АСҚАР ТАУДАЙ АЛЫП ТҰЛҒА АСАНБАЙ АСҚАРОВҚА ЖҮЗ ЖЫЛ! ШОНЖЫДАҒЫ ШАРА

Уақыты: 12.10.2022
Оқылды: 3817
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Иә, ғасырлар жаңарып, арада қаншама жылдар өтсе  де есімдері ел жүрегіне  ұялған жандар ешқашан ұмытылмайды. Өйткені өз тұсында ел көшін бастап, айналасындағы халқын игілікті істерге жұмылдырып, туған өлкенің топырағында ерен еңбегін, айшықты қолтаңбасын қалдырған жанның жарқын жүзі көз алдыға келіп тұрады. Міне, сондай халқымыздың асыл да ардақты перзенттерінің бірі,  қоғам қайраткері, заманының заңғар тұлғасы Асанбай Асқарұлы Асқаров.

Осынау есім  Жетісу өлкесінің жұртшылығына етене таныс әрі жақын. Олай болатын жөні  бар. Асанбай Асқарұлы 1965-1978 жылдары аралығында Алматы облысын  басқарды. Сол жылдары облыстың экономикасы артты. Ауылшаруашылығы саласы  дамыды. Құрылыстар қарқын алды. Облыс орталығы  Алматы қаласында да керемет ғимараттар салынды. Дала мен қаласын тең асыраған ауылдар кезең келбетіне сай көркейді. Еліміздің электр қуатымен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан, суармалы жерлердің аумағын арттыруға мүмкіндік берген Қапшағай су қоймасы су электр стансысы салынды.  Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, молшылық пен берекеге негіз қаланды. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін аймаққа айналды. Қазақстанның картасында Қапшағай қаласы пайда болды.  Асанбай Асқаров ел мен жерге сіңірген ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атанды. Бірнеше мәрте Ленин, Октябрь Революциясы, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Қаламгерлігі, ақындығымен де ел жүрегінде қалды. Көргені көп, жиғаны жетерлік, ойы терең, елі-жерін, ұлтын жанындай жақсы көріп өткен заңғар тұлғаның «Тағдыр», «Судьба», «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты өлең, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты ғибрат, өсиетнама кітаптары қалды.

Биыл Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы республикамызда кең көлемде аталып өтілуде. Туып-өскен Жамбыл облысында игі шаралар өрнек тапты. Ерен тұлға, көрнекті қоғам қайраткерінің 100 жылдығы облыс аумағындағы Ұйғыр ауданында өткізіліп жатқаны кездейсоқтық емес. 1974-1976 жылдары Асанбай Асқарұлының бастамасы  Ұйғыр ауданы мен Нарынқол ауданының арасындағы асуға жол салынып, көлікпен жүруге  мүмкіндік туды. Ұйғыр ауданының малшылар қауымы аталған жол арқылы Шалкөде жайлауына шығуға қол жеткізді. Асудағы жолды жергілікті тұрғындардың «Асанбайдың асуы» деп атап кеткені де сондықтан болатын. Асу туралы, оған Асанбайдай асқақ тұлғаның атын өз орнымен беру туралы облысымыздың Құрметті азаматы,  Ызғарбек Бектұрсынов мәселе көтеріп жүрді. Осы тақырыпта жазған мақаласы облыстық «Jetisy» газетінде жарық көрген . Қатар жатқан екі ауданды жалғастырған Райымбек ауданына қарасты Шалкөде жайлауына баратын жолдың жасалуына ықпал еткен Асанбай Асқарұлының есімін аталған асуға берге қатысты нақты жұмыстар жүргізген Ызғарбек аға бастаған азаматтарға, оны қолдаған аудан, облыс басшылығына, республика Үкіметіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сәрсенбінің сәтті күні аталған асудағы жолдың бойына арнайы белгі қойылды. Заңғар тұлғаның 100 жылдық аясындағы салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысып, сөз сөйледі. Көрнекті қоғам қайраткері туралы жүрекжарды лебізімен қоса шараға қатысушыларға, өңір тұрғындарына арнап игі тілегін жеткізді. Еліміздің ерен тұлғасын ұлықтап жатқан жақсы күні Д. Қонаев атындағы халықаралық қордың мүшесі, Асанбай Асқарұлының немересі Қ. Смайылов, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин, елағасы, Ұйғыр, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы С. Белғожаев сөз алып, құтты болсын айтты.

Ұйғыр аудандық Мәдениет үйінде «Асанбай Асқаров – тұғырлы тұлға» атты республикалық конференция өтті. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Алаш» әдеби сыйлығының иесі, ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырған конференцияда облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Махатұлы алғашқы сөзді бастады.

Есімдері ел тарихына өшпестей жазылып қалған Асанбай Асқаровтай асыл тұлғамыздың 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтуде. Біздің облысымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зор. Асанбай Асқарұлына Жетісу жұртының ықылас-пейілі, құрметі бөлек. Соның бір белгісіндей «Асанбай Асқаров жайында естеліктер» атты тағылымы мол кітап жарық көрді. Ұлтын сүйген, елін-жерін қадір тұтқан, облысымыздың, Алматы қаласының өркендеуіне ерен еңбегін сіңірген ағамыздың жарқын жүзі, есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді Л. Тұрлашов.

Конференция барысында Алматы облысының мемлекеттік архивінің қорында сақталған материалдар негізінде дайындалған «Асанбай Асқаров жайлы естеліктер» атты құжаттар жинағының тұсаукесері болды.

Асанбайдай ұлы тұлғаларымыздың қатары азайып келеді. Соған жанымыз жабырқайды. Дәл қазіргі басқосуға үлкен қуанышты көңіл-күймен келіп тұрмын. Жаңа ғана Қара үйсін тауының үлкен асуына Асанбайдай асқақ, дара тұлғамыздың аты берілді. Айшықты белгі орнатылды. Бұл елдігімізді көрсетеді. Осыны ойластырып, қамдастырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Қарапайым мінезі, ақыл-парасатымен ел басқарып, артына игілікті істерін қалдырып кеткен асқақ тұлғаларымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин.

Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов айтулы тұлға   туралы естеліктерін ортаға салды. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев  баяндама жасады. Бұдан кейін Алматы қаласынан келген делегацияның атынан қала әкімінің кеңесшісі М. Ахметов құтты болсын айтты. Алматы қаласында Асанбай Асқарұлы тұрған үйдің сыртына ескерткіш тақта қойылған. Бір көшенің аты заңғар тұлғаның атымен аталады. Конференция барысында Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы, елағасы Н. Сейітов, Жамбыл облысынан келген делегация атынан Б. Жылысбаев, тағы басқалар сөз алып, ардақты тұлға, көрнекті қайраткер туралы жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Көш бастар азаматтардың ұйымдастыруымен Асанбай Асқарұлының аруағына арналып үлкен ас беріліп, Құран бағышталды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Ұйғыр ауданы,

Алматы облысы