ӘЛЕМ ТЕЗ ӨЗГЕРІП ЖАТЫР. МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ МАҚПАЛ МЫСАМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 23.10.2022
Оқылды: 2035
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал МЫСАМЕН алдағы өтетін сайлау мен АҚШ-қа іссапары турасында ой бөлісуді жөн көрдік.

- Әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығып тұрған тұсында еліміздің тыныштығын, халқымыздың ынтымақ-бірлігін сақтау, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту маңыздылығы күн өткен сайын артуда. Осыған орай, қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өткізілетін болды. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Әлем өте тез өзгеріп жатыр. Сондықтан жедел түрде маңызды стратегиялық шешімдер қабылдау қажет. Ал, сайлауды кейінге ұзатсақ, екіұдай халде жүруге тура келеді. Қазіргі халықаралық және өңірлік қақтығыстар кезінде, әсіресе, посткеңестік кеңістікте орын алып жатқан жағдайларда мемлекеттілігімізді нығайту ерекше маңызға ие. Саяси жүйе институттарын қайта жаңарту – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде сайлау халық бірлігін нығайтуға, азаматтық қоғам мен биліктің үйлесімді әрекет етуіне ықпал ететін болады. Демократиялық және орнықты жаңа саяси модельді қалыптастыру – Қазақстанның тұрақтылығы мен тұтастығын, оның сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетін арттырады.

– «Бұл ән бұрынғыдан өзгеше» демекші, бұл сайлаудан халықтың күтер үміті зор. Несімен ерекшеленуі мүмкін?

– Президентті бір мерзімге сайлау жүйесін енгізуді жаңа демократиялық модельге көшуге бағытталған саяси реформалардың бөлігі ретінде қарастырған жөн. Бұған дейін референдумда қабылданған нормалардың мақсаты – саяси жүйенің тиімді және теңгерімді тәсілін қалыптастыру болатын. Сол арқылы Президенттің билігіне шектеу қойылып, Парламенттің өкілеттілігі кеңейеді, Конституциялық сот институты қайта жасақталатын болды, партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді, бір мандатты округтер енгізілді, сот және сайлау жүйесін реформалау басталды. Президентті бір мерзімге сайлау жүйесін енгізу арқылы жаңа саяси модель нақты орнығады. Ал бұл модельді іске асыру үшін саяси жүйені қайта жаңарту керек, яғни Президент, Парламент, мәслихат сайлауларын өткізу қажет.

– Адамзатты алаңдатқан аласапыран шақта өмір сүріп жүрміз. Тыныштықтың шырқы бұзылғандай. Сізге америкалық ақын қыз Amanda Gormanның БҰҰ-ның отырысында оқыған өлеңі ой салған сияқты. Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан байқап қалдық.

– Иә. Кейде әлемдегі құлақ тұндырар айғай мен сүреңнің ішінен өзіңді іздейсің, түрлі қақтығыстарда қарапайым халық жапа шегіп жатқанын көріп жаның ауырады. Адамзат соғыс атаулыны қаламайды. Олар: «Жер – біздің мекеніміз, біз ұлт пен нәсілге бөлінбейтін осы алып планетаны мекендеуші Адамдармыз», - деп жар салып жатыр. Құрлықтың ар жағындағы Аманда қыз да осы ойды жеткізді. Жақсылыққа шақырды. «Жақсылықпен Әлем үлкейеді», – деді.

«Алай-дүлей боранның заматында,
Санаулының қалайық санатында.
Ұшқан құстың арман бар қанатында –
Ей, адамның баласы, кел ақылға!» 
– деп, мен де өзімше өлеңмен үн қаттым.

– Осы тұста, АҚШ-қа іссапарыңыз еске түсіп отыр. Сапардың мақсаты не еді?

– АҚШ-қа Open world бағдарламасымен бардық. Бұл бағдарламаны АҚШ Мемлекеттік департаментінің білім беру және мәдени бағдарламалар бюросы ұйымдастырады. Тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын 100-ден аса елден 4 мыңға жуық адам осы жоба аясында АҚШ-қа келеді. Бұл елдің мәдениетімен, дәстүрімен, өмір сүру салтымен және тұрмыс-тіршілігімен танысады. Өз саласындағы мамандармен кездесіп, пікір алмасады. Мұнда жоғары заң шығарушылар және Капитол, Ақ үй сияқты тарихи орындар орналасқан екен. Маған ерекше әсер еткені кітапхана мен театр болды.

Әлемдегі ең үлкен кітапхана – АҚШ Конгресінің ғылыми кітапханасында болдық. Кітапхананың іргетасы 1800 жылы АҚШ президенті Джон Адамс мемлекет астанасын Филадельфиядан Вашингтонға ауыстыру туралы заң қабылдағанда қаланған. Кітапхана Конгрес палаталарына, Үкімет органдарына, зерттеу мекемелеріне, ғылыми жұмыскерлеріне, жеке фирмалар мен өндірістік кәсіпорындарға, мектептерге қызмет көрсетеді. Кітапхананы аралап жүріп, 1960 жылы шыққан ағылшын-қазақ сөздігін тауып алдым.

Де Мойн қаласында Нью-Йорк труппасының «My fair ladi» шығармасының қойылымын көрдік. Сахна, дыбыс, жылжымалы декорация, әртіс киімдері таңқалдырады. Керемет. Үш сағат бойы міз бақпай тамашаладым.

– Ұлы жазушы Мұхтар Мағауинмен кездесудің де орайы келген екен. Кездесу жайлы айтып беріңізші?

– Мұхтар Мағауин атамыздың осында екенін білетінмін. Мүмкіндік болса барып амандасып, батасын алып қайту ойымда болған еді. Орайы келді, кездесу бұйыртқан екен. Қазақтың көзі тірі классик жазушысы ғой. Дидар ғайып демекші, дидарласып, әңгімелесіп қайттым. Шетте жүр ғой. Елді сағынады. Елдің ыстық сәлемін, сағынышын жеткіздім. Қуанып қалды.

«Қайда жүрсем де, мен Қазақстандамын», – деді. Автограф жазып кітабын сыйлады. Батасын берді. Қандай ғажайып сәт десеңізші?! Кейде өмір осындай сәттермен бағалы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы облысы