ӘКІМІ АҚЫНЫН ІЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ! ҚАЛАМГЕР ҚАНАТ БІРЖАНСАЛ 60 ЖАСТА!

Уақыты: 11.07.2022
Оқылды: 2111
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Асқаралы 60 жасқа алқынбай-ақ, сарқылмай-ақ жетті. Бала шақтан – болашаққа бағдар жасаған кезінен осы жолды таңдаған. Бал дәурен, балаң шақтағы балдырған жырлары «қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлең өлкесіне еркін қанат қағатындай дәрежеге жеткізді.

Өткен ғасырдың 83-ші жылы қызығы мен қиындығы қабысқан, сан қырлы тағдырмен табысқан, жауапкершілік жүгі батпандай, жылағанды жұбатуға, құлағанды сүйеуге дайын тұратын «журналистика» деп аталатын әлемге қадам басқан. Содан бері диірменнің тасындай шыр айналған дүниенің 40 жылға жуық уақытын аймақтық басылымға арнады. Әуелде аудандық газетте еңбек жолын бастаса, бертін келе облыстық «Жетісу» газетінің аудандағы меншікті тілшісі болды. Аудандық басылымда жүрген алғашқы жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінің штаттан тыс тілшісі де болды. Екі аудан қосылған кезде «Хантәңірі» газетінің бас редакторы да атанды. Ақпарат айдынында еркін жүзетін, не жазса да оқырманын жалықтырмай, айтар ойын анық, қозғаған мәселесін нақты жеткізуді меңгерген журналистке айналды.

Әсіресе, шалғай ауылдың шырағын жағып, табан етін сөгіп, маңдай терін төгіп жүрген еңбек адамын насихаттаудың хас шеберіне айналды. Өңірдегі малшы, диқаншы, такаторшы дейсіз бе, еңбектің нағыз қара нары болған жандардың, өнер мен мәдениеттің мәуелі бәйтерегіне айналған адамдардың портретін жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Қаламгерліктің тағы бір қыры – ақындық жолда да аз еңбектенген жоқ. Мөлдір моншақтай тұп-тұнық жырлары бірнеше кітапқа айналып, оқырманының рухани қазынасын толтырды. Кіндігі ауылына байланғанг Еркін Ібітанов ағасы сияқты Алматыға аңсары аумай-ақ, Аспантаулар аясында, хан жайлауының саясында жүріп-ақ қара өлеңге олжа салды. Туған жерінің түйір топырағы мен тамшы суы, қарағайлы орманы мен аршалы-шыршалы нуы, асқақ таулары мен жақпар тастары түгелдей қанатты қаламынан өлең болып өріліп жатты.

Өткен жұма 60-тың асқарына осындай асқақ көңілмен келген Қанаттың қанаттанған күні болды. Біржансалдың ұлы асқаралы жасын Аспантау аясында атап өтті. Жоғарыда айтқан жерінің сұлу табиғаты мен еңбек адамдары жайлы бірнеше жылдан бері жазып келе жатқан мақалалары «Тәңіртауым! Тәтті мекенім!» деген кітапқа айналып, таныстырылымы өтті. Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов қолдау көрсетіп, 60 жылдық мерейтойына тару жасапты. «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген тәмсілді сол кеште байқадық. Қанат ағамыздың өз әлеміндей жұп-жұмыр, жып-жылы кеш болды. Ұзаққа созылып жалықтырмады. Асыра мақтау да, жағына сөйлеу де болмады. Кештің әлқиссасын курстас досы, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Жетісудың» осы өңірдегі меншікті тілшісі болған әріптесі Рәтбек Терлікбаев бастап берді. «Жетісу» газетінен бір топ әріптестері де келіп, елдің де, ұжымның да еркесі болған Қанатты қанаттандырып кетті. Қазақстан Жазушылар одағының сәлемін төраға орынбасары, ақын Бақыт Беделхан жеткізіп, мәртебесін бір биіктетіп қайтты. Көршілес аудандағы әріптестері де арнайы атбасын бұрды. Аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашса, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, мерейін тасытты.

Бәрін айт та, бірін айт, Қанат Біржансалдың асқаралы жасы Аспантаулар аясында ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде өтті. Жаратқан 70 жастың желкенін керген күнді де көруді нәсіп еткей!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Кеген ауданы

Алматы облысы