ЖАРКЕНТ КІТАПХАНАСЫНДА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ ШАРА ӨТТІ

Уақыты: 10.09.2022
Оқылды: 1949
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл. Осыған орай Жаркент қалалық кітапханасында «Тіл мерейі –  ел мерейі» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кездесуге қаладағы оқу орындарының студенттері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Мерекелік сазды кеш мемлекеттік Гимнмен шымылдығын түрді. Өз кезегінде жергілікті әнші Әйгерім Бақбергенқызы «Туған жер» әнін әуелетті. Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың алғашқы әліппесін құрауы, халқымыздың төте жазудан латын әліпбиіне ауысу жолындағы еңбегі мен жалпы қызметі жөнінде бейнефильм көрсетілді.

Кездесуде Жаркент қалалық аналар қоғамының төрайымы, байырғы ұстаз Нағима Зурманбаева, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ғабиден Меделбеков, осы кешті ұйымдастырушы, кітапханашы Сәуле Құрмашқызы сөз сөйлеп, елімізде мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бағытындағы ойларымен бөлісті. Студент жастарға өз тілін құрметтеу мен әлемдік қолданыстағы тілдерді меңгерудің маңызы жөнінде ақыл-кеңесін жеткізді.

Кездесу барысында Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері қазақ ақындарының ана тілі жайлы жазылған ойлы өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы,

Жетісу облысы