ҮҢГІРДІҢ БАЛАСЫ НЕМЕСЕ КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ ТІЛЕУБЕРДІ ӘБЕНАЙҰЛЫ ЖАЙЫНДА

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1698
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әлқисса! Тілеуберді Әбенайұлы 1964 жылы Алтай аймағы, Қаба ауданында туған. 1981 жылы Үрімжідегі «Гоң шүе юанға» түсіп, бір жылдан соң денсаулығына байланысты оқуын тоқтатып, араға жыл салып, қайта келіп оқуын жалғастырыпты. Мен 1986-1988 жылдары Үрімжі қаласы Бимындағы Шынжаң оқу-ағарту институтында физика факультетінде оқыдым. Сол жылдары Шыңжаң партия мектебі философия факультетінде оқып жүрген Иманғазы Нұрахметұлы деген ақын жігітпен жақын араластым. Иманғазы әдеби ортаға жастайынан қосыып, сол кездің өзінде басылымдарда өлеңдері шығып, танылып қалған ақын еді.

Мұны айтып отырғаным, дәл сол кезде Тілеуберді де Иманғазымен тығыз қарым-қатынаста болған екен. Алайда үшеуміз бір жерде кездесудің орайы болмапты. Айтпағым, заманымыз бір, бір қалада, бір мезгілде білім алған екенбіз. Соңғы кезде Иманғазының әңгімесінен естіп, соған көзім жетті. Мен Қазақстанға 1994 жылы маусымның 30-ы күні отбасымды алып өтіп келдім. Сол кездегі «Жоғары кеңес» деп аталатын (қазіргі Парламент) мемлекеттік мекеменің «Халық кеңесі» газетінде журналист болып үш жылға жуық қызмет еттім. Одан біраз жыл кәсіпкерліктің төңерегінде ат арытып, тон тоздырдық. Артынан 2005 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиет айдыны» газетінде жұмыс істей бастадым. 2011 жылдан 2015 жылға дейін халықаралық «DA Қазақстан» деген журналда бас редактор болдым. 2015-2021 жылдар аралығында денсаулыққа байланысты жұмыстан қол үзіп, еркін шығармашылықпен айналыстым. 2021 жылдан бері балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы болып еңбек етіп келемін.

Бұны айтып отырғаным, сол «Әдебиет айдынында» жұмыс істеп жүргенде, шамамен 2006 жылы Тілеуберді Әбенаймен таныстым. Ол «Әдебиет айдыны» газетіне мақаласын ала келді. Енді бірде алғашқы жарық көрген кітабы «Шыныңа көш, тарих! Шыңғысхан кім?» деген өзі шағын болғанымен салмағы ауыр, сараптамалық зерттеу еңбегін сыйлады. Алдымен мақаласын, артынан кітап туралы шағын ақпатарттық хабарды газетке бердік. Міне, біздің таныстық осылай басталып кетті.

Осы кітапты авторлар қоғамына апарып тіркетіп, авторлық құқын алу барысында қоғамның төрағасы Марал Ысқақбай ағамен танысыпты. Кітапты оқып шығып, зерттеумен танысқан Марал аға ендігі жерде Тілеубердінің шығармаларын шетінен оқи бастапты. Бұл бірінші кітап жарық көре сала қоғамның назарын еріксіз өзіне бұрды. Өйткені жинақта осы кезге дейін бізге үйреншікті болған жаттанды сүрдек бұзылып, Шыңғысханның моңғол емес, түрік екені тосын әрі батыл түрде алға қойылыпты. Екі күнде оқып шығып таң қалдым. Әйтеуір өз басым ойламаған, басқа ешбір әдебиеттен оқымаған мүлде жаңа көзқарас айтыпты. «Атың шықпаса жер өрте» деп жүрген адамға ұқсамайды. Сөйлеген сөзі, айтқан әңгімесі терең, жүріс-тұрысы өте сабырлы және орнықты. Қазақта «қонақты киіміне қарап қарсы алады, сөзіне қарап шығарып салады» деген даналық бар. Мынау менің құрдасым шынында жөні бөлек кісі екені бірден байқалды. Содан бастап оның бірнеше мақаласын газетке беріп отырдық. Ал өзім шыққан кітаптарын шетінен оқи бастадым. Оқыған сайын тереңіне сүңгіп, астарына үңілдім. Екінің бірінің тісі батпайтын қатпары қалың тарихтың тігісін сөгіп, тілін шығара бастады. Байқағаным, бес мың жылдық жазба деректері сақталған қытай тарихына жүйрік екен. Қытайшаны жақсы білетіні, оқығаны да, тоқығаны да көп оқымысты жан екеніне көзім жетті.

«Әдебиет айдыны» газетінің бас редакторы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының азаматы Талаптан Ахметжан деген жазушы болатын. Ол өте кең, парасат пайымы биік, үлкен жүректі, салмақты кісі еді. Әсіресе, шетелден атажұртқа оралған ағайынға оң көзбен қарайтын. Сондықтан да шығар мені алғашында жауапты хатшы етіп қойды, артынан өзінің орынбасарлығына тағайындап, сеніп жұмыс тапсыратын болды. Талаптан аға Тілеубердінің мақалаларына түсіністікпен қарап, шығаруға жол ашты.

Газетімізде жұрт назарын аударатын мұндай қызықты, әрі даулы мәселенің көтерілуі оқырман үшін де жаңалық. Тілеуберді жиі болмаса да редакцияға бас сұғып, мақала әкелетін, аздап аялдап шығармашылық жұмысына тоқталып, сыр бөлісетін еді. Ол келген сайын мен де бар дүниені ұмытып, тарихтың тұңғиығына бата түсіп, әңгімесіне құлақ түретінмін. Ол нені болса да, арыдан, тереңінен толғап қозғайтын. Қазақтың әңгімешіл ақсақалдарындай асықпай, өз мәнерімен шымшымдап отырып жеткізетін еді. Сол жылдары Алматының төменгі бөлігіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданында пәтер жалдап тұрады екен.

Бір жолы ол екеуміз ұзақтау сөйлесіп қалып, жұмыстан кеш шықтық. Мен оны тұрағына жеткізіп тастағым келіп, үйіне беттедім. Қыс кезі болатын, жалдап отырған пәтеріне бардық. Бөлме іші тастай суық екен. Өзінен басқа ешкім жоқ. Мен оған бірнеше сұрақ қойып үлгердім. Өзінен естіген мәліметім бойынша, Тілеубердінің әйелі Бәти қытайда мұғалім болып қызмет етеді екен. Әлі де сол жақта жұмысын жалғастырып жүруінің басты себебі, мұнда Тілеуберді жұмыссыз. Жұмыс істеудің де реті жоқ, өйткені ол тарихи зерттеулерін емін-еркін жалғастырып дербес өмір сүруге тиіс. Пәтер ақысын төлеу, азық-түлік мәселесін шешу үшін Бәти Қытайдағы жұмысынан шықпай, алған жалақысының жартысын Тілеубердіге жібереді екен. Сол ақшаны тамағына, жүрген жолына жұмсап, қалған уақытының бәрінде тапжылмай кітабын жазып отырғанын айтты. Сол жылдардан бастап пандемияның алдына дейін Тілеуберді Әбенайұлы жалғыз өзі тұрып, Алматыдағы ғылыми зерттеуі мен жанкешті жазушылығын жалғастыра берді. Ол осы жағдайына бола ешкімнің алдына барып арызданған жоқ, мұңын шағып мұқтаждығын айтқан жоқ. Ол ел секілді тойға барып кердеңдей басып, уақытын қор қылмады. Биге басып тайраңдамады, шарап ішіп шалықтап, ән салып шарықтаған жоқ. Оның өмірі көп санды адамдар үшін бар мен жоқтың арасында белгісіздеу жылжып отырды. Ол барынша оқшауланып, оңашалық пен тыныштықта жазуын жалғастыра берді. Оған бола, аштан өлген жоқ, көштен қалған жоқ. Қайта, соңғы есепте көздеген көмбесіне барынша жақындап том-том кітап жазып, адамзат жылнамасындағы орны бөлек Шыңғысхан тарихында қате жазылып, теріс ағып, бөтен арналарға түсіп кеткен шындықтың таза сорабын өз арнасына бұрып, бір өзі бір академияның жұмысын арқалап ақиқаттың жаршысы, адалдықтың үні бола білді.

Ер азаматтың үй ұстап жеке тұруы айтарға болмаса, жеңіл емес. Жуатын киім-кешегі бар, пісіретін тамағы бар, от жағып, су әкелу, шай қайнатып, тамақ әзірлеу машақатты шаруа. Тілеуберді мұндай қиындықтың алдында мойымады. Азабы ауыр болса да, ғылыми зерттеудің ләззатына батып, тылсым сырларына сүңгіді. Ол тек қана еңбектерінің өрісін кеңейту үшін аңға шыққандай аяңдап басып қаладағы редакцияларды, баспаларды анда-мұнда бір сүзіп шығатын. Жарық көрген дүниелерін алып, басылған кітаптарын дүкендерге қойып қайтатын. Шақырған телеарналарға сұқбат беретін, өзіне тіке қатысты тақырыптарға ғана келіп, көзқарасын білдіріп қайтатын, әр алуан шоулар мен пікір таластарға мүлде жоламайтын.

Мен таныс болған 15 жылдың ішінде ол 15 кітап жазды. Ол тұрмыста қиналып, жазуда бейнеттеніп жүрсе де, Құдай сәтін салып, жақсы адамдарға жолықты. Әсіресе, Қожамұрат Қанытбайұлы деген кәсіпкер кісі демеушілік көрсетіп, жазған кітаптарын арт-артынан шығарып беріп отырды. Соңғы жылдары оның баспана алып, «Көкжиек» ықшам ауданындағы пәтерге сол ақ жүрек, арлы қазақтың қолдауы арқасында жетті. Құдай қосқан жеке «демеушісі» Батидің де жүгі жеңілдеп елге оралып, Тілеубердінің қасына келді. Газет-журналда қаламгерлер Марал Ысқақбай мен Бексұлтан Нұржекенің әлде неше мақала жазып, дем бергенін аузынан тастамай айтып жүретін. Одан өзге де мәселеге шөгелдікпен қарайтын ғалымдар, көзіқарақты зиялы жұрт өкілдері, шындықты шығар жол еткен басылымдар оның еңбектеріне назар аударып, қолдады.

Солардың қатарында ұлт жазушылары Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмәділов, академик Мұрат Жұрынов секілді көптеген қайраткерлер болды. Өнер жолындағы Шәміл Әбілтаев, Байғали Есенәлі, заңгер Өмірәлі Қопабаев қатарлы қайырымды қазақтар да аянып қалған жоқ. Ондай адамдардың аты-жөнін, лауазымын, көрсеткен көмегін ол өзінің «Төрт дәлел» деген кітабының алғы сөзінде тәптіштеп айтып, рақметін жазды. Ол зерттеулерін үш бағыт бойынша жүргізді. Бірінші, Батыс пен Шығыстан тарихи кітаптарды аударып, оның жаңсақ кеткен жерлері мен қазақ тарихына қатысты тұсын атап көрсетіп, шыт жаңа түсініктемелер жазып шықты. Екіншіден, осы кезге дейін бізге беймәлім болып келген қытай және еуропалық құнды кітаптарды қытай тіліндегі ежелгі нұсқаларынан аударды. Үшіншіден, өзінің тікелей жазған ғылыми-зерттеу еңбектері бір төбе. Осы үлкен үш сала бір арнаға құйғанда Шыңғысхан тарихына байланысты бұрмаланған, өзгертілген, жұмбақ болып келген көптеген құпиялардың беті ашылды. Одан өзге тағы бір төртінші бұтақ бар. Шыңғысхан туралы зерттеу еңбектері оқырманға жеткен соң оны қолдайтындар мен қарсы шығатындар пайда болды. Жүйесіне жығылған, қисынына сенген, бұлтартпас дәлелдеріне иланған бір топ өз алдына мақала жазып үн қосты.

Енді бір топ ғалым мен рушылдықтың дертіне шалдыққан пенделер тырнақ астынан кір іздеп, сынықтан сылтау тауып Тілеубердіге қарсы мақала жазды. Пікір көтерілген соң оны аяқсыз қалдыруға тағы болмайды. Солардың көзқарастарына аспай-саспай ғылыми тұрғыда жауап беріп отырды. Олардың жаңсақтығын тойтарды, олардың қатесін түзетті. Олда ғалымның біраз уақытын алып, жүйкесіне салмақ салды. Бір қалыпты жылжып келе жатқан жобасының орындалуына кедергі келтіріп, керуенді кідіртіп мазасын алды. Әбенайұлы ол кедергілерді де еңсеріп, бұл жұмыстарды да қатар атқарып отырды.

Тілеуберді Әбенайұлының барлық аудармасының ерекше орны бар. Солардың ішінде Уильгелмь Рубрук пен Плано Карпини екеуінің екі кітабы ғажап тарихи құжат. Біреуі Күйік қағанның тұсында, екіншісі араға 6-7 жыл салып Мөңке қағанның тұсында ордасы Қарақорым қаласына келіп кеткен діндарлар. Жәй ғана келіп кеткен емес, ордада жылдап жатып елшілік міндет өтеген, анығы «тыңшылық» істеп қайтқан жансыздар. Олар Рим папасы Ватиканның қожайынының әмірімен келген поптар. Олар жазған мәліметтің (докладтың) ақиқат екені даусыз. Себебі, олар ең алдымен Құдай жолындағы пірәдарлар. Барған жерін, көрген білгенін Папаға, Корольге айнытпай жеткізіп, айтып беруге қақылы. Ауызша айтса, ағаттық болар деп, олар бар сырды қағазға жазып, артық-кемін жібермей дәл мәлімет берген.

Бұл кітап сол кездің мәнерімен, көзбен көрген адамның өз қолымен жазылған еңбек. Әне, сол кітап әуелде латын тілінде жазылып, артынан ағылшын тіліне аударылып, онан өткен ғасырдың басында қытай тіліне тәржімәланыпты. Тілеуберді мырза сол қытай тіліндегі нұсқасынан қазақ тіліне тұңғыш рет аударып отыр. Осы күнге дейінгі зерттеушілер бұл екі кітаптан дұрыстап пайдаланбаған. Аттап өтіп кетіп отырған немесе қасақана қағыс қалдырып айналып кеткен. Өйткені бұл жердегі географиялық карта, жер түзілісі, ауа райы, өсімдіктер мен жемістер, жүрген жолының сорабы өзінен-өзі көп нәрсені айтып тұр. Батыс және қытай зерттеушілері «тұрақтандырған» Шыңғысханның жасаған ортасы, билік құрған орыны, қазіргі Қарақорым қаласының жұрты деп жүрген Моңғолияның қиыр шығысы емес, қазақ даласындағы Жетісу жері екенін бұлтартпай айтып береді.

Міне, осы тарихи құжат Тілеуберді көтеріп келген пайымның дұрыстығын дәлелдейтін айғақ. Бұл екі кітапты аударудың да бекер таңдалмағаны осыдан түсінікті. Мен осы екі кітапты оқыған соң «Тыңшыдан жеткен тың дерек» деген мақала жаздым. Ол алдымен «Қазақстан-Заман» газетінде, артынан «Шыңғысхан» журналында, «Жетісу» газетінде басылып шықты.

Бұл арада ол мақаланы қайталап айтып отырмай-ақ қоялық. Осындай еңбектерді теріп жүріп аударып, шаңынан қағып, аршып беру Тілеуберді мырзаның логикалық анализ жасау қабілетінің өте жоғары екенін түсіндіреді. Сол тұстағы атағы дүрілдеп тұрған Византия империясының батыс астанасы Рим болса, шығыс астанасы Константинополь (бүгінгі Стамбул) еді. Әлгі екі елші де Ватиканнан шығып, Константинопольге қалай жеткенін, одан кейін қалай бет алғанын, Бату ханның баласы Сартақ ханға қалай келгенін, ол жерден шығып, айлап жүріп Балқашты айналып өтіп, Алакөлге аялдағанын, артынан қағанның астанасы Қарақорымға қайтып өткенін бүге-шігесіне дейін баян етеді. Әр қадамын аңдып басып, таулар мен көлдер, өзендер мен жазықтарды түсіріп отырып карта сызатын болсаңыз, сапардың «жол картасы» сызылып шығады. Сондықтан Т.Әбенайұлының зерттеу еңбегінің бір тиянағы осы екі құжат деп айтуға болады. Соның бәрі анық сайрап тұрса да, әлем ғалымдары өтірікті ойдырып, Қарақорым қаласын түркілерден барынша алыстатып ақылға симайтын алысқа апарып тастады. Біз елшілікке келген екі жиһангездің ізіне түссек, бүгінгі Іле аңғарына түсіп, екі үлкен таудың арасындағы Қазақстан жағындағы Жәркент пен Қытай жағындағы Құлжаның мөлшеріне дәл келеміз. Осы кітаптағы деректердің негізіне жүгінсек, Шыңғысханның өмір сүрген ортасын, қонысының табиғатын, өсімдігін, жел-жемісін, климатын жақсы білеміз. Тілеуберді Жалайыр Жамуқа мен Мұқалиды тереңінен зерттей келе Шыңғысхан мен Жамуқаның, Шыңғысхан мен Мұқалидың туыстық қандық байланыстарын байыптап, жанжақтылы дәлелдер арқылы Шыңғысханның да Жалайыр екенін қолмен қойғандай айтып береді. Біз атап жүрген Төрелердің қайдан шыққанын ашады. Қоңырат, Керей, Найман секілді «құпия шежіреде» аттары көп аталатын ру-тайпалардың соноу моңғол даласынан келген жат емес, қайта, өздерінің ата-бабасының байырғы мекенінде өмір сүріп келе жатқан жұрт екеніне көзімізді жеткізеді. Олар Шыңғысхан заманына дейін де, онан кейін де өздерінің атақонысынан не ары, не бері жылжымай келе жатқан ұлыстар еді. Тілеуберді Әбенайұлының зерттеу нәтижесі бойынша, Шыңғысханның тілі ешқашан моңғол тілі емес, түрік тілі болғанын, туған жері Моңғолияның Қиыр Шығысы емес, Жетісу жері екенін, шыққан тегі моңғол текті емес, түрік текті Жалайыр руынан болғанын, діні будда емес, бір Тәңірлік ханиф діні екенін турасынан айтып, ақиқатын аша түседі.

Осы кезге дейінгі жазылған, аударылған 15 кітабының түпкі мақсаты да, осы «төрт дәлелге» құрылған. Біз атап өткен «төрттік» анықталса, басқа керанау сөздің бәрі тамырсыз, негізсіз болып шіріген жіптей үзіледі. Тілеубердінің логикалық ойлау жүйесі жәй адамдардан әлде қайда озық, өзгеше болды. Оның ішкі түйсігі өте сұңғыла, қиялы сүйріктей озыңқы зау биікке тартатын. Ақыл дүрбімсімен көрген шындығын ешкімге құрғақ сөзбен тықпалаған жоқ. Асықпай-аптықпай дәл басып тарихи кітаптарды парақтап, қойны-қонышын ақтарып, күдік-күмәніңді арылта дәлелдейтін. Бүгінгі күннің түсінігі, осы заманның ұғымымен өмір сүретін жұрт оның еңбектерін оқып ақылға салғаннан көрі, тарихты оқымағанын, қолында депломының жоқ екенін көлденең тартады. Тіпті, бір кітабынан бір бет парақтамай оның жасаған жұмысын жалғанға шығарады. Саяси топтар мен рулық мүдделерге бағынады.

Тілеуберді Әбенайдың да руы бар, бірақ, ол рудан, топтан биік тұрды. Ол «Атаның ұлы болған жоқ, адамның ұлы болды». Пенделік, нәпсілік, бұра тарту деген оның қанына жат еді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлы қағида Тілеубердіге дәл келетін. Тілеуберді зерттеген Шыңғысхан қазақ болып мойындалса, Қазақстан бірден «дамыған отыз елдің» қатарына қосыла салмайды. Бірақ, бұрмаланған тарих, ойдырылған өтіріктер ашылады. Оның елі адасып жүрген, ұрпағы тамырын табады, тағдырын таниды. Қазақтың ойлау жүйесі өзгеріп, құлдық қамыт басынан сыпырылады. Ол «Моңғолдың құпия шежіресі» деген кітаптың қытай тіліндегі түпнұсқасын жаңа бастан аударып отырып, мыңдаған сөз-сөйлемдердің қате аударылып, теріс өзгертілгенін анықтап әуелгі түпнұсқаны қалпына келтіреді.

Мұндай нәзік тұстарын айта берсең, әңгіме ұзаққа созылады. Оны менің айтып отырғанымнан көрі, Тілеубердінің жазған еңбегінен оқып танысу әлдеқайда абзал болар еді. Шыңғысханның 15 кітабының құнды болатын себебі, қалыптасып, қатып қалған Шыңғысхан тарихына төңкеріс ашып, атойлап алға шыққан жаужүрек адамның жазбасы. Қазақ тарихына ғана емес, әлем тарихына өзгеріс енгізуді көздеген, тыңнан түрен салған ғалым. Мүмкін басқа біреулерде шындықты айтқан болар, ептеп жазған болар, көңілі сеніп, түйсігі таныған болар, бірақ, олардың ешқайсысы Тілеуберді ақтарған архивтерді оқып, ол тінтіп шыққан қалтарыстарға бара алмап еді. Тілеубердінің ақыл күші алға озып, табандылық танытып, бар ыждағатын салып зерттеді, жазды. Осынау жанқиярлығын, ізденістерін саралай келе оны ресми түрде Қазақстан Ғылым Академиясының орнындағы Ғылым ордасы мақұлдап, тарихи білімінің ұшан-теңіз екенін ескеріп, оған «Құрметті академик» деген атақ берді.

Жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Мағауин өзі де Шыңғысхан тақырыбында төрт кітап жазған үлкен тұлға. Ол кісі Тілеубердінің еңбектерін саралай келе, оны қолдаған болатын. Қабдеш Жұмәділов болса Астанада өткен Азия-Еуропа жазушыларының жиналысында үлкен мінбеде Шыңғысхан туралы шындықты ашық айтып, Моңғолиядан келген қаламгерлерді шамдандырған болатын. Тар жер, там босағада қапелімде ақылға салып үлгермеген моңғолдар ашуға басып, жиналысты тастай қашқанын ел біледі. Өйткені Батыс, Шығыс болып ұлардай шулап, моңғолға теліп берген Шыңғысханды қазаққа бере салу ақылға сыймайтын «сұмдық» еді. Міне, осының бәрінің бастау нүктесі Әбенайұлының бұлақ көздерінен таралған ақиқат болатын. Мұхтар Мағауин аға Шыңғысханды таратып, Қият тайпасына дейін әкелсе, Тілеуберді Әбенайұлы Қияттан бері суырып алып шығып Жалайырдың Төресіне дейін созды. Қазақстан ғылымының басында отырған академик Мұрат Жұрынов, Тілеубердіні қолдап, «Құрметті академик» құжатына қол қойды. Авторлар қоғамының құрушысы, мемлекет қайраткері Марал Ысқақбай, әдебиет пен тарихты қатар ұстаған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржеке басылым беттерінде көптеген мақала жазып, өте қисынды ұстанымдар арқылы ғалымға дем беріп, зерттеуін онан ары жалғастыра беруіне шабыт сыйлады.

Жұрттың бәрі тарихшы емес, жұрттың бәрі ойланып алып сөйлеуден көрі, сөйлеп алып ойланатын тобырға айналып бара жатқан мынау заманда ақыл тоқтатып әңгіме айтудан көрі, дақпыртқа, өсек аяңға көп сенеді. Сөйтеді де шені бар, атағы бар біреу қисық пікір айтса, соған еріп шулап қоя береді. Егер сәл ақылға салып, сабырға көшіп, Шыңғысхан туралы Тілеубердінің еңбектерін оқи бастаса, сөз жоқ ойланатын еді. Әрине, ол зерттеген кітаптар мен келтірген дәйектерге тісі батпас еді. Сөйте тұра, оның шығарған қортындысына мақұл демей амалы таусылатын. Шыңғысхантанушы өзге ғалымдар тек бірер кітап, бірер дерекке қана сүйеніп «Шыңғысхан моңғол» деп келсе, Тілеуберді батыс, шығысты, ағылшын мен қытайды, моңғол мен арабты түгел қозғап, оларды бір жерге тоғыстырып, тоқайластырып барып алдыңа тартқанда бұрылып кетуге жол таппайсың. Оқырман ол танымға жету үшін он бес кітапты оқып шығу керек. Ол өте ауыр жұмыс. Ал мен сөйлеп отырмын. Өйткені тексердім, зерттедім, оның еңбектерін дерлік оқып шықтым. Әрине, бір күнде емес, он бес жыл бойы оқып келемін. Сондықтан да Тілеубердінің Шыңғысханның түрік екеніне өлердей сенгені секілді, мен де Тілеубердінің нағыз ғалым екенін, өзгеше ғұлама екенін мойындаймын.

Бұрын тарихтан, аңыздардан, кітаптардан әл-Фарабидің, Құл-Қожа Ахмет Яссауидің ғылыммен қалай шұғылданғанын, әлемді кезіп қалай жиһангез болғанын білетінбіз. Бірақ, ондай бір адамды көрген жоқ едік. Ал мен көрдім, жақын жерден таныдым. Ол мынау дүниенің дүрмегінен өзін алып қашып үңгірге кіріп кеткен адам. Ол кірген үңгірде шешусіз жұмбақ, күрделі құпия жатты. Ол соның сырын табудың жолында өте қарапайым, елеусіз ғана өмір сүрді. Ұлылық деген терең білім, үздіксіз еңбек, шынайы қарапайымдылық десек, осы үш белгі Тілеубердіде болды. Тілеуберді бірде маған, Рашид ад-диннің «Жамих аттауарих» деген еңбегінің екі тарауын басқалардың аудармай кеткенін айтты. Неге бұлай болғанын сұрасам, ол «Аударылмаған екі тарауда оның шығу тегі, жасаған ортасы жазылыпты. Егер ол жерлерін аударса, ұлы қағанның кім екені өзінен өзі белгілі болады, содан қорыққан» дейді. Сондықтан да еуропалықтар, бергі орыстар, шығыстағы қытайлар да сол «күдікті» саналған екі тараудан аттап өтіп, құйрықтарын бұтына қысып қашып отырған екен. Міне, Тілеубердінің теңдессіз еңбегі осы тарауларды қосып аударып, оған өзінің түсініктемесін жазып, тарихтың ақтаңдақтарын қалпына келтірді. «Моңғолдың құпия шежіресіне» де солай сын көзбен қарап саралап шықты. Ойдым-ойдым қателер мен жағылған күйелерді тазартты.

Ғалым жоқтан ештеңе шығармады. Ол қаны сорғалаған шындықты алдымен өзі таныды. Артынан көрген ақиқатын ашыққа шығарып, жалғанға жария етті. Осы кезге дейін тарихқа жасалған қиянатты, саяси сұрқиялықты, тіпті надандықпен білместік істеген қараулықты теріп шығып, оның тегін тектеді. Үңірейіп қалған орнына әкеліп қойып қолымызға ұстатты. Қытайда жүре бергенде ол осынау еңбектерін жаза алмас еді, жазса, жарыққа шығаруға орай таппас еді. Ғылымының өрісін, ақиқаттың ақ сәулесін іздеп алысқа жол алып, Қазақстан еліне қоныс аударды. Біріншіден, қазақтың атақонысы, тәуелсіз мемлекеті. Екінші, көп ауған жаққа Қызыр ауады деп, белден асты. Қайырлы сапарға шығып қижрат етті. Әрине, оның берекесін көрді. Жоғарыда айттым, осындай табандылық көрсетіп, алыстан көрген сәулесіне жетудің жолындағы еңбегіне құрметпен қараған жомарт азаматтар оны қолдап, кітаптарының жарыққа шығуына, бір бөлмелі үй болса да баспаналы болуына қол ұшын берді. Бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз, осы секілді көмек оның көңілін сергітіп, сенімін арттырды.

Мемлекет, әлде бір қоғамдық ұйым оны сүйемелдеп қамқорлығына алған жоқ. Өйткені Шыңғысхан тақырыбы даулы, шулы. Оның үстіне рулық, тайпалық жақтан да өзіндік кедергілері, дүдамал тұстары болған соң. Тілеубердіге билік адамдары көп жақындай қойған жоқ. Сонда да, ол таныған шындығын, тапқан тақырыбын орта жолға тастамай, қаузай берді, қаза берді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деп, бел шешіп кіріскен мәселесінде берік тұрды. Нәтижесін міне, көріп отырсыздар. Ол он бес кітап жазып, артына өлмес сөз қалдырды. Айтқан ақиқаты бүгін-ертең мойындалмайтыны анық. Бола берсін, ол айызы қанып жазып, арманын орындады. Әлкей Марғұлан атасы секілді, артына асыл мұра, құнды қазына қалдырды. Шыңғысхан тақырыбын жүйелеп кетті. Әбунасыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, өзге де ғұлама ғалымдардың түркі даласынан Бағдат шаһарына жетіп, ғылыммен шұғылданып, ескірмейтін ескерткіштер (кітап) қалдырғанындай, Тілеуберді де ашық аспан, тұнық бұлақтар іздеп алыстан Алматыға жетті. Жетті де сейіл құрып секеңдемей «Үңгірге» кіріп кеткен Ибн-Хажар Ал-Асхалани секілді, «тамшы тас теседі» деген рухпен ізденісін бастап кетті.

Осылайша өзі де, «Ибн-Хажарға» айналды. Баяғыда бір мұсылман баласы Ал-Асхалани ғибадатын жасап, ғылыммен айналысып жүреді екен. Ғылымның жолы ауыр, ол қиналады, ақылы жетпейді, тіпті, торығып осы әурені қояйын деп жігері жасып, райынан қайтады. Сөйтіп басы ауған жаққа қарай жолға шығыпты. Күндерде бір күн ол бір тауға келгенде, жоғарыдан тамып тасқа түсіп тұрған тамшыны көреді. Ол тамшының қасына аялдап алақанын тосып су ішеді, шөлін басып демін алады. Тамшы тамып тұрған тас бетіне қараса, кәдімгідей ойық пайда болыпты. Ол өткен-кеткенді есіне алып, мынау көрініске қайран қалады. «Мынау кереметті қараңыз өзі жеңіл, өзі жұмсақ бір түйір су тасқа бір тамғаннан ештеңе де өзгере қоймайды. Ал ол тоқтаусыз, үздіксіз, тұрақты түрде тама берсе, мынандай қатқан қара тасты да тесіп, ойып жібереді екен-ау!.. Мен болсам, адаммын, тамшыдан әлде қайда қуатты, күшті, ақылды жан иесімін! Неге ғана ойламағанмын? Осы бір әлсіз тамшы құрлы жоқпын ба?!» – деп торыққан райынан қайтып, көздеген мақсатын қайтадан тірілтіп, ғылым жолына бет түзеп, тау жақпарындағы үңгірге кіріп бір жағынан ғибадатын жасап, бір жағынан зерттеуін қолға алып, өзіне дейінгі ғалымдарды оқып, жинаған білімі мен Құдай берген ильһамның арқасында сандаған жұмбақтың жауабын тауып, қалың-қалың кітаптар жазыпты. Ол Әл-Бұхаридің кітабына үлкен анықтама, түсініктеме жазады. Осылайша «Фатхул бари» деген әйгілі кітабын өмірге әкеліпті. Ең соңында өзі де тамшыға айналып, жаңа есімге ие болып Ибн-Хажар (Тастың баласы) Ал-Асхалани деген атпен тарихқа ізін қалдырыпты.

Біз сөз етіп отырған Тілеуберді Әбенай да дәл сол Ибн Хажардың өзі еді. Яғни, «Үңгірдің баласына» айналып, оның жазған кітаптары «Қылуеттен» шығып, жан-жаққа таралып жатты. Ғылыммен айналысатын адамның сипаты да, сыр-сымбаты да бөлек болатын секілді. Екінші сөзбен айтқанда, нәпсісін жеңген, ақылын оздырған адам ғана нағыз ғалым болады. Кейіпкеріміз Тілеуберді де сондай мехнаты мол жолды саналы таңдаған адам. Ол дүниенің соңынан қумады. Атақ-абыройды іздеген жоқ. Тек қана Шыңғысхан тарихы, тек қана ғылым деген бұлжымас тәртіппен тіршілік етті. Тарихтың басқа тақырыптары да көп еді, ол жазса, жұрт докторлық қорғап жүрген формулаға түсетін талай мәселені бағындырар еді. Бірақ, ол өйткен жоқ. Ағысқа қарсы жүзді, дауылға тіке беттеді. Оны қолдайтын да, қорғайтын да адам аз еді. Басына пана, бауырына қазан болар жан пендесі де табыла қоюы қиын еді. Өйткені бұл тақырып әлде қашан тұрақтанып, мөрі басылып, құлыпталып тасталған. Тарихшының өзінің тісі батпайды, қорғайтын қауқары жоқ.

Сондай кезде Тілеуберді тіке барды, тік тұрып тіл қатысты. Құлпысын шақты, есігін ашты. Жазған он бес кітабына ешқандай ғылыми атақ иеленіп, экономикалық табыс таппаса да, тапжылмады. Оның қызығы да ғылым, жары да ғылым, барыда ғылым болды. Өмірдің ләззатын ащы тер, ауыр бейнеттен көрді. Ол тарихты зерттеуде біреудің сорабымен, өзгенің көлеңкесімен өмір сүрмеді. Дара жол, жеке соқпақ салды. Осы кезге дейін Ресей мен Қытайдың қыспағында бодан болып келген ұлт өзінің тегін, шыққан шаңырағын таныса, бүгінгі күніне күйінетін еді, кешегі бабасына сүйінетін еді. Ертеңгі таңына сақасын сайлап, алшы түсіруге иіретін еді. Санадағы бабалар егіп кеткен дән әлі бөрте алмай бүршік шығара алмай бөгеліп келе жатыр. Рухымыз оянса, ауа мен су жетер еді. Тандырдай кеуіп тартылған тас емшектер жібіп, таңдайға нәр таматын еді. Біздің жағымсыз мінездеріміз бен жайсыз қылықтарымыз отаршылдардың сіңірген, ойнамалы пиғылынан жұққан. Әлемді өзгерту өзімізді өзгертуден басталады. Өзімізді өзгерту санадағы қара дақты жуып, тегімізді тектеуден басталады.

Тілеуберді Әбенайұлы Қазақстанда жүрген 20 жыл ішінде үлкен дәрежелі марапаттар алған жоқ. Ең әуелі, Ғылым ордасы берген «Құрметті академик» деген атақты алды. Екінші, Мәлік Отарбаев мырзаның себеп болуымен Ассамблеяның сол кездегі басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолы қойылған «Мейірім» медалін омырауына тақты. Өзге ештеңе болмады. Ол атақ-дәрежеге қызықпайтын адам еді. Сөйте тұра, «Менің болымсыз еңбегімді ескерген жоғары жақтағы басшыларға, атқа мінер азаматтарға рақмет!» деді.

Одан өзге оны іздеген, құрметтеген шенді-шекпенділер көріне қоймады. Оған бола ол ренжіген жоқ. Дегенмен, оның ренжіген кезі болды. Ғылыммен айналысуына тыныштық бермей, біресе балақтан, біресе етектен тартқан теріс азу мақала, ожар мінез, доңайбат болған кезде Дәулетбек Байтұрсынұлы аздап ренжіді. Бірақ, артынан «Әй, қойшы, несіне өкпелеймін... Өйткені олар білмей тұр ғой!» деп жайбағыстап жүре беретін.

Ол жазған тақырып берісі қазақ деген халыққа күш береді. Арысы тұтас түркілік рухымызды оятып, қанымызды тасытады. Бүгін әлемнің шонжарлары атанып жүрген Ресей мен Қытайдың күні кеше біздің бабаларымызға алмансалық төлеп тұрған бағынышты жұрт болғанын Тілеуберді еңбектерінен анық көреміз. Шыңғысханның төрт ұлы ұстап тұған жер жүзі қазақтың империясы, түркі тұлпарларының ат тұяғы жеткен өңірлер қазақтың қарамағы екені анық еді. Ал үлкен баласы Жошының ұрпағы құрған Алтын Орда мемлекетінің өзі айбарымен арыстанды жасқандырған алты Алаштың басын біріктірген, атағы алты қырдан асып алысқа кеткен қуатты мемлекет болды.

Біз сол Алтын Орданың мұрагеріміз. Бірақ сол сөздің өзін айтуға аузымыз бармай абайлап сөйлейміз. Тілеуберді ештеңеден именбей, осының бәрін жалаң сөзбен емес, ғылыми тұжырым, бұлтартпас дәлелдермен шегелеген қазақ.

Ендеше, Тілеубердіні қолдау, керейді қолдау емес. Тілеубірдіні дәріптеу, ол шыққан Шұбарайғырды алға шығару емес. Тілеубердіні насихаттау иісі қазақты тағына қондырып, тағдырына жан бітіру деп білемін. Әбенайұлының кітаптарын бастыру, еңбектерін ғылыми айналымға қосу үлкен мәртебе. Оның шығармашылығына атсалысып, оны қолдау – қазақ халқы үшін сіңірген еңбек, қосқан үлес деп санаймын! Келе жатқан жаңа буын Тілеубердінің ғибратқа толы оқулықтары арқылы әйгілі тұлға, даңқты қолбасшы, алып қаған Шыңғысханды танитын болады.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, аудармашы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі