ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ІЗБАСАРЫ ӘБІЛСЕЙІТ АЙҚАНОВҚА МЕКТЕП АТЫН СҰРАЙМЫЗ

Уақыты: 28.07.2022
Оқылды: 1659
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әбілсейіт Айқановты білмейтін қазақ жоқ шығар. Оның қазақ спортында алар орны ерекше. Аңыз адамға халық «Қажымұқанның ізбасары» деп ат қойған. Аға бәрінен де сол сөзге қатты қуанып: "Мені ел «Қажұмақанның ізбасары»  дегеннен кейін  өзімді бұрынғыдан да  көп баптайтын болдым. Сондықтан жүріс-тұрысымды да түзеп, осы атқа лайық болуға тырысамын", - дейтін.

Қапалда өткен спорттық жарыстан кейін Әбілсейіт ағамен дастарқандас болу бақыты бұйырды. Алдына келген қойдың басының құлағын кесіп маған ұсынып: «Елдің құлағы бол», – деді. Содан кейін жүрегінде із қалдырған бір әңгімені айтты.

«Күресу үшін шетелге бардым. Барлығы қарсыласымның жанкүйерлері. Мен жалғызбын. «Күш атасын танымас» деген. Бір уақытта балуанды алып ұрып, жауырынын жерге тигіздім. Стадион құлаққа ұрған танадай тып-тыныш болып қалды. Бәрінің салы суға кетті. Балуанды ел-жұртының алдында құлатпауым керек еді. Бір елдің сағын сындырып кеткеніме қатты өкіндім. Көпке дейін қарсыластарымды жеңуге жүрексініп жүрдім. Сол оқиға жүрегімді сыздатады», – деді өзін мазалап жүрген ойымен бөлісіп.

Жас едім, ештеңе дей алмадым. Бірақ алып ағаның жүрегінің жұмсақтығына тәнті болдым. Осындай қара күш иесі де баладай нәзік болады екен-ау деп ойладым. Сол бір әңгіме ғана  ағаның атақ-абыройға малданбайтынын, бәрінен адамдықты жоғару қоятынын байқатты. Бүгінде Ақсу ауданының орталығы Жансүгір кентінде жасөспірімдерге арналған спорт мектебі салынып, ауылдың үлкендері сол шаңыраққа Әбілсейіт Айқановтың есімін берсек деген бастама көтеріпті. Осыған байланысты газетімізге бірнеше адамнан пікір білдірген хат келді. Жайлаубай Тұрсынұлы Әбілсейіт аға 73 жасында «Лондон Олимпиадасына барамын. Неге қазақтар байрақты жарысқа қатыспауы керек?! Келімсектерді әулиесітпеңдерші», – деп күйінгенін айтып, намысқойлығы мен адамдық қасиеті жайлы ой қозғапты. Сандыбай Мылтықбаев деген оқырманымыз: «Ақсу ауданы Жансүгіров кентіндегі спорттық-сауықтыру кешеніне атақты балуан Әбілсейіт Айхановтың есімін беруді әр қазақ қолдайды деп ойлаймын. Қажымұқаннан кейін аты дүркіреп шыққан қазақ Ә.Айқанов болатын. Одақ кезінде бәрін жеңіп тұрса да оны халықаралық жарыстарға жібермей, жолын кесті. Сонда да  оның аты одақта  танымал еді. Біздің елде ол кісінің мықтылығын жыр қылып айтады. Балуандар сол кезде де, қазір де қарсыласына аяғын ұстатпауға тырысады. Ал Әбілсейіт ағамыз аяғын тықпайтын. Айқанов – одақта алғаш атой салып кейінгі ұрпаққа жол ашқан қазақтың біртуар перзенті. Спорттық мекемеге  Айқанов ағаның атын беру дұрыс шешім», – дейді.

Ел аңыз қылып айтып жүрген оң аяқ жайлы әңгіме былай. Бірде Әбілсейіт аға үш дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы Медведьпен күреседі. Сол кезде әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы Иваницкий кілем шетінде айқайлап: "Саша, аяғын ұстама, аяғына жолама", – деп айқайлайды. Өйткені өзі Айқановтың аяғынан ұстаймын деп опық жеген екен. Сонда Медведь: "Аяғынан ұстамағанда қай жерінен ұстайын?" деп ызаға булығыпты.

Әбілсейіт аға күрес кезінде аяғын алға созып, тұрып алады екен. Қарсыласы жақын келу үшін алға созылып тұрған аяққа тіреледі. Одан өту үшін сирақты ұстау керек. Бұл жөнінде Әбілсейіт аға: «Менің оң аяғым – қарсыласыма құрған қақпаным. Ал, аяқты ұстамай өтіп көр деп созып тұрып аламын. Балуандар амалсыз аяғымды ұстайды. Сол кезде үстінен жаншып тастаймын», – деп ақтарылған.

Иваницкийдің "Шестое чувство" деген кітабы бар. Сонда ол Айқановты қазақтың кең даласында өсіп тұрған сексеуілге теңейді. «Басында сындырып алмайын деп ойладым. Сөйтсем, сахарада өскен сексеуілім июге де, сындыруға да келмеді», – деп естелік жазады.

Әбілсейіт Айқановтың құрметіне әлемнің 50-ден астам елінде Кеңес одағының Гимні шырқалған.

Аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне балуан ағаның атын беру – лайықты құрмет. Спорт мектебінің оқушыларын рухы қолдап, елден әлі талай ізбасарлар шығары сөзсіз.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы,

Жетісу облысы