ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН. НАМЫСШЫЛ ҚЫЗДЫҢ ЖАҢА КІТАБЫ

Уақыты: 01.11.2022
Оқылды: 3240
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Барлық білім-білігі, ерік-жігері мен жеке қаражатын қазақ балаларына ағылшын тілін үйрететін кітап шығару ісіне жұмсап жүрген Айгүл Қанатқызының жанкешті еңбегі мен ұлтжандылығы таңданбасыңа, сүйсінбесіңе қоймайды.

Ол өзіміздің Нарынқолда сол кездегі партия-кеңес қызметкерінің отбасында туып, ауыл мектебінен білім алған. Әкесінің қалауы бойынша Алматыдағы Абылайхан атындағы шет тілдер институтына құжаттарын тапсырғанда қаперінде тәуекелден басқа ештеме болмағанын айтады. Құдай қолдап, ағылшын тілі факультетінің студенті атанады. Намысшыл қыз өзгелерден қалмау үшін бар уақытын білім алуға жұмсап, ағылшын тілі мен ұстздық кәсіпті бір адамдай меңгеріп шығады.

Алғашқы еңбек жолын Қарасай ауданына қарасты Б.Соқпақбаев атындағы мектепте ағылшын тілі мұғалімінен бастайды. Аз ғана қаражатпен, толып жатқан қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп мұндай жағдайда балаларға жақсы білім бере алмайтынына көзі жетеді. Талапты ұстаздың ойына қазақ балаларына ағылшын тілін сапалы үйрететін арнайы мектеп ашу туралы ой осы кезде келсе керек. Алайда ол үшін мол қаражат қажет екені тағы белгілі. Басқа тартсаң аяққа жетпейтін заманда ата-анасы мен сіңлілеріне көмектесу үшін ұстаздықпен қоса «Рахат палас» тойханасында даяшы болып жұмыс істегені де  бар. Бұл жерде де шет тілдерді білетіні көмекке келіп, жалақысы жоғары болғанын мақтана еске алады.

Інісі мен сіңлісінің жоғары білім алуына жәрдемдесіп, 25 жасында Руслан Ниязбаев есімді әскери қызметкермен отау құрады. Екі перзенті бірінен кейін бірі дүниеге келіп, олар ширағанша бала күтімімен отырған кезі де болған. Содан кейін Алмалыбақ ауылындағы әл-Фараби атындағы мектепке орналасып, жас ұрпаққа білім беру ісін жалғастырады.

Кейіннен ағылшын тілін үйрететін мектеп ашуды ойға алады. Ол үшін ең алдымен өз біліміңді жетілдіру аса маңызды. Жұбайымен ақылдаса келіп пәтерлерін кепілдікке қоя жүріп несие алып, балаларын қайын жұртына қалдырып, Англияға оқуға аттанады. Қаражат жетпегендіктен  бұл жақта да қосымша жұмыстар істеп, таза сөйлеуді, сауатты жазуды меңгереді. Осы арқылы күнкөріс қаражатын айырып, оқуының төлемін де өзі табады.

Екі жыл магистратурада «бизнесті басқару» мамандығы бойынша білім алып, елге оралғаннан кейін Сулейман Демирел университетіне қызметке орналасып, жастарға бизнестегі маркетинг пәнінен дәріс береді. Сабақ бере жүріп көп жылдардан бері өзін мазалаған мектеп ашу мәселесімен де айналысады. Ол үшін Қаскелең қаласынан орталыққа қажетті ғимарат іздеп, ағылшын тілін сауатты білетін мұғалімдермен келіссөздер жүргізіп, арманын жүзеге асырудың жолдарын қарастырады. Осылайша алғаш ағылшын тілі орталығы ашылды. Жалға алған ғимаратқа қажетті жиһаздар үшін жолдасы екеуі тағы да несиеге кіріп, жоқ-жітігін түгендегені есінде. Қаражат жағынан Англиядағы өзі оқыған университеттің Қазақстандағы өкілі ретінде алып тұрған жалақысы едәуір қолдау болады.

Орта білім беретін мектептерде ағылшын тілі сабағы өз дәрежесінде оқытылмайтыны ешкімге жасырын емес. Оған бір жағынан жүктеменің аздығы себеп болса, негізінен мұғалімдердің білім деңгейінің төмендігі, қағазбастылық, қоғамдық жұмыстардың көптігі де қолбайлау жасайтын. Айгүл ашқан мектеп осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған болатын.

Орталық жұмысын бастаған кезде тағы бір мәселенің бар екені белгілі болған. Бұл ­– ағылшын тілін оқытатын оқулықтардың жоқтығы, барларының сапасыздығы. Бұрынырақта жасалғандары талапқа сай келмесе, жаңаларында ұлттық мазмұн мүлдем болмай шықты. Отандық өнім жоқтың қасы десек, оны құрастыратын мамандар да дайын емес. Осыны пайдаланған жекелеген адамдар Англия мен АҚШ-тың, болмағанда Ресейдің оқулықтарын тонын өзгертіп, біздің оқу жүйемізге ұсынып келген. Оның өзі қарапайым отбасылар үшін өте қымбат. Осындай мәселемен кездескеннен кейін Айгүл Қанатқызы әріптестерімен бірлесіп, қазақ мектептеріне арналған оқулық құрастыруды қолға алады. Бұл 2015 жыл болатын.

­– Осы жобаны қолға алған кезде санамда «Жаңа толқын» деген сөз жаңғыра берген, – дейді Айгүл Қанатқызы кітап жайлы сөз болғанда. – Осылайша өзіміз құрастыратын оқулықтардың атын «Жаңа толқын», яғни, «New Wave» деп атадық.  2016 жылы оқулықтың бірінші деңгейі, 2019 жылы екінші деңгейі дайын болды. Бұл жерде ең бастысы бұл оқулықпен дайындалған балалар бойына қазақ рухын, ұлттық бірегейлігін сіңіру, салт-дәстүрлерімізді үйрету, қарапайым қазақы ұғымдарды түйсіну, өз елі үшін мақтаныш сезімін ояту басты бағдар етіп алынды. Әйтпесе, өзге ұлт өкілдері шығарған кітаптарда «Қазақтың ұлттық мейрамы» деген жерге ­– «Пасха мен Масленница» деп жазылып, кейіпкерлердің өң-кейпі мен аттарына еуропалық ұлт өкілдері енгізіліп келгенін көрдік. Немесе ұлттық сусын ретінде пайдаланатын қымызды ­алкагольдік ішімдік деп көрсеткен. Біздің ұлттық менталитетімізге сай келмейтін, тәрбие-тәлімі бөлек дүниелер көптеп кездеседі екен. Осының бәрін өзгертіп, қазақ балаларының суреттері мен аттарын, ұлттық киім киген кейіпкерлерді, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттауды алдыңғы орынға шығардық. Себебі, біздің балалар өзге елдердің емес, өз халқының құндылықтарымен дәріс алған кезде ғана бойларында патриотизм мен елжандылық сезімдері қалыптасады емес пе?!

Бір адам емес, бүтіндей бір мемлекеттің атқаратын шаруасын иығына артып алып жүрген Айгүлдің қайсарлығында шек жоқ. Білім министрлігіне дейін барып, ұлттық мазмұндағы оқулық кітабын шығару жөніндегі ұсынысы қолдау таппаса да алған бетінен қайтпай келеді. Бүгіндері «New Wave» оқулығының үш деңгейі дайындалып, пайдалануға берілді. Мұнда әрбір тақырыптың тұсына QR коды орналастырылып, оның мазмұнын смартфон арқылы естіп, көруге болатындай етіп жасалған. Осыны америкалық ғалымдарға көрсеткенде олар таңданысын жасырмай: «Мұндай технологияны біз әлі оқулықтарға енгізген жоқпыз. Ал сен жасап үлгеріпсің. Мұндай қабілетпен бізге келіп жұмыс жасасаң қайтеді?» – деп ұсыныс айтқан кезі де болыпты. Ал, бізде бұл жобаның бүгінге дейін қолдау таппай келе жатқаны өкіндіреді.

Кезінде орыс тілі басымдық алған Қазақстанда бүгіндері ағылшын тілінің мәртебесі артып келе жатқаны рас. Кеше ұрпағымыздың санасына орыс рухы ұяласа, енді болмысы бөтен еуропалық түсініктер дендей еніп келеді. Айгүл Қанатқызы өз оқулықтарында осы үрдісті тоқтатып, халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтарын қадірлеуді там-тұмдап сіңіруде.

Осы мақсатта өзге мемлекеттердің оқулықтарын сарапқа салған кезде өзбектердің оқулығы таң қалдырған. Өне бойы өзбек ұлтының иісі аңқып тұратын кітапты қолға алған оқушының бойында оларға деген құрмет пен тағзым өздігінен қалыптасатын көрінеді. Ал, бізде, керісінше, қазақ деген ұғымнан ат-тонын ала қашу әдеті қалыптасқан.

Осының салдарынан ендігі қазақ жастары үш тармаққа бөлініп барады дейді оқулық авторы. Бұрын қазақ және орыс тілді деп бөлінсе, енді ағылшын өркениетіне бас иетіндер қатары көбеюде. Қазірдің өзінде қазақ мемлекетіне өмір сүрудің, пайда табудың көзі ғана деп қарайтын көзі қара, ниеті бөлек жастар пайда болуда. Бұл түптің-түбінде ұлттың өзегі болып саналатын қазақ тілінің күресінге сырып тасталып, елін қадірлемейтін, ұлтына жаны ашымайтын, космополиттік көзқарастағы тобырдың басым түсуіне әкелуі әбден мүмкін. Айгүл Қанатқызы, міне, осы олқылықтарға тосқауыл қойсам дейді. Осы орайда қазіргі бар ғалымдардың басын қосып, мемлекеттен қолдау көретін ғылыми орталық ашылса деген арманы да бар.

Әрине, бір ғана оқулықтың соңында жүрсең күнкөрісің қиындайтыны ақиқат. Сондықтан мектеп оқушыларын ағылшын тіліне оқытатын орталықтар құрған. Бүгіндері Айгүл Қанатқызының қарамағында екі мың жеткіншекті қамтитын 20 орталық өз жұмысын жалғастыруда. Мұнда 50-ден аса мұғалім, барлығы 200-ден астам қызметкер еңбек етеді. Барлығы уақытылы жалақыларын алып, әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұл да болса халыққа жасалған көмек деп ұққан жөн шығар.

Әңгімеміздің соңында  әлемнің көптеген елдерінде болып, мектептерінің жұмысымен танысқан Айгүлден қазақ балаларының қабілеті жайлы сұраған едік.

– Сөз жоқ, қазақ балалары өте дарынды. Олардың бойынан тектілік танылады. Білімді қабылдауы, жүріс-тұрысы, тәрбиесі өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Біздің міндетіміз – сол қасиеттерінен айырылып қалуына жол бермей, ұлтымыздың болашағын сеніп тапсыратын ұрпақ тәрбиелеу, – деді ол.

Біз өз кезегімізде кездескен кедергілерге бой бермей, ұлт үшін қажетті шаруаны ерік-жігерімен алға сүйреп келе жатқан қазақтың қайсар қызына сәттілік тіледік.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы,

Алматы облысы