберге шақырып жатыр. Қасындағылар бұл кім дейді маған таңырқай қарап. «Бұл Тоққожа ғой» – дейді Жамбыл атам. Содан кейін әлгі мінбер орнатылған автокөлік Алатауды бетке алып жылжи бастады. Жыр алыбының жүзіне қайта-қайта қараймын. Оянсам, түсім екен. Бірақ сол көрініс есімде мықтап сақталып қалды. Түсімде көрген Жамбылдың бейнесін портретке түсірдім», – дейді Тоққожа Қожағұлов. Суретші Мұқағалиды, Мұхтар Әуезовті, тағы басқа тұлғаларды да түсінде көреді. Сол көрген бейнелерін ақ қағазға айнытпай түсіреді.
Деректі фильмде қылқалам шеберінің бейнелеу өнеріне жаңа бағыт – тобаизм жанрын әкелгені туралы баяндалады. Суретші өз шығармашылығында кие деген ұғымға терең мән беруге тырысады.
– Өнердің мақсаты – шынайы өмірді кескіндеу ғана емес, денедегі рухты анықтай білу. Тотемдік мифологиялық тектің тамырлануы мен діни көзқарастар суретшінің шығармашылығын қалыптастыруда маңызды рөлге ие болады. Тоққожа Қожағұлов – қоршаған ортамен, жануарлар әлемімен туыстық байланысты сезіне білген протокөшпенді. Себебі, түркі халықтар табиғаттың күшіне бас иіп, ата-баба рухына табынған, – дейді өнертану докторы Шахизада Тұрғанбаева. Сонымен қатар, салтанатты шарада суретшінің «Өрелі өнер өрісі» және «Үнсіз музыка» атты альбом-кітаптары таныстырылды. 
 «Тоққожаның екі портреті, «Абайы» мен «Мұқағалиы» оны тарихта қалдырады». Өнер қайраткері Сергей Әзімов қылқалам шеберіне осылай деп баға берді. Жиналғандар «Лайым солай болсын!» деп орынды пікірге бірауыздан қосылды.

Болат МӘЖИТ
Алматы қаласы